Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

03.07.2023 423

Уыз 0+

Уыз - adebiportal.kz

Аманқос ЕРШУОВ

УЫЗ

Ішкің келсе ақ уыз,

Кел, жайлауға бәріңіз.

Алдарыңнан шығады 

Уыз деген дәміміз.

 

Балдай жұғар ішке де,

Майдай тиер тіске де.

Сезінесің, қалғандай 

Бойың өсіп кішкене.

 

Дәмі ауыздан кетпейді,

Тамақ құрғап кеппейді.

Құнарына уыздың

Витамин де жетпейді.

 

ҚАЙМАҚ ҚАТҚАН ШАЙ

Қара қазан қайнады,

Белгілі ғой шай қамы.

Тіл үйірер қою шай

Алынбаған қаймағы.

 

Апам дәмін білмесе,

Шай қайнатпай бірнеше.

Әр баланың қолында

Мөлдірейді бір кесе.

 

Пешке сүйеп арқаны,

Апам ұзақ тартады.

Тіске жұмсақ қаймақпен

Ақ тарының талқаны.

 

«Сәл жібісе, маңдайым

Жақсарар» деп хал жайым. 

Күрең шайға апамыз 

Күлімдейді әрдайым.

 

ҚҰРТ ҚАЙНАҒАНДА

Құрт қайнаса бүлкілдеп,

Қол созамыз біртіндеп.

Жерге түссе, жеркенбей

Денемізге сүртіп жеп.

 

Күлісеміз мәз болып,

Қаңқылдаймыз қаз болып.

Жаңқалтамыз толса да 

Өкпелейміз аз көріп.

 

Әжем бізге қатты кеп,

Ұрыспас

Көз сатты деп.

Өйткені құрт балаға

Тәттіден де тәттірек!

 

ЖҰЛДЫЗ САНАМА

Жай түскен жас талға, 

Қарайды адам сасқанда.

Бір қыршын жерден қиылар, 

Бір жұлдыз ақса аспанда.

 

Саусақпен жұлдыз санама, 

Сабырмен түсіп сабаңа. 

Жұлдызым тұр де жоғары 

Уайым алмай санаңа.

 

ИНЕ-ПЫШАҚ АЛМА

Тағылымның талайын,

Талдап, айтып бағайын. 

Ине-пышақ алмаған, 

Ағайыннан ағайын.

 

Жазылып жан жарасы, 

Кеміп көңіл қарасы. 

Ашылмауын ойлаған, 

Ағайынның арасы.

 

«ЖОҚ» ДЕП АЙТПА

Жарық ғұмыр — жарнама, 

Не көрмеген cap дала. 

Кедей жаяу жүргенде,

Байлар мінер арбаға.

 

Тасымасаң арнада, 

Шүкір еткін барға да. 

Жоқтың түбі - жоғалу 

Сарқылдым деп сарнама.

 

ДАСТАРҚАННАН АТТАМА

Тым асығыс шақта да, 

Дастарқаннан аттама —

Ac қайтарып, жиналмай, 

Аттағанды мақтама.

 

Айтты деме несіне,

Сақта мұны есіңе. 

Дастарқаннан аттасаң —

Орта түсер несібе.

 

ЖҰҚПАЛЫ ДЕРТ ЖҰҚТЫРМА

Кеміп күнде куатың, 

Әрең жатып тұратын. 

Ауру болсаң — қайтесің, 

Адамзатқа жұғатын.

 

Онда мезгіл асырма,

Шауып кетер насырға. 

Басқалар да сақтансын, 

Сырқатыңды жасырма.

 

ҚҰМЫРСҚАНЫҢ ИЛЕУІН БҰЗБА

Құжынаған құмырсқа, 

Құмар бәрі жұмысқа. 

Тарыдай боп тауменен, 

Тайталасар ұрыста.

 

Жұмыс десе билеуін, 

Көрдің бе бас имеуін?! 

Ел еңбегін бағалап, 

«Бұзба деген илеуін».


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар