Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Өлең
Қағаз, қалам және сияның айтысы...

01.07.2023 483

Қағаз, қалам және сияның айтысы

Қағаз, қалам және сияның айтысы - adebiportal.kz

Несіпбек АЙТҰЛЫ

ЖОЛЫҢ БОЛСЫН

Атам шықса сапарға:

- Жолың болсын! – дейді апам.

Апам шықса сапарға:

- Жолың болсын! – дейді атам.

 

-Жолың болсын! – дейді олар,

Үлкенге де, кішіге.

- Жолың болсын! – дейді олар,

Ұшырасқан кісіге.

 

Осы сөзде байқадым,

Қуат барын, күш барын.

 - Жолың болсын! – айтамын,

Алыс жолға шықса кім.

 

АСЫҒУ

Қарап тұрсаң, барлығы да асығыс,

Санап тұрсаң, жатыр бастан асып іс:

Көкте асығыс құстар ұшып барады,

Асығып жүр құмырсқа жем тасығыш.

 

Асау өзен арнасында асығар,

Кемпірқосақ көкке асығыс асылар.

Асығады көктем қайта келгенше,

Асқар тау да бауыры-жаз, басы-қар.

 

Күн асығыс дөңгелейді аспанда,

Бұлт асығыс бір селдетіп тастауға.

Асығады жеміс біткен пісуге,

Асығады өскенінше жас тал да.

 

Әр минуты түсетіндей қымбатқа,

Жұмыс бітпей қалатындай күн батса,

Күні бойы асығады адамдар,

Асығады бар дүние бір жаққа.

 

Тым асығыс поезд зулап барады,

Тыным таппас телеграф бағаны.

«Жедел жәрдем» зырылдайды жұлдыздай,

Әлде науқас, әлде перзент хабары.

 

Көк жайлауға жеткенше асық малшы да,

Асығады омартаға балшы да.

Бу асығыс ұшып кетті биікке,

Айналуға қайта мөлдір тамшыға.

 

Уақыт тығыз. Асықпауға бола ма?

Сауыншы асық, айран керек балаға.

Егінші де, наубайшы да асығыс,

Асықпаса дүкенге нан тола ма?

 

Зыр айналып сан айлар мен сан апта,

Асығып тұр шықылдаған сағат та.

Бара жатыр мектебіне жүгіртіп,

Оқушы да кешікпеуге сабаққа.

 

Шұғыласын таратуға әр күні,

Асығады ең алдымен таң нұры.

Ертеніңде жету үшін бақытқа,

Асығады, асығады барлығы...

 

МЕКТЕП

Сарғыш тартып күллі алап,

Жеміс пісті-

Күз келді.

Шақырады мұндалап,

Мектебіміз бізді енді.

 

Жүрегі алып ұшады,

Жетідегі баланың.

Ыстық мектеп құшағы,

Құшағындай ананың.

 

Көзінен нұр төгілер,

Балалық шақ- алтын күн.

Өз үйіндей көрінер,

Өз мектебі әркімнің.

 

Саяхаттап жыраққа,

Таныстық жер сәнімен.

Мектебіміз бірақ та,

Әсем екен бәрінен.

 

Бардық көлге, бұлаққа,

Жаздың әсем әнімен.

Мектебіміз бірақ та,

Саялы екен бәрінен.

 

Бақта піскен албырап,

Таттық жеміс нәрінен.

Мектебіміз ал бірақ,

Мәуелі екен бәрінен!

 

ОҚУЛЫҚ

Саған білім жемісін

Оқулығың береді.

Талай адам сол үшін

Маңдай терін төгеді.

 

Орманшының аялы

Алақаны өсірген,

Сансыз ағаш саялы,

Қағаз үшін кесілген.

 

Ағаш кесіп қанша адам,

Ормандарда жүреді.

Аға қанша шаршаған,

Ағаш тиеп үнемі?!

 

Машинист боп жасынан ,

Дүбірлетіп даланы,

Сол ағашты тасыған,

Білер ме ең көп ағаны?

 

Заводтарда күні-түн,

Қағаз жасап бағалы,

Қанша адамның

Кім үшін

Маңдай тері тамады?

 

Оқулықты баршаға,

Талай ғалым қолға алып,

Жылдар бойы қаншама,

Жазады ұзақ толғанып.

 

Әдемілеп берсем деп,

Бояу жағып не түрлі,

Суретшілер көркемдеп,

Қанша уақыт отырды.

 

Әріп теру үшін де

Талай адам терледі.

Баспахана ішінде,

Айлап тыным көрмеді.

 

Оқулықты мектебің

Берер саған, теп-тегін.

Білмейсің-ау сен бірақ,

Қаншама еңбек кеткенін.

 

Оқулығың - құралың,

Жағар білім - шырағын.

Баса алмайсың ешқашан,

Онсыз алға бір адым.

 

Оқулықты құрметте,

Күтіп ұста, кірлетпе.

Кішілерге табыс ет,

Дақ түсірмей бір бетке.

 

ПОРТФЕЛЬ

Бірге бастап жол басын,

Бірге оқуға барғасың.

Қолыңдағы портфелің-

Жеті жастан жолдасың.

 

Сырласыңдай портфелің,

Шын досыңдай портфелің.

Жүреді оның ішінде

Кітап, қалам, дәптерің...

 

Сабақ бетін ашпасаң,

Салақ бола бастасаң,

Портфелің де жүдейді,

Әр бұрышқа тастасаң.

 

Оқушының мән-жайын,

Жұрт біледі әрдайым.

Портфель өзі-ақ айтады,

Иесінің қандайын…

 

КҮНДЕЛІК

Бірге барып класқа,

Бірге үйіңе қайтады.

Оның бетін кім ашса,

Әр бағаңды айтады.

 

«Бес» кетпесе бетінен,

Сүйсіндірер талайды.

Көз ашпаса «екіден»,

Күнде жерге қарайды.

 

«Оқы!» десе ерінер,

Маубас ертең не білер?

Кімнің қандай болары,

Күнделіктен көрінер.

 

ҚАЛАМ

Каналдар қазылған,

Қайланың күшімен.

Кітаптар жазылған,

Қаламның ұшымен.

 

Ақылды, зерекке

Қолғанат-қаламы.

Әрқашан керекте,

Қолына алады.

 

Ойларын дананың

Өрнектеп бұл қалам,

Қалдырған бабаның

Хаттарын мыңдаған.

 

Қаламсыз адамды

Көрмейсің бұл күнде.

Қадірле қаламды,

Жолашар білімге.

 

Жалқаудың қаламы,

Қалтада тозады.

Зеректің қаламы,

Қатесіз жазады.

 

ҚАРЫНДАШ

Қызыл, жасыл, қарасын...

Қолға кезек аласың.

Қарындашпен әр түсті,

Алуан сурет саласың.

 

Көлдей тұнық аспанды,

Орман, теңіз, асқарды

Өрнектейсің өзіңше-

Шөпті, гүлді, тастарды.

 

Өрнектейсің қаланы,

Өрнектейсің даланы.

Шекараны күзеткен,

Әскердегі ағаны.

 

Қой қайырған атаны,

Мал жайылған жотаны,

Бәрін, бәрін саласың-

Қозы, лақты, ботаны.

 

Шахтер аға келбеті,

Актер аға келбеті...

Портреттер көрмесі-

Дәптеріңнің әр беті.

 

Қарындаштың көмегі

Міне, қандай көп еді.

Ұштай біл де

Ұстай біл,

Түрлі өрнек төгеді.
 

ӨШІРГІШ

Өшіргіш- оқушы құралы,

Қатеңді өшіріп тұрады.

 

Дәптерді қолыңмен тырналап,

Былғама, орынсыз жұлмалап.

 

Өшіргіш аямас көмекті,

Өңдейді, жөндейді ол епті.

 

Көк сия қолма-қол кетеді,

Қайтадан мұнтаздай етеді.

 

Өшіргіш- тазалық сақшысы,

Қатесіз жазған ғой жақсысы!
 

ПЕНАЛ

Жоғалмаса қаламсауыт –пеналың,

Жоғалмайды қарындаш пен қаламың.

Қыл-аяғы құйттай өшіргішің де

Жоғалмастан жүреді оның ішінде.

 

Демес үшін:

«Қаламсабым жоғалды!»,

«Қарындашым жоғалды!»,

Сақтай біл сен ең алды,

Сенімді дос-пеналды.

 

ДӘПТЕР

Он екі ақ парақ-

Он екі ақ қанат.

Жолдары әсем-ақ,

Сызылған тақталап.

 

Он екі параққа,

Жазасың сан апта.

Әріптер шығады,

Сап түзеп парадқа.

 

Жақсы оқып сабақты,

Жаза біл сауатты.

Дәптерің- көгершін,

Он екі қанатты.

 

ЖАЗУ ҮСТІНДЕ

Қалам айтады:

- Қатесіз көшіремін!-деп.

Өшіргіш айтады:

- Қатеңді өшіремін!-деп.

Дәптер айтады:

-Бүлдіре көрмеңдерші?-деп.

Оқушы айтады:

- Ойымды бөлмеңдерші!-деп.

 

ПАРТАМ-АУ

Талай бала, партам-ау,

Саған жүгін артады-ау!

Біраз нәрсе білгенім,

Бір өзіңнің арқаң-ау!

 

Білместік қой партам-ау,

Обалыңды арқалау:

Бетіңді ойған сабаздар

Сазайын бір тартады-ау!

 

Алдағы жол сан тарау,

Әр жаққа әркім тартады-ау!

Шығарып сап, соңымда

Қаласың-ау, партам-ау!

 

ҚАҒАЗ, ҚАЛАМ ЖӘНЕ СИЯНЫҢ АЙТЫСЫ

 

Қағаз бенен Қалам бірде лепірді,

Лепірді де сөздер айтты не түрлі:

«Менен мықты жоқ!»-деп, Қағаз желпінді,

«Менен мықты жоқ!»-деп, Қалам көпірді.

Бара-бара болды қызыл кеңірдек,

Кеңестерін Сия тыңдап отырды.

        

Қағаз айтты:

- Мына менен артық не?

Сөйлей алам!

Барлық елде, бар тілде.

Жазады адам аппақ сүттей бетіме:

Әрбір сөйлем,

Әрбір сөзін,

Әрпін де...

 

Дүниенің сыры жоқ мен білмейтін,

Дүниенің жыры жоқ мен білмейтін.

Жалғыз маған табынады жан біткен,

Не жөнің бар жағаласып, күндейтін?

 

Кітап болып тұрам әр үй төрінде,

Әркім ынтық ішімді ашып көруге.

Ұлылармен бір жасаймын өмірде,

Мәңгі өлмеймін,

Жеңе алмайды өлім де.

 

Біледі адам тарихын мен арқылы,

Сондықтан да үңіледі әр күні.

Түсер маған сансыз ойдың сәулесі,

Түсер маған сансыз көздің жарқылы.

 

Қолдан-қолға көшіп жүрсем бүгінде,

Жатам ертең архивтердің түбінде.

Келер ұрпақ парағымды ақтарар,

Жол ашамын

Болашаққа,

Білімге!

 

Қалам айтты:

-Жөн ғой мұның бәрі де...

Бірақ өзің қарасаңшы әліңе?!

Мен болмасам, сенің күйің не болар,

Жазуы жоқ құр қағаздың мәні не?

 

Медеу тұтып мына мені қанша адам,

Арманына жетті емес пе аңсаған.

Өзің айтшы, кезім бар ма шаршаған,

Ғұмыр бойы жазып келем мен саған.

 

Жүйткідім сан ғұламаның қолында,

Асыл сөздер сап түзеді жолымда.

Алдыменен мен жүрдім ғой қашанда,

Қалған жерім бар ма сенің соңыңда?

 

Менің нарқым сенен қымбат білгенге,

Билігің де,

Тірлігің де бір менде.

Тағдырыңды шеше аламын бір демде,

Құның жоқ-ау, соққаныңмен құр кеуде.

 

Қолға барып жүгінейік онан да,

Өмір берген сол ғой саған, маған да.

Ісімізге әуел бастан куә өзі,

Төрелігін айттырайық табанда.

 

Мына дауды тыңдап тұрған манадан.

Айтты сия:

-Астыңдар-ау шамадан!

Ойлаңдаршы, жан иесі болды ма,

Біріңді артық, біріңді кем санаған?

 

Мақтанбаймын,

Қарапайым Сиямын.

Екеуіңе мен күш-қайрат құямын.

Сансыз тілде жазылам да сөз болып,

Бар білімді өн бойыма жиямын.

 

Нұрлы ақылдан қуат алдым, ой алдым,

Сол арқылы мәңгі ұйқымнан ояндым.

Ақыл мені жазуға айналдырмаса,

Әншейін бір өлі жатқан бояумын.

 

Деп бөспейік шетімізден іріміз,

Бірімізден артықпыз ба біріміз?

Қолдан бұрын қадірлейік Басты біз,

Бас болмаса, не болады күніміз?!

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар