Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Өлең
Ерте, ерте, ертеде......

01.07.2023 525

Ерте, ерте, ертеде... 14+

Ерте, ерте, ертеде... - adebiportal.kz

Жақан СМАҚОВ

ЖАЗ

Орманды, көлді жағалап,

Өссе көңіл, шалқыса,

Өзекті кетсең аралап, 

Жалғыз иісі аңқыса.

Сағыммен толқып айнала, 

Табиғат мүлгіп балқыса,

Жидек, шие, қарақат,

Албырап жұпар сепкенде,

Өткінші жауын нөсерлеп,

Моншағын жерге төккенде,

 

Айтыңдаршы, балалар,

Жаз ба, күз бе, көктем бе?

 

ЖАПЫРАҚ НЕГЕ ДІР ҚАҚТЫ?

Аспанды торлап бұлт жапты,

Сай-сала тұман бүркенді.

Жапырақ неге дір қақты – 

Жабырқау тартты сырт енді.

 

Есіктің алды лайсаң,

Әйнектер шып-шып терлейді.

Ертемен сыртқа қарасам, 

Көрпемнен шыққым келмейді. 

 

КҮЗ

Дым бүркіп, тұман басталып,

Қарғалар шулап топтанса.

Үлкендер шаруа басқарып,

Ауылдан сыртқа аттанса.

 

Жайқалса шетте шоқ қамыс,

Желбіретіп үкісін.

Қызғыш жоқ, құс жоқ, жоқ таныс,

Көл беті тыйса күлкісін. 

 

Ауылдың малы өрістеп,

Жайырақ шықса манаурап.

Оқыранып, жер иіскеп

Байлада тұрса жарау ат.

 

Егістік жақтан даладан,

Естісең мотор гүрілін,

Астықты керуен қалаға, 

Ағылып жатса күн ұзақ.

 

Адамдай бейне таң қалған

Бақ іші жым-жырт үні жоқ.

Атам жүрсе, алма алған,

Жәшігін санап түгі жоқ.

 

Ағаштар тұрса салмақты,

Ақылына келгендей, 

Қар басқан сонау тау жақты,

Ақ мақтамен көмгендей!

 

Алуан-алуан қызық көп,

Еңбекпен сыртта жүрсеңдер.

Қызыққа қарап, жүріп тек,

Жалқаулар ғана бүрсеңдер.

 

Бұл қандай кез балалар?  – 

Айтыңдар бізге, білсеңдер. 

 

ҚЫС ЖАҚЫН

Күн сәулесі көлбеді,

Ауылға біздің күз келді.

Айнала жаңа түрге енді,

Сарғайды қамыс көлдегі.

 

Жел гүледі, гүледі, 

Қалтырады жапырақ.

Бұл да, сірә, білгендей,

Қыс қалғанын жақындап.

 

ҚЫС

Ұйытқып соғып борасын, 

Ауылдың жапты қорасын. 

Киініп шық, абай боп,

Ауладан шықсаң тоңасың.

Бұл қай мезгіл балалар,

Қайсың, кәне, табасың!

 

  «ОПАЙ-СОПАЙ»

...Ертеде-ерте ертеде, 

Ешкі жүні бөртеде.

Хан болыпты қаһарлы,

Билепті бір шаһарды.

 

Батырлар – айбалталар,

Жақындар –  бай қалталы.

Олды-солды толыпты,

Кәсібі есер болыпты.

 

Сойқаны бопты наданның,

Ханға кірер адамның.

«Бұйырған хан – ием»  – деп,

Өлшепті бойын сүйемдеп.

 

Алшысы мен бүгесі,

Тәйкесі мен шігесі,

Бәрі хандай болсын деп,

Ханның көңілі толсын деп.

 

Жуаны болса, қысыпты,

Орта түссін, опайсын.

Қысқасын қатты созыпты,

«Ұзарсын, – деп,  – сопайсын!»

 

Естіді халық сұмдықты,

Ыза мен кекке булықты.

Атамай атын «Топай» деп,

Атапты «Опай-сопай» деп.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар