Қалихан Ысқақтың 90 жылдығына арналған конференция өтті
Бөлісу:
Бүгін Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында «Ел-шежіре» қоғамдық қорының мұрындық болуымен қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы-драматург Қалихан Ысқақтың туғанына 90 жыл толуына арналған «Қазақы қара сөздің алдаспаны» атты ғылыми конференция өтті.

Жиынға жазушылар қауымы, ғалымдар, әдебиет сыншылары, оқырмандар мен студенттер қатысты. Ғылыми конференцияны жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрдәулет Ақыш жүргізді. Конференция барысында Қалихан Ысқақтың 90 жылдығына орай ұйымдастырылған суретшілер байқауынан жүлде алған туындылар мен қаламгердің шығармашылығына арналған кітап көрмесінің таныстырылымы болды.

Конференцияда сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы көрнекті жазушының қаламгерлік қуаты, қазақ әдебиетінің дамуына қосқан үлесі туралы айта келіп, оның азаматтық, адамгершілік қырларына тоқталды:
«Бұл ғылыми конференция – бұған дейін туған жерінде өткен торқалы тойдың жалғасы іспетті. Қалихан ағаны оқырманы ең көп қазақ қаламгерінің бірі десек, артық айтпағанымыз болар. Оның шығармаларының ерекшелігі жайлы айтылып та, жазылып та келеді. Қалихан ағамен 11 жыл бірге жүрген інісі ретінде оның азаматтығы мен жоғары адамгершілік қасиетін айтпасқа болмайды. Оның Қатонқарағай табиғи қорығын ЮНЕСКО қорғауына енгізу жолындағы қажырлы еңбегі, жанқиярлығы – үлкен азаматтығының көрінісі болды. Қалихан ағаның бауырмалдығы да айрықша еді. Бетегеден биік, жусаннан аласа бола білген қаламгердің құлпытасында бүгінде «Қазақстанның халық жазушысы» деп жазылған. Ағамыз бұл атақты ресми түрде алмағанымен, бұл – халықтың өзі берген үлкен атағы. Расымен де, Қалихан Ысқақ қазақтың халық жазушысы болып өмірден өтті», – деді ол өз сөзінде.

Конференцияда Ғалым Қалибекұлы руханиятқа қосып жүрген айрықша үлесі үшін «Ел-шежіре» қоғамдық қорының президенті Дәулет Дидахметұлы Әшімханға Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкеновтың атынан Алғыс хат табыстады.

Іс-шара барысында жазушы Нұрдәулет Ақыш «Күрмеуі шешілмеген күрделі тағдырлар» тақырыбында, сыншы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежанова «Тереңнен тартқан тамыр» тақырыбында, филология ғылымдарының докторы Гауһар Балтабаева «Қалихан Ысқақ прозасындағы ұлттық құндылықтар» тақырыбында, филология ғылымдарының докторы Құралай Күдеринова «Қалихан Ысқақтың «Қоңыр күз еді» әңгімесіндегі стиль мен сөз саптам» тақырыбында баяндама жасап, Қазақстанның халық жазушысы Ахметжан Ашири, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулет, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сұлтанәлі Балғабаев, жазушы Еркін Нұразхан және өзге де қаламгерлер Қалихан Ысқақ туралы естеліктерімен, ойларымен бөлісті.





Бөлісу: