Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

01.07.2023 565

Ақ мамам 14+

Ақ мамам - adebiportal.kz

Әнуарбек ДҮЙСЕНБИЕВ

СОЛДАТ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ

Қаймықпаймын суықтан,
Ыстыққа мен төзімді.
Бәріне де шыныққан
Солдат болам кезінде.

Жүрсем дағы мен қайда
Көтеремін ауырды.
Солдат болам шалғайда
Сағындырған ауылды.

Сағынатын достар көп,
Қилы қызық хат алам.
«Біздің бала – әскер!» – деп,
Мақтанады ата-анам.

Мұғалімнің үйінде
Бір суретім тұрады.
Ерлігіне ел сүйінген
Солдат болам қырағы.

 

АҚ МАМАМ

Ел жатқанда жатпаған
Мен деп тыным таппаған
Бақыты үшін баланың
Аман-сау жүр ақ мамам

Күлімдеген көзіңнен
Күн мейірімі сезілген
Бұл жалғанда балаға
Жақын жан жоқ өзіңнен

Өзің маған мият-күн
Сен деп таңым жиі атты
Ақ маманың айқайы
Айналайын сияқты

Күлімдеген көзіңнен
Күн мейірімі сезілген
Бұл жалғанда балаға
Жақын жан жоқ өзіңнен

Қуат беріп құшағың
Қанат бітіп ұшамын
Естіртемін алып кеп
Ел білмейтін құс әнін

Күлімдеген көзіңнен
Күн мейірімі сезілген
Бұл жалғанда балаға
Жақын жан жоқ өзіңнен

Көрсетемін күллі елді
Жарық етем түндерді
Өсіріп мен сыйлаймын
Жұрт көрмеген гүлдерді

Күлімдеген көзіңнен
Күн мейірімі сезілген
Бұл жалғанда балаға
Жақын жан жоқ өзіңнен

 

АҚТАЙЛАҚ

Асау тайлақ, ақтайлақ,
Мініп келем қақпайлап.
Желеді ол тайраңдап,
Жұрт қарайды қайран қап.
Бала біткен шулайды,
Тайлақ үркіп, тулайды.
– Шөк дегенді ұқпайды,
Үй маңынан шықпайды.
Ақтайлақ-ау, ақтайлақ,
Бұл қылығың жақпайды-ақ.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар