Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Өлең
Бүлдіршін, бүлдіршін күнмен бір күлсін!...

01.07.2023 520

Бүлдіршін, бүлдіршін күнмен бір күлсін! 14+

Бүлдіршін, бүлдіршін күнмен  бір күлсін! - adebiportal.kz

Мұзафар ӘЛІМБАЕВ

КІМНІҢ БАЛАСЫСЫҢ?

‒ Тұз! Тұз!

Сен кімнің тұзысың? 

‒ Даламның. 

‒ Қыз! Қыз!

Сен кімнің қызысың? 

‒ Мамамның.

‒ Ұл! Ұл!

Сен кімнің ұлысың? 

‒ Папамнын.

‒ Гул! Гүл! 

Сен кімнің гүлісің? 

‒ Отанның.

 

ҚҰС АТҚАНДА

Ізберген 

Құс атты:

Біздерге

Ұстатты.

Шүрегей 

Үйректі

Дүрегей 

Сүйретті.

 

КҮНБАҒЫС

Күнде көкке қараса да, 

Жалықпайды күнбағыс. 

Ұмтылғаны тамаша ғой 

Аспандағы күнге алыс!

 

БӨДЕНЕ

Ұстатпады бөдене,

Бұғып калып көдеге, 

Ұстап алсам егерде, 

Тойғызар ем бедеге.

 

ҚОЯН МЕН ҚАСҚЫР 

Қоян, оян, 

Келе жатыр қасқыр!

Қоян-Ноян,

                 тұр,

Қаскырды басқа ұр!

 

АЯЗДА

Ақ қыраулы аяз күні далада

Атай келіп атын жекті шанаға. 

Ақ боз ат тұр алған демі будақтап

Аппақ-аппақ бұлт қонғандай қораға.

 

Атасынан немересі сұрады, 

(Көрмеген ғой, білмейді ғой бұл әлі): 

Ата, аттың танауында пеш бар ма, 

Танауынан түтін неге шығады?..

 

БАЛ АРАНЫҢ ЖЫРЫ

Баратыным ‒

                  Қыр.

Қонатыным ‒

                 Гүл.

Теретінім ‒

                 Нәр,

Беретінім ‒

                 Бал.

 

АРФА

Елу екі ішегі бар

                        Арфаны

Ән мен күйге ебі барлар

                                Тартады.

 

БІРҚАЗАН МЕН САЗАН

- Бірқазан не жейді?

- Бірқазан, бірқазан

Жейтіні кіл сазан.

Берсең де мың сазан,

Көп екен демейді.

 

АЯНЫШ

Жауған күні қар алғаш,

Алма ағашты аядым.

«Жалаң аяқ, жалаңаш,

Тоңбасын», -- деп орадым

Қарда қалған аяғын.

 

Лағым

Жалтақтайсың тау жаққа,

Ентелейсің бау баққа.

Бөрі тап боп жүрмесін,

Ұзай көрме аулаққа.

 

Медуза

Кеспірі жоқ мақұлық,

Балық емес -- медуза.

Толқын ұрса, сапырып,

Медузаға мен ыза.

 

Сен, бұғышақ, үрікпе

Бұғы жуас, бұғы сақ,

Сондайсың ба, бұғышақ.

Кірме қалың шілікке,

Сен адамнан үрікпе.

 

БЕГЕМОНТ

Ауызы арандай,

Жотасы аралдай.

Қыбырлас әреңге 

Титықтап қалардай.

 

ГҮЛ МЕН ТАМШЫ

Тамшы тамса тырс-тырс

Гүл айтады: Дұрыс! Дұрыс!

 

Айтақырда ай жатыр

Аула алдында айтақыр.

Айтақырда ай жатыр.

«Аспаннан ай түсті», деп,

Айға қарап Айша тұр.

 

ТАТУ БОЛ

Достар болса достық атын ақтаған,

Алыс жол да жақын жол.

Қара бала, сары бала, ақ бала,

Туыстардай тату бол!

 

Ақ лақ пен Бақай

Ақ ешкінің лағы,

Бақайға кеп жылады

- Өзің тамақ ішпесең,

Маған бер! - деп сұрады.

 

Маралдының маралы

Маралдыда марал көп,

Марал жайлар арал көп.

Мүйізінен маралдың

Дәрі-дәрмек алам көп.

 

СЫЙҒА-СЫЙ

Ара тынбайды,

Ұшып, зырлайды.

Шарлап қырларды,

Шырын жинайды.

Гүлдер өсірсең,

Балын сыйлайды.

 

ЖЫЛҚЫШЫ

Екі бала таласты,

Едірейе қарасты:

 - Жылқышы –

Ол кісі,

Деді, Ақнұр.

- Жылқышы –

Көл құсы,

Деді Жаннұр.

Кім жаңылып, бұрыс айтты? -- 

Екеуі де дұрыс айтты.

 

Мен тілалғыш баламын

Буфеттен алып дәйім,

Ішемін балық майын.

Жаннұрша жалындырып,

Үй-ішін сабылтпаймын.

 

АҢҚАУ

Назымбектің Құмары

Дүкеншіден сұрады:

- Үш тиынның қаламы,

Ағай, қанша тұрады?..

 

ЖАҢҒЫРЫҚ

- Орман барсақ,

Айқай салсақ.

- Пәленше!..

Өзімізді өзімізге таң қылып,

Дауысымызды қайталайтын не нәрсе?

- Жаңғырық!

- Жаңғырық!

- Жаңғырық!

 

“АДАЛДЫҚ”

Үйінен нағашымның інім келді.

- Үш алма сілемдеме беріп еді.

Біреуін сонда жедім, жолда бірін,

Мінекей, жеп тұрмын мен бірін енді.

Ду кілді сөзіне оның отырғандар,

Інімнің «адалдығың» өзің аңғар.

 

САУЫСҚАН

Ала қанат сауысқан

Құртты көрсе жабысқан.

Бір томардан томарға

Секең - секең ауысқан.

 

Жақыннан да алыстан

Бері ұшқан да, әрі ұшқан.

Құртты шоқып тауысқан

Санитар – бұл сауысқан.

 

ЛАҚ НЕГЕ ШҰНАҚ

- Лақ неге шұнақ,

Неге шұнақ құлақ?

- Аяз қарып қысқан

Ақ қар, көк мұз қыста.

 

Мама тілін алмай,

Шыққан лақ тысқа.

Тыста жаурап ұшып,

Құлақ кеткен үсіп,

Содан лақ шұрақ,

Содан шұнақ құлақ.

 

БАЛАҚАЙ МЕН ҚАЛАҚАЙ

Саяхаттап көрдік қыр,

Қырға бардық, тердік гүл.

Айқайлады балақай:

- Алайқай ау, алақай!

Жапырақты үземін,

Гербарий ғып тіземін.

 

Ол бұтаны бас салды,

Міне, шатақ басталды.

Қарып алды қалақай,

Жылап қалды балақай...

 

Мен дала бардым

Мен дала бардым,

Қыр гүлін берді.

Көл суын берді,

Күн нұрын берді.

 

ӘЖЕМНІҢ АЛАШАСЫ

Тоқыпты әжем алаша,

Бояуы қанық тамаша!

Көктегі кемпірқосақты

Әжеміз жерде жасапты.

 

ТЫШҚАН МЕН БАЛАСЫ

Баба тышқан - көпті көрген зиялы

Баласының кулагына куяды.

- Мысық деген жолбарыстан зор! - дейді.

Зеңбіректен оқ атсаң да өлмейді.

Тарғыл пәле, ата жауың сол!- дейді.

Бас салмасын, 

                    балам,

                              абай бол!- дейді.

 

БИІККЕ, БИІККЕ

Көктемде, көктемде

Күн нұрын төккенде,

Қар еріп ақты су,

Жоғары тартты бу.

 

Көк шыбық былтырғы

Көгерді – құлпырды.

Құлпырды, құлпырды,

Жоғары ұмтылды!

 

ҚОМАҒАЙ

Қомағай-ай, қомағай,

Қос қолдап-ақ соғады-ай.

Іс дегенде майысып

Солқылдайды қоғадай.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар