Жасұлан бірде көк белсебетіне мініп, ауылдың сыртында сиыр іздеп жүргенде үлкендерден көрген өнерді қайталамақ болып, ұстап келе жатқан рөлден екі қолын қоя бергені бар. Басқарудан қалған көлігі теңгерімнен айырылып, қиқалаңдап, көп ұзамай құлады. Жерге оңбай жығылып, темірдің астында басылып қалды. Сол қолы қайырылып, қатты ауырғанымен, ет қызуымен не болғанының байыбына бірден бара қоймады. Айдалада жалғыз өзі алақтап, аспанға қарап сәл жатты да, жан-жағын қарманып, түрегелуге әрекет жасады. Бірден тұрып кете алмаған соң оң жақ шынтағымен жерді демеп көріп еді, денесін қозғай алмады. Енді қолын жоғары көтеріп, белсебетті үстінен ысырып тастамаққа талпынғанда онысынан да нәтиже шықпады. Зақым келген сол қол ауыр тартып, сыздап, шаншып, икемге көнбей, мүмкіндігін шектеді. Одан қайыр жоқ екенін түсініп, енді басқа әдіске көшпек болғанда кенет, әлдеқайдан әлдебір тылсым күш пайда болып, екі иығынан көтеріп алып, орнынан жеңіл тұрғызып жібергендей сезілді. Бірақ бойын қорқыныш билемеді. Бет-ауызы мен үсті-басын шаң-топырақ басқан күйде оң қолымен белсебетті итеріп, сол қолын кеудесіне қысып, үйіне жетті. Алдынан шыққан апайы түрінен қорқып кеткенімен, бәрібір жамбасынан бір-екі рет салып жіберді. Содан кейін сұрақтың астына алды:
– Қолыңа не болды? Бет-ауызың кісі көргісіз, кір-қожалақ... Көзіңе неге қарамадың? Айдың күннің аманында жап-жазық далада қайтіп құлап жүрсің? Әлде біреу итеріп жіберді ме? Шыныңды айт! Бүйтіп сиыр іздегеніңе болайын... Мал жоғалса, жоғалсын, аман қалғаныңа шүкір. Жазатайым майып болып кетсең әке-шешемізге не бетімді айтар едім?
Әке-шеше жаз бойы үй бетін көрмей, жайлауда колхоздың сиырын сауып, мал соңында жүреді. Аптасына бейсенбі, не жұма күндері моншаға түсу үшін ауылға келеді. Оның өзінде үйде бірнеше сағат қана болады.
Қалай құлағанын тәптіштеп айтқысы келгенімен, ауруы жанына батып, сөйлеуден тартынды. «Жігіт жыламайды» дегенді бала кезден құлағына құйып өсіп келе жатқандықтан тістеніп, сыр бермеуге тырысты. Бүгінде психологтардың пікірі бойынша, бала егер сезімі мен жағымды, жағымсыз көңіл-күйін сол мезетте айтып, тіпті жылап шығарып салмаса, кейін шеменге айналып, ер жеткенде жанжара асқынып, өмір сүруге кедергі келтіреді-мыс. Бала кездегі сондай шемендерді қазір санаса, санына саусағы жетпейді.
Апайы сырттай үлкенсіп, ұрысқан сыңай танытқанымен, іштей жаны ашып, қашада шегеленіп тұрған темір қол жуғыштағы сумен беті-қолын жуып, таза орамалмен сүртіп, шалбарын ауыстырып, сау қолынан жетектеп, ауылдағы Мәкеш апаның үйіне дедектетіп ерте жөнелді.
Мәкеш апа – ауыл-аймаққа атағы жайылған сынықшы. Апаның ауласына жер қарада ат арбаның, қыста шананың үстіне жатқызып, тіпті қолдарына көтеріп те талай науқасты әкелгенін көздері көрген. Бұл кісі қол, иық, аяқты айтпағанда асау аттан құлаған жігіттердің сынған жамбастары мен шыққан омыртқаларын да орнына салатын, шал-кемпірдің белдерінің құяңын да жазатын сирек қасиетке ие жан. Шыққан, сынған сүйекті Мәкеш ападай емдеп, ауыр науқасты орнынан тұрғызатын өңірде емші кемде-кем.
Жасұлан жол бойы қыңқылдап келді:
– Бармай-ақ қояйықшы. Ертең өзі жазылып кетеді. Ауырғаны басылып қалды.
– Қой дедім. Сүйекті орнына салмаса, қолың қисық бітеді. Қисық қолмен қалай жүрмексің? Қане, көрсетші өзін...
Сол қолдың білезік пен шынтаққа дейінгі аралығының ортасы күп болып ісіп кетіпті. Аздап көгере бастағаны байқалды.
– Ауыра ма?
– Ауырғанда қандай...
Апайы басып көрмек еді, інісі қорыққанынан көз ілеспес жылдамдықпен қолын тартып үлгерді. Бірақ бекер істепті. Соның салдарын ілезде тартты. Шалт қимылдан жарақаты одан сайын сыздап, жаны мұрнының ұшына тіреліп, бебеу қақты.
Екеуі іңір қараңғылығанда апа тұратын үйдің сыртқы ағаш қақпасын шиқылдатып, аулаға енді. Тоқал үйдің есігі жартылай ашық екен.
Апайы: «Мәкеш апа, ояусыз ба?» – деп дауыстады.
Ешкім үн қатпаған соң ауыз үйге бас сұғып, бауырлар тар, әлсіз жарық бөлмеде селтиіп біраз тұрды. Соған қарағанда үйдегілер әлі жата қоймаған сыңайлы.
Оң жақта қыста от жағылатын әктелген пеш, ортаға үстіне көнетоз асжаулық жабылған дөңгелек жер үстел қойылып, жерге киіз төселіпті. Үстелдің айналасына құрақ көрпелер жайылыпты. Қабырға жаққа шынтақтап отыруға ыңғайлы шағын жастықшаларды жинап қойыпты. Үстелдің үстіндегі ыдыстардың бетін ақ орамалмен жауыпты. Есік жақтағы қабырғаға айна ілінген. Төртбұрышты кішкентай терезеге ақ гүлді шыт перде тұтылыпты. Бөлменің ішкі көрінісі жұпыны болғанымен жинақы, таза.
Бір кезде басындағы орамалын жолай жөндеп келе жатқан жасы жетпістен көп асқан, сексенге де таяп қалуы мүмкін жүзі жылы апа көрінді. Жүрісі ширақ. Жәй емес, сөйлей шықты:
– Е, өзіміздің Сейілдің балаларымысыңдар? Қане, мына жерге отыр, не болғанын көрейін...
Әкесіне алыс ағайын саналатын емші апаның іштарта сөйлегенінен екеуінің жадау көңілдері жұбаныш тапты.
Жер үстелдің басына оң жағына отырғызып, қолын сипап, бас бармағымен шыққан сүйектің орнын іздей бастады. Қолы қандай жұмсақ, алақаны не деген аялы еді... Ауырып келгенін ұмытып кетті. Бағанадан бергі көрген құқай есінен тарс шығып, жаны жай тауып, сүйсінгені сондай, бір сәт маужырай бастады. Кенет бетіне тиген тосын лептен селт етті. Көзі жұмылған, ауызы ашылған күйде таңғажайып оқиғаға куә болды. Өзінің сүйегі шыққан қолы мен емші апаның сипап отырған алақанының ортасындағы саңылаудан кішкентай, нұрлы тіршілік иелерінің ерсілі-қарсылы қозғалып жүргенін көзі шалды. Ішін тарта жаздап, зорға тоқтады. Көрініске өзі сенгенімен, көңілі сене алмады. Шын мәнінде апаның қолы, алақаны, я бармағы мұның қолына тиіп тұрған жоқ. Сырт қарағанда апа сипап отырғандай көрінгенімен, іс жүзінде бәрі басқаша. Таңданысы арта түсті. Ұйықтаған сыңай танытып, көзін сығырайтып, әлгілерден көз алмай, бақылауын жалғастыра берді. Олардың бірі әлдебір май әкелгенде ауада хош иіс тарады. Апа маймен ауырған қолын сылады. Әлгілердің тағы бірі демімен үрлеп, үшіншісі қанатымен, бәлкім мамық қауырсынымен сипағанда дерті бәсеңдеді. Күтпеген жерден апа сүйектің ортасынан басып, бірдеңені кілт еткізгенде көзінің алдынан от, жоқ... найзағай жарқ етті. Осы ауылдың балаларының әдетіне салып: «Аллай, аллай...аллау, аллау...» – деп сұңқылдай жаздап, тілін тістей қойды.
Жарқылдан айналаға тараған мыңдаған сәуле ғаламат нұршашу қалыптастырып, жанарын жасқады. Бір кезде мұның бәрі сап тиылып, көзінің алдын қара түнек басты. Кеуде тұсынан құдды домалақ жіптен жедел ағытылып шыққандай сары түсті нұр тартылып, жердің кіндігіне дендей енді. Түнектің жоғары жағында кішкентай ақ ноқат пайда болды. Бойын салмақсыздық биледі. Мезгіл мен мекен жойылып, ғайыптыққа енгенде тәнінен босап шыққан жаны сәт сайын зорая түскен ноқаттың соңынан сипаттауға келмейтін жылдамдықпен ілесті. Жоғары бойлағанын жалғастырып, мүмкін емес нәрсе жоқ, бәрі мүмкін абсолютті бейсаналықта, шетсіз әлемде шексіз қалықтап жүрді... Кенет кеңістікте анасының «құлыным...» деп еркелеткен мейірімді дауысы жаңғырғандай болды. Оралу керек екенін, әйтпесе кешігетінін түсініп, сары нұрға жабысып, төмендей бастады. Тынысы тереңдеп, дем алысы қалпына келген кезде емші апасының «сүфілеп» үшкірген үнінен есін жиды. Жүзінен нұр тамған кейуана ғаламат рухани кейіпте көрінді. Бағанағы беймәлім, бейтаныс тіршілік иелерінен еш белгі қалмапты. Асай-мүсейлерін жинап, ізім-қайым жоғалған екен...
«Болды, балам. Шыққан сүйекті орнына салдым. Енді біртіндеп ісік қайтып, қолың жазылады» деді де, ақ матаны үшбұрыштап байлап, сол қолын мойнына асып берді.
– Қатты жүгірме. Ауыратын қолыңды қозғама. Осылай жүр.
– Апа....
Рухының мәңгілік әлемді шарлап келгені есінен шығып кетті. Материалды дүниедегі күпті ойын апасына бірден айтуға батылы жетпей, күмілжіп біраз тұрды. Сәлден соң не де болса сұрауға бел байлап: «Апа... «Дышы» сабағын не істеймін? Дышы ағай ыспрапкы сұрайды...» – деді.
Бұл сөз апаның құлағына тосын естілді.
– Дышысы несі? Ол қандай сабақ, әкем?..
– «Дышы» деген дене шынықтыру сабағы, апа. Қысқартып солай айтамыз. Күнделікке де солай жазған оңай.
– Шығармайтындарың жоқ-ау... Ыспрапкы керек бола қоймас. Сабаққа әлі бір ай бар. Оған дейін жазылып кетесің.
Кенет апаның есіне бірдеңе түсті ме, сөзін жалғастырып: «Дегенмен, тұра тұр, балақай. Қолың бірден қатты қайырымға келе қоймайды. Сондықтан көп күш түсірме. Апайыңа айтып, не де болса қағазыңды алғыз», – деді.
Қолының ауырғанын сылтауратып, еңбек, денешынықтыру сабақтарына қатыспайтыны – қаяу түскен көңіліне сәл медеу.
Емші апайына қарап: «Әрегідік қаздың майымен сылап жүр. Соңсоң мына баланың рұқсат қағазын ауылдың дәрігерінен алып беріңдер», – деді.
Сыртқа шыққанда апайына сұраулы жүзбен қарай берді. Бірақ ол жұмбақ жағдайға куә болған рай танытпаған соң, үндемеуге ұйғарды. Себебі, осы ауылда «өз әлемінде» өмір сүріп жатқан біраз адам бар. Рас-өтірігін кім біліпті, олар туралы әртүрлі аңыз-әпсана айтылады. Үлкендер оларға шалық тиген десетін: біреуі бала кезінде ұйытқып соққан қара құйынның ортасында қалғандықтан жарымес, екіншісі ай далада жалғыз ұйықтап қалғаннан бері есі кіресілі-шығасылы, үшінші адам айлы түнде өзенге шомылғанда дуаланғаннан есалаң күйге түскен-мыс. Бейресми тізімде бұлардан басқа тағы біреу тіркелген. Ол жасы қырықтан асқан көрші әйел. Есімі – Қатира. Тұрмыста, екі баланың анасы. Күнделікті өмірде жиі көреді. Күндіз түріне қарасаң, ауру адамға ұқсамайды. Ауласында шаруашылығымен айналысып, сиырын сауып, бақшасын суғарып жүреді. Бірақ өзі кісі киіктеу. Көршілермен көп араласпайды. Ауылдастарының айтуынша айкезбе ауруына шалдыққан. Дерті әсіресе көктемде жыл құстары келгенде қозады. Ай толған күндері түнде қолына қаңылтыр шелек ұстап, ұйқылы-ояу көшелер мен көршілерінің аулаларын кезіп кетеді. Не іздейтіні белгісіз, әйтеуір жүрген бір міскін. Жан баласына зәбірі жоқ. Оған да зиян келтіруге ешкімнің жүрегі дауаламайды. Көргендер оятып алмау үшін қасынан өткенде аяқтарын ұшынан басып, дыбыстарын шығармауға тырысады. Жасұлан өзінің қазір осы адамдарды есіне алуының себебі не екенін ойлап келеді. Солар сияқты басы бәлеге душар болмасын деген қауіп пе, әлде бойында бір ауытқу пайда болды деген күдік пе?
Емші апасы айтқандай, сынық тез бітіп, қолы икемге жылдам келе бастады. Сабақ басталғанда «дышыға» қатыспағанымен, жазу-сызудан ешкім босатқан жоқ. О баста оң қолымен жазатын. Кенет сол қолмен жазуды әдетке айналдыра бастады. Көркем жазу деген сабақ баяғыда бастауыш сыныпта болған. Бірақ дәптеріндегі қазіргі қаріптері құсни хатқа жетпегенімен, көрген жанды тамсандырып, таңдай қақтырды. Мұғалім апайы бұның дәптерін үлгі ретінде қолына алып, оқушыларға үнемі мақтап жүрді. Бұрын сурет деген сабақты жек көретін. Қолы сынғаннан бері сол қолымен қағаз бетін түрлі-түсті қарындашпен шимайлауы көбейді. Әлдебір нақты пошымнан кенде, кейіп-кеспірлері жоқ кескіндер мен түсініксіз сұлбалар салуға әуестеніп алды.
Ас ішкенде де қасықты бейсана күйде сол қолымен аузына апара жатып, анасының бала кезден бергі ескертуі есіне түсіп, тоқтай қалатын. Алайда обалы не керек, қасықты оң қолына ауыстырып, жемек болғанда не төгіп, не шашып алатын. Ыңғайсыз жағдайға түсе берген соң сол қолға біржолата көшіп, солақай атанды.
Күнделік жазуды дағдыға айналдырды. Қолы қалт еткенде дәптерін ашып, ойындағы арман-мақсаттарын ақ параққа маржандай әріптермен түсіре бастады. Қиялы шарықтап, болашақта кім болатынын, қандай кәсіппен айналысатынын, қай жерде, қандай үйде тұратынын егжей-тегжейлі сипаттап, тіпті қай қызға үйленетінін де жазып жүрді. Күнделігі біреудің қолына түсіп қалмауы үшін оны қызғыштай қорыды. Түнде ұйықтар алдында басына келген ойларын дәптеріне түртіп болған соң жастығының астына қойып, жазғандарын көз алдына елестетіп ұйықтады. Таңертең көзін аша салысымен, қолына алатын алғашқы зат сырты қызыл, іші құпия-сырға толы тор көзді күнделік дәптері еді.
Ішкі түйсігі де күшейе түсті. Не жағдай болатынын алдын ала сезіп немесе қандай оқиға болатыны көзіне сурет түрінде көріне қоятын. Бірде көрші үйдегі сұр бие құлындағалы жатты. Балалар қызық көріп, қашаның сыртында қаумаласып тұрды. Кенет құлынның ұрғашы, не еркек туатыны, түсі қандай болатыны жайлы таласты. Әркім өз ойын айтып, өзеуреп қоймады. Бұл да қарап тұрған. Кенет көз алдынан аппақ, сүйкімді құлын өңіндегідей көрінді.
Бәрі еститіндей дауыстап: «Сүттей ақ, ұрғашы құлын туады», – деді.
Қайсар деген класстарының бірі: «Сұр биеден ақ түсті құлын тумайды, сұр туады. Кел, бәстесейік. Сен айтқандай болмаса, бір сом бересің», - деді. Қайсар класстың атаманы болатын. Сондықтан ұлдардың көбі соны жақтап, жапа-тармағай шулап кетті:
– Дабай, бәстесіңдер...
– Қайсар дұрыс айтады!
– Қызық болсын, бәс тігейік...
– Бәске не тігеміз?..
У-шу сәл саябырсыған кезде Жасұлан Қайсарға қарап: «Мен айтқандай туса ше?» – деп еді, ол: «Онда мен саған бір сом беремін», – деді.
– Кел, бәстессек, бәстесейік, - деді.
Ұлдардың арасынан Дидар суырылып шығып, екеуінің қолын үзіп, бәстеріне куә болды.
Біраз уақыттан кейін бұлардың дауынан хабары жоқ бие бейшараның төлінің бір сирағы көрінді. Жасұлан айтқандай, енесінің ішінен құлынның аппақ сирағы шығып келе жатты. Мұны байқаған Қайсардың тауы шағылып, құлынның толық шыққанын, ұрғашы, не еркек мал болатынын күтпей, кетіп бара жатып: «Уәдем – уәде», – деді.
Бәрі аң-таң. Жасұланнан қайдан білгенін сұрап, тақымдап қояр емес. Сезік тудырмау үшін: «Ойнап айта салғам», – деді.
Мектепте сыныпта отырғанда да есікті қазір кім ашып, кіріп келетінін де, мұғалім кімді тақтаға шақыратынын да біліп отыратын. Қасындағы парталас Әнуар математикадан үй тапсырмасын орындамай келетін. «Апай сабақ сұрамаса, журнал бойынша бұған кезек келгенше қоңырау соғылып қойса...» деп тыпыршитын. Есімі «Ә» әрпінен басталғанымен, фамилиясы соңында жазылатын. Соны малданып, сабаққа салғырт қарап, ғапылдыққа салынатын. Алайда мұғалім де оның қулығына қанық еді. Кейде тұтқиылдан оқушыларды журналдың ең соңынан бастап шақырғанда қатты қысылатын. Тақтаға ілбіп басып жеткен соң басын төмен салып, көзімен жер шұқып тұратын. Жазбаған соң қолындағы бордың да қажеті шамалы еді.
Сондай күндердің бірінде Әнуар байыз таба алмай кетті.
Жасұлан оған: «Тыныш... Бүгін сенен сабақ сұрамайды», – деді.
– Оны қайдан білесің? Апай әлгінде маған жаман көзбен қарады емес пе...
– Қазір еңбек сабағының ағайы келіп, бірнеше оқушыны сабақтан босатуды сұрайды. Оған кабинеттегі ескі парталарды шығаруға көмектесетін адам керек.
– Кетші, өтірікті соқпай... Тіпті, мені таңдайтынын қайдан білдің? Мүмкін, сені шақырар...
– Қара да, тұр... айтпады деме...
Апай журналына үңіле бергенде есікті біреу тоқылдатты. Әнуардың көзі бақырайып, құтқарушы келгендей қуанып, апайдың көзін ала бере Жасұланға бас бармағын шошайтты.
Еңбек пәнінің ағайы апаймен сөйлесіп, Әнуар мен Қайсар және тағы бір ұлды өзімен ертіп әкетті.
Көрген түсі де тура келеді. Бірде түсінде әкесі ақбоз атты ерттеп, мініп жатыр екен. Әке-шешесіне соны таңертең шәй ішіп отырғанда айтып еді, шешесі жақсыға жорып, күйеуіне:
– Жақында көлік мінесің, отағасы, – деді.
Әкесі сеніңкіремеді.
– Оны маған кім бере қояр екен? Аспаннан түсе ме?
Анасы: «Үндемесеңші... Әліптің артын бағайық...» – деп жұмбақ жымиды.
Осымен сөз тәмамдалды.
Әкесі айлық жалақысын алғанда поштадан әр жолы бір баласының атын атап, ұтыс лотереясын сатып алатын. Лотереялардың нәтижесі айдың соңында газетте жарияланатын. Бірақ осы уақытқа дейін жолы болмаған. Дегенмен үмітін үзбей, сатып алудан танбайтын. Өйткені, мысалға келтіру керек болса, көлік ұтқан ауылдастары бар. Олар ұтқанда менің де бір күні жолым болар деп ойлайтын.
Бірнеше күннен кейін әкесі үйдің пошта жәшігіне келіп түскен газеттегі сандардан қолындағы жалғыз лотереясының нөмірін қарап отырды. Ойында түк жоқ, немқұрайлы кейіпте саусағымен сандарды түртіп, төмендеп келе жатқан. Бір кезде көргеніне көзі сенбеді. Газет пен лотереядағы сандарды қайта-қайта салыстырып, оң жақ тізімде жазылған заттың атауын оқыған сайын сенер-сенбесін білмей, көзін уқалай берді.
– Әй, Жасұлан... Бері келші, балам... Мына екі санды байқашы. Маған бірдей секілді көрініп тұр.
Ұлы әкесінің дауысындағы қобалжуды сезіп, жылдам жетіп келді.
– Қане, әке... Беріңіз, көрейін.
Екі қағаздағы санның бір екенін ұлы да растап, «Жигули... Жигули...» деп айғай салды. Сөйтті де әкесін құшақтай алып, ас үйде жүрген анасына: «Мама, мәшина ұттық, мәшина.... Бері келіңіз...» – деп дауыстады. Сөйтіп, көрген түсінен бір апта өтпей әкесі лотереядан ақ Жигули ұтып алды.
Бұлармен көрші Жамал апаның Үсен деген жалғыз ұлы да Ауғанстанда «дұшмандарға» қарсы соғыста жүрген кез еді. Апаның үйінде теледидар болмағандықтан Мәскеуден таратылатын арнадан ұлын көрсетіп қала ма деген үмітпен күнде түнгі сағат тоғызда бұлардың үйіне келіп, жаңалық қарайды. Оның үстіне бірнеше айдан бері Үсеннен хат тоқтап, анасының алаңдаушылығы артып, ұлын ойлап күрсінгенде қайғыдан көкірегі қарс айырылып, көзіне келген жасты орамалының ұшымен сүртетін. Үйге кеше де келген. Жаңалықтың басталуын күтіп отырып, өзімен өзі сөйледі:
– «Дұшманы» – бізше дұшпан ғой. Әлдеқандай қылып, өздерін «дұшман» дейді екен... Осылай айтса, әдірем қалғырлар, соғысып жатқандағы қылмыстарын ақтап аламыз дей ме? Әлде басқа жұрт түсінбейді деп ойлай ма? Мені қойшы, қазіргі адамдардың бәрі сауатты. Көздері ашық. Апырмай, сол дұшмандардың мен сияқты кәрі шешелері жоқ па? Шешесі: «Балам, соғысты қой, қайт үйге. Үйлен, шаңырақ көтер. Өс, өркенде. Өмірдің қызығы бейбітшілікте» десе, сөз тыңдар еді ғой... Әй, жоқ-ау... Мен ұлымды соғысқа емес, отан алдындағы әскери борышын өтеуге жібергем. Антұрғандар, бәрімізді алдады ғой... Үсенім ауған жерінде деген хабарды алғаш естігенде отырған орнымда омалып, тұра алмай қалмадым ба? Неше күн төсек тартып жаттым. Ауған деген сөздің өзі қандай жаман естіледі. Әр жерден ауып келген, ауызбіршіліктері жоқ халық болған соң бір-бірімен соғысып жатыр. Жазған хатымыз арада айлап жүретіндіктен ол жердің ит арқасы қиянда екенін түсіндім. Күндіз ми қайнатар ыстық, түнде тауда қалса, тісі-тісіне тимей, сақылдап кететін көрінеді. Ит байласа тұрғысыз шөл мен тау-тастың арасында балам байғұс қалай шыдап жүр екен, айналайын...
Көңілі босап, иегі кемсеңдеп, бешпетінің қалтасынан қол орамалын іздеді.
Бүгінгі кеште де өздері мен көрші-қолаң тайлы-таяғы қалмай теледидарға тесіліп отырды. Неге екені белгісіз, Жасұлан теледидарға емес, алаңдап, Жамал апаға қарай берді. Құлағы ештеңені естімеді. Жалғызілікті апаның жүзі аянышты көрініп, жаны ашыды. Кенет көз алдынан анық көрініс пайда болды: оң қолы асылған, әскери киімді, күлімсіреп келе жатқан апаның ұлын көрді. Сурет бұлтартпайтындай айқын, анық, нақты көрінді. Сол сәт жүрегіндегі мұңның орнын қуаныш алмастырып: «Апа...» – деді.
Теледидардың ішіне кіріп кетердей тесіліп, ұлын көрсе шап беріп ұстап алып, қайта жібермеуге бекініп, сақадай сай кейіпте отырған апа оның сөзін естімеді.
Жасұлан тамағын кенеп: «Апа... Үсен аға жуырда соғыстан оралады», – деді.
Отырғанның барлығы сілтідей тынып, бұған аңтарыла қарады. Бірінші анасы тілге келіп: «Балам-ау, рас айтасың ба?» – деді.
Көрші апа қағыс естідім деп ойлап, сенер-сенбесін білмей: «Әкем-ау... Мына бала жаңа не деді?» – деп әркімге бір жалтақтады.
– Үсен аға келе жатыр. Бір қолын иығына асып алыпты.
Апасы Үсені тап қазір үйге еніп, алдында тұрғандай Жасұланды қапсыра құшақтап, ағыл-тегіл жылады. Әйелдер апаны жұбатып әлек. Кейуана оңайлықпен тоқтамады. Ішінде шемен болып қатып қалған сағыныш сезімі лақылдап сыртқа шығып жатқандай көрінді. Кәрияның шері әбден тарқаған кезде анасы: «Ақ түйенің қарны жарылды деген, міне осы, тәте. Ұлыңыз келіп, көзайым боласыз, бұйыртса.... Ертең бір ісекті өріске жібермей, алып қалыңыз. Ер-азаматтарға мал сойғызайық. Өзіміз нан илеп, бауырсақ пісірейік. Үсен жеткенше дайындықты бастай берейік. Ұлдар ауланы сыпырып, қора-қопсы жақты тазалап, қыздар үйді жинап-жусын, қабырғаларды әктесін. Үсеніңіз иен үйге келгендей болмасын», – деді.
Жамал апа қуанғаннан тілден қалды. Бар болғаны көзін жаулығының ұшымен сүртіп, келіскенін білдіріп, басын изей берді.
Дәл ертеңінде емес, араға бірнеше күн салып, Үсен де келді. Бұлардың ауылы Шығыс Қазақстан мен Семей облыстарының шалғай аудандарын Қазақ темір жолымен қосатын «Шығыс шеңбері» немесе «Шығыс сақинасы» деп аталатын, көлік легі толастамайтын тас жолдың бойында орналасқан. Сол жолдан батыстан шығысқа, шығыстан батысқа қарай автобустар, жүк көліктері мен жеңіл көліктердің жаңасы мен ескісі, ағы мен қарасының алуан түрі зуылдап, зырылдап өтеді. Тіпті, дөңгелекті, шынжыр табанды тракторлар мен бульдозер сияқты ауыр техниканың да дарылдап, дырылдаған дауыстары екі жақ қапталдағы қалың тоғайдың арасына сіңіп, көзден таса болғанша кеңістікте көпке дейін жаңғырып тұрады.
Бір күні топ бала кешке тас жолдың жанында өрістен қайтқан малды күтіп, алысып-жұлысып, ойнап жүрді. Кенет батыс жақ бағыттан келе жатқан қалааралық жолаушы тасымалдайтын «Турист» деген үлкен көк автобус жолдың ортасына ыңырана тоқтады. Есігі ашылып, ішінен бір ғана жолаушы түсті. Үстінде батпақ түсті әскери киім, басында қызыл жұлдызы жарқыраған фуражка. Кеудесінде бірнеше медаль. Жасұлан жыға таныды. Үсен аға өзі көргендей оң қолын иығына асып алыпты. Сол қолында шағын шабадан. Басқа балалармен бірге ауылға келген кісінің алдынан шығып, жүгіріп қарсы алды. Үлкендер үйреткендей бәрі кезектесіп: «Ассалау...» деп қос қолдап амандасты. Үсен де үйлері іргелес көрші бала Жасұланды шырамытып: «Шешем аман-сау ма?» – деп сұрады.
–Иә, сізді күтіп отыр, – деді.
– Келе жатқанымды біле ме? – деп таңырқай сұрады.
Басын изеді.
– Қолыма оқ тиіп, жарақат алғалы анама хат жаза алмадым, әкри. Қатты уайымдағанын сезіп жүрдім. Қайран шешем... Келетінімді түсінде көрген екен ғой...
Осыдан кейін сөзден тыйылып, жүзі қабартып, ойға түскен күйде дүйім баланың қошаметімен үйіне жетті. Ұлын құшағына алған Жамал апаның қуанышында шек болмағанын айтпасақ та түсіндіңіздер ғой.
Соңғы кездері Жасұланның арқасы қызып, сол алақаны қатты ыситынды шығарды. Ондайда екі шекесі солқылдап, беймаза күйге түседі. Қайтерін білмей, қолын суық судың астына тосады. Жаны сәл жай тауып, тынышталғанымен, бұл күйден толық арылмайды.
Бірде жаңбырлы күні сауын басындағы анасының аяғы тайып, тобығын ауыртып алды. Ақсаңдай басып, үйге зорға жетіп, төр үйдегі қабырға пештің түбіндегі бөстекке жата қалды. Ұлын қасына шақырып:
– Балам, анау көрпені аяғыма жаба қойшы. Көз шырымын алайын. Бір ұйықтап оянсам, жазылып кетермін, – деді.
Ұлы анасын көрпемен қымтамас бұрын:
– Мама, сәл тұра тұрыңызшы, аяғыңызды көрейін, – деді.
Неге айтқанын өзі де түсінбеді. Алайда ішкі түйсігі солай етуге бұйырды. Шешесі үндемеді. Осы ұлының бойында бір қасиеттің барын, оның басқалардан ерекше екенін сезетін. Ішінен үнемі: «Алты балам – бір төбе, Жасұланым – бір төбе» деп марқаятын. Бұл жолы да: «Еркі білсін. Өзін сынап көрсін», – деді.
Баласы анасының аяғын бармағымен басып, тексере бастады. Тобықтың тұсына келгенде ауырып тұрған жерді дәл тауып: «Сәл шыдаңыз», – деді.
Дерті жанына батқанымен, шешесі тіс жармады. Келіскенін ұққан ұлы шұлықты сәл төмен түсіріп, тобықтың үстін сипап отырып, сүйектің шықпағанын, тек сіңірінің созылғанын түсінді. Үйде бар дәрі-дәрмектің ішінен скипидар майын тауып әкеліп, біраз сылады. Кейін ақ дәкемен таңды.
– Көп жүрмеңіз. Жазылғанша сізге біраз күн демалу қажет, – деп еді, көзі ілініп кеткен анасы жауап қатпады.
Жасұлан шешесінің үстін жауып, өз бөлмесіне кетті. Осы оқиғадан кейін науқасты емдеген кезде жеңілдеп қалатынын түсінді.
Ертеңінде ішкі сырын анасына айтқанда ол кісі: «Бойыңда бір ерекшеліктің барын білемін, балам. Бірақ науқастарды қарап, емдеуге әлі тым жассың. Бұғанаң бекімеген, қабырғаң қатаймаған жасөспірімсің. Жауапкершілігі ауыр іске бару үшін алдымен тиісті білім алуың керек. Сен ержеткенше бұл сырымыз құпия қалсын. Ешкімге айтпай, ішіңде сақта. Әкең мұндайға көп мән бермейтін адам. Сұрап, сенің мазаңды ала қоймайды», – деді.
Жасұлан ләм-мим демеді. Анасы оның үнсіздігін келіскені деп түсініп, бұл тақырыпты қайта қозғамады.
Сол күні Жасұлан көп ойланды. Мектепті бітірген соң медициналық институтқа түсіп, дәрігер болуға, алған білімін емшілікпен ұштастырып, адамдарға қолынан келген көмегін көрсетуге шешім қабылдады. Көңілі толқып, ұйықтай алмады. Түн ортасы ауған шақта сыртқа шығып, аспанға көз тікті. Қарауытқан көктен сансыз жұлдыздар шоғырынан қалыптасқан алқызыл, күлгін, сары, көк түстері басым доға пішіндес алып «Құс жолын» байқады. Алғашқыда біртұтас сияқты көрінген шоқжұлдыздардың төменгі жағындағы шашыраңқы зүбәржат реңктің әсемдігіне таңдана қарады. Жасұлан табиғаттың таңғажайыбына телміріп біраз тұрды да, үйге бет алды.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.