Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
/
Жыраулар поэзиясындағы жер-су атаулары...

12.06.2025 1370

Жыраулар поэзиясындағы жер-су атаулары 14+

Жыраулар поэзиясындағы жер-су атаулары - adebiportal.kz

Порталымыздың өткен сандарында «Ілкі қазақ әндеріндегі географиялық жер-су атаулары» деген тақырыппен шағын ғана мақала жазған едік. Мына жазбамыз да сол дүниенің циклді жалғасы іспетті. Жыраулар поэзиясында ұшырасатын бұл көне жер атаулары бүгінде қай жер, қай аумақта орналасқан, міне, осы жайында оқырманға аз-кем мағлұмат бере кетсек дедік. Әрине, өлеңде ( кей мәліметтер XV ғасырда айтылғанымен) бүгінде  баршаға мәлім аталған  жер атауларына қайыра тоқталып, оқырман уақытын ұрламайық деген ұйғарымға келдік.

«Азау, Азау дегенің
Әл-Ғұсман паша жұрты екен,
Дін ісләмнің кірті екен.
Азаудың ер Доспамбет ағасы
Азаудың бір бұрышындай нарты екен! ( Доспамбет жырау)

Бүгінде осы Азау (Азов) – Ресейдің Ростов облысындағы Дон өзенінің сол жағалауында орналасқан шағын  ғана қала. Азау қаласы әр кезеңде әртүрлі атауларға ие болған. Айталық,  Азақ, Азау, Қазақ, Тана тағы басқалары. 

Азау ХІІІ ғасырда Жошы ұлысының ең үлкен қалаларының бірі болған. Сондай-ақ Алтын Орданың Византияға барар жолындағы ең басты шаһардың бірі ретінде де өз міндетін қалтқысыз атқарып отырды. Осы Азау қаласы арқылы Персия мен Үндістаннан, сондай-ақ Қытайдан  Шығыс Еуропаға жібек, қолөнер бұйымдары мен алуан түрлі тауарлар дер кезінде жеткізіліп тұрған еді деген деректер де бар.

Енді екінші өлеңге қарай ойысайық.

Асу салған тас бұзып
Тарбағатай белінен,
Қол қондырған қос тігіп
Бөрлі деген көлінен,
Қалмақты шапқан шулатып
Ақшәулінің өрінен,
Қоныс қылған найманға,
Бәрін қуып жерінен,
Батырың өтті – Бөгенбай! (Бұқар жырау)

Осы жердегі Ақшәулі  – Тарбағатай жотасының солтүстік-батысында орналасқан тау. Бүгінгі географиялық орны Абай облысы Үржар ауданының жеріне тиесілі. Таудың биіктігі  –1618 метр. Баурайы бұта мен селеу, бетеге мен жусан секілді түрлі өсімдіктерге толы.

Әйгілі Шалкиіз жыраудан «Ер Шобан» деген ғажайып жыр жеткені мәлім. Ноғайлының осы Ер Шобан деген батыры біраз жолдастарымен бірге Қабардыдан Биғазы дегеннің екі жүздей жылқысын айдап келеді. Артынан сайлаулы жігіттерімен қуып келген Биғазыға Ер Шобан сонда былай депті.

Саф арғымақ сайлаған,

Найзасына жалау байлаған

Қабардының Биғазы 

Жүйрігіне шыдамай

Желіп шықты көк тауға.

«Қайт! Қайт!» деймін қайтпады

Қайтқанын намыс көргенге ұқсайды. (Шалкиіз жырау)

Шалкиіз жырында айтылып тұрған осы  Қабарды жері – бүгінде Солтүстік Кавказ территориясында орналасқан ерекше тарихи аумақ. Қабар (кавар) хазар тайпасының бір бөлігі деген де жорамалдар бар. Алғаш қабарлар туралы дерек орыс әскери топографы Иоганн Бларамберг Константиннің жазбаларынан, сондай-ақ 1497 жылы Фредутио Анконе дайындаған Вольфенбуттель кітапханасында сақталған көне картадан «Кабарди» деген атауды да ұшыратуға болады.

Ойыл да Қиыл, Жем, Сағыз,
Қайран саланың жатқан аңғары-ай,
Ақ шалмалы пірлердің
Мешітке жаққан шамдары-ай!
Менің бүйтіп қозғалақтап жүргенім
Аузы түкті кәпірдің
Күшті болған салдары-ай! (Қазтуған жырау)

Қиыл – Ойыл алабындағы өзен.  Бүгінде Ақтөбе облысының Ойыл, Қобда аудандарының жерімен ағады. Қиылдың салалары – Аққұдықсай мен Қоңырсай, Қоңызтаудан басталып, Саралжын ауылының маңындағы Ойыл өзеніне келіп құяды. Өзеннің ұзындығы – шамамен 193 шақырым. 

Бізді әкетті Марыға,

Марыдан да арыға

Барсаң сәлем айта бар,

Ғарып болған ата-анам

Сарыбике мен Сарыға (Ақтамберді жырау)

Мары – Түркіменстанның оңтүстігінде орналасқан өте көне қала. Ежелгі аты Мерв. Қазір Түркіменстанда көлемі жағынан төртінші қала болып саналады. Ғалымдар Мерв қаласының жасы шамамен 2000 жылдай  екендігін, сондай-ақ бұл көне шаһар тұрғындары өзара парсы тілінде сөйлегендігін де анықтап отыр.

...Көшіп, болып қоныстан

Қанжығаға саптаяқ

Қалайша бүгін байладық?

Үдіре көшіп қонған жер

Тоқырауын, Жамшы кеп

Сарысу мен Атасу

Бермекпіз кімге алшы деп?! (Ақтамберді жырау)

Жамшы – Қарағанды облысының Ақтоғай, Шет аудандарында ағатын өзен. 

Қызылтас тауының оңтүстік беткейінен басталып, Қарабұлақ мекенінің тұсына жеткенде тартылып қалатын бұл өзеннің ұзындығы шамамен 117 шақырым болады.  Жергілікті өлкетанушылардың дерегіне сенсек, Жамшы – Үш Оқтан тараған қазақ тайпасының аты. Есімі сол себептен де өзенге қойылған.

Ал Сарысу мен Атасуға келсек, Қарағанды облысы, Жаңаарқа жерінде ағатын өзен. Атасу осы Сарысу өзенінің сол жақ саласы десек те болады.

Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданы аумағымен ағатын Атасудың ұзындығы 177 шақырымды құрайды. Қызылту, Ұзынжал тауларынан құлаған түрлі бұлақтардан бастау алып молайған су қайыра келіп Сарысуға құяды.

Жас күнінде, Абылай,

Үргеніштен мұнда кеп,

Сарыарқаны жерім деп,

Қалың қазақ елім деп,

Келмеп пе едің жаяулай?! (Үмбетей жырау)

Әрине, Үргеніш – өте ежелгі қала. Ортағасырда Хорезм мемлекетінің астанасы да болған. Орта Азияда орналасқан бұл көне қала қазір Өзбекстандағы Хорезм облысының орталығы болып саналады. Біздің дәуірімізге дейінгі І ғасырдағы жазба деректерде оның атауы «Юеянь» деп берілген. Үргеніштің пайда болған мерзімі жайлы нақты айту  қиын. Зерттеушілер бұл шаһар туралы алғашқы деректер мұсылман жазбаларында ұшырасса да, қаланың арабтардан әлдеқайда бұрын салынғанын алға тартады.

Кеше тоқыраулы судың бойынан,
Тоқал терек түбінен,
Ніл дарияның басынан,
Құмкент шәрінің қасынан,
Перінің қызы перизаттан туған,
Қара мерген атасы,
Сөзімнің жоқ қатасы... (Тәтіқара жырау)

Құмкент – ортағасырлық қала. Қала орны қазіргі Түркістан облысы Созақ ауданының орталығы Шолаққорғаннан 37 шақырымдай алыста жатыр. Қала XIII-XIV ғасырларда Таластан Сайрамға дейінгі созылған керуен жолы бойындағы ірі сауда орталығы болған. Ғалымдар қаланың аумағы биік дуалмен қоршалғанын айтады. Дәл қазіргі уақытта қаланың қирап, жаңбыр мен желге үгілген орны үлкен төбешікке айналған.

Жалаңқия жерлерден
Жазбай түсіп түлкі алған
Білегі жуан бүркіттің
Тегеурініндей Бөгенбай!
Баянаула, Қызылтау,
Абыралы, Шыңғыстау,
Қозы Маңрақ, Қой Маңрақ,
Арасы толған көп қалмақ;
Қалмақты қуып қашырдың. (Үмбетей жырау)

Маңырақ – Сауыр тауының батысындағы аласа таулар. «Маңырақ» атауының пайда болуы осы қалмақ қырғынымен етене байланысты. Ел аузындағы ескі аңыздарға сенсек, «Жоңғар шапқыншылығынан қашқан қазақ ауылының бір тобы осы тау арасына  келіп паналаған. Артына түскен жау шерігі әлгі ауылды көштен қалған бір тоқтының маңыраған дауысымен тауып алып, ешбір жан баласын тірі қалдырмай түгелдей дерлік қырып кеткен.  Міне, Маңырақ деп аталуы содан дейді қария дерек. Маңырақ тауының ең биігі Шөрбас деп аталады. Аталған тау солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 60-70 шақырымға дейін созылып жатыр. Ал өлең жолдарында ұшырасқан  Баянаула – бүгінгі Баянауыл.  Ал Қызылтауға келсек, ол  Сарыарқаның орталық бөлігіндегі аласа тау. Бүгінде Павлодар облысындағы Баянауыл ауданында орналасқан бұл таудың биіктігі 800 метр болса, ені 10-15 шақырымды қамтиды.

Жайықтың бойы көк шым-ай,

Ерте аттандық, кеш түстік,

Бұ кәуірдің орнынан...

Оқа деген суынан

«Басқыншақ» деген жерінен,

Басып, шауып өткенбіз. (Қазтуған жырау)

Басқыншақ (Баскунчак) көлі бүгінде Ресейдің Астрахан облысының Ахтубин ауданында орналасқан. Аталған көл Астраханнан 339 шақырым қашықтықта болса, ал Волгоград қаласынан 193 шақырым жерде орналасқан.

Өлеңдегі Оқа (Ока)  өзен есімі. Оқа – ұзындығы 1500 шақырымды құрайтын  Ресейдегі өзен. Ол Еділ (Волга)  өзенінің оң жақ саласы болып та саналады.

 


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар