Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Өлең
Өтірік өлеңдер...

01.07.2023 7156

Өтірік өлеңдер 14+

Өтірік өлеңдер - adebiportal.kz

Мұзафар ӘЛІМБАЕВ

***

Қақ жарып шоғын жұлдыздың,

Ұшқанын көрдім құндыздың. 

***

Құдықтың суын төктім, төңкердім де, 

Теңізді жалдап өттім, жөн көрдім де. 

Құлынның мүйізіне мініп аттай, 

Бүгін-ақ барып қайттым ертең күнге.

***

Алдайды деп аптықпа, 

Үйір емен дақпыртқа:

Ай қасында түнедім, 

Орандым да ақ бұлтқа.

***

Үш тышқан,

Тұс-тұстан аңдады:

Піл байғұс зәресі калмады. 

Теректің өрмелеп басына, 

Түсе алмай, ұзақ күн зарлады...

***

Маймыл ән мен күй жазды,

Шіркей кырда құй қазды.

Бөрі лақты тәтелеп, 

Түлкі бақты мәпелеп.

 ***

Түнде күндіз болды,

Жерге жұлдыз қонды.

***

Қарағайдан қарақат тердім, 

Қақ кайнатып та, рақат көрдім.

***

Сапар шектім, қораз жегіп арбаға, 

Ыстық іштім, тас пісіріп салмаға.

 ***

Пілді тышқан жетелеп жүр орманда: 

– Мен тұрғанда қаймықпашы зордан да!

***

Бір мамық көтерілді жерден көкке, 

Қолымнан өзім тіркеп берген бетте, 

Космосқа сүйреп шықты корабльді, 

Бұндайды менен өзге көрген көп пе?!   

 ***

Қыстың күні шатырға 

Алма өсірдім, таң қалма. 

Кеме салдым тақырға, 

Тундраға барғанда.

***

Ұлу озды елікпен жарысқанда,

Тышқан жеңді аюмен алысқанда.

***

Жүзген соң теңіз кемеде, 

Тарадым шашпен тарақты. 

Байладым китті шегеге, 

Арбаға жектім шабақты.

***

Арбама атты қойып, қоңыз жектім, 

Бір емес, қатарынан тоғыз жектім.

***

Түсіп қапты бүйрегім 

Бүйрегімді сүйредім.

***

Теңіз кештім төбеммен, 

Қайық естім тебенмен.

 ***

Құдық қаздым шатырдан, 

Жидек тердім тақырдан.

***

Көкке жаңбыр жерден жауды, 

Толастамай селдеп жауды.

***

Жайраттым пілді түйреп қаламұшпен,

Астым мен машинадан қара күшпен. 

Жалғанның жүйрігі деп өзім баптап, 

Ішінде тасбақаның тамақ ішкем.

***

Өзіме келістіріп бір үй салдым, 

Шатырын іргесінен бұрын салдым. 

Бұлбұлмен ән айтысып озып шығып,

Тумаған тұңғышымнан сүйінші алдым.

***

Поезға арттым жалғыз қауырсынды,

Тарта алмай тепловозын ауырсынды.

Тышқанға қоса тіркеп беріп едім, 

Жүйткіді әлгі поезд дауыл-сынды.

***

Жерге егіп ем рельс, 

Шыға келді мың жеміс. 

Сол жемісті, кәнеки, 

Меніменен бір теріс.

***

Пысынап қызуынан қысқы күннің, 

Тоңбасқа тоң ішінде үш жыл тұрдым. 

Адасып есік пен төр арасында, 

Компаспен жол таба алмай қыстай жүрдім.

***

Тас жидым жұмсақ қой деп жастық үшін, 

Бес жаста әкемнен де асты күшім,

Тауықтың бір дырауын таңдап мініп, 

Теңізге бидай ектім астық үшін.

***

Ұшына шығып иненің, 

Үш күндей еркін биледім. 

Тартқызып қойдым домбыра 

Үйретіп дала үйрегін.

Көп билеп қарным ашқан соң, 

Ауаны нанша иледім.

***

Ыза боп өзім-өзіме

Қыршып кеп алдым мұрнымды. 

Кіріп кеп кеттім көзіме, 

Өткіздім сонда бір күнді.

***

«Канағат ет, құрсақ!»- деп, 

Мұз қуырып жедім де. 

Орақ салдым бір сәт кеп, 

Теңізде өскен егінге.

***

Жаңғырыққан дауысты

Қапқа  сықап, 

                     тауыстым.

***

Ертең бардым қонаққа, 

Сонда тойдым тамаққа.

***

Таңды арқалап тауға апардым, 

Инеменен тон қопардым.

 ***

Тауды соктым тауға;

Дуал соқтым бауға.

***

Көлеңкені сойып жедім,

Сойып жедім,

                    тойып жедім.

Қызыл етке қарауды да

Содан бері қойып едім.                         

***

Тауық саудым, тауық саудым.

Ең сүттісін тауып саудым.

Бал қаймаққа тойдырдым мен

Талайларын тамақсаудың.

Өзімнің шығып төбеме, 

Ойнадым, би де білдім. 

Мінбей-ақ сот кемеге, 

Кит ұстап, қырға сүйредім.

 ***

Амалыңды тапсан қиы ба, 

Айнасыз көрдім желкемді. 

Көңкімен жүрсем шиырлап, 

Мұз басқан теңіз өртенді.

***

Сегізде қасқа атанып, 

Қарызға алып шаш ектім. 

Тоқсанда тауды қопарып, 

Көшімді көпке паш еттім.

 ***

Қап-қап болып тенкиетін сенекте 

Таусылып та қалған екен жем, тегі.

 

Жұлдыздарды қолмен теріп себетке,

Шашып едім... құстар шоқып, шелдеді. 

 

Түсетін арқан қайда туған жерге, 

Жоғалттым белбеуімді буған белге.

 

Құласам, сүйегімді таба алмаспын,

Корыққан көжек құсап жаман састым.

 

Ащы шек, тоғы ішегімді құрсағымнан 

Суырдым, құтылдым да мұң сарыннан.

***

Үнді досқа қалай жөнсіз ұрсалық: 

Хат жолдапты ішіне бір піл салып.

Жүрсінші деп үнді достар тамсанып, -

Біз жібердік 

Қарлығаштың қанатына қар салып.

***

Ак қарында Қызылбелдің 

Сексеуілден жүзім тердім.

Асықпайын тауысуға

Көктемде де үзіп жермін.

***

Теңізді ұрттап қотардым, 

Тісіммен тауды қопардым. 

Баспаған жерге із тастап, 

Айтпаған сөзден шаталдым. 

Көбіктен қазы жеймін деп, 

Асамай жатып, қақалдым.

***

Тау үйдім таудың үстіне,

Көтеріп ағаш күрекпен. 

Көбелек деген күштіге 

Таң қалдым баржы сүйреткен.

***

Сүт уйытпай, қатық іштім, 

Торғай сауып, жатып іштім.

***

Түтінге тамақ пісірдім, 

От жақпай, қазан түсірдім. 

Көтере алмай көбікті, 

Көзінше көптің қысылдым.

***

Мұзды орадым отқа 

Жедім мұздан ботқа.

***

Қасқырды қозы жеп койды, 

«Қатты екен еті!» - деп койды.

 ***

Тумай жатып түс көрдім, 

Ұйқтап жүріп, түстендім.

***

Концерттен екі қалта ән әкелдім, 

Күйден де екі қапшық және әкелдім.

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар