Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Өлең
Тағы бір жылауық...

01.07.2023 471

Тағы бір жылауық 14+

Тағы бір жылауық - adebiportal.kz

Жақан СМАҚОВ

ЖЫЛАУЫҚ

Жылауық-ау, жылауық,

Жылқы болып кісіне.

Маза берме

Кісіге.

Кешке дейін маңыра.

Қозы болып жамыра.

Бірге ойнауға

Келмесін,

Ешбір бала

Жаныңа.

Жылауық-ау, жылауық,

Жақсы бала болмайсың,

Қоймасаң сен

Бір ауық!

 

ҚОРҚАҚ

Қоян-қорқақ,

Көрпеңде бұқпа.

Балалармен ойна,

Далаға шық та.

Қорқақ, қорқақ,

Ұйқыңнан оян,

Оян, қорқақ!

 

АЯНШАҚ

Қайшы, тарақ

Басына

Салғызбаған

Аяншақ.

Ойбай салмай

Тырнағын

Алғызбаған

Аяншақ.

Тікен кірсе

Аяққа,

Алғызбаған

Аяншақ.

Жан жуытпай

Жанына,

Жалғыз қалған

Аяншақ.

 

МАУБАС

Бұзаубастан аумас,

Маубас, маубас.

 

Мұны көріп, ерініп,

Күн төбеден аумас.

Бұлт айналып тұнжырап,

Маубасты көрсе, жаумас.

Орнынан тұрмай маужырап.

Апам да сиыр саумас.

 

Бәрі сенің кесірің,

Ой, маубас, маубас!

 

ҚИСЫБАЙ

Уай, Қисыбай, Қисыбай,

Қисыбайдың қисығы-ай!

 

Бір жумайды күс-күс қолын сабалақ

Әжесінен конфет сұрар жағалап.

 

Пешке жазар көмірменен қаралап,

Ақ қағазға жаза алмайды қалам ап.

 

Онға дейін ол білмейді санамақ,

Мұндай бала көрер көзге жаман-ақ!

 

АЯЖАН

— Сен жататын төсек қой,

Кілеміңді төсеп қой.

Кереуеттен түскенде,

Кір болмасың аяғың!

 

— Кереуеттен түскенде,

Күндіз тамақ ішкенде,

Аяғымды столға

Ылғи жуып қоямын.

 

Ажырата білмейтін

Ас аяқ пен аяғын.

Өзі таза жүрмейтін,

Аяжанды аядым.

 

ТАҒЫ БІР ЖЫЛАУЫҚ

Жылауық-ау, жылауық,

Қойсаңшы енді бір ауық!

 

Әйнекті қар сабалап,

Ит үреді абалап,

Сыртта боран-үскірік,

Ызаланды ысқырып.

Қойды олар да ақыры,

Бола қойды ақылды.

Қойсаңшы енді жетеді,

Жыламасаң не етеді?

Жылауық-ау, жылауық,

Қойсаңшы енді бір ауық!

 

Үйдің ішін шулатып,

«Әнге» басты шәйнек те.

Отырды апам түн қатып,

Тесіле қарап әйнекке.

Жұмыстан кеш оралып,

Папаң жатыр дем алып.

Қойсаңшы енді, жетеді,

Жыламасаң не етеді?

Жылауық-ау, жылауық,

Қойсаңшы енді бір ауық!

 

БАШПАҚ

Жанаттың, міне, аяғын,

Бүгін-ақ алғаш басқаны.

Білмейді қайда қоярын,

Ұстап отыр башпағын.

 

Жұп-жұмсақ етіп тақасын,

Артельде мұны тігеді.

Ал Жанат оның сапасын,

Ауызға салып біледі.

 

ҚОЖАҚ

Шыбын үйір Қожаққа,

Шыбынға Қожақ мазақ па?

 

Алдынан жайпап ұшырса,

Құлағына қонады.

Құлақтан қағып ысырса,

Ызыңдап бетке соғады.

 

Түсініп алған, түсініп —

Шыбындар одан қашпайды!

Жіберсе бірін ұшырып,

Басқасы қона бастайды.

 

Әйтеуір, Шыбын Қожақты

Тұс-тұсынан аңдиды.

Жанындағы Жанатқа

Неліктен ол қонбайды?

 

Қожақ ішсе тамағын,

Бет аузына жағады.

Әрине, мұндай баланы,

Шыбын іздеп табады.

 

ТҰЛПАР

Әйт шүу, менің ала атым,

Әйт шүу, менің құла атым.

Кетеді кейде шапқылап,

Ойқастайды атқылап.

 

Тал шыбықты, ой, мақтап,

Шығамыз қырға ойнақтап.

Терледім, борша-боршамын,

Табаным тозды, шаршадым.

 

Ал, тал шыбық, тал шыбық,

Менсіз қырға ал шығып!

 

ҚАҢБАҚ

Бұрқыратып шаңдақты,

Келіп қалған қаңбақты,

Бұлаңбай: - Қабан!

 

деп қатты састы.

Қалтаңбай: - Қасқыр!

 

деп тұра қашты.

 

Осылай қаңбақ,

Кетіпті алдап.

 

КҮЙЕ

Күйе-күйе, күйе ме?

Күйеге қолым күйе ме?

Күйеге қолым күймейді,

Ұстасам, апам сүймейді.

 

НЕ БОЛАДЫ?

Не болады, арыстанды тепсең сен,

Ақ аюды аттап- таптап өтсең сен?

 

Не болады, түлкіні әтеш шақырса,

Қой қасқырға қонаққа келіп отырса?

 

Не болады, тышқан мысық ауласа,

Жылан жатқан жерге қоян аунаса?

 

Боз торғайлар қуып байғұс қырғиды,

Көл бақалар көкқұтанды қылғиды.

 

Не болады, құзғын алса қыранды,

Ала торғай ұстаса егер бұланды?

 

Не болады, ойнаса шортан шабақпен,

Төбелессе бала мысық «ав-авпен»?

 

Егер бала түсінбесе қатесін,

Тыңдамаса ағасы мен тәтесін?

 

Не болады, «қой» дегенде, қоймаса,

Өз үйінде от қойып ол ойнаса?!

 

САНАМАҚ

Башпайлар пен бақайды,

Былай-былай атайды:

Басқы бақай,

Опай-сопай,

Атсыз апай,

Ерке тотай,

Құйттай шоқай,

Балалар да қарайды.

Башпайларын санайды:

Басқы бақай,

Опай-сопай,

Атсыз апай,

Ерке тотай,

Құйттай шоқай.

 

ШЫМШЫҚ

анамақ)

Күн шықты, күн шықты,

Үйінен кім шықты?

Мен шықтым, сен шықтың,

Шымшық!

Шымшық!

Ұяңнан сен шық!

 

Күн шықты, күн шықты,

Мен көрдім шымшықты.

Шымшық!

Шымшық!

Ұяңнан сен шық!

 

Шымшық, шымшық, жем әкел,

Көп, көп әкел, тез әкел.

Балапаның тойсын.

Шырылдауын қойсын.

Шымшық!

Шымшық!

Ұяңнан сен шық!

 

АҚША ҚАР

Аппақ, аппақ – ақша қар,

Бәрін ұстап алайын...

Ұстадым!

Жоқ ақша қар...

Қайдан іздеп табайын?!

 

ЖАУ ЖАҢБЫР!

Жау-жау жаңбыр, жау жаңбыр!

Жауған жаңбыр – жауған нұр.

 

Жердің шаңы басылсын,

Гүлдің аузы ашылсын.

Еккен егін көктесін,

Бізге нанды көп берсін!

 

Жау, жау,

Гүлденсін бау!

 

БАҚ-БАҚ

Күн ыстық,

Айнала қапырық,

Жел тұрды,

Жаңбырды шақырып.

 

Айнала

Ақ боран,

Аппақ!

Қар десек,

Осы екен

Кәдімгі бақ-бақ!?

 

— Жауынды шақырған

Бақ-бақ , – деп.

Қойды атам,

Мақтап, мақтап!

 

ИНЕ

Ине, ине, инемін,

Іскер қолда биледім.

Жалқауды мен сүймедім,

Жаңғалақты түйредім.

 

Менсіз көйлек тігілмес,

Менсіз жіп те ілінбес.

Білмедің бе, білдің бе,

Мен тіккен іс кигенің?!

 

ШЕГЕНІҢ ӘНІ

Мен шегемін, шегемін,

Білмейтін қандай шеберің?

Мені осал демегін,

Менің де бар керегім.

 

Машинаға тетікпін,

Барлық іске жетікпін.

Ол түгілі білсең сен,

Менсіз тұрмас ұлтаны,

Аяғыңдағы етіктің.

 

БАЛҒАНЫҢ ӘНІ

«Тоқ-тоқ, тоқ-тоқ!» — Балғамын,

Байқап ұста алғаның!

Жайда тыныш жатармын,

Қисықты көрсем қаталмын.

Ондайда «тоқ-тоқ» етемін,

Төске салып түзетемін!

 

БАЛАПАН

Шыр-шыр етті Балапан.

«Су бермейді неге апам?

Торғай тапты ақылды,

Балапанын шақырды:

«Мынау тұрған гүл, — деді, —

Ауызыңды ашып тұр», — деді.

Гүлді еңкейтіп сілікті,

Аузына су бүрікті.

Демеді ол: «аз болды», —

Сусыны қанып, мәз болды.

 

АҚ ТАУЫҚ

Ақ тауық-ау, Ақ тауық,

Ақ тауық неден қақсауық?

Ертемен қыт-қыттайды.

Ауламыздан шықпайды.

 

«Шеп-шеп» десем келмейді,

Берген жемді жемейді.

«Ауруы қандай қауіпті?» —

Деп аяймын тауықты.

 

Аяп жүрсем тауықты,

Ақ жұмыртқа тауыпты!

 

ҚАБЫҚ ҚАЛПАҚ

Он жұмыртқа тауып,

Басып шықты тауық,

Сол кезде

Кетті жаңбыр жауып.

 

Әлгі он балапан

Ілезде,

Өзі шыққан қабықты,

Қалпақ қылып алыпты.

 

«КҮРКІЛДЕК»

Неге ұяңнан шықпайсың?

Күрке тауық «Күркілдек».

Қауырсының жықпайсың,

Көмекейің бүркілдеп.

Саған қалай тартпаған

Балапаның үлпілдек?!

 

Күрке тауық — «Күркілдек»,

Балапанды қызғанба!

Ақ ірімшік береміз,

Алаңдама біз барда!

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар