Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨНЕР
Жүсіпбек жазған Әмірқан кім?...

23.05.2024 668

Жүсіпбек жазған Әмірқан кім? 6+

Жүсіпбек жазған Әмірқан кім? - adebiportal.kz

Жүсіпбек Аймауытовтың шағын ғана «Әнші» әңгімесі - өнер құдіреті мен тарлан боз әнші бейнесін ашып бере алған, тамып түскен тамаша туынды. Ондағы бас кейіпкер образы шынайы өмірде болған әнші. Басты кейіпкердің есімі – Әмірқан. Сөз етілген әңгіме Жетішатыр (Семей) қаласында өтеді. Оқиға желісіне негізінен Әмірқан бейнесі мен баяндаушы арасындағы диалог арқылы өрбиді. Шығарма әуелі стипендиядан қалған азды-көпті тапқан тиынына бержабай (жүк тасумен айналысатын кәсіпкер) жалдап, қымыз ішуге барған қалалық оқыған жастардың өзеннен өтуімен басталады. Сондағы қымыздың қызуы болар іште отырғандар қолқалап Әмірқанның ән салуын сұрайды. Осы жерде автор кәнігі желдірме сөз саптауымен әншінің ән салғанын былай суреттейді: «Сүмірейте, қылмита соқты, желдете құтырта соқты. Лебізі құлаққа жағып кетті, жүректі тербетті, тамырды желпіндірді, бойды шымырлатты» деп лекілдетіп кестелейді.

«Жұртқа тәжім етесің, домбыраңды көп күйлеп жалықтырмайсың, сыпайы жүріп тұрасың» деп тапсырғамыз. Әмірқан оның бірін де істеген жоқ дейді автор. «Әмірқанның киімі де, түрі де, жүріс-тұрысы да жат еді, қазақтың еркіндігін еске түсіруші еді» дейді тағы. Еркіндік біздің заманның ғана актуалды проблемасы ма десек, автор өмір сүрген заманда да дәл бүгінгідей өз заманына сыймай жүретін, өмірі түгіл сахнаға шығуының өзі бөлек, қатып қалған тәртіп пен ережені бұзып кете беретін, қасаңдықтан ада мейілінше еркін, мейілінше табиғи әншіні көресің. Әншіні әнші қылып тұрған осы еркіндігін жазушы да өте анық сезініп, рахаттана жазғанын оқып отырып Жүсіпбектің талантты танып, өнердің табиғатын жақсы түсінетін талғамына риза боласың.

Шығармада Әмірқанның аусар, аңғал болғанын да жаза кетеді. Әсте аңқау адамның пейілі ақ келеді. «Ау» деп тамағын кенеп ән сала бастағанда жұрттың естен танардай тәнті болатыны сол аңғалдықтан туған тазалығынан болар. Оны шығармада автор былай суреттейді: «Ол «барды баламайды, жоқты санамайды», өзінің бірдемесін сұрасаң бере салады, кісінің нәрсесін, киімін өзі де киіп жүре береді. Ұят екен-ау демейді. Ол кісі алдауды, арын сатуды білмейді. Кім көрінгенге сенеді. Өзін әркім талай алдап кетсе де, сенуін қоймайды. Ондай саппасты таппассың». 

Нағыз қас талант, өнер адамының болмысы ерекше ғой. Дарын берген, талант дарыған тұлғалардың қарапайым адам түсіне бермейтін, мына өмірдің, мына тіршіліктің ережесіне сыймайтын өмір салты, өз ұстанымы болғандықтан олар өзгеше, дара. Шығармада Әмірхан да ән үшін туған, оған шын берілген, ал, іске, тірлікке келгенде олақ болатыны, тірлігінің берекесіздігінен «Кейін аш жатамын-ау, көштен қалам-ау, ертең не күн көрем» деген ой мүлде мазаламайтыны шынында қарапайым тіршілікті адамның болмысына сыймайтын жат өмір.

Үнемі топ ортада жүретін, ойын тойдың көрігін қыздырып, сахнаның сәні болып жүрген адамға жабырқауға, мұңаюға уақыты болатын ба еді. «Осы Әмірқан бір мезет есі кіріп, ойлана ма екен? Мұңая ма екен?» деп ойлаушы ем. Мұңаймақ түгілі, Әмірқанның жылағанын да көрдім» дейді баяндаушы. Біз білсек Әмірханның қатын ауыстырғыштығы да, өнерінің дәм-тұздығы да әңгіменің соңғы жағындағы Ақтамақ атты қыздан айырылуында ма деген ой тастайтындай автор. Ақан серінің Ақтоқтысы, Балқадишасы, Біржанның Ләйлімі, Балуан Шолақтың Ғалиясы, Естайдың Қорланы қалай осы сері, салдарға муза болса Ақтамақ да Әмірханның өзегін өртеп тұрар өкінішіне, музасына айналған әйел заты екекндігі анық.

Бағанадан Әмірқан, әнші деп автормен бірге тергеп, жасырып отырған бұл әншіні басында өмірде болған дей кеттік. Есті оқырманның кейбірі білсе, кейбірі білмей жатуы мүмкін, енді біз осы жерден Ақтамақ деп зар еңіреген әншінің Әмірхан атты әнші емес, Парижді шулатқан, өз заманының заңғар әншісі  – Әміре Қашаубаев екенін ашық айтсақ күнә болмас. Ол кісі 1925 жылы Париждің төрінде өткен этнографиялық концертте бүкіл елді аузына қаратып, қазақ өнерін, қазақтың алапат дауысын әлемге паш еткен жезтаңдай әнші-тын.

Әуенімен өмірін әспеттей білген – Әміре. 1888 жылы Семей облысындағы Дегелең тауының баурайында дүниеге келген. Әкесі Қашаубай кедей болған. Сол үшін болар бала Әміренің өмірі сынақ пен сынға толы болды. Бірақ не жағдай болмасын жаны әнге құмартып тұратын. Қала жұрты жиын болса болды Әміренің әнін күтуші еді. Себебі ыңылдап жүргеннің өзінде құлағыңның құрышы қанатындай ерекше дауыс иесі болған. Оны білген ата-анасы болар баланың бетін қақпай, белін буып, ақ батасын берген екен. 

Атақты Қояндыда өткен жәрмеңкеге барып, жаяу Мұса, Ғазиз Айтбаев, Қали Байжанов сияқты арқалы әншілермен танысады. Бұл таныстық Әміренің өнерін одан әрі шыңдауға оң әсерін тигізген еді. Әуезді даусымен көзге түскен оны жұрт «әнші бала» атап кеткен. Сол әнші бала 1925 жылы Париж төрінде өтетін этнографиялық концертке шақырту алады. Кейін этнографиялық ансамбльмен Парижге қарай жол тартып, онда 11  концерт өткізген. Өзінің сүйікті әні «Ағаш аяқ», «Дудар», «Екі жирен», «Үш дос», «Қос барабан» мен «Қызыл бидайды» орындап шығады. Бұл кезде Париж тұрғындары жас әншіге тәнті болып қана қоймай, дауысынан ғаламат шабыт алған. Әміренің әні ұнағаны сонша «Қазақтың әншісі Әміре Қашаубаев өзінің халықтық манерада айтылатын емін-еркін даусына ұлт аспабы домбырасының сүйемелін қосып өз елінің жаныңды толқытатын әндерін орындады», - деп жазылады естеліктерде.

Әміренің Мәскеу арқылы Парижға барар жолында, Мәскеуде мырза қамақта жүрген Әлихан Бөкейханұлымен кездеседі. Қазақ ұлтының мәдениет уәкілі ретінде алғаш Еуропа асып бара жатқан жүйріктің бабы келгенімен, ұлттық болмыстан ада олпы-солпы киімі мен айтқан әнінің берекесі кеткен күйін көріп Ахмет Байтұрсынұлына былай деп хат жазады: «Әміре Қашаубайұлын Парижге жібермекші. Ол бірде-бір ән сөзін білмейді ғой!? Болмайтын нәрсені айтады. Мен оны бірыңғай әншілердің үйіне апарып, ән салғыздырттым. Дауысын мақтастық, әйтсе де ән салған кезде, мен қатты ұялдым: айтқан әнінің сөзінде мән болсайшы! Парижде мәнді ән талап етеді. Әншіні Парижге жібере отырып, бір әннің болса да сөзін жаттатқызуға болады ғой! Әміремен бірге баратын басқа халықтардың әншілері ұлттық киімдерін киген, ал біздің Әміре орыс мещанынша киініпті. Бұл соншалықты қиын ба еді!?».

2018 жылы елімізде «Әміре» атты фильм жарыққа шықты. Бүгінде оны көрген әрбір көрерменнің көз алдында Әміренің образы тұрса керек. Кино туралы қысқаша айта кетсек. Әншінің аңғалдығы мен достыққа адалдығын керемет жеткізген. Ауылдан жай қалаға емес, екінің бірі бара бермейтін Парижге топ ете қалады. Жаңа орта, бөтен ел. Қазақ жерінен келген қарапайым жігітті көбісі жақтыра бермеді. «Ауылдан шыққан надансың ғой» деп айтқан сәттерді де бар. Алғашында қиынға соғады. Әбден жерге жатып еті үйренген ол, тіпті жұмсақ кереуетке ұйықтай алмайды. Сахнаға шыққан бірінші күнінен-ақ әншінің даусын естіген қыздардың есі кетіп, музыканттар жақын танысуға тырысады. Ауылдан келген қарапайым Әміре басында тартыншақтап, көзінің қиығын салған қыздарды түсіне алмайды. Көп уақыт өтпей жаңа достар табады. Алдынан кескектеген адамдармен бетпе-бет жолығып, қиындыққа да төтеп береді. Қымбат костюм киіп, қаланың тыныс-тіршілігіне үйреніп кетеді. 

Фильмді нашар деуге келмес. Бірақ көріп отырып «әттеген-ай» деген тұстар да болды. Әлгінде үстінен «надан» деп кемсіткен, арнайы білім алмаған Әміренің француз тілінде еркін сөйлеуі мүмкін бе? Бәлкім біздің Әміре французша сайраған екен деп ойлап жүргендер де бар шығар? Парижге әншінің жалғыз емес, этнографиялық топпен бірге барғанын неге көрсетпеді? Көкейде пайда болған осы сұрақтар жауапсыз қалды. Шынымды айтсам, Жүсіпбек Аймауытовтың «Әнші» әңгімесін оқыған соң фильмдегі Әміре образын қабылдау қиын болды. Екі туындыда көзге көрінетін айырмашылық жетіп артылады. 

кету керек, фильмде жезтаңдай әншінің «ұлтшыл» деп жала жабылған, сол жалғаның кесірінен елден жырақта жүрген Мұстафа Шоқаймен Париж қаласында кездескені көрсетіледі. Иә, Әміре өз қандас бауырын осы жерде көргеніне қуанып, Мұстафаның еліне деген ынтызарлығын, сағынышын әнімен басады. Фильм дәл осылай әншінің елге оралуымен аяқталады. Шындығына келгенде, Париж сапары Әміре өмірінің ең бір даталы, даңқты күндері болса, Парижде Мұстафа Шоқаймен кездесу де Қашаубайдың қара баласының маңдайына біткен сормен тең болды. Ол туралы жазылған хаттар мен қолхаттар былай деп куәлік етеді. 

ҚазЦИК Төрағасы С. Меңдешев Каширинге Мұстафа Шоқай жайлы хат жазады. Оның «Дни» газетінде шыққан «Аштық» дейтін мақаласын жолдайды. Шоқаевтің шет елде осынысымен өйтіп-бүйтіп күн көріп жүрген болар деп, жазған мақаласына үлкен күдікпен қарайды. Оның мұндай мақаланы жайдан-жай жаза салмағанын, тікелей Түркістаннан әлдекімнен хабар алып отырғаны анық екенін айтады. Кейін «Маған «Шоқаевтің қолына біздің «Бостандық туы» мен «Қазақ тілі» газеттерінің редакцияларына келіп түсетін материалдар тимей ме екен» деген ой келеді. Шоқаев мақалалары осы тектес болжамдарға итермелейді» деп Каширинге осы екі басылымға ұдайы бақылау орнатуын сұрайды. Ал, Савицкий болса Шоқаев туралы былай дейді: «Біздегі мәліметтер бойынша Қызылорда округінде тұратын Мұстафа Шоқаевтің туыстары мен жолдастары, яғни оның туған інісі Шоқаев Нұртаза, немере ағасы Қозымбетов Мырзакет, туысы Торгаев Алшы, жақын танысы Дәлетов Нұртаза немесе және жолдасы Үсенов Жорабек онымен хат алмасып отырады». 

Артын суытпай «қырағы көздер» Мұстафа Шоқайға қатысы бар деген адамдардың тізімін жазып шығады. Тізім жай жазыла салсын ба? Осыдан кейін бірден Ж. Исаев, С. Алдабергенов, А. Пермухамедов, Н. Шоқаев, А. Есембаев, Ш. Урумов, М. Тоқмұхамедовты қатаң бақылауға алып, 30-жылдардың екінші жартысында қуғынға ұшырайды.

Әміре Қашаубаев туралы естеліктерде әншінің Парижге барған күннің ертесі мейманханадағы бөлмеге Мұстафа Шоқайдың іздеп келгені жазылған. Бұл жағдай қырағы көздер мен ұзын құлақтардың назарынан тыс қалсын ба? Осыдан кейін ОГПУ органдарында мынадай хабарлама пайда болады: «Ұлттық қазақ әншісі Әміре Қашаубаев Парижден келіп, губерниялық «Қазақ тілі» газетінің редакциясына кіріп, Париж сапары туралы айтып береді. Сонда эмигрант Шоқаевты көргенін айтты. Соңғысы, Қашаубаев сөзіне қарағанда, Қырғызстан (Қазақстан) өміріне қатты қызығып, ол жайлы жан-жақты сұрастырған. Сөзінің арасында оған (Шоқаевқа) біздің тұрақты уәкілі Красиннің КСРО-ға оралуға ұсыныс жасағанын, бірақ өзінің репрессиядан қорқып, бас тартқанын айтқан. Қашаубаевта Шоқаевтің суреті бар. Қашаубев әкелген театр газеті Шоқаевтің соңғы аудармасы туралы рецензия жариялапты». 

Күдікке бір рет іліккен адамға сену немесе оны жайына қалдыру НКВД қызметкерлер үшін сатқындықтан да ауыр түсінік. Қызыл үкіметтің қитығына тигенді қырынға алмай тынбайтын әдетімен 1927 жылы Әміренің үйін тінтіп шығады. Үйдің астан-кестеңін шығарса да олар қолға іліп аларлықтай ешнәрсе таба алмайды. Бірақ Иса Байзақовтың екі поэмасын өздерімен ала кетеді. Артынша И. Байзақов пен Әміре екеуі  Каширинге хат жазып, тінтудің не себепті болғанын және алып кеткен поэмаларды қайтарып беруін сұрайды. Өкінішке қарай, басқарманың оларға не деп жауап бергені немесе поэмаларды қайтарып берген, бермегені жайында ешбір ақпарат жоқ. 

Бір айға жетер-жетпес уақытта Әміре Қашаубаев Басқармаға шақыртылып, тергеушілер алдында жауап береді. Әнші өз хаттамасында былай дейді: «... 1925 жылы маусым немесе шілде айының бірінде мен барлық ұлттық республикалардан жиналған 14 актермен бірге Парижге бардым. Барған соң бойда «Дория» отеліне орналастым. Екінші күні қонақүйге Мұстафа Шоқаев келіп, менімен әңгімелесті. Ол Қазақстанда болып жатқан жағдайларды сұрады. Арасында: «Үкімет басында кімдер тұр? Қазақтар бар ма?» - деген сауалдар да қойды. Мен «бар» деп жауап бердім.  Бірақ, олардың кімдер екенін айтқаным жоқ, ол да менен сұраған жоқ. Сосын ол менің білімімді сұрады. Мен оған «ешқандай білімім жоқ» деп жауап бердім. Әңгіме үстінде ол Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың халжағдайларын және немен айналысып жүргендерін сұрады. Мен : «Байтұрсынов Қызылордада мұғалім, ал Дулатов әдебиетпен айналысып жүр» ,- дедім.

Қазақ драма театрының режиссері Серке Қожамқұловтың естелігінде «Әміре бірде жұмысқа қан-жоса болып келді. Біз не болды десек: «Ештеңе сұрамаңдар! Бәрібір айтпаймын» деп жауап берді. Алайда кейін ол түн мезетінде мемлекеттік саяси бірлестік басқармасына апарып, тергейтінін айтты. Бірі тергеп, екіншілері ұрып-соққан. Сондай-ақ осы қылықтарын біреулерге айтса, онда отбасың да оңбайды деп қорқытқан", - делінген.

Серке Қожамқұловтың тағы бір естелігінен:

«Оның Парижден келген жылы еді. Әміре жұмысқа жылап келді. Мен оған «Ойбай, не болды?» дедім. «Сендер менен сұрамаңдар, мен айтпаймын. Айтсам, бәле болады. Олар менің отбасымды оңдырмайды» деп жауап берді. Күш бермей, соңында айтқыздық. Сөйтсек, тыңшылар келіп, оны түнде үйден алып кетіп, жердің астындағы қараңғы бөлмеге апарған. Онда «Мұстафа не деді? Не берді?» деген сұрақтарды қойып, тергепті. Кейін көк ала қойдай ғып сабаған. Бұл жағдайды маған Әміре жылап тұрып айтты».

Ауыр саяси қысым әсерінен өнер үшін туған Әміре сахнадан алыстай берді. Тергеудің кері әсері тиіп, қызметінен шеттетіледі. ОГПУ органының бақылауында ұзақ уақыт болғандықтан замандастары да қауіпсіздік қызметіне қатысы бар деген күдікпен қарай бастайды. Париж барып қазақтың салмақты саяси қайреткері Мұстафамен кездесуі осылайша әнші өмірінің саяси қабатын тереңдетіп жіберді. Бейкүнә жүрген, ән үшін өмір сүрген «Өнерімді әлемге паш еттім, үлкен сахнаға қадам бастым» деп төбесі көкке бір елі жетпей тұрғандағы қуанышы өкінішке қарай ұзаққа бармады. Қызыл үкімет әншінің артық талантын қызғанғандай, болмысын таптап,  майсасынан жұлынған гүлдей солдырып, бұлбұлдай мойыны қайрылып 1934 жылы мезгілсіз мерт болып кете берді. Бірақ ол жайында нақты деректер жоқ. 

Жүсіпбектің «Әнші» шығармасы Әміре Қашаубайұлының бейнесін өз деңгейінде ашып қана қоймай, қазақтың сол кездегі күйбең тіршілігін көрсеткен. Достық, ізгілік жайында сыр шертіп, Ертіс өзен жағасында өмір сүріп жатқан халық тіршілігін сәттік болса да көз алдыңызға әкеледі. Сол жазған Әміресі өзі қайтқасын үш жылдан соң оның да бақилық болатынын Жүсіпбек Аймауытов білді ме екен. Екі талант қатар жүріп, қатар солғаны әрине қазақ халқы үшін орны толмас зор жоғалту, тіпті кері шегіну десек де болатындай. Екі таланттың бейнесі бірге жүретін осы шағын әңгімеден, өзің де солармен бірге жүргендей әсер алудың өзі оқырман ретінде үлкен ғанибет екен емес пе. 

                                                                                                    Байұзақ Ұлданай Қалдыбекқызы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар