Максималар мен қоғамдық ойлар...

Бөлісу:

08.09.2025 510

Өзіңнен биік адамға еліктеудің еш сөкеті жоқ қой. Мұны жазуға төмендегі ойшылдардың  алуан түсініктері әсер етті десем, еш артық айтқандығым емес. Жалпы жазба әдeбиeттe афoристиканы жeкe жанр рeтіндe дамытқан Жан де Лабрюйeр мен Блез Паскальді, сондай-ақ Франсуа де Ларoшфукoны айрықша айтуға болады. Ларoшфукoның  әйгілі максималары – әлемдік oйдың алтын қазынасы. Философиядағы апoфтeгма мен максималар, гнoма мен сeнтeнция сынды түрлі тәсілдерге  жазылған еңбектер есті оқырманды еш ойландырмай қоймайды. Осы бір   қысқаша ғана жанрға қалам тербеген мықтылардың қай-қайсының болсын қалам қуаты  бізді де шын ынтықтырған еді. Ендеше әр жылдарда (дұрысы, осы он жылдың мұғдарында)  қоғамдық көңіл күй ауанына байланысты жазылған әдебиет пен өнерге, әлеуметтану мен теологияға, саясаттану мен философияға қатысты  ойларымның осы бөлігін өздеріңізге  ұсынып отырмын. Ілгеріде жарық көрген біршама бөлімін порталымыздың алдыңғы сандарынан тауып алып оқуларыңызға болады.

 

***

Қараңғылық сейілді. Солай десек те мифтердің гносеологиялық мәртебесінің әлеуметтен жоғары тұруының мәнісі не? Тағы да тотем. Тағы да қасқыр мен барыс... Бұл қор халықтың логикасы ма? Әлде аң-құсты асқақтату арқылы адамды қайыра келекелеу ме? 

 

***

Ақиқат  құдай емес, құдай деп ойлайтын біздің кембағалдығымыз. Керісінше сол кембағалдықты түп-тұқиянына дейін зерделеп, әшкерелеу ақиқат.

 

***

Туған жер, төл топырақ танымы тек адам нәсілінің ғана емес, сөз бен саз мақамының да айрықша белгісі. Мұны барынша ашалап айтар болсақ,  музыка мен әдебиеттің де өз «ұлты» болады. Басқа емес, дәл осы «ұлт» ішіндегі мазмұн жер үстінен біржола жоғалған жағдайда  мемлекеттің де мәні онымен қоса жойылады.

 

***

Сіз  бұл оймен келіспеуіңіз де  мүмкін. Мейлі дейміз... Қиялды шет-шексіз шарықтату, көркем ойдан күрделі әрі тосын түйін жасау дейсіз бе, міне, шын суреткерге тән алуан  тәсілдердің айла-шарғылары ертегілерде жатыр. Әлемдік қиял-ғажайыптарды айтпағанда, әсіресе «Ер Төстік» ертегісі –  қаламгерді тез ширатудың ең төте жолы.

 

***

 

Ажал мен автократияның табиғаты бірдей.

 

***

 

Неге ізгіліктің нәтижесі мен марапаты «жұмақ» болуға тиіс. Есесіне сол «жұмақ» неге ізгіліктің өзі, немесе ләззаты емес. Сол үшін де (саудагер) дін атаулыны суқаным сүймейді.

 

***

Жақында  «Егемен Қазақстан» газетінде Саят Баймұратұлының «Тұлға туралы тың дерек»  деген зерттеу мақаласы жарық көрген еді. Мақалада орыс миссионері  Леонид Покровскийдің «1896 жылғы қырғыз миссионерінің жазбалары» атты естелігі сөз болады. Қазақ даласында Жетісу, Шаған, Бұғылы, Көккөл, Шыңғыс секілді жиыны отыз ауылда болдым деген Покровский 1896 жылдың 5 қыркүйегінде Абаймен жолыққанын айтады. Екеуара әңгіме барысында Леонид Покровский былай дейді: «Мен христиандық көзқарасты түсіндіре отырып, ислам ілімінің адамгершілік сезім мен ақылға қайшы келетін тұстарын атап өттім. Сонда Ибрагим (Абайды айтады)  исламды қорғағысы келмейтінін айтты. Ол былай деді: Мен – шынайы мұсылманмын, бірақ сіз ойлағандай емеспін. Ислам үйрететін көп нәрсені мойындамаймын. Құран қатты бұрмаланған, онда шындық пен жалғанды ажырату қиын...». 

Айтпақшы, бұл естелік жазбалар  1897 жылы  «Православный Благовестник» журналының №8-9 сандарында жарияланған. Аталған журнал Мәскеуде 1893 жылдан бері православ миссионерлік қоғамының бастамасымен айына екі рет шығып отырған екен.  

Мен осы жерде Абайдың «...Ислам үйрететін көп нәрсені мойындамаймын. Құран қатты бұрмаланған, онда шындық пен жалғанды ажырату қиын...» деген ойын бүгінгі әлемдік кітапхана негізінде одан әрмен індетіп, оқыған, қолға түскен төмендегі ғылыми деректерді өздеріңізбен бөліссем деймін. Ілгеріде жазғанмын. Осы жерде тағы бір мәрте қайталай кетейін. 

Айталық, біз төбеден түсті деп тәу ететін төрт кітаптың  бірі саналатын «Інжіл» ішіндегі көп жазбалар (аяттар) Месопотамияныңың солтүстігіндегі көне Ниневия қаласындағы қазба жұмыстар барысында күйдірілген қыш тақтайшалардан табылып отыр. Бұл жазуды тапқан Британ музейінің қызметкері Джордж Смит (1840-1876) деген адам болса, ал тақтайшалардағы жазуды оқыған Арне Пебелей деген профессор. 

Ең қызығы, қыштағы жазулардың Інжілдің көп сөздерімен дәлме-дәл келетіні шынымен-ақ адамды таң қалдырып отыр. Басты мәселе мынада дейміз. Енді бұл қыш тақтайшалардың  жасы «Киелі Інжілден» әлдеқайда әріде, кемі бірнеше мың жыл бұрын сазға бәдізделгенін ескерсек, мұны қалай деп түсінуге болады? 

Ресми шіркеу бұл жайдан толық құлағдар болса да, аталған сына жазуларға қатысты жұмған ауызын ашпады. 

Шамасы, төрт кітаптың бірінен екіншісіне, екіншісінен өзгелеріне қотарылған мұндай  көшпелі мәліметтерге қарап отырып, ештеңенің де көктен түспегенін бағамдауға болады. Бәрі де жер үстінен жинастырылған ілкідегі бұйрық-жарғылар мен  әпсана деректер. Бұл жайттар біз қасиетті санайтын Құран-Кәрімге де қатысты... 

Дәл қазір Oxford университетінің профессоры Питер Франкопанның «Жердің айтылмаған тарихы» атты көлемді еңбегін оқып отырып, төбедегі деректің дәлме-дәл төбесінен түсетін мынадай мәліметтерді ұшыраттым.

«...Месопотамияда қарапайым есепке тауар бірліктерін білдіретін саздан жасалған жетондар, ал шамамен б.з.д. 3500 жылы тауар бумалары мен өзге өнімдерге белгі соғу үшін цилиндр мөрлер қолданыла бастаған.

Екі ғасырдай уақыт өткен соң, олардың орнын таяқшамен (стилус) жазылған екі өлшемді пиктографиялық белгілер – сандар мен тауарлар атауы жазылған саздан жасалған тақтайшалар басты. Бірнеше ғасырда ол таңбалар дамып, фонетикалық жазу стиліне айналды. Ол алдымен адам аттарын жазуға, кейін

басқа мақсаттарға да қолданыла бастады. Бұл әліпбилердің жасалуына ғана емес, сонымен қатар тіл мен коммуникацияны қолдану аясын күрт кеңейтетін жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан процесс кезеңдері болды.

Оқиғаларды, әңгімелерді, ой-толғамдар мен мифтерді жазып алуға, оларды стандарт формада өзгелерге жеткізіп, кеңінен таратуға да мүмкіндік туды.

Бұл жетістіктердің шығуына себеп болған түрткі тым қарабайыр, тіпті тоғышарлыққа астасатын ниет еді – тауар мен сауда-саттықты тіркеп отыру, салық салып, оны жинауға ұмтылу, элиталардың айырбас жүйелерін монополиялап, үстемдік орнату талпынысы ғана.  

Содан бергі дүниеге келген әдебиет жауһарлары үшін 5000 жыл бұрын өмір сүрген салық жинаушыларға алғыс айтуымыз керек шығар. Сол кездегі есепшілер болмаса, Тәурат та, Інжіл мен Кұран да... болмас еді» дейді. (Питер Франкопан «Жердің айтылмаған тарихы» (106-107 беттер).

Ғылым – өтіріктерді әшкерелеумен ғана ғылым ғой. Бүгінде әлемдік (электронды) кітапхананың арқасында көп нәрсеге қолымыз жетті. Мұндай мүмкіндіктерді айтпағанда жалған аңыздарды әшкерелеген жаңа ғылыми зерттеулердің  Абайдың қолына түспегені де анық қой. Ақиқат авторитеттерге емес, объективті шындыққа ғана негізделеді десек, ендеше біз архаикалық аңыздар мен мифтерге ме әлде ғылыми дерекке нанамыз ба? 

Мұның жауабын енді әркімнің өз санасы мен салауатына қалдырайық...

 

***

 

Билік бәрін істей алады деген бөстекі сөз. Егер адам баласы кез-келген қиянатқа  қарсылықсыз көне беретін болса, онда революция деген атау да өмірге келмес  еді.

 

***

 

Тілдің байлығы мен перспективалық даму болашағы оның мақалы мен мәтелінің, я тұрақты сөз тіркестерінің көптігіне байланысты емес, ең бастысы, ғылыми жаңалығының молдығына байланысты. Ал бұл жағынан келсек, кез келген ұлттың тұтынып отырған кітабының ғылыми жаңалағы мен ақпараттық қоры аз, кедей болса, сол ұлттың санасы да кедей деген қорытынды шығаруымызға болады...

Енді бұдан шығатын қатердің бір ұшығын айтайын. Мемлекет мұны жедел, әрі кешенді түрде қолға алмаса әсте болмайды.

Қатты айтты демеңіз. ҚАЗІР ҚАЗАҚ ТІЛІ СӨЙЛЕУГЕ ЖАРАҒАНЫМЕН, ОЙЛАУҒА ЖАРАМАЙ БАРА ЖАТЫР (Дұрыс түсініңіз, сөйлеу мен ойлау бірінен бірі мүлде алшақ категория. Ойлау – көбіне үздіксіз жетілім өлшеміне тән). Біз бұл жерде  «ОЙЛАУ» категориясын ой трансферінің негізіндегі жаңа идея мен ғылыми ақпарат мағынасында қарастырып отырмыз. 

Қайталап айтайын, су жаңа  (заманауи) таным мен ақпарат негізінде қарастырып отырмыз. Ал қазақ тілі бұл мәселеге келгенде қаншалықты қабілетті? 

Қазір жастар Сәбит Мұқанов пен Әзілхан Нұршайықовты оқымайды, демек қағынан жеріп бара жатыр деп байбалам салудың  қажеті бар ма? 

Меніңше, қажеті жоқ. Мәселе Мұқановта емес мәселе архаикалық ақпаратта болып отыр. Жоғарыда айттық. Кез келген кітаптың құны мен бағасын арттырып тұрған  негізгі  феномен  оның  жаңа  ақпараты  пен  жасампаз идеясы десек, архаикалық ақпарат бәрібір  ескі танымның  жақтаушысы  мен қорғаушысы болып  қала береді. 

АЛ МҰНДАЙ КІТАПТАРДЫ ҚАЙТА-ҚАЙТА ШЫҒАРА БЕРУ ҰЛТТЫ ҚОЛДАН ЕСЕЙТПЕУДІҢ ТӨТЕ ЖОЛЫ ДЕП ТҮСІНЕМІН.

Жастар өз тілінен жерінген жоқ, оның ақсақалы  мен көксақалы мол  консерваторлығынан жеріді…

 

***

 

О, құдая тәубе. 1938 жыл қайыра келмей-ақ қойсын деймін. «Бұл бір адасқан неме» деп  арыз жазатын «ағайындарымның» молдығына зәредей де шүбә келтірмеймін.

 

***

 

Тобырлық таным тырнақ астына түскен күбірткідей күн салып  кеулеп барады. Түбі дүниеге келгеніміз үшін үшбу кешірім сұрап тынбасақ жарар еді...

 

***

 

Ата-бабаларымыздың әр іс-әрекеті сүттен ақ, судан таза  болса, онда күні кеше ғана Құнанбай қажы қолданған тасборан үкімін қайтадан тірілтсек қайтеді өзі?

 

***

 

Құранның қасиетті аяты жайлы ештеңе айта алмаймын. «Шал кет» бұл енді  Қазақстанға түскен уақыттың өз «аяты». 

 

***

 

«Жаңаөзен» мен «Қаңтар болған оқиғаның тек есім-сойы ғана. Ал оның халықты ханға басындыруды білмейтін түп сана ішіндегі қуаты мен рухы Махамбет жыры мен Құрманғазы күйінің мотивінде жатыр. Қара жер астында қайнаған магма тәрізді қазақтың құдіретті күйі мен жыры сау тұрғанда қай қаскөйдің болсын дегені бола қоймас…

 

 

***

 

Немқұрайлық пен үрей оба індетінен де жұқпалы...

 

***

 

Есіңізде болсын, ажал егде тартқандарға емес, жүрекпен өмір сүретіндерге тым жақын жүреді.

 

***

 

Кез келген дүниеге эмоционалды емес, рационалды өлшемде қараған дұрыс болар. Әрине, әзілің жарасса, атаңмен де ойнауға болады. Бірақ не нәрсенің болсын өз әдебі бар. 

Кеше Мұқағали, бүгін Абаймен «абайламай» ойнауымыздың айыбы мына дүниеде жатыр ма деймін.  Әйгілі физик Никола Тесла «Сіз резонанс пен вакуумның сырын шын түсінсеңіз, бүкіл дүниені билеудің кілтін қолыңызға аласыз» дейді. 

Сөз жоқ, тамаша пайым.  Тесланың «...бүкіл дүниені билеу» тұрғысынан келсек, білім мен мәдениет те осы өлшемге жатады. 

Бұл жерде резонанс пен вакуум кез келген құбылыстың мәнін етене түсіну үшін қажет.  Қоғамда орын алған қандай да бір оқиғаның жай-жапсарын ұғыну үшін әуелі мынаны зерделеп алғанымыз дұрыс болар. 

Осы отыз жылда мемлекетшілдік мазмұн, оның рухани құндылықтары мен тағаны жайлы таным біздің санамызға орнығып үлгерді ме? 

Тұлғаның қадірін айтпағанда, саяси-тарихи люстрация жүрді ме өзі? 

Ендеше мәселе қайдан туындап отыр? 

Мәселе төл танымның уызына жарымаған рухани бостықтан туындап отыр. 

ВАКУУМ біздегі кеуденің бостығы болса, РЕЗОНАНС арзан хайпқа айналып кеткен талғамда болып отыр.

Бұл үшін енді біріміздің-біріміз жағамыздан алудың қажеті шамалы. Ең әуелі, елдің білімі мен мәдениетін көтеріп, бос кеудені ұлттық таным, әлемдік өркениетпен барынша толтыру қажет…

 

***

 

Тарих, ең әуелі, таным мәселесі. Сондықтан ол трагедиялардың статистикасы, даталар дерегімен ғана емес, сараптау мен алдын алу амалдарымен де  айналысуы керек.

 

***

 

Отарлық пен деменция дертінің адам санасындағы әрекеті бірдей. Түбі тып-типыл етіп бәрін де ұмыттырып тынады... 

 

***

Тез түлеп, жедел есейетін мәдениет те баламасы жоқ энергия көзі іспетті. Қай халықтың әдебиеті осы энергия көзінің  кернеуі мен қуатын бір төмендетпей  қалыпты ұстап тұрса, сол халықтың рухани  әлеуеті де биік  деген пайым шығаруға болады. Дәл қазір бізге денеңді таңғы ауадай сергітетін, бейне бір мұхиттың өзі секілді терең, ағысы секілді үнсіз, парасатты әдебиет керек. 

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар