Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

03.07.2023 715

Алғашқы қар 0+

Алғашқы қар - adebiportal.kz

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ

Алғашқы қар

Жылы жаққа құс кетті,
Топ-топ болып.
Шұғыласын қыс төкті,
Әппақ мамық.

Қонып жатыр арай-нұр
Таудан тауға.
Терезеден қарайды ұл
Жауған қарға.

Қызығына тоймайды,
Салса да асыр.
Қазір, қазір сайлайды
Қол шанасын.

Алғашқы қар, жаңа күн,
Әппақ әлем.
Ойнағаны-ай баланың
Аққаламен!

 

Қуырмаш

Бірлік жайлы еске алсақ,
Бауыр екен бес саусақ.
Біріншісі – Бас бармақ,
Билік айтып басқармақ.

Балаң үйрек кекілді,
Бойшаң бала секілді.
Ортан терек намысты,
Ойлап отыр әр істі.

Шылдыр шүмек ақылды,
Шәй ішуге шақырды.
Ең кішкене Бөбекті
Еркелету керек-ті.

Бас бармаққа күн-түні
Бақтырамыз жылқыны.
Балаң Үйрек ие де
Бетпақтағы түйеге.

Ортан Терек отарды
Ойжайлауға апарды.
Шүлдір Шүмек, сиыр бақ,
Шабындықты шиырлап.

Тек кішкене Бөбектің
Тапсырмасы бөлек тым.
Болма жалқау, бастысы,
Бізге дәмдеп ас пісір!

...Қара көже бүгінгі ас,
Қуыр-қуыр-қуырмаш!
Қуыр-қуыр-қуырмаш,
Қолдың басын жұмып, аш!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар