Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Шерияздан Тайконұлы. Көктем қырдың астында...

02.04.2024 662

Шерияздан Тайконұлы. Көктем қырдың астында 12+

Шерияздан Тайконұлы. Көктем қырдың астында - adebiportal.kz

Жыр дәптер қайта қолымда 

(Жоғалтып тапқан жыр дәптер)

Толассыз күздің жаңбыры,

Торыққан жылдар түсті еске.

Атпастай болып таң нұры.

Леспей қалдым жыр көшке.

 

Жапырақ көңіл жалбырап,

Қиялмен арман желге ұшты

Күзгі бақ тұрды қалтырап,

Күйге еніп күрең болмысты.

(Суреттей алман сол тұсты.)

 

Жырларым кетті жырақтап,

Оңаша айтар сырларды.

Шешімін таппас сұрақ қап,

Өлеңсіз астым қырларды.

 

Ұйқысыз қарсы ап таң бозын,

Адастым көңіл құсынан

Арманды тұрған қол созым,

Жоғалттым көздің ұшынан.

 

Жылжыған жылдар көнертіп,

Сезімнен жаңа күй таптым.

Түкпірін көңіл көгертіп,

Қанатты қайта мен қақтым.

 

"Жастық шақ" атты жасыл бақ,

Жарамды емдеп жазғанды.

Өмірден іздеп алтын тақ,

Жұлдызға қолды созғам-ды.

 

Бақыттың татып бал дәмін.

Жар құшып сәби өпкенім.

Сезініп ошақ салмағын,

Солар деп терді төккенім.

 

Жылжыдым қалмай қатардан,

Кеудемнен төгіп жыр нөсер.

Арайын сыйлап атар таң,

(Жүрмедім жылдар құр бекер.)

 

Көгертіп адал еңбегім,

Көппенен тарттым көмбеге.

Бойдағы жігер сенгенім.

(Кідірем жолда мен неге.)

 

Алпыстың асып асқарын,

Ақ шыңға бетті бұрғаным

Артымда шәкірт жастарым,

Арқаға сепкен бұл дәнім.

2023 жыл

 

Қалқаманға Саринге

(Қалқаман інімнің «Бай-Өлке 

топтамасын» оқығаннан кейінгі ойлар)

Бөлінген үйірінен,

Бөкендей жортып өткем.

Алтайдың қиырынан,

Сағыныш сазым жеткен.

 

Ондағы тылсым сырды,

Тек ғана ақын сезген.

Бауырым жырың нұрлы,

Өрнектеп терген сөзбен.

 

Жайылған қоңыр аңдай,

Момақан елді көрдің.

Қатпарлы сыры қандай,

Қарттарым – сәні төрдің.

 

Қасқайған қағыр шыңдар,

Зар заман сырын бүккен.

Болса егер құлақ тыңдар,

Жаңғырық сырын ұққан.

 

Ақынды алқалаған,

Арда елді аралапсың.

Таулардан шалқалаған,

Ой түйіп саралапсың.

 

Ақтарып ішкі сырды,

Ақ жауын жыр селдеттің.

Ақ жолмен асып қырды,

Ақ толқын сыр тербепсің.

 

Бұр тағы, тізгініңді,

Бай Өлке - базарлы елге,

Жыр-маржан, ізгі үніңді,

Шашып кет, барқыт белге.

Қой жайған қоңыр қазақ,

Мақтансын қосып әнге.

2023 жыл. Астана қаласы

 

Тау және таңғы арай

(Көктемгі элегия)

Бусанса көк бел, көк адыр,

Күн нұрын төгіп төбеден.

Кеудемде тұнар жыр лағыл.

Желпінтіп мені жебеген.

 

Боз торғайлар сайраған,

Боз ала таңмен оянғам.

Сезімнен іңкәр таймағам,

Көктеммен бірге боянған.

 

Алтайдан асқан белес көп,

Аңсарым ауар тау жаққа.

Балалық бүгін елес боп,

Көз салман мынау бау-баққа.

 

Көз салман зәулім сарайға,

Төбесі көкпен таласқан.

Тең келмес таңғы арайға,

Қиялға қанат-жарасқан.

 

Өрмелеп ылғи жүргем-ді,

Түсімде шыңның басына.

Бекемдеп берген іргемді,

Құмармын әрбір тасыңа.

 

Тау көрсем шабыт шақырам,

Таусылмас тасқын жырларым.

Кеудемде тау боп жатыр ән,

Қиялмен кезіп қырларын,

Тағыда тауды жырладым.

21 наурыз

 

Көктем қырдың астында

Көктем қырдың астында, көңіл елең.

Жазсам ба екен тағы бір керім өлең.

Термесем де қызғалдақ қырға шығып,

Шумақ теріп шығушы ем небір өрен.

 

Айшықтанып кеткенде қырау дала.

Көктем алды ширығар мынау сана,

Қылын тербеп көңілдің бір саз әуен,

Құлақ күйін келтіріп бұрау ғана.

 

Көктем, көктем – көңілге күй келтіріп,

Өлең арнап қалушы ем бір желпініп.

Паң далама бір сәтке жан бітіріп,

Жүректерге кететін нұр толтырып.

 

Нұр толтырып кеудеме жыр толтырып,

Қызғалдақпен шығатын қыр құлпырып.

Күлімдесе төбеден күн сұлуым,

Тас бұлақтар ағатын шын бұлқынып.

Қайтқан қаздар дауысын естігенде,

Қалам ұстар кезім ғой бір жұлқынып.

 

Алау күндер санамнан еш көшпеген.

Көңілімде көктемнің оты өшпеген,

Айдынымның төріне аққу қонып,

Кездерім жоқ әсерлі күй кешпеген.

23 ақпан 2023 жыл, Шұбаркөл кенті

 

Уақытпен сырласу

(Сегіз аяқ мақамымен)

Уақыт жүйрік, 

ұршықтай үйіріп,

Барады тартып қай жаққа.

Сүйдік те күйдік, 

ақ көйлек кидік,

Жастығым қалды қай бақта.

 

Замана жүйткіп, 

борандай ұйтқып,

Қашқанды талай мазам да.

Тырмысып алға, 

арадай балға,

Қонған бір кезді жазам да.

 

Қайнардан тұнық, 

көлдерден тымық,

Нәр алдым жастық бағында.

Шарықтап көкке, 

жыр жазып төкпе,

Қарсы да жүздім ағынға.

 

Жырақтап жастық, 

қыраттан астық,

Жаз өмір күзге ауысып.

Жақсылар текті, 

санама септі,

Ізгілік нұрмен қауышып.

 

Жүректе нұр бар, 

көңілде сыр бар,

Сезінген жанға ақтарар.

Бойда бар қуат,

төгемін шуақ.

Сіңірсең бойға шақ болар

 

Тоқтаман жолда, 

қаламым қолда.

Түндерім алда толғанар

Көшімен уақыт, 

жыр терем жақұт.

Ұрпаққа арнап жолданар.

24.12.2021 Шұбаркөл кенті.

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар