Көрнекті ғалым Әуелбек Қоңыратбаевтың туғанына 120 жыл

Бөлісу:

10.09.2025 91

Бүгін қазақ әдебиеттану ғылымының көрнекті өкілі, фольклортанушы, түрколог, шығыстанушы, жазушы, педагог-әдіскер, журналист, филология ғылымдарының докторы, профессор Әуелбек Қоңыратбаевтың туған күні. 

 

Сан қырлы шығармашылық иесі Әуелбек Қоңыратбаев 1905 жылы 10 қыркүйекте қазіргі Қызылорда облысы, Шиелі ауданының Кердері аулында дүниеге келген. Ауыл мектебінен сауат ашқаннан кейін Ташкент қаласындағы №5 балалар үйінде тәрбиеленген. 1918 жылы Ташкенттегі педагогикалық училищеге түседі. Училищені бітірген соң мектепте мұғалім болады. Осы кезеңде ол Ташкентте шығып тұрған «Шолпан» журналы мен «Ақжол» газетін шығаруға белсене атсалысады. Сонымен қатар ол «Жас қайратты»  шығаруға да атсалысады.

1925-1930 жылдары Қызылорда округтік аудандық комитеттің жауапты хатшысы, «Сыр бойы» газетінің бөлім меңгерушісі, Арал аудандық «Екпінді балықшы» газетінің және республикалық «Колхоз» газетінің редакторы қызметтерін атқарады. 

1932-1934 жылдары Мәскеудегі Бүкілодақтық журналистика институтында оқиды. 1938 жылы Абай атындағы ҚазПИ-ге оқуға түсіп, бітіріп шығады.

Сол заманының барша дерлік көзі ашық оқығандарының тағдыры тәрізді Әуелбек Қоңыратбаев та өзінің ғұмырында саяси қуғын-сүргінді бастан өткереді. 1934 жылы Кеңес көсемдерінің бірі Семен Кировтің атып өлтірілуіне байланысты, елде Сталиннің тікелей нұсқауымен оңшыл жауларды іздеп табу науқаны басталады. Осы кезеңде журналистика факультетінің студенті Әуелбек Қоңыратбаев та саяси сенімсіз деп танылып, партия қатарынан шығарылады. 

Алғаш жиырмасыншы жылдары жазудағы қадамын әдеби сыннан бастаған Әуелбек Қоңыратбаевтың шығармашылығы сан салалы. Ол фольклортану, түркітану, шығыстану, әдебиет тарихы, әдеби сын, педагогика, көркем әдебиет және аударма, журналистика, т.б. саласында өнімді еңбек етіп, мол  рухани мұра қалдырды.

Жоғарыда аталған ғылыми және әдеби шығармашылық т.б. бағыттардың ішінде Әуелбек Қоңыратбаевтың ең өнімді еңбек еткен саласы – фольклор қазақ әдебиеті тарихының бастауында тұрған фольклортану болды. Сонымен қатар қазақ әдебиетін дәуірлеу мәселесінде де ғалымның өз заманында үлкен батылдық танытқанын көреміз. Сталиндік зұлмат қазақтың маңдайға басқан қаншама алдыңғы буын ғалымдарын нәубет құрбаны етті. Олардан кейінгі буынды саяси сенімсіз ретінде ұзақ жыл арқалатып соттап, жер аударып жіберді. «Пролетариаттық әдебиеттің талап-сұранысына сай келмейді» деген солақай ұстанымды басшылыққа алған кеңестік әдебиеттану қазақ әдебиеті тарихын дәуірлеуді Бұқар жыраудан ары асыруға болмайтын кезеңде қазақ әдебиетінің ілкі бастауы ретінде көне түркі дәуіріне құлаш созуы – ерлік еді. Осындай құқайды көзбен көріп, бастан кешіп жүрсе де өзінің ғылыми ұстанымына барынша адал болуды мақсат тұтқан ғалым жанкештілікпен еңбек етті. 

Батыс пен Шығыс әдебиеттерінің өзара әдеби байланыстарын жан жақты салғастыра отырып, ғалым монғол, араб, парсы әдебиеттерінің қазақ тікелей байланысы барын тарихи, әдеби, тілдік деректер арқылы дәлелдейді.  

Әуелбек Қоңыратбаевтың ғылым жолындағы бағыттарын зерттеушілер оның елуінші жылдары қуғынға ұшырауына ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ әдебиеті туындыларын қатарына Кенесары-Наурызбай батырлардың ерлік жолы мадақталатын «Наурызбай-Қаншайым» жырын қарастыруы себеп болған екен.

Фольклортану саласында 1945 жылы «Қазақтың лиро-эпосы» тақырыбында кандидаттық, 1971 жылы «Көне түркі поэзиясы және қазақ фольклоры тақырыбында докторлық диссертация қорғаған. Ә.Қоңыратбаевтың құрастырған фольклортанудан мектеп оқулығы мен хрестоматиясын Қазақстан мен көршілес республикалардағы, Монғолиядағы қазақ мектептерінің қаншама буын оқушылары қызыға оқыды. Өткен ғасырдың екінші жартысындағы ұлттық фольклортану саласындағы көрнекті жетістіктердің көбінде Әуелбек Қоңыратбаевтың үлкен үлесі бар.    

Әуелбек Қоңыратбаев кәсіби педагог ретінде қазақ әдебиетін оқытудың теориялық негіздерін қалыптастырушы әдіскер ғалымдардың бірі. Ғалымның «Әдебиетті оқыту методикасының очерктері», «Әдебиетті оқыту методикасы» атты кітаптары мектеп ұстаздары үшін ондаған жылдар бойы әдістемелік таптырмас көмекші болды.

Сонымен қоса ол Ян Амос Коменскийдің «Ұлы дидактикасынан» бастап, өзіне дейінгі дәуірдегі көптеген танымал педагогтардың әдістемелік еңбектерін аударды. 

1986 жылы 27 қаңтарда дүниеден өткен көрнекті ғалымның сан салалы мол мұрасы туған халқының рухани игілігіне қызмет етіп келе жатыр. Ғалымның 2004-2005 жылдары 10 томдық шығармалар жинағы және  2008 жылы 2 томдық таңдамалы көркем шығармалары жарық көрген.

Әуелбек, Қалжан, Әлібек Қоңыратбаевтар шыққан зиялы әулеттің қазақ руханиятындағы айқын да айтулы жолын кейінгі буын ұрпақтары жалғастырып келеді. Белгілі ғалым, өнертанушы, этнограф, фольклортанушы, филология ғылымдарының докторы Тынысбек Әуелбекұлы Қоңыратбаев есімі елге танымал тұлға. 

«Ер есімі – ел есінде» дегендей, бар саналы ғұмырын туған халқының рухани жоғын түгендеуге арнаған ғалымның елеулі есімі ұмытылмайды.  

Бөлісу:

Көп оқылғандар