Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

01.07.2023 336

Ақ қояным 14+

Ақ қояным - adebiportal.kz

Қадыр МЫРЗА-ӘЛІ    

ӘТТЕГЕН-АЙ

Ойнадым, ойнадым,

Ойынға тоймадым.

Шегім де бұралды,

Сонда үйге оралдым.

Мен жоқта үй іші

Екі рет шәй ішіп,

Тамағын пісіріп,

Табаққа түсіріп,

Өздері тойыпты,

Маған аз қойыпты.

 

Ет екен демедім,

Өкпелеп жемедім. 

Ал апам күлді де,

Майлы шек, тілді де

Қалдырмай жеп қойды,

— Тәтті екен! - деп қойды.

 

Өйтерін білмедім,

Өйтерін білгенде

Өзім-ақ жейтін ем,

— Аз емес! - дейтін ем!

 

ДОСЫМ ЕКЕУМІЗ

Шекіссек те екеуміз

Үйге жылап қайтпаймыз.

Сөзімізге бекембіз,

Апамызға айтпаймыз.

 

Естімесе өздері,

Айтып қанша қажеті?

Біліп қойса,

Біздерді

Ойнатпайды бір жеті.

 

СЕНБЕСЕҢІЗ

(әні бар)

Қанкөбелек ойнадық,

Қызығына тоймадық.

Біз айналдық,

Бізбен бір

Жатты дала айналып.

 

Екі көзге жас тұнған,

Болып кетті тас тұман.

Қара жер зыр жүгіріп

Қашты аяқтың астынан.

 

Рас біздің сөзіміз,

Сөзімізге сеніңіз.

Сенбесеңіз,

Өзіңіз

Шыр айналып көріңіз!

 

ІШІК

Апаммен келісіп,

Алып ек бір ішік.

Көкеме ол ұнады,

Қиылып сұрады:

 

— Бір киіп көрейін,

Бағасын берейін! -

Деп алып, бермеді,

Қолын бір сермеді.

Айтқанға көнбеді,

— Бұл саған кең!деді.

 

Шынына келсеңіз,

Кигізіп өлшеңіз.

Кең емес ішігім,

Мен өзім кішімін!

Калошым алды өшін

 

Күнде де,

Түнде де

Сырғанай,

Сырғанай

Бердім де,

Көрдің бе,

Калоштың

Мөрі өшті,

Ақыры

Пақырым

Төзімді

Өзімді

Құлатып

Жылатып,

Калошым

Алды өшін.

 

АСЫҒЫСТА

Қыртыс-қыртыс ұйпалақ,

Киіп алдым жейдемді.

Омырауын сипалап,

Таба алмадым түймемді.

 

Бірін таппай түйменің

Босқа пісіп-күйіппін.

Асығыста жейдемнің

Теріс жағын киіппін.

 

ШЫҚСАМ ДА

Батырлығым ұстады,

Шықтым терек басына.

Сонау орта тұстағы

Жеттім ұя қасына.

 

Тұнық аспан төбемде

Тәрізді бір айна алды.

Қарап едім төменге,

Басым қатты айналды.

 

Мейлі, қалай ұқсаң да,

Мұнымды ерлік демеспін.

Шығуын бір шықсам да,

Түсе алатын емеспін.

 

СЫР 

Түніменен ауырды

Түбі босап тістерім.

Тауыстым бар сабырды,

Білмеді апам не істерін.

 

Айтып жатты атама

«Не болды екен?»—дегенін.

Белгісіз-ау апама

Тәттіні көп жегенім.

 

Апам неге жылады?

Көзім түсті апамның

Көзіндегі жасына.

«Белгісі ме қапаның?»—

Деп келдім мен қасына.

Сұрамақпын, білмекпін

Жанына не батқанын.

Байқамаппын, көрмеппін

Пияз турап жатқанын.

 

КЕМІРГЕН КІМ? ІШКЕН КІМ?

Қағып шаңды,

Кітапшамды

Темірменен

Кемірген кім?

 

Деп ойласам,

Абайласам,

Тышекеңнің

Тісі екен!

 

Сүтін қойдың

Жаңа қойдым,

Кең тегештен

Кім ішкен?

 

Деп ойласам,

Абайласам,

Мысекеңнің

Ісі екен!

 

АУРУДЫҢ АТЫ

Береке кетіріп,

Ауырдым өтірік.

Апам да,

Атам да,

Әкем де,

Көкем де —

Бәрі де қиналды,

Жаныма жиналды.

 

Ұсынып асымды,

Ұстады басымды.

Халатты дәрігер

Келгелі әбігер.

Кеудемді тыңдайды, 

Сұраудан тынбайды:

— Ішің бе?

— Ішім де!

— Тісің бе?

— Тісім де!

Ауырды бәрі де,

Ем болар дәрі не? -

Әлде не байқады,

Басын ол шайқады.

Апам да,

Атам да,

Әкем де,

Көкем де

Құлақ сап әр үнге,

Зәре жоқ бәріңде.

— Ауруы қауіпті,

Насырға шауыпты! -

Деп еді дәрігер,

Боп қалдық әбігер.

Апам да,

Атам да,

Әкем де,

Көкем де -

Бәрі де торықты,

Өзім де қорықтым.

Шын ауру шығармын,

Деп ойлап жыладым.

Көп шыдап тұрмадық,

Жамырай сұрадық:

— Ем жоқ па емдейтін,

Ауру бұл не дейтін? -

— Аты оның — еркелік,

Солай деп тіркелік! -

Қуанып сасқанда

Секірдім аспанға.

Апам да,

Атам да,

Әкем де,

Көкем де -

Бәрі де қуанды,

Өзім де қуандым!

 

ТОҚЫМҚАҒАР

Таң қалдырып мен елді,

Тайға мініп жөнелдім.

Шапқан сайын елірдім,

Шапанымды жел үрді.

 

Желпіл қағып етегім,

Қопаң-қопаң етемін.

Көзім түк те көрмеді,

Қара су боп терледім.

 

Талып қалды тақымым,

Қалып қалды тоқымым.

Жармасамын жалына,

Жұрт күледі халыма.

 

Құрбыларым қарайды,

Құламасам жарайды!

Дұрыс па, бұрыс па?

Сағат бірден асыпты,

Апам іске асықты.

 

Бұрын мұндай болмаған,

— От жақ!деді ол маған.

Кеуіп жатқан қу қидың

Үстіне әкеп су құйдым.

Көріп қалып бұл істі,

Апам маған ұрысты:

— Күлдірген-ау, Күлдірген,

Мынауың не бүлдірген?!

— Тез жансын деп мұндайда

Көмірге су құймай ма?!

 

МЕН — БАЛЫҚШЫ

Серік болып Салыққа,

Барып едім балыққа.

Алабұға, ақ шабақ

Берді маған көп сабақ.

Қармағыммен ойнады,

Жемімді жеп қоймады.

Талай-талай қатырды,

Міне қалтқы батырды.

Жайлап тартып сағаға,

Сып еткіздім жағаға.

Тағы ұятқа қалдырды —

Алып шықтым балдырды.

Көлдің ойнап сазаны,

Маса да алды мазаны.

Шаққан жерін ісірді,

Әбігерге түсірді.

Түк ұстамай кеш болды,

Бар еңбегім еш болды.

Жеңіл ғой тек айтуға,

Ұялдым құр қайтуға.

— Ұстадың ғой өндіріп, —

Деп Салықты көндіріп,

Бір балыққа салмақты,

Ауыстырдым қармақты!

 

ҰҚПАЙМЫН

Қоралар қалады қаңырап,

Ертемен қой өріп кетеді.

Момақан қозылар маңырап,

Үндері көш жерге жетеді.

Білмеймін, өздері тоңа ма,

Жазда да қалың тон киеді.

Мен қалың кимеймін,

Сонда да

Мені апам «Қозым!»— деп сүйеді.

 

ТОҚАЛ ЕШКІ

(әні бар)

Күнде тәртіп бұзыпты:

Кішілерді сүзіпті

Миуаны үзіпті,

Мүйізіне тізіпті.

Міне осындай алыпты

Атам көріп қалыпты.

Қажыттың деп халықты,

Мүйізін қағып алыпты!

 

ҚОЯНЫМ

Бір қоян асырап келемін,

Оған мен көп уақыт бөлемін.

Өзі бір сүйкімді,

Бар менің

Сол үшін шығарған өлеңім.

Кісіге қараған кезінде

Бір үрей тұрады көзінде.

Су жүрек деп оны сөгер ем,

Қорқам ғой кейде мен өзім де!

Күшігім

Өзі адамға үйірсек,

Өліп-өшіп ойнайды.

Қиқуласып жүгірсек,

Қашып жүр деп ойлайды.

Қуып жетіп қалғанда

Білмейді не істерін.

Балтырыңнан алғанда

Батырмайды тістерін.

 

ӘУПІЛДЕК

Ауыр жүкті батпандай

Арқалап бір жатқандай,

Әуп! Әуп!— дейтін кешқұрым

Әупілдектің ешбірін

Көрмегенмін мен бір де,

Болса да бұл өңірде.

Дауысымен айбынды

Жаңғыртатын айдынды.

Сондықтан біз әупілдек

Ойлаушы едік дәу піл деп.

Сөйтсек, өзі құс екен,

Даусы ғана күш екен!

 

АРА

Қызғалдақтың қасына

Қойып едім қондырмай,

Бізін сұғып басыма,

Шақты ара оңдырмай.

Енді тимен оған мен,

Ісіп кетті бас, шекем.

Балы тәтті болғанмен,

Тілі өзінің ащы екен!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар