Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Амстердам қаласында Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық ...

25.08.2023 1009

Амстердам қаласында Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойына арналған форум өтті 14+

Амстердам қаласында Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойына арналған форум өтті - adebiportal.kz

Амстердам қаласындағы Жүніс Емре атындағы халықаралық орталықта қазақ ақыны Мағжан Жұмабайұлының 130 жылдық мерейтойына арналған «Өлмес мұра» атты әдеби-поэтикалық форум өтті.

Іс-шара қазақ кітаптарының көрмесін тамашалаудан басталды. Алқалы бас қосуды Қазақстанның Нидерландыдағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Асқар Қуанышұлы Жұмағалиев ашып, жиналған зиялы қауымға ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы баяндады. 

Мағжан ақын туралы баяндама жасаған белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулет алаш ақынының шығармашылығы мен қайраткерлігіне тоқталып, бұндай игі шараларды жиі көткізуді ұсынды:

- Нидерланды елінде өтетін IFLA (Кітапханалар қауымдастығы мен мекемелерінің халықаралық федерациясы) конференциясына шақыру алған едім.

Осы шара аясында Амстердамдағы Қазақстан Елшілігі (Елші А.Қ.Жұмағалиев) мен біздің ЮНЕСКО жанындағы Мәдениеттерді жақындастыру орталығы (директоры О.О.Сүлейменов) бірлесіп, Мағжан Жұмабайұлының 130 жылдығына арнап ұйымдастырған “Өшпес мұра” атты әдеби-поэтикалық форумда бас баяндама жасауды сұрады. Әрине, қуана келістім. Бұл айтулы мәдени шара Амстердамдағы Юнус Емре институтында өткізілмек екен. 

Мәдени шара басталмас бұрын бізді Европадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының (OSCE - ОБСЕ - ЕҚЫҰ) Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары Қайрат Құдайбергенұлы Абдрахманов Гаагадағы офисінде қабылдап, өз орынбасарларымен, ұжымымен таныстырып, дөңгелек үстел ұйымдастырды. Біз олармен Мағжан ақын туралы әңгіме өрбіттік.

Қазақстан тарапынан ЮНЕСКО жанындағы Мәдениеттерді жақындастыру орталығы директорының орынбасары Салтанат Ашимова, Астана филиалының директоры Үмітхан Мұңалбаева, т.б. сөз сөйлеп, өлең оқып, сұрақтарға жауап бердік. Орталықтың ғылыми қызметкері, “Дарын” сыйлығының иегері Бекзат Смағұлов Мағжан өлеңдерін ағылшын тілінде майын тамызып оқып, таңдай қақтырды.

Мағжан Жұмабайұлының мерейтойы мұндай дүниежүзілік аса саяси да ресми және өте беделді ұйымның төрінде аталып өтілуі - бұрын тарихымызда болмаған жаңалық.

Айтулы шарада, Мағжан шығармашылығы жөнінде Жүніс Емре халықаралық институтының директоры Адил бей Акалтун, ЮНЕСКО жанындағы Мәдениеттерді жақындастыру орталығы директорының орынбасары Салтанат Ашимова, Астана филиалының директоры Үмітхан Мұңалбаева, Солтүстік Қазақстан облыстық кітапханасының директоры Бейбітгүл Әбілмажинова, Астаналық ғылыми кітапхана директоры Әлия Сейденбаева, өнертанушы Елдос Болатұлы, т.б. сөз сөйлеп, дарынды жас ғалым Бекзат Смағұлов Абай мен Мағжан және Жұмекен мен Мұқағали өлеңдерін жиналған қауымға қазақша, ағылшынша оқып, Мағжан өлеңдеріне шығарылған әндер орындады.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар