Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Өлең
Балалар үйіндегі баланың арманы...

01.07.2023 350

Балалар үйіндегі баланың арманы 14+

Балалар үйіндегі баланың арманы - adebiportal.kz

Әбдірахман АСЫЛБЕК

БАЛАЛАР ҮЙІНДЕГІ БАЛАНЫҢ АРМАНЫ

Әлде, бірден асқанмын,
Әлде, екі жастамын.
Шыға келдім шырылдап,
Құшағынан басқаның.
Кезек-кезек қолға алып,
Аймалайтын толғанып,
Әке-шешем бар еді,
Қалған кезім оң танып.
Әке-шешем бар еді,
Тамылжыған таң еді.
Олар барда әр күнім
«Бесік жыры» – ән еді.
Шығып қалған тілім де,
Сондай күннің бірінде
Жұмбақ жайға тап болдым,
Ұқпай қалдым түгін де.
Мүлде бөтен баспана,
Кілең мендей жас бала.
Құшып-сүйіп, толғанып,
Аялайды басқа ана.
– Қайда, дейміз, мамамыз?
Аялаған анамыз?
– Келеді, – деп жұбатса,
Соған сеніп қаламыз.
Бірақ, ана келмейді,
Өз баласын көрмейді.
Тебіреніп, толғанып,
Өрік, мейіз бермейді.
Анамызды тосамыз,
Өксіп, әнге қосамыз.
Бірақ, ана келмейді,
Болғаны ма бос аңыз?
Алғаш бөтен үй көрдік,
Көп нәрседен имендік.
Балалардың үйіне
Бірте-бірте үйрендік.
* * *
Тәрбиеші анамыз
Болды нағыз панамыз.
Ұйып тыңдап сөздерін,
Айтқан тілін аламыз.
Анамыз еш жатпайды,
Бізді күтіп-баптайды.
Ісімізді әр жақсы
Мадақтайды, мақтайды.
Көйлек бүтін, тамақ тоқ,
Кірбің тартқан қабақ жоқ.
Жеттік жеті жасқа да,
Мектеп көрдік, сабақ деп.
Жақсы көңіл күйіміз,
Артық көрген сыйымыз.
Балалардың үйі енді
Өзіміздің үйіміз.
* * *
Қазақстан елім бар,
Ұлан байтақ жерім бар.
Барлығына қамқоршы,
Ел басқарған Ерім бар.
Қазақ деген халқым бар,
Ата дәстүр, салтым бар.
Егеменді ел болған
Әлемге аян даңқым бар.
Туған ана тілім бар,
Тілім болса – күнім бар.
Бір Аллаға берілген
Мұсылмандық дінім бар.
Жадыраған жаным бар,
Бойда ұлттық қаным бар.
Бірақ, бір зат жетпейді
Қазақ болып танылыр.
Талшыбықтай бұралған
Кеудем толы мың арман.
Бәрінен де бастысы,
Кетпейді ойдан бір арман:
Болса туған анашым,
Аймаласа баласын,
Болмас еді өмірде
Одан артық жан асыл.
Болса туған әкешім,
Әке деген – шат есім.
Тәрбиелеп баласын,
Берер еді мәпесін.
Кешпесем де жаман күн,
Күні-түні алаңмын.
Армандаймын болғанын
Мені туған анамның.
Екінші анам – ана тіл,
Ақыл кені, дана тіл.
Ана тілмен қашанда
Қатаяды қанатым.
Үшінші анам – Отаным,
Отан – менің шат әнім.
Туған жердің төсінде
Шын бақытқа батамын.
Осы менің үш анам,
Үш анамнан күш алам.
Болса аман үш анам,
Көкке самғап ұша алам.

 

ЕПТІБЕК

Естігенбіз Ептібек
Ертедеп-ақ епті деп.
Тақырыппеи бір ғана
Аты алысқа кетті деп.
Болмай жатып төселіп,
Бұйда жібін бос өріп,
«Жастық», «Жастық»,
«Жастық», – деп,
Жазды әуелі очерк.
Қосылам деп әлдіге,
Айтқап жырын әлгіде
«Жастық», «Жастық».
«Жастық», – ден,
Етті оп-оңай әңгіме.
Епең тегін емес-ті,
Мықтылармен теңесті.
«Жастық», «Жастық»,
«Жастық», – деп,
Жазып шықты повесть.
Нәрсе болса ұнаған,
Қынжылады кім оған?
«Жастық», «Жастық»,
«Жастық», – деп,
Жазды қалың роман.
Ептібектің сірә да,
Ептілігін сұрама.
«Жастық», «Жастық»,
«Жястық», – деп,
Жасады одан драма.
Шығарма үшін сазды бір
Еткен жоқ ол аз дүбір.
«Жастық», «Жастық»,
«Жастық», – деп,
Сценарий жазды бір.
Қарлықтырып дауысты,
Кәрілікпен қауышты.
«Жастық», «Жастық»,
«Жастық», – деп,
Бар талантын тауысты.

 

БОТАҚАН

Жотасында
Өркеші,
Бота –
Құмның еркесі.
Жүр бір аттап,
Екі аттап.
Туғанына
Екі апта-ақ.
Айналасы –
Күйген құм.
Ұзамайды
Үйден тым.
Ұзын мойнын
Созды әрі.
Бір мезет ол
Боздады:
«Бө-бө –
Шөптер қуарған!
Бө-бө –
Бұлақ суалған!»
Мазаланды
Текке ол.
Құмда су да,
Шөп те мол.

 

ӘКЕШІМ

Аялайды әкешім,
Аямайды мәпесін.
Әке деген – асқар тау,
Әке деген – шат есім.
Жаса, жаса, әкешім,
Әке деген – шат есім.
Әкемді мен сүйемін,
Алдында бас иемін.
Үйретеді қондырып
Домбыраның тиегін.
Жаса, жаса, әкешім,
Әке деген – шат есім.
Үйретеді әнін де,
Мәтел сөздің мәнін де.
Игілікті істердің
Үйретеді бәрін де.
Жаса, жаса, әкешім,
Әке деген – шат есім.
Әкем маған мұғалім,
Айтқандарын ұғамын.
Тыңдап әке ақылын,
Адам болып шығамын.
Жаса, жаса, әкешім,
Әке деген – шат есім.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар