Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ
/
Балалар әдебиеті кітаптарын мектепте қалай насихат...

19.08.2025 1389

Балалар әдебиеті кітаптарын мектепте қалай насихаттау керек? (Заманауи трендтер мен бағыт-бағдарлы әдістеме) 6+

Балалар әдебиеті кітаптарын мектепте қалай насихаттау керек? (Заманауи трендтер мен бағыт-бағдарлы әдістеме) - adebiportal.kz

Балалар әдебиеті – жас ұрпақтың рухани әлемін қалыптастыратын, ұлттық құндылықтарды, адамгершілік қағидаларды, эстетикалық талғамды дамытатын маңызды сала. 

ХХІ ғасырда ақпараттық технологиялар мен медиа контенттің қарқынды дамуы балалардың оқуға деген қызығушылығына айтарлықтай кері әсерін тигізуде. Осы орайда, мектептегі білім беру жүйесінде балалар әдебиетін насихаттаудың жаңа әдіс-тәсілдерін қолдану – уақыт талабына айналған өзекті мәселе. 

Кітап – баланың ішкі әлеміне апаратын алтын көпір. Ал мектеп – сол көпірдің шырақшысы болуы керек. Балалар әдебиеті – тәрбие құралы емес, баланың жан дүниесін тербететін әлем. Оны насихаттау үшін заманауи тілмен, ойын формасымен, медиа құралмен  сөйлесу керек. Балалар әдебиетін «сабақ материалы» емес, қызықты, заманауи, өмірге қажетті контент ретінде ұсыну керек.

Жасөспірімдер – балалықтан ересектікке өтетін, өзіндік көзқарас қалыптасатын, құндылықтар жүйесі орнығатын кезең. Бұл жастағы оқушылардың әдебиетке қызығушылығын қалыптастыру – олардың рухани, мәдени дамуының маңызды бөлігі. Балалар әдебиетін жасөспірімдерге насихаттау – тек оқу мәдениетін арттыру ғана емес, сонымен бірге ұлттық болмыс пен адамгершілік құндылықтарды бекіту құралы.

Неге балалар әдебиетін балалар мен жасөспірімдерге насихаттау қажет? Ең әуелі құндылықтарды бекіту – бала кезден таныс шығармаларды қайта оқу арқылы моральдық қағидаларды терең түсінуге жол ашады. Сосын, тілдік және әдеби талғамды жетілдіру – бейнелі тіл, көркемдік тәсілдер бала мен жас өскіннің сөздік қорын байытады. Үшіншіден, өзіндік ой қалыптастыру – таныс кейіпкерлерге жаңа қырынан қарау, өмірлік тәжірибемен салыстыру.

Қазіргі замандағы балалар әдебиетін насихаттаудың өзектілігі неде? Біріншіден, оқырман дағдысының өзгеруі – цифрлық медианың басымдығы, визуалды және қысқа форматтағы контенттің тартымдылығы. Екіншіден, жаңа буынның қызығушылығы – заманауи тақырыптар, интерактивті элементтер, мультимедиа мүмкіндіктері. Үшіншіден, ұлттық код пен жаһандық мәдениет байланысы – балалар әдебиеті ұлттық болмысты сақтай отырып, әлемдік трендтермен үйлесуі қажет. Осы ретте мектептегі насихаттың басты мақсаттары анықталады. Бұл ең алдымен балалардың оқу мәдениетін қалыптастыру. Сосын әдебиет арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеу және оқушыны шығармашылыққа, өзіндік ойлауға жетелеу, кітап пен цифрлық құралдың тепе-теңдігін табу. Аталған мақсатқа жету үшін мына заманауи трендтерді қолдану маңызды: Бірінші, BookTok және Bookstagram мәдениетін қалыптастыру. Бұл ретте TikTok пен Instagram желілерінде кітапқа арналған бейнероликтер түсіру, оқушылардың өз әсерін қысқа бейне арқылы жеткізуі керек. «Менің сүйікті кейіпкерім» челленджін үнемі жүзеге асыру. Екінші, геймификация (ойындандыру) әдісін пайдалану. Әдеби шығармаларды квест, викторина, escape-room форматында өткізу. Кітаптағы оқиғалар бойынша «интерактивті карталар» жасау. Үшінші, мультимедиалық оқуға көңіл бөлу. Электронды кітаптар мен аудиокітаптарды пайдалану. Кітап оқуға арналған мобильді қосымшалар (Kazne, Kitap, Bookmate). Аудиокітап, буктрейлер (кітапқа арналған қысқа бейнеролик), подкаст түріндегі талқылаулар. YouTube, TikTok форматындағы қысқа шолулар. Төртінші, авторлармен онлайн/офлайн кездесулер ұйымдастыру. Белгілі балалар жазушыларын мектепке шақыру немесе Zoom арқылы онлайн кездесу ұйымдастыру. Жазушы мен оқушы арасындағы диалог форматы – оқуға ынталандырады. Бесінші, жас ерекшелігіне сай әдістеме жасау. Мысалы, бастауыш сынып – иллюстрациясы мол, қайталамалы құрылымдағы, ырғақты мәтіндер оқуы керек. Ал орта буын – оқиғалық желісі қызықты, кейіпкерлері жасөспірімдерге жақын, достық, адалдық, арман тақырыбындағы шығармаларды оқуға тиіс. Жоғары сынып оқушылары – терең ойлы, әлеуметтік мәселелерді қозғайтын, өзіндік көзқарас қалыптастыратын шығармаларды оқып, ұлттық көзқарасын кеңейтуі керек. 

Аса маңызды әрі өзекті мәселе отбасындағы кітап оқу мәдениеті. Бұл ретте баланың әкесі де, анасы да бірге кітап оқуға дағдылануы керек. Баланың оқыған кітабы туралы пікір жазуын талап ету емес – әңгімелеуін сұрап, бірге кітап туралы ой бөлісу. Бала үшін  ата-ана болашаққа инвестиция құйған инвестор. Жеміс беруі мәпелеуі мен аялауына байланысты екенін ұмытпайық! 

Балалар әдебиеті – тәрбие құралы ғана емес, баланың жан дүниесін тербететін әлем. Оны насихаттау үшін заманауи тілмен, ойын формасымен, медиа құралмен сөйлесу керек.

Балалар әдебиетінің классикалық туындыларын қазіргі жастардың қызығушылығымен байланыстыру.  Мысалы, бала кезде оқылған Бауыржан Момышұлының батырлық әңгімелерін Marvel немесе DC комикстеріндегі қаһармандармен салыстыра талқылау. Оқушыларға кейіпкердің орнында өздерін елестетіп, шешім қабылдау тапсырмаларын беру.   

Менің «Тау құсы» деген ертегі, әңгіме, хикаяттарым енген кітабым осымен жетінші рет басылып, жүз мың данамен тарап, сатылып, бестселлерге айналып, 23 сәуір күні «Ұлттық кітап» байқауында «Жылдың үздік балалар кітабы» атанды. Ал осы кітабымның бар құпиясы – әр шығармама сапалы әрі тартымды иллюстрация салдырттым, әр шығарманың аудионұсқасын жасап, QR-код арқылы тыңдайтын мүмкіндік бердім. Сонымен қатар, заманауи ұрпақтың танымын, талғамын, қызығушылығын зерттеп, шағын әрі тілі жеңіл дүние жазуды ниет еттім. Мақсатыма жеттім деп ойлаймын. Жақын күндері менің балалар әлемін зерттей келе жазған аниме, манга, комикс жанрларындағы жаңа әрі заманауи ертегі, әңгімелерім кітап болып оқырманға жол тартады. Балалар әдебиетінің мазмұнын байытып, контентін заманауи жанрлармен толтыруға әр жазушы күш салуы тиіс, сонда қазақ баласы өзге елдің өнімін тұтынбайтын болады. Ал қазір нешеме ұрпақ өзгенің мәні жоқ дүниесін оқып, ойын, көзқарасын теріс бағытқа бұрып алды... Өкінішті. Ендігі сәтте «Ай, қап!» деп санымызды соғып, тілімізді тістеп, төмен қарап, жер шұқып отырмайық!  Міне, осындай мәселенің алдын алу үшін, олқылықтар мен кемшіліктерді реттеу үшін біз басқаратын кеңес ендігі сәтте заманауи мәселелерді шешуге бағытталып әрі жаңа жанрлар аясында шығармашылық ізденіс жасау үшін арнайы сала мамандарымен коллаборациялық лаборатория жасауды мақсат қылды. Бұл жұмыс барысында «Психолог кеңесімен жазылған әңгімелер», «Логопед нәтижесімен жазылған өлеңдер», «Дәрігер кеңесімен жазылған ертегі-терапия» т.б. арнайы сериялық кітаптар жазылып, оқырманға жол тартпақ. 

Балалар әдебиетін жасөспірімдерге насихаттау – бұл тек кітап оқуға шақыру емес, бұл – олардың жеке тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ететін ұзақ мерзімді мәдени-ағартушылық процесс. Дәстүрлі әдістерді (кітап оқу, талдау) заманауи коммуникация құралдарымен ұштастырған жағдайда, жасөспірімдердің әдебиетке деген қызығушылығы артып, оқырмандық мәдениеті тұрақты дамиды. Осы жәйттарды ескере отырып, кеңес жанынан Астана, Алматы қалалары бойынша оқырмандар клубын құрып отырмыз. Клуб отырыстарында бүгінгі балалар мен жасөспірімдер әдебиеті саласында өнімді еңбек сіңіріп жүрген Әли Ысқабай, Тұрдақын Жексенбай, Тілеуғазы Бейсембекұлы, Молдахмет Қаназ, Пернебай Дүйсенбин, Серікбай Оспанұлы, Мәди Айымбетов, Бекен Ыбырайым, Нұрдәулет Ақыш, Ақылбек Шаяхмет, Дәнеш Ахметұлы, Көмек Ыбырайұлы, Арасанбай Естен, Ертай Ашықбаев, Байбота Қошым-Ноғай, Кеңес Оразбекұлы, Қанат Қайым, Болат Үсенбаев, Толымбек Әбдірайым, Ертай Айғалиұлы, Баян Болатханова, Ділдар Мамырбаева, Заря Жұманова, Сәуле Досжан, Көсемәлі Сәттібайұлы, Дүйсенбек Мағлұмов, Нұрғали Ораз, Әділбек Ыбырайымұлы, Зира Наурызбаева, Әбубәкір Қайран, Бауыржан Ғұбайдуллин, Жәди Шәкенұлы, Әбділдәбек Салықбай бастаған аға толқын, Қуат Адис, Бағдат Айтмұхаева, Гүлімай Әбішқызы, Серік Қалиев, Есей Жеңісұлы, Бағдат Мәжитов, Алмат Исаділ, Адина Жүсіп, Ақберен Елгезек, Бейбіт Сарыбай сынды орта буын, кейінгі толқыннан Ернұр Сейдахмет, Ержеңіс Тасты, Рүстем Сауытбай, Зәуре Төрехан, Мира Сембайқызы, Серікбол Хасан, Әлібек Байбол, Айнұр Мұратова, Айгерім Қиықбай, Алпысбай Әбділұлы, Олжас Қасым, Мейіржан Жылқыбай, Нұрбек Нұржанұлы, Еділбек Дүйсен сынды қаламгерлердің шығармашылығы талқыланып, әлеуметтік желілерде кеңінен насихатталатын болады. Осы жазушылардың шығармаларын мектеп қабырғасында оқылса, насихатталса игі еді. 

Балалар әдебиетін насихаттау – бір реттік акция емес, жүйелі, мақсатты жүргізілетін ұзақ мерзімді жұмыс. Мектеп кітапханасы, мұғалім, ата-ана және оқушы арасындағы байланыс нығайса, әдебиетке деген қызығушылық артады. Заманауи трендтерді дәстүрлі әдістемемен ұштастыра отырып, біз балалар әдебиетінің мәнін арттырып қана қоймай, жаңа буынды кітаппен дос етеміз.

Құрметті кітапханашы, мұғалім достар! Қазақстан Жазушылар одағы  Балалар мен жасөспірімдер әдебиеті жанрлық кеңесінің барлық мүшелері Сіздермен тығыз қарым-қатынаста болуға дайын. Ұлт болашағы үшін бірлесе қызмет етейік! Назарларыңызға көп көп рақмет! 

Елдос ТОҚТАРБАЙ,

жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы 

Балалар мен жасөспірімдер әдебиеті жанрлық кеңесінің төрағасы


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар