Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Арманбек Жәкейханұлы. Көзінің қара мойылы - ән...

14.11.2023 977

Арманбек Жәкейханұлы. Көзінің қара мойылы - ән 16+

Арманбек Жәкейханұлы.  Көзінің қара мойылы - ән - adebiportal.kz

ЖЫР АРУ

Басы бар, аяқ-қолы бар,

Ән көрдіңдер ме аққұба?! 

Ж. Жақыпбаев

 

Көзінің қара мойылы – ән,

Қара қас, қасаң қабағы.

Сағалы Сырдың бойынан,

Жыр көрдім мөлдір жанары.

Жыр көрдім, мөлдір жанары,

Алдында емес, күн сұлу.

Жыр өзен болып ағады,

Жырласа ару, Сыр сұлу.

Тыншымай тулап, ет жүрек,

Арасында қап елестің.

Жолықсам қайта деп тілеп,

Көңілімнен кетпей көмескі үн.

Жұматай болса жолығар,

Ән көрдің бе деп аққұба.

«Басы бар, аяқ-қолы бар»,

Жыр көрдім, аға, пәк, бұла.

Жолынан жүрді тосып Ай,

Қол создым көкке құлаштап,

Жыр Ару көрдім осылай.

Бір Ару көрдім тым асқақ.

13.11.23 Астана

«ЖУЛЬЕТТА»

(Нұрқанат Жақыпбайдың қойылымынан кейінгі хәл)

Үскірік желі, далада ақпан,

«Верона» емес, Арқаның.

Ақ ұлпа қар мен самала жапқан,

Сұлбасын сұлу қалқаның.

 

Жиналған халық, бар сәнді құрып,

Наурызнамаға* кешкілік.

Алдымнан шығып қарсы алдың күліп,

Сырғаңның үні естіліп.

 

Сабырымды ұрлап, тағатымды алған,

Қара көз, құлын мүсінді ең.

Сен мені ұқпай барасың қарғам,

Сүйемін деймін ішімнен.

 

Парис* пиғылға құрық салайық,

Құлып салайық екеулеп.

Екеуміз сосын тұрып қалайық,

Хан* тауын мәңгі мекендеп.

 

Көзімнен бәрін байқамай қалсаң,

Дәлелдің қанша керегі.

Жульеттамын деп айта бер, қалқам,

Ромеомын ғой себебі.

А.Ж

Верона – екі тайпаның өмір сүрген жері

Наурызнама – Ромео мен Жульетта жолыққан сауық кеш

Парис – Жульеттаны жар етіп алмақ болған жан.

Хан тауы – Ромеоны жер аударып жіберген өңір

 

АУЫЛҒА САҒЫНЫШ

Біздің ауыл жағасы Қаракөлдің,

Әлі есімде, мойнында ана белдің.

Ағам келе жататын ала таймен,

Мен ол кезде жас болдым, бала болдым.

 

Жүрген кезде есейер шақты армандап,

Жылдар жылжып, арада Ай жатқанды аунап.

Санам гүлдеп оқуға аттанғанмын,

Ағам мінген ала тай ат болғанда.

 

Сол кеткеннен ауыл да, Анам да алыс,

Көңілде күз күңреніп, санамда қыс.

Сағынысып сәл ерте қайтатынбыз,

Біздің жаққа асығып барарда құс.

 

Көңілімнің көгінен бұлт арылып,

Айлар аңсап жеткенде, жыл сағынып.

Ақ жаулығы адалдық айнасындай,

Анам күтіп алатын құрсағы құт.

 

Естелігін өткеннің жылға (ы)сырып,

Күндерім-ай жоғалған құмға сіңіп.

Көбелегін көгалдың қуған шақты,

Керегенің көгіне жүр жасырып.

11. V. 2023 Астана

ЕСКІ ДОСҚА

Бердібек досым…

Еске алдым елді сағыныш көп жүдеткесін,

Қолбайлау болып қу тірлік соға алмай жүрмін.

Сеземін келмедің деген елдің өкпесін.

 

Сеземін сағынғанын да бауырдың мені,

Естелік еске оралып тәуір күндегі.

Жырақтап кетіп қойнынан туған ауылдың,

Самайдан сүйер сағынтты сауырдың желі.

 

Естеліктердің жанымда елесі қалып,

Аласұрамда тұрамын мен осы нағып.

Алабас атты көрдің бе аттанған шақта,

Жіберген едім босатып, өресін алып.

 

Сағынышым ай санадан күлкіні айырған,

Қытығы келген құнандай үркіп айылдан,

Ағадан сәлем айтарсың інімді көрсең,

Ұсақ бұйратта қиқулап жылқы қайырған.

 

Аттандырғанды деп ауыл саған сенемін,

Әппақ үмітті әлі ақтап барам, сеземін.

Түсімде дәйім бозбала шағымды көрем, 

Дүрбі сап жүрген басында Аралтөбенің.

(с)Арман. Ж

20.X.23 АСТАНА

Мен сізді ұнатамын

Бақыттың түсірмейік біз бағасын,

Сізді аңсап енді жүрек сыздамасын.

Сізді ешкімге көрсеткім келмесе егер,

Демеңіз неге мені қызғанасың?

 

Себебі бар, себебі қызғанатын,

Жаныңыз жаурап жалғыз мұздамасын.

Іздеп тапқан жартысын жүрегімнің

Басқалар рұқсатсыз ұрламасын

 

Себебі сізді қатты ұнатамын,

Сол үшін жүрегімнен гүл ашамын.

Сізді аңсап қызарып батып кешім,

Сізді аңсап атады әр құба таңым.

Ей, ару қыз, мен сізді ұнатамын.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар