«Астана Опера» ХІІІ маусымын «Абай» операсымен ашпақ

Бөлісу:

06.09.2025 108

Бүгін, 6-шы тамыз Елордадағы «Астана Опера» театры жаңа ХІІІ маусымын ашпақ. Бұл туралы кеше театр ұжымы БАҚ өкілдерін шақырып, баспасөз жиынын өткізген еді. Бұл маусымның ерекшелігі, ұлттық өнердің інжу-маржаны – Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсынан бастап, әлемдік классиктердің ұлы туындыларына дейін қамтылған мазмұнды бағдарламаға толы болмақ деп күтілуде.

Қазақтың тұңғыш ұлттық операларының бірі – «Абай» операсы 1944 жылы жарыққа шықты. Либреттосын Мұхтар Әуезов жазған. Шығармада ұлы ойшыл Абайдың халық үшін атқарған ағартушылық қызметі, әділдік пен адамгершілік жолындағы күресі суреттеледі. Айдар мен Ажардың махаббат трагедиясы арқылы қоғамдағы ескі салт пен жаңа заман қақтығысы бейнеленеді.

Бұл операда Абай бейнесі тек дана ойшыл ғана емес, халықтың қорғаны, әділеттің жаршысы ретінде сомдалады. Сондықтан да «Абай» ұлттық опера өнерінің темірқазығына айналып, бүгінгі күнге дейін театр сахналарынан түспей келеді.

«Астана Опера» театрының директоры Александр Совостьянов жаңа маусымның ерекшелігін атап өтіп, шығармашылық ұжымның жоспарларымен бөлісті:

«Бұл маусымды біз ерекше шабытпен бастап отырмыз. Театрымыздың басты күші – бір мақсатқа ұмтылған ұжым. Бізді алда Ресейдің Үлкен театрында өнер көрсету, Оман корольдігінде концерт беру сияқты үлкен гастрольдік сапарлар күтіп тұр. Сонымен қатар, жаңа қойылымдар – «Риголетто», «Қыпшақ қызы Аппақ» секілді тың туындылар көрерменге жол тартады. Ал біздің басты қуатымыз – әрқашан көрерменнің ықыласы», – деді ол.

«Астана Операның» бас дирижері Алан Бөрібаев алдағы ерекше жобаларды таныстырды. Соның ішінде «Бетховен кештері» циклін ерекше атап өтті:

«Астана Опера» театрының он үшінші маусымының ашылуы – біз үшін үлкен мереке. Биыл көрермен қауым үшін көптеген қызықты жобалар әзірленіп отыр.

Солардың бірі – «Бетховен кештері» атты концерттік жоба. Бұл циклді біз Камералық залдан бастамақпыз. Шағын зал болғанымен, оның барлық мүмкіндігін толық пайдаланып, симфониялық шығармаларды ұсынуды көздеп отырмыз. Нақтырақ айтқанда, Бетховеннің махаббат пен өмірге арналған симфониялары орындалатын болады.

Бұған дейін біз Бетховеннің симфонияларын Үлкен залда орындадық. 2016 жылы алғаш рет Бірінші және Тоғызыншы симфониялар сахнаға шықты. Кейіннен Тоғызыншы симфония театрдағы Бетховен балетінің құрамдас бөлігіне айналды. Бесінші симфонияны да бірнеше жыл бұрын орындадық.

Енді осы бастаманы жалғастырып, жаңа деңгейге көтеруді мақсат етіп отырмыз. Себебі Бетховен симфония жанрын бұрын-соңды болмаған биікке көтерді. Сол кезден бері кез келген композитор симфония жазғанда, ол сөзсіз Бетховен шығармашылығымен салыстырылады. Оның тоғыз симфониясының әрқайсысы – өзіндік ерекше әлем, терең философиялық ой, ғаламдық көзқарас.

Сондықтан біз бұл кештерді жай ғана концерт емес, көрерменмен тікелей әңгімеге құрылған ерекше форматта өткізуді жоспарладық. Орындау кезінде мен оркестрге қысқа үзіліс жасап, көрермендерге бұрылып, музыка не туралы екенін, төрт бөлімді циклдің мазмұны мен құрылымын түсіндіріп, бірге талқылап отырамыз. Бұл көрермен үшін тыңдау ғана емес, музыканың ішкі мағынасына терең бойлау мүмкіндігі болады.

Бетховен кештері 10 қыркүйекте басталып, үш айдан кейін – 11 желтоқсанда жалғасын табады.

Сонымен қатар алдағы ең үлкен премьераларымыздың бірі – Джузеппе Вердидің атақты «Риголетто» операсы. Бұл – оның 17-ші операсы, әрі шығармашылығының «алтын кезеңін» ашқан туынды. Осыдан кейін «Травиата», «Трубадур», «Бал маскарады» секілді әйгілі шығармалар дүниеге келді. «Риголетто» – Верди шығармашылығын «Аида», «Тағдыр күші», «Дон Карлос» сияқты ірі туындыларға жетелеген маңызды көпір іспетті», - деп сөзін түйіндей түсті.

«Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова жас буынның жетістігіне тоқтала кетті:

«Біз жаңа маусымды үш бір актілі балеттен тұратын кешпен ашамыз. Бұл – жаңа премьера. Өткен маусымды осы қойылымдармен аяқтаған едік, енді жаңа маусымды да солармен жалғастырмақпыз. Сонымен бірге, маусым соңында ғана премьерасы өткен «Ұйқыдағы ару» балетін қайта сахналауды жоспарлап отырмыз.

Жоспарларымыз өте көп. Жастарға ерекше көңіл бөлеміз – тек орындаушыларға ғана емес, сондай-ақ жас хореографтарға да. Осы орайда біз үшін үлкен қуаныш – Оманға гастрольдік сапардың расталғаны. Ол жаққа әйгілі «Коппелия» балетін апарамыз.

Тағы бір қуанышты жайт – жаңа маусым алдында жас әртістеріміз Қытайда өткен халықаралық байқауға қатысып қайтты. Алғашқы кезеңде 500-ге жуық адам болса, ақтық сынға 200-дей үміткер өтті. Солардың ішінде біздің бишілеріміз жоғары баға алды. Әсіресе, олардың кәсібилігі мен шеберлігін әділқазылар ерекше атап өтті. Айта кететін жайт – қазылар алқасында Қазақстаннан ешкім болмады, сондықтан бұл жеңіс – шынымен әділ еңбектің жемісі.

Біздің солист әрі болашағынан зор үміт күттіретін жас хореограф қойған қазіргі заманғы би нөмірі ерекше аталып, «Ең үздік хореография» жүлдесіне ие болды. Бұл қойылым қазақстандық отбасы тақырыбына арналып, оркестрдің сүйемелдеуімен орындалған еді. Сонымен бірге, Диас Қарманғазы «Үздік биші» атанып, арнайы марапатқа ие болды. Бұл – біз үшін өте үлкен мәртебе, себебі жарыста тәжірибелі, танымал әртістер қатысқан болатын.

Біз болашаққа зор жоспарлар құрып отырмыз. Қуантатыны – қойылымдардың саны артып келеді. Себебі труппамыз жыл сайын Академия түлектерімен толығып отырады. Оларды жас әрі жігерлі кезінде бірден шығармашылық жұмысқа араластыру – басты мақсатымыз. Көрерменге көрсететін де, тәрбиелейтін де талантты жастар бар, бұл – болашақтың берік іргетасы»,- деп сөзін аяқтады балет жетекшісі.

«Астана Опера» опера труппасының директоры Талғат Мұсабаев «Абай операсы» туралы қысқаша тоқтала кетті.

«Биылғы маусымды біз халқымызға қымбат әрі театрдың визиттік карточкасына айналған «Абай» операсымен ашқалы отырмыз. Бұл қойылым Қазақстанда ғана емес, шетелде де үлкен қызығушылыққа ие. Өткен жылы Мәскеудегі Үлкен театр сахнасында көрсетіліп, мамандар тарапынан жоғары баға алды.

Абай рөлі – партия ғана емес, тұтас бейне. Ол үшін үлкен тәжірибе, өмірлік көрегендік қажет. Бұл – орындаушыға ерекше жауапкершілік жүктейтін күрделі рөл. Сондықтан біздің солистер дайындыққа айрықша мән беріп отыр.

Бүгінде театр ұжымы мықты шығармашылық құрамға ие. Бұл – дұрыс бағытта дамудың кепілі. Театр жас болса да, 13 маусым ішінде дәстүр қалыптастырып, үлкен жобаларды жүзеге асыруға қауқарлы екенін дәлелдеді.

Әрине, театр тек операмен шектелмейді, балет пен симфониялық концерттер де қатар дамып келеді. Алдағы жоспарларымыздың ішінде Вердидің «Риголетто» операсы тұр. Қазірдің өзінде дайындық жұмыстары басталып кетті.

«Астана Операның» балет солисі Сұлтанбек Ғұмар алдағы шығармашылық жоспарымен былай деп бөлісті:

«Жақында өткен халықаралық байқауға әріптестерім Диас Құрманғазы мен Камила Шахманова ұсыныс тастап, арнайы дайындыққа кіріскен болатынбыз. Байқау шарты бойынша заманауи хореография қажет болғандықтан, біз өзіміздің ұлттық өнерімізді, ұлттық аспаптарымызды шетелде насихаттау мақсатын көздедік. Осы бағытта «HasSak» фольклорлы-этнографиялық тобының шығармасын таңдап, авторларымен ақылдаса отырып рұқсатын алдық. Бұл идея көптен бері ойымда жүрген еді. Соның негізінде жаңа би нөмірін дайындап шықтық. Алла қаласа, жақын арада біздің театрымыздың сахнасында да осы туындыны тамашалай аласыздар деген үміттемін.

Бұл жобаға біз жаз бойы, демалыс уақытында дайындалдық. Әріптестеріме ризамын: барлығы демалысқа қарамай, үлкен еңбек етті. Себебі біздің жұмысымыз тек шығармашылық қана емес, физикалық күш-қуатты да талап етеді. Сондықтан бұл жеңіс ең алдымен командалық еңбектің нәтижесі деп санаймын. Әрқайсысының үлесі зор. Бұл жеңіс – тек біздің емес, бүкіл қазақ елінің халықаралық сахнадағы жетістігі», - көрермендер қуанатын жаңалығын атап өтті.

«Астана Опера» режиссері Еренбақ Тойкенов өз қуанышымен бөлісті: 

«Мен үшін үлкен қуаныш – Австрияның Вена қаласында өткен халықаралық опера фестиваліне әлемнен бар-жоғы төрт режиссер таңдалды. Солардың қатарында қазақ баласы ретінде болғаным – зор мәртебе.

Бұл жоба барысында Метрополитен мен Ковент-Гарден секілді әйгілі сахналарда еңбек еткен Тим Клейденсен сияқты танымал режиссерлермен бірге жұмыс істеп, мол тәжірибе жинадым. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған шығармашылық топтармен, әсіресе Америка мен Канададан келген әртістермен таныстым.

Менің ойымша, бұл таныстықтар болашақта жаңа шығармашылық серіктестіктерге жол ашып, театр өнеріміздің көкжиегін кеңейте түсетініне сенімдімін!», - деп сөзін аяқтады.

«Астана Операның» ХІІІ маусымы – ұлттық қазына мен әлемдік өнердің тоғысқан ерекше мерекесі болмақ. «Абай» операсы арқылы ұлт рухын дәріптеп, Бетховен мен Верди секілді ұлы композиторлардың шығармалары арқылы әлемдік биік өнерді паш ететін бұл маусым көрерменге тың әсер мен рухани жаңғыру сыйлары анық.

Бөлісу:

Көп оқылғандар