Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

04.07.2023 528

Бұлттар 6+

Бұлттар - adebiportal.kz

Хамит ЕРҒАЛИЕВ

Жаңа жылға

Жаңа жыл! Жаңа жыл!
Не әкелдің сен бiзгe?
Бау-бақшаң толған гүл,
Төлдерің семіз бе?

Бауырсақ, балмұздақ,
Кәмпитке молсың ба?
Бiздi алға барғызбақ
Сен жаңа жолсың ба?

Жаңадан көп түрлі
Машина бергейсің,
Жаңадан көк сырлы
Үйлерге кіргейсің.

Жаңа жыл! Жаңа жыл!
Жаңалық ізде сен!
Жаңа ән, жаңа жыр
Жазып бер бiзгe сен!

Жаңа жыл! Даналар
Туғанын көргейсің, —
Жасасын аналар,
Сәбилер көбейсін!

 

Бұлттар

Күн төбеден асқанда
Бұлт болады бозарған.
Бұлт болады аспанда
Күн батарда қызарған.

Жақындағы қоңыр бұлт,
Алыстағы ақша бұлт,
Жерге жауса, өмip бұл:
Дала — шалғын, бақша — гүл.

Тазартам деп ауаны,
Тазартам деп көшені,
Бұлт кейде жай ауады,
Кейде жылдам көшеді.

 

Дауыл

Біздер тудық қалада,
Біздер тудық ауылда;
Көшелерде, далада
Жүрдік талай дауылда.

Кім дауылдан қорқады?
Кім дауылда ойнайды?
Кімдер қобыз тартады?
Кім тапжылмай ойлайды?

Қаңбақ қорқып дауылдан,
Қалбаң-қалбаң қашады.
Қыран шырқап тауынан,
Желге төсін ашады.

Бағаналар сымдары
Қобыз сазын ойнайды,
Mүciншiнiң сұңқары
Тапжылмастан ойлайды.

Жаны тыныш тапқанда
Кім дауылды аңсаған?
Кім сыбызғы тартқанда,
Бас шұлғиды кім соған?

Тал тамыры нығыз-ды,
Дауылда тек мүлгиді
Қурай тартса сыбызғы,
Шөптер басын шұлғиды.

Су толқындап,
үнемі
Сусылдайды боз қамыс...
Дауылды бiз білеміз,
Дауыл деген — қозғалыс.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар