Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Өлең
Кішкене әліппе...

01.07.2023 456

Кішкене әліппе

Кішкене әліппе - adebiportal.kz

Жақан СМАҚОВ

КІШКЕНЕ ӘЛІППЕ

Бұзау: М-ны Ө-ге қосып,  – 

«Мө» , – дейді.

Бота: Б-ны Ө-ге қосып,

«Бө», – дейді.

Құлын: Е-ні Е-ге қосып,

«Е-е», – дейді.

Ал мен: М-ны А-ға қосып,

«Ма», – деймін, «Ма-ма» – деймін:

«Мама!» – деймін. 

 

БЕС САУСАҚ

Ал санайық санамақ, 

Саусақтарға қарап ап.

Кәне, кәне, санайық,

Санын біліп алайық?

Біреу, екеу, үшеу, төртеу, бесеу.

Қолымда сонда саусағым нешеу?

 

Мынау, мынау – Бас бармақ.

Санамақ содан басталмақ.

Мүйіз қалпақ басында,

Төрт серігі қасында.

Біреу, екеу, үшеу, төртеу, бесеу, 

Қолымда сонда саусағым нешеу?

 

Қутыңдаған Сұқ қолым,

Ебетейлі, мықты оным.

Бармақтың басты тірегі,

Өзінің ісін біледі!

Біреу, екеу, үшеу, төртеу, бесеу.

Қолымда сонда саусағым нешеу?

 

Мынау, мынау – Ортан қол,

Кішілерге қамқор бол.

Төртеуінің ағасы, 

Білектің үлкен баласы.

Біреу, екеу, үшеу, төртеу, бесеу,

Қолымда сонда саусағым нешеу?

 

«Бәрін тегіс мақтап бол»,

Деп тұрсың ғой, Атжоқ қол!

Орайласым – ортаншым,

Елгезексің, жортасың.

Біреу, екеу, үшеу, төртеу, бесеу.

Қолымда сонда саусағым нешеу?

 

Саусақтар күшін сынасақ,

Ойнақы, епті Шынашақ.

Еркелеп өскен кенжесі,

Қамқоршы оған өзгесі.

Қолымда сонда саусағым нешеу?

Біреу, екеу, үшеу, төртеу, бесеу.

 

ОН БАТЫР

Бірінші батыр – Бекен батыр,

Екінші батыр – Төкен батыр,

Үшінші батыр – Үсен батыр,

Төртінші батыр – Тәкен батыр,

Бесінші батыр – Бәкен батыр,

Алтыншы батыр – Асан батыр,

Жетінші батыр – Жекен батыр, 

Сегізінші батыр – Секең батыр, 

Тоғызыншы батыр – Тоқаң батыр,

Оныншы батыр – Отар батыр. 

         Ағайынды он батыр,

         Бесеуің оңға тұр.

         Бесеуің солға тұр.

          Бәріңді бастайтын

         Кім батыр?

         –  Мен батыр!

 

    ЗИЯ

– Сабаққа бардың ба?

– Иә!..

– Сабақтан қалдың ба?

– Иә...

– Мұғалім ұрысты ма?

– Иә...

– Жауап бер, дұрыс тұр да!

– Иә...

– Бетің неге сия?

– Иә...

Жауабының барлығы – «иә»,

Міне, осындай біздің Зия...

 

НАМЫС

Мұғалімі Зияға: «Септе» , – деді – 

Жанындағы: «Қорықпа текке», – деді.

Атау, ілік, барыспен бітті бәрі,

Жанындағы: «Намыс» , – деп өкпеледі. 

Қайтадан «кетті» Зия септегелі:

– Атау, ілік, барыс пен намыс , – деді,

Көмектес тағы, шағы көп, – дегені...

Ду кетті кластағы бала тегіс,

Көршісі: «Ондай атау жоқ қой» , – деді. 

 

АШЫҚБАЙ

Алсасұрып Ашықбай, 

Жүрмейді бір асықпай. 

Жүре жейді тамақты, 

Жүре оқиды сабақты. 

 

Сұрағыңа Ашықбай

Жүре жауап береді.

Сырт қараған достары

Ашықбайды көргенде,

Бұрап қойған зырылдақ, 

Бұранда бала дер еді. 

 

Сатыдағы ағаштан

Тепті Ашықбай Сырғанақ,

Шеге ілді де шарбарды, 

Жұлынып түсті бір балақ.

Басына басқан қасықтай,

Ұшып түсті Ашықбай.

 

ЫРЫМШЫЛ

Сатыдан төмен секіріп түсіп,

Жүгіріп өтті алдымнан мысық.

Ізімше үйге оралдым қайтып,

Жорыттым мұны әжеме айтып.

 

Құптады мұны әжемнің сөзі:

– Сақтапты, – деді, – құдайдың өзі.

Қайдағы жоқ ырымға нанып,

Тұрғаным мынаусақтан қалып.

 

ӘУЕСҚОЙДЫҢ ӘЛЕГІ

«Бүгін біздің қонақ толы бөлмеде, 

Қызық сөзді естімеймін мен неге?» – 

Осыны ойлап, тың тыңдадым есіктен,

Ұғып алдым біраз сөзді естіп те. 

 

Бірақ, кенет есік қатты ашылды, 

Ұстай алдым тұтқа тиген басымды.

Мұндай болса, күні құрсын тыңшының,

Енді есікке жоламаспын, бұл шыным.

 

ЛӘҢГІШІ

Сотқар Сағи – баланың 

Ішіндегі әлдісі.

Тас тоздырған табаны,

Атышулы ләңгіші.

 

Маңдайынан күн өтіп, 

Жаздай соқты ләңгіні.

Сағиды мәңгі жүдетіп, 

Содан басы мәңгіді.

 

Осылай, міне, өтті күн,

Қағуды жүзге жеткізді.

Соңынан, бірақ, етігін,

Етікшіге өткізді. 

 

НЕГЕ БҰЛАЙ МАҚТАЙДЫ?

«Сақтағанда еш айып жоқ, жатпайды, 

Басқа теуіп жатсаң-дағы, қаппайды», – 

Майлыаяқты атам солай мақтайды,

Сендіре алмай қойдым, бірақ, Ақтайды. 

 

Ақтай, міне, осыны айтсам көнбейді.

Итім түгілі, өзіме де сенбейді.

– Басқа тебу дегеніңді атама,

Кет дегенде кете қойса, жөн , – дейді.

 

– Олай болса, көзің анық жетсін, – деп,

Қақ маңдайдан Майлыаяқты тептім кеп.

Мақтауымды айтып, тіпті, болмай-ақ, 

Арс етті де, ала түсті Майлыаяқ!

– Басқа тепсе, демеп пе еді, қаппайды,

Түсінбеймін, неге бұлай мақтайды?! 

 

 ҚАНДАЛА МА, БҮРГЕ МЕ?

Үндеме деймін, үндеме,

Мынау не тұрған іргеде?

Тарақан ба, қоңыз ба?

Қандала ма, бүрге ме?

 

Не де болса, бас салдық,

Ұстатпады, бос қалдық.

Жалма-жан сеуіп «ДУС-ты»,

Бітедік жарық-қуысты.

 

Ай, енді қоңыз бүргеге,

Болған шығар бірдеңе. 

 

КӨКПЕК ПЕН БИДАЙ

Өсіпті Көкпек, 

Күн көріп ептеп.

         Тақыршақта тырбиып,

«Кең далаға

Қожамын дара!» – 

         деп күпінді тырсиып.

 

... Өтіпті жылдар.

Жаңарып қырлар,

         «Таялды тықыр» Көкпекке.

Бауыр басқан

Тақыршақтан

         Шынымен ол кетпек пе?!

 

Сенбепті өзі,

Түскенде көзі,

        Көршісін көріп жаңадан, 

Кім еді асқақ

Көкпектен аспақ,

        Биіктен паңсып қараған?

 

Толқиды Бидай,

Қауызға симай,

        Дәнді басы иіліп, 

Қарайды Көкпек, 

Аңыздан шеттеп

          Кеткеніне күйініп.

 

ТЕҢІЗ ҰЛУЫ

Бола қалсаң теңізде,

Ал, балалар, құм ізде,

Қабығын ізде ұлудың, 

Әдемісін, сұлуын.

Теңіздің сыры бар мұнда,

Құлаққа тос, тың тыңда.

Теңіздің терең түбін ұқ,

Толқыған теңіз үнін ұқ!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар