Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

03.07.2023 548

Шырша 0+

Шырша - adebiportal.kz

Фариза ОҢҒАРСЫНОВА

Шырша

Ақ қырауға малынған
Ақша қардай сақалы.
Көптен күтіп сағынған
Көрдік Аяз Атаны.

Қуансын деп балаша,
Безендірдік шыршаны.
Жымыңдайды – тамаша
Шыршамыздың мың шамы!

Тақпақтарды жаттадық,
Би де үйрендік, көрсін деп,
Аяз Ата шаттанып,
Бізге риза болсын деп.

 

Достар әні

Ақ, қарамыз, сарымыз –
Тату доспыз бәріміз.
Достық жайлы ән салып
Шырқатайық, кәне, біз.

Жүзімізге қараңыз –
Бал күлкілі баламыз.
Бізге қымбат күншуақ,
Бізге қымбат анамыз.

Күннің нұрын сүйеміз,
Қырдың гүлін сүйеміз.
Бізді ойнатып тәтелер
Күлдіргенін сүйеміз.

Балдырғанбыз арай жүз,
Бал-бұл жанып қараймыз.
Ойыншықтар біздерде
Көп болғанын қалаймыз.

Таласпаймыз біз бірақ,
Отырмаймыз тұнжырап.
Қуысамыз көгалда,
Жүгіреміз құлдырап.

Ән саламыз күнде біз,
Шаттық толы іргеміз.
Біз мәңгіге достармыз,
Біз мәңгіге біргеміз.

 

Құлан

Арғымақтай тұлғалы,
Шалғын дала – құндағы,
Дүбірімен тұяқтың
Думандатқан жылғаны,

Жерін тастап кетпеген,
Шапқанда жел жетпеген,
Өз басының қамы үшін
Досын іштен теппеген,

Кең даласын – тұрағын,
Жүзіп ішкен бұлағын,
Жанын салып қорғаған
Жанындағы сыңарын,

Еркін жұтқан күн нұрын,
Кең даланың дүлдүлін,
Не қиындық туса да,
Тастамаған бір-бірін.

Білесің бе бұл аңды?
– Білемін. Ол – құлан-ды.

 

Үй жақсы ма, балабақша жақсы ма?

Қызықпын-ау өзім де,
Мақтанарым шамалы.
Үйге келген кезімде,
Кеткім келмей қалады.

Жан әжемнің жанында
Тіпті рақат секілді.
Айтады ұйықтар алдында
Ертегіні не түрлі.

Ал бақшаға бармасам,
Тұра алмаймын тағы да.
Мұнда қызық әрқашан,
Келем сосын сағына.

Үй жақсы ма, бақша ма?
Білмей жүрмін со жағын.
Екеуіне сондықтан
Ортақ бала боламын:
Күндіз ойнап бақшада,
Үйге келіп қонамын.

 

Тәрбиеші

Ән салғызып, билетіп,
Ылғи бізбен жүреді.
Тақпақты да үйретіп,
Ойната да біледі.

Қызық-қызық ертектер
Біздерге оқып береді.
Жылауық та, тентек те
Сол апайға көнеді.

Бастап бізді далаға,
Серуенге де шығады.
Біз шомылсақ жағада
Байқап өзі тұрады.

Кішкентаймыз әлі біз,
Үлкендерге сенеміз.
Бұл тәтені бәріміз
Сыйлап, жақсы көреміз.

Естіп кейде қаламын,
Тәрбиеші апайды
"Қамқоршысы баланың"
Деп ауылда атайды.

 

Бөпе

Балалардың бәрінің
Бөпесі бар үйінде.
Ал мен болсам әлі күн
Жүрмін жалғыз күйімде.

Қыңқылдадым тәтеме,
Бөпе сатып ал дедім.
Сосын келіп әкеме
Дүкендерге бар дедім.

Бірде ертемен маған кеп
Оятты әжем тартқылап:
«Бөпе әкелді саған!»– деп,
Мәз болып жүр шапқылап.

Қайда деп ем анамды,
Дүкен жақта жүр деді.
Қарындасың Жанарды
Әкеледі, тұр деді.

Шынында, анам бір күні-ақ
Дүкенге өзі барыпты.
Қоймағасын қыңқылдап,
Бөпе сатып алыпты.

 

Қанат туралы хикая

Бір балапан құлады
Ұясынан домалап.
Ата-анасы жылады
Шырыл қағып. Обал-ақ!

Бір қанаты сыныпты,
Дәрі жақтым, орадым.
Күш жинады, шынықты
Жалғыз қанат қонағым.

Ауырсынып қанатын,
Жүгіреді сенделе.
Бар екен-ау қағатын
Екі қанат менде де.

Оң қанатым – әкем де,
Сол қанатым – анашым.
Бірі түссе қатерге,
Мәңгі ұша алмай қаласың.

Қос қанатың болғанда
Табар өмір жарасым.
Біреуінсіз ор-жарда
Бір мүгедек боласың.

Қарап тұрып шекені
Шымшылады сан күдік.
Қанатымның екеуі
Сау болса екен мәңгілік.

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар