Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Жолдыбай Базар. Қара дақ...

21.09.2023 2069

Жолдыбай Базар. Қара дақ 14+

Жолдыбай Базар. Қара дақ - adebiportal.kz

роман

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Өз қолымызбен, өзіміздің сұмпайы пиғылымызбен әлемнің түкпір-түкпіріне тарыдай шашыратып жіберген мыңдаған жетім баланың, әсіресе солардың ішіндегі тақсіретке тап болғандардың, өмірді Тәңір өзі өлшеп береді десек те, пешенесіне жазылған ғұмыры зорлық-зомбылықтан ерте үзілгендерінің обалы кімге? 

Автордан

БАСЫ МЫНА ЖЕРДЕ

***

2018 жыл. АҚШ-тың Бостон қаласы. Нельсондар отбасы. Бөлменің оң жақ қабырғасына жанастырыла диван қойылған. Диванға қарама-қарсы бетте теледидар, ал оның сол жағына жұмыс үстелі. Осы тұстағы қабырғаға дүниежүзінің үлкен картасы мен АҚШ-тың туы ілінген. Жұмыс үстелінің үстіндегі электр шамының әлсіз жарығы бөлменің ішін әжептәуір жарықтандырып тұр.

Смит оң қолымен жүрек тұсын уқалап бөлмеге кірді де терезенің пердесін сол қолымен серпи ашты. Бөлмені іші бұрынғысынан сәл ғана жарықтанды. 

Смит:

– Күннің көзін көретін кез болар ма екен осы... Түнерген бұлт төбемізден түксиеді де тұратын болды ғой, – деп өзіне өзі сөйледі де электр шамын жағып, содан кейін диванға сылқ ете отыра кетті, – Мела, (Ол Меланиді осылай атайды) қайдасың, дәрімді әкеліп берші. Жүрегі құрғыр... Әлі ұйықтап жатырмысың? 

Даусы қатқылдау шықты.

Мелани жатын бөлмесінен ұйқылы-ояу шықты да:

– Сим, (Ол күйеуін оған ашуланғанда ғана Смит деп өз атымен атайды. Ал жайшылықта Сим дейді) қазір әкелемін. Бір минөт... – деді де жұмыс үстелінің тартпасынан дәрі алып күйеуіне берді де терезе алдына барып тұрды.

Смит:

– Түнімен ұйқым бөлініп кете берді. Ұйықтап жарытпадым. Әрнені ойлап мазам қашты. Онсыз да әлсіз жүрек... Мұндайда алқымыңа тығылып, деміңді тарылтып жібереді екен.

Мелани:

– Жарқыным-ау, нені ойлап жүрсің? Жүрегіңді қысқан ол нендей уайым? Бізде бәрі дұрыс сияқты ғой. Әлде...

Смит:

– Өзекті жанның ойына не кіріп, шықпайды дейсің?.. Біздің дүкендегі Джулияның орнына жаңа сатушы қыз келген... Дәрі ішкен соң жеңілдеп, рахаттанып қалдым ғой. Мартин қайда?

Мелани:

– Мартин өз бөлмесінде болар. Түнде кеш жатқан... Дүкендеріңе жаңа сатушы қыз келді дейсің бе? Оны неге айттың? Ғашық болып қалғаннан саумысың?

Смит:

– Жай айтқаным ғой. Өзі бір қолды-аяққа тұрмайтын пысық әрі мейірімді, аңқылдаған қыз екен. Тапсырылған жұмысты бірден үйіріп әкетті. Оның келгені бәрінен де маған жақсы болды. Жұмысым жеңілдеп қалды. Еріншек, ауыр қозғалатын ана бір Джулиядан әлдеқайда пайдалы... 

Мелани:

– Жұмысыңдағы жаңалықтарды көп айта бермейтін едің...

Смит:

– Солайы солай ғой. Бірақ...

Мелани:

– Неге іркіліп қалдың? Жалғастыр, жалғастыр... Құлағым сенде... Жасы нешеде екен? Несі артық екен, оны да айт, қане... Бәсе, кеше кешкісін жұмысыңнан келген бойда күнделікті әдетіңнен жаңылып, кешкі асты зауқың соқпай ішіп, мұздай сыраның екі құтысын ылдым-жылдым босаттың да ерте жатып қалдың. Махаббаттың оты ішіңді өртеп бара жатқан соң солай еткен екенсің ғой. Ішіңдегі өртіңді мұздай сыра баса алмаған соң әлгіні қиялыңмен құша түнімен аласұрып, дөңбекшіген боларсың. Мен сорлы жүрегіңе дауа болсын деп дәрі беріп жүрмін ғой. Жарылып кетсін жүрегің, жарылып кетсін... – деді дауысын қатайта, жұмсақ ашуланып. 

Мелани тұрған жерінен аяғын қадап-қадап басып келіп диванның жақтауына оң жамбасымен сүйене отырды.

Смит:

– Осы сенің қызғаншақтығың-ай. Қит етсе қызғанып, сабырсызданып, тірліктің байыбына бармастан шала-бүлінетінің-ай... Өзімнен қырық жас кіші қызға қылмыңдап жын ұрып па мені... – деді де кеңк-кеңк күліп, орнына тұрып, әйелін құшақтап бауырына қысты. 

Мелани жұлқынып, күйеуінің құшағын әлсіз кері серпіп жіберді де анадай жердегі жұмыс үстелінің жанындағы орындыққа барып отырды.

Мелани:

– Ал қызғанбадық, еркіңе жібердік... Еркек атаулыға сеніп бола ма? Еркек арсыз болса, қырық жас түгілі жүз жас кіші қыз көрсе де қылмыңдап қалады емес пе... Жарайды, сонымен бұл жерде мен байыбына бара алмай тұрған ол не екен?

Орнына қайта жайғасып, сабырлы қалыпқа еніп, оң қолымен маңдайын тірей отырып, аз-кем үнсіз қалған Смит сөзін жалғады:

– Оның есімі Шолпан-София екен. Ол алғаш келген күні кешкісін, жұмыс біткен соң дүкен қызметшілерін жинап танысу сағатын ұйымдастырды. Бәріміз жөн сұрасқанға дейін оны корей, жапон немесе қытай қыз деп ойладық. Көзі сығырайған қыз болған соң солай болжадық... Сөйтсек, қазақ екен. Қазақстаннан асырап алынған. Ол біздің Мартиннің отандасы. Өзі алғыр, келген бойда жұмысын үйіріп әкетті... Енді, мына қызықты қара, әлгі София Қазақстанға бізбен бірге бала асырап алуға барған ерлі-зайыпты Лопестердің қызы болып шықты. Яғни, біздің Мартинмен бір мекемеде тәрбиеленген. Есіңде ме, Қазақстанға бізбен бірге ерлі-зайыпты Миллерлер де барып еді ғой. София Миллерлер асырап алған ұл баламен қазір араласып тұрады екен. Міне, қызық...

Мелани: 

– Мынауың жақсы жаңалық екен... Біз Лопестерді де, Миллерлерді де Бостонға оралғаннан кейін қайтып көрген жоқпыз ғой. Олар туралы ұмытып та кетіппіз, – деді сабырлы қалыпқа түсіп.

Смит:

– Иә, көп нәрсені ұмыттық қой... Біздер алып келген үш бала енді Құдайдың қалауымен қайта қауышқалы отыр. Енді олардың келешекте араласып тұруына мұрындық болуымыз керек.

Мелани:

– Жарайды делік. 

Терең күрсініп, диванға шалқая отырған Смит:

– Софиямен сөйлескелі бері мені бір мәселе қатты мазалай бастады, – деді. 

Мелани:

– Ол не тағы, не мәселе? Жаныңа әлдебір жайт жайсыз тиген сыңайлы ғой... – деді күйеуінің әлденеге күйзеліп отырғанын түсініп.

Смит:

– Біз Мартинге, Қазақстанға берген уәдемізді саналы түрде орындамадық. Бұл біздің қателігіміз. Өз қарақан басымыздың қамын ғана жейміз деп, Мартиннің тамырына балта шауып, оны құтыға отырғызылған гүлдей етіппіз. Құтыға өсірілген өсімдіктен әлсіз, бейшара не бар?.. Біз Мартиннің келісімінсіз, ықтиярынсыз тамырынан, табиғи болмысынан, табиғи ділі мен тегінен күштеп ажыратып, адастырдық. Тереңіне үңілсек, бұл – ауыр қылмыс.

Мелани:

– Құдайым-ау, не айтып кеттің, түсінбедім. Біз неден қателесіппіз. Қандай қылмыс жасаппыз? – деп тұрған жерінен асыға басып күйеуінің қасына сұраулы пішінмен келіп отырды.

Смит:

– Бәрін түсіндіремін... Тағы да дәрі берші. Жүрегім қысыңқырап тұрғаны.

Мелани:

– Дәріні жаңа ғана іштің емес пе? Оны жиі ішуге болмайды. Жә, жарайды... – деп күйеуіне дәрі берді.

Смит:

– Әйелің дәрігер болса, дертіңе дәріден басқа нені дауа етесің?..

Мелани:

– Сонымен...

– Кеше Софиямен аз-кем сөйлескенмін. Ол маған асырап алған ата-анасы өзін қалай тәрбиелегенін мақтанышпен айтып берді. Қазір өгей әкесі қайтыс болып, өгей шешесі қалыпты. Сонымен бірге тұрады екен. Софияның бөлмесі – кіші Қазақстан көрінеді. Ал жан дүниесі, жүрегі Қазақстанға деген сағыныш пен құрметке толы. Міне, көрдің бе? Біз Софияның асырап алған ата-анасындай бола алмадық. Мартинге обал жасап жүрміз. Біз оны асырап алған алғашқы кезде тәрбиешісіне, дұрысы туған еліне берген уәдемізді орындамадық.

Мелани:

– А-аа. Сенің не айтпағыңды енді түсіндім. Иә, біз Қазақстанға барғанда ондағыларға Мартин-Мақсатқа қазақ екенін ұмыттырмаймыз, отаны туралы айтып өсіреміз деп уәде бергенбіз. Бірақ, сені қайдам, өз басым ондағылардың көңілін аулағансып әлгіндей уәдені бере салғанмын. Онда тұрған не бар?.. Адамның екі отаны болмайды. Біздің Мартиннің отаны жалғыз, ол – Америка. Ол өзін керек етпеген елге емес, Америкаға қызмет етуі тиіс, ұлы Америкаға!

Смит:

– Ұлы Америка! Қайдағы ұлы Америка? Одан да өзімшіл, өркөкірек Америка десеңші... Біздің Америка бәрінен биік, өктем әрі әміршіл. Өзінің қалауына жету үшін ештеңеден тайынбайды. Өзгені құрбандыққа шалу – америкалық арманға жетудің төте жолы болғалы қаш-ш-а-а-н. Азаматтары да сондай. Өз діттегенін орындау үшін өзгенің мұң-зарына құлақ асып, көңіліне қарай бермейді. Мына екеуміз де сондайлардың біріміз. Бүкіл ішкі әлемімізді «мен», «мен», «тек қана мен», «өзім», «өзім», «тек қана өзім» деген мұздай қағидамен, пасық пиғылмен қатырып тастағанбыз.

Мелани:

– Өз еліңді күстәналап, өзіңді жазғырып не өндірмексің?.. Мартин Американың перзенті. Бітті. Оның басын қатырып опа таппаймыз. Онсыз да томаға-тұйық баланың миын ашытпайық. Ертең ол да ер жетеді, оң-солын таниды. Сосын өзі кім екенін біле жатады.

Смит:

– Иә, білемін, ертең ол да өседі. Шындықты біледі. Сонда бізге «өз тағдырымның шиырлы жолы, ұлтым туралы неге айтпадыңдар, мені табиғи тамырымнан жұлып алып, өзегімнен адастырғандарың не?» деп сұрақ қойса қалай жауап береміз.

Мелани:

– Ол мұндай сауал қоймайды. Өз ұлтынан еріксіз тамыры үзіліп, өзгенің болмысын бойына сіңіріп өскен адам шыққан тегін іздеп жарытпайды. Ондайлар тойған, жылынған жерінен басқаның шотын шаппайды. Сондықтан біз Мартинді Американың патриоты етіп тәрбиелеуіміз керек. Бұдан басқаға Мартиннің анасы ретінде келіспеймін.

Смит:

– Ех, Мела! Сені дәл осылай айтады деп ойламаппын. Жүрегің нәзік әйел емес пе едің? Қатігез болма...

Мелани:

– Бұл жерден нендей қатігездік көріп тұрсың?

Смит:

– Қатігездіктің көкесі сенің ойыңнан көрініп тұр. Біз он жерден америкалықпыз десек те сен өзіңнің ағылшын екеніңді, ал мен өзімнің испан екенімді естен шығарған кезіміз бар ма? Әрбір мерекеде ағылшын мен испандардың ұлттық тағамын дастарханға қойып шалқитынымызды ұмыттың ба? Сенің сонау алыстағы Англияда біреу тұмауратса, мұнда жүріп түшкіретінің өтірік пе? Менің Испанияның жанкүйері екенім белгілі ғой... Міне, сондықтан кім болса да, қайда жүрсе де әр адам өз ұлтынан, оның жан дүниесінен, болмысынан хабардар болуға тиіс. Олай болса Мартин де өзінің ұлтын, кім екенін біліп өсуге қақысы бар. Біз оның құқығын өзіне қайтарып беруіміз керек. Сонда ғана менің көңілім жай табады. Әйтпесе, мен Мартиннің алдында өзімді кінәлі санап өтемін.

Мелани сәл кідіріңкіреп барып:

– Сим, мен сені түсінемін. Біз өз ата-аналарымыздың қамқорлығында өскен адамбыз, ал Мартин...

Смит:

– Иә, иә Мартин өз ата-анасы жоқ жетім. Сондықтан оның киімі бүтін, тамағы тоқ болса болды, ол соған разы болсын демекпісің? Оның жан дүниесін де нұрға бөлеп өсіруіміз керек. Ең бастысы осы. Біз оған жетімдігін білдірмей өсіреміз демеп пе едік. Оның жетімдігін білдірмеу дегеніміз тек қана киіндіру, тойындыру емес қой. Біз хайуан емес адам баласының тағдырына жауаптымыз. Соны ұмытпайық. Мартин бізге мұқтаж. Олай болса, оның барлық мұқтаждығын өтеуіміз керек. Сонда ғана біз өз биігімізде қаламыз, адам деген атқа лайық боламыз.

Мелани:

– Сонымен... Нендей ұсынысың бар?

Смит:

– Міне, енді жөнге келдің. Сонымен қазірден бастап Мартинге барлық шындықты айтып, ары қарайғы тәрбиесіне ден қоямыз. Бірақ бұл оңай шаруа болмайды.

– Осылайша ағылшынның өр мінезін испаниялық ізгілік дегеніне көндірді де... Мен келістім. Жөн сөзге тоқтамау ағылшын деген ұлтыма сын, – деген Мелани мейірлене жымиып екі қолын жоғары созып қайта түсірді. Сол сәтте күн бұлт арасынан жарқырай шығып, терезеден енген мол сәуле бөлменің ішін жап-жарық етіп жіберді. 

Смит:

– Алдымен Мартинмен дұрыстап сөйлесуіміз керек.

Мелани:

– Байғұс баланың жүрегін жаралап алмаймыз ба? Әлде де болса ойланайық. Тыныш қана жүре тұрсақ қайтеді, а? Осы уақытқа дейін оған «біз сені асырап алғанбыз» деп бір рет те айтып көрмегенбіз... Енді не істейміз?.. деді де көзіне толған жасын сүрткіштеді.

Смит:

– Шындықты бүгін айтпасақ, бәрібір ертең біледі. Одан да барлығын ашық айтамыз. Ақылсыз бала емес қой... Бұдан арыға созсақ кешігеміз. Қазір, дәлірегі буыны қата қоймаған кезінде бәрін біліп, түсініп алса, жақсы болады. Өз ұлты туралы қажетті дүниелерді санасына сіңіре бергені жөн. Тәуекел... – деп шыдамсыздана орнынан тұрып кетті. 

Дәл осы сәтте ерлі-зайыпты Нельсондардың Қазақстаннан 2004 жылы 7 айлығында асырап алған өгей баласы, бүгінде он үш жастан асқан Мартин-Мақсат жатын бөлмесінен жүзін сүлгімен көлегейлеп есіней шықты. 

Мінезі сабырлы, үнемі томаға-тұйық жүретін Мартин:

– Пап, мам, қайырлы таң, – деп самарқау тіл қатты.

Мелани мен Смит Мартинге қарама-қарсы жүріп, оны кезек-кезек еркелетіп, құшақтарына алды.

Смит:

– Қайырлы таң, Мар (Мартин-Мақсатты үйдегілер Мар деп атайды.

Мелани:

– Қайырлы таң, балақай! Қалай ұйықтадың? Қабағың кіртиіп тұр ғой, жаным, ауырып тұрғаннан саумысың? Тоқта, тоқта. Мына сүлгіні алшы былай. Балапаным-ау, маңдайың дүрдиіп ісіп тұр ғой, кіммен соқтығыстың. Кім тиді? Қане, айт, – деді күйгелектеп. 

Мартин:

– Менде бәрі жақсы. Ұйқыдан жаңа тұрғындықтан ғой, өңім болмай тұрғаны. Ал мына ісік кеше мектептің дәлізінде жүгіріп келе жатып Майклмен соқтығыс қалғанымнан болды. Майклдің маңдайы менікінен дәуірек болып істі. 

Мелани:

– Мар, мені алдай алмайсың. Не болды саған, шыныңды айт...

Мартин:

– Мам, бәрі дұрыс. Ісіктің неден болғанын айттым. Ал қабағымның жазылмай тұрғаны қорқыныштылау түс көріп едім, содан шығар... Хайуанаттар паркіне барған кезде көрген қасқырлар түсіме кірді. Түсімде оларды қап-қара киім киген әлдебіреулер мылтықпен аямай қырып салды. Жаным ашып кетті...

Мелани:

– Жаным сол. Жарайды, сенейік. Бірақ бір шикілік болып жүрмесін... Қазір таңғы ас ішеміз, сосын мектебіңе жеткізіп саламын... Мектептен келген бойда компьютерден көзіңді алмай, атыс-шабысқа толы ойын ойнайсың да отырасың... Әлгі көрген түсің соның әсері ғой. Жұмыс-жұмыс деп саған көңіл де бөле алмай кеттік. Алдағы сенбі, жексенбі күндері үшеуміз міндетті түрде бірге боламыз. 

Мартин:

– Жарайды, мам... Ойынды азайтамын. Пап, мен енді күнде ерте тұрып спортпен шұғылдануым керек. 

Смит:

– Өте дұрыс. Саған таңертеңгілік жаттығу жаса, спортпен шұғылдан деп бұрыннан айтып келемін. Өбектеген мамаңа салсаң, сені спортқа жолатқысы жоқ. Міне, маған қарашы, Шварценеггерден қай жерім кем, – деді де білегін түріп бұлшық етін көрсетіп, екі қолымен ауаны тілгілеп соққылады. Онысы өзгелердің күлкісін келтірді. Сәл қимылды көтере алмай тәлтіректеп кетті, – айтпақшы, спортпен айналысуға не түрткі болды? Қыздардан таяқ жеп қалдың ба? 

Мартин:

– Сыныптастарым – Джон мен Билл біраздан бері жыныма тиіп жүр. Соларды тәртіпке салып, өзеуреген көкіректерін басып қоюым керек. Ол үшін күш жинау керек.

Смит:

– Олар не деп тисіп жүр? Өзім-ақ сазайын берейін. Мына маңдайыңдағы ісік солармен болған айқаста басылған таңба емес пе?

Мартин:

– Жоқ. Олардың салған таңбасы емес... Джон мен Биллдің сыныпта тиіспейтін адамы жоқ. Кеше олар менің ашуыма қатты тиді.

Смит:

– Олар саған не деді?

Мартин ызалана:

– «Сен Азиядан ауып келгенсің. Ата-анаңа өгейсің» деді. Олар осы сөздері үшін жауап береді әлі, – деді де іле көмейіне келген өксікті зорға басты.

Смит пен Мелани бірдей «Немене?» деп таңырқай үн қатты. Мартин әлдене дегісі келгенімен оған шамасы келмей, бөлмеден жүгіре басып шығып кетті.

Мелани:

– Мен Джон мен Биллге көкелерін көрсетемін. Не танытып жүр олар? Ата-анасына, мектептің басшылығына ескертіп, оларды сабасына түсіремін. Есірген екен.

Смит:

– Кімнің аузына қақпақ боласың? Дегенмен Джон мен Биллге әлгіндей сөзді айтуға болмайтынын жақсылап түсіндіру керек. Бұл жағдай біздің Мартинге өзінің өткен шағы мен шыққан тегі туралы ашық айтуымыздың қажеттігін көрсетеді. Сөйтсек қана Мартин өзінің азиялық екеніне намыстанбайды, қайта мақтан етеді.

Мелани:

– Иә, иә. Мартин өзі туралы бәрін білуі керек. Ол өз ұлтымен, өз тегімен мақтанып өсуі тиіс. Сонда ол «азиялықсың» немесе «қазақсың» дегенде намыстанбауы керек.

Смит:

– Иә. Біздің Мартин сөз түсінетін бала. Ол біз айтпасақ та өзінің асыранды бала екенін, біздің өзін асырап алғанымызды біледі. Бірақ онысын бізге білдірмейді. Біздің көңілімізге қарағаны ғой. Біз қанша жерден өбектеп, өліп-өшкенімізбен ол өзінің осында жүргенін бақыт емес, басына түскен қиындық деп таныған да болар. Оңаша қалғанда байғұс бала не ойлайды екен?

Мелани:

– Осы сенің неге болса да тереңдеп кететінің-ай! Сөздерің жанымды жабырқатып жіберді ғой.

Смит:

– Басында саған шашы сары, көзі көк өзімізге ұқсайтын бала асырап алайық дедім. Сен оған көнбей, балаларды ақ, сары, қара деп бөлмейік, бәрі де бала, бәрі де бірдей деп көнбедің. Күні ертең Мартин бізден өзінің қайдан шыққанын сұраса, бәрібір шындықты айтамыз ғой оған. Сонда... 

Мелани:

– Өзің білесің, Қазақстандағы әлгі біз барған балалар үйіне кіргенімізде қап-қара көзі жәудіреп осы Мартин-Мақсат еңбектеп келіп кішкентай қолын бізге қарай созды ғой... Мен оны көтеріп алдым. Ол бетін кеудеме баса қойды. Сол сәтте менің аналық жүрегімнің езіліп кеткенін өзімнен басқа ешкім сезбеді. Мұндай рахатты ешқашан басымнан өткермеген едім. Оны құшағыма қыса бердім, қыса бердім, аймалай бердім. Екеуміздің жүрегіміз қатар соқты. Мұндай табиғи үйлесімділікті мен ешқашан кездестірмеген едім. Содан мен оған байланып қалдым емес пе...

Смит:

– Қой, таусыла бермейік... Бізге енді мықты жоспар құру керек.

Мелани:

– Иә, Мартиннің көңіліне қаяу түсіріп алмау жағын ойлап, бәрін ақылмен шешейік. Айтпақшы, Сим, Софияны үйге ертіп келші, Мартинмен таныстырайық, олар бір-біріне ұқсайтын шығар, – деп сезімге беріліп, Мартин үшін игі іс жасаудың өзіне қаншалықты маңызды екенін жүзінде көрсеткендей болды.

Смит:

– Өте дұрыс. София-Шолпанмен кеңесуіміз керек. Айтпақшы, Миллерлердің ұлын да ұмытпайық. Оның есімі Ален екен. 

Мелани:

– Олай болса, София мен Аленді үйге арнайы қонаққа шақыруымыз керек.

Смит:

– Дұрыс айтасың. 

Мелани:

– Олардың қонаққа келуін қай күнге белгілейміз?

Смит:

– Келесі жексенбіге шақырайық. 

Мелани:

– Жоқ, болмайды. Бүгін бейсенбі. Тым асығыс болып кетеді.

Смит:

– Қалайша? Бүгінді есептемегенде, жексенбіні қоса алғанда білдей үш күн бар ғой.

Мелани:

– Қонақ күтуге дайындыққа үш күн өте аз. Олар әдеттегідей қонақтар емес, мүлде басқа. Оның үстіне қазақтар...

Смит:

– Ойбай-ау, айналдырған екі адамды қонақ ету үшін дайындыққа үш күн жетпей ме? Негізгі мақсатымызға жету үшін бізге дәл қазір әрбір минут қымбат. Президент не губернаторды қонаққа шақырғалы отырғанымыз жоқ қой...

Мелани:

– Жетпейді, Смит, үш күн жетпейді. Сен тар ауқымда ойлап отырсың. Мен бір шығыстанушы ғалым құрбымнан естігенімдей, қазақтарды қонаққа шақырып, күтіп алғанның жанында президент не губернаторды не Рим папасын күтіп алу түк теемес.

Смит:

– Не дейсің? Қалжыңдамашы.

Мелани:

– Қалжыңдап тұрған ешкім жоқ. Ұлымыздың қаны қазақ болған соң бір қажетке жарар деп оның ұлты туралы аракідік болса да интернет арқылы деректер жинап, сондай-ақ қазақтар туралы ақпараттарға үнемі құлақ түріп жүретінімізді өзің білесің... Сен сол ақпараттардан, деректерден ештеңе ұқпағансың ба?.. Қазақтардың болмысы өте күрделі, ішкі қатынастары, иірімдері сан қатпарлы ұлт екенін мен секілді аздап болса да түсінбеген екенсің. Айтпақшы, қазақтардың ұлттық тағамдары туралы, не жеп, не ішетініне дейін бір блакнотқа жазып қойған едік қой. Қазір сол блакнотты тауып алайыншы, – деді де орнынан тұрып, бір үстелдің суырмасынан әлгі блакнотты тауып әкелді, – міне, мына блакнот. Мартиннің бір туған күнін атап өтер алдында оған тосын сый жасаймыз деп шала-бүлініп, қазақтар жеп-ішетін тағамдарды Бостон түгілі бүкіл америкадан сұрау салып таба алмай, жініккенімізді ұмыттың ба? 

Смит:

– Бұл айтқандарыңның біз шақырғалы отырған қонақтарға соншалықты қандай қатысы бар?

Мелани:

– Тым келте ойлайсың. Келте ойламасаң осындай сұрақ қоясың ба? Шақырғалы отырған әлгі қонақтарың қазақтар емес пе? Қазақтар. Ендеше солардың жолымен күтіп алуымыз керек. Қазақтар мен америкалықтардың қонақ күтісі екі бөлек. Қазақтар біз секілді қонағына бір фужер ішімдікті не бір бокал сусынды қолына ұстатып, торт-порт, пюре-сюре беріп шығарып салмайды. Олардікі мүлде бөлек, – деді қолындағы блакнотқа қарап, – міне, мына жерде жазылған. Сонымен тыңда, біз әлгі қонақтарды шақыруымыз үшін алдымен жылқының еті мен қазы-қартасы, жал-жаясы керек. Сосын жылқының ашыған сүті – қымыз керек. Бауырсақ деген нан керек. Айраннан жасалатын құрт, сосын ірімшік, жент керек. Басқасын оқымай-ақ қояйын. Ал осыларды тауып көр. Таба алмайсың. Оларды табу үшін Қазақстанға бару керек. Білдің бе? Қазақтар сиыр мен тауықтың, шошқаның етін жемейді. Жесе сиыр мен тауықтың етін жейтін болар, бірақ оларды сыйлы қонақтарының алдына қоймайды.

Смит:

– Мұның барлығын түсінемін, әлгі өнімдерді Бостоннан таба алмайтынымызды да білемін. Сонда осыларды таппасақ, Мартинге София мен Аленді табыстырмаймыз ба? Сені түсінемін. Сен әйелсің, бәрі мінсіз болса дейсің. Қазақ балаларға өздерінің ұлттық тағамдарын ұсынып, сый жасамақсың, қазақтардың қонақ күту мәнерін атқарып үлгі көрсетпексің. Дұрыс шығар. Бірақ бұл қолымыздан келмейді... Бұл жерде бізді тығырықтан шығаратын бір жайт бар.

Мелани:

– Ол не? Осындағы қазақтармен байланысып, солар арқылы әлгі тағамдарды таппақпысың? Бостондағы біз білетін қазақтарды сөз етпей-ақ қой. Олар ештеңе білмейді. Олар қаны қазақ болғанымен жаны бөтен, таным-түсінігі басқа адамдар. Өз ұлты туралы бізден нашар біледі. Олар қазақты ұлтым деп, Қазақстанды отаным деп есептемейтіндер. Олар таза америкалық болып кеткендер.

Смит:

– Жоқ, менің айтпағым бұл емес. Бізді құтқаратын жайт – София мен Аленнің қаны қазақ болғанымен таным-түсінігі, тіршілік ырғағы өзімізге ұқсастығы. Олар да біз сияқты ойлайды, біз сияқты тіршілік етеді. Сондықтан өзіміздің мәнерімізбен оларды қонақ қылайық. Бірақ сәл өзгешелеу етіп, дастарханды азиялықтарға ұқсатыңқырап, яғни мәзірді көбірек ұсынып дегендей... Олар бізді қазақтарша күтіп алмады деп ренжімесіне мен кепіл. Олардың өздері де қазақтардың не жеп, не ішетінін, қонақтарды қалай күтіп алатынын бізден артық біле қоймас.

Мелани:

– Жарайды. Мұның енді ақылға қонымды. Мен бәрі мінсіз болса деп, нағыз қазақтардың дастарханын жасағым келген түрім ғой. Мен көндім. Шынында, олар да өзіміз сияқты америкалықтар екен ғой. Мен нағыз қазақтарды, Қазақстаннан келе жатқандарды күтіп алатындай болып, асыра сілтеп жіберіппін.

Смит:

– Осылайша алдағы уақытта қазақтармен етене арласа түссек қазы-қарта, жал-жаяны да, құрт пен ірімшікті де, жент пен бауырсақты да жерміз. 

Мелани:

– Олай болса, келесі жексенбіге шақыр қонақтарыңды. Тоқтай тұр. Бізге үйдің ішін аздап өзгерту керек, қазақыландырып дегендей...

Смит:

– Сен тағы да тереңдеп кеттің... Қонаққа өзіміздің америкалық қазақтар келетінін тағы да ұмыттың... Төрге АҚШ пен Қазақтың шағын туларын орнатамыз. Қабырғаға домбыра ілеміз. Домбыраны Қазақстанның консулдығынан көргенмін. Сұрап ала тұрамыз, осымен бәрі қатып кетеді, – деді де одан әрі сөзін сабақтап, – сосын домбыраның күйтабағын табу керек. Жо-жоқ. Оны интернеттен тауып аламыз. Кейін өзімізге тапсырыс бере жатармыз. Сосын... Осымен үй аздап қазақыланады. Айтпақшы, қазақтар төріне қамшы іліп қояды екен. Қамшының орнына ковбойлардың кнутын іліп қоямыз. Сонымен бәрі дұрыс болады. Қазақтың қамшысы қысқа болады екен. Бірақ соның өзімен ұрғанда адам түгіл айуанды жер жастандырады екен. Бір сиқыры бар көрінеді. Қажет болса, әлі екі-үш күн бар, қазақтардың қамшысына ұқсатып өзім де бір нәрсе істетіп көрермін. София мен Ален сол қамшымен бізді ұрып көрмес.

Мелани:

– Жарайды. Жарайды. Тек домбыра деп гитара не мондалин әкеліп жүрме. Күй деп басқа нәрсе дыңғырлатып масқарамызды шығарма. Осымен доғарайық. Шақыратын қонағыңды шақыра бер жексенбіге. Бүгіннен бастап дайындаламыз. Ал әзірге мен кеттім. Жұмысқа шығатын уақыт болып қалды, кешке тағы сөйлесеміз.

Смит:

– Тоқта, Мелани, тоқтай тұр.

Мелани:

– Не болып қалды? Түрің өрт сөндіргендей болып кетті ғой.

Смит:

– Таптым, таптым.

Мелани:

– Не таптың, жарқыным-ау!

Смит:

– Жаңалықтың көкесін, қонақтарды таңғалдыратын нәрсенің дәл өзін таптым. Идея деп осына айт. Жылқының етін, қазы-қарта, жал-жая, құрт, ірімшік, жент, бауырсақ таппасақ та бізге келетін қазақтарды мәз-мейрам ететін идея таптым.

Мелани:

–Айтсаңшы тез, болсаңшы, адамды үздіктірмей.

Смит:

– Үшеуміз де қазақтың ұлттық киімін киеміз. Идея ма, идея.

Мелани:

– Мынауың керемет екен. Бірақ оны қайдан табамыз?

Смит:

– Сол да сөз болып па. Бостондағы кез келген ательеге тапсырыс берсек болды, іс бітеді.

Мелани:

– Біздегі ательелер оның үлгісін қайдан табады?

Смит:

– Сол да сөз болып па? Қазақтың ұлттық киімдерінің үлгісі интернетте толып тұр. Кез келген ательеге ақшасын төлесең интернеттегі үлгілерге қарап-ақ демде тігіп бере қояды.

Мелани:

– Табылған ақыл. Мартин үшін ештеңеден аянбайық. Олай болса, мен қазір жолай бір ательемен келісіп кетемін. Сосын айтқан уақытында бәріміз барып, ательедегілермен ақылдасып әрі денеміздің өлшемін өлшетеміз. Смит, саған мынаны ескертіп қояйын. Фотоаппарат дегенді жиырмасыншы ғасырдың басында қолы жеткендер пайдалана бастаған ғой. Дәл сол қарсаңда қазақтар тақсірет тартқан, аштық пен кедейшілікке ұрынған. Қазақтар түсірілген сол кездегі суреттерге қарап, қазақтардың ұлттық киімі осындай болған деп, суреттерде бейнеленген қазақтардың үстіндегі ауым-сауым киімдерге ұқсатып тігіңдер деп ательеде шу шығарып жүрме. Жарай ма? Егер бүгінгі камералар, фотоаппараттар сонау ілгерідегі ғасырларда пайда болғанда қазақтардың кім болғанын көбірек білер едік. Сонымен келістік пе? 

Смит:

– Келістік. 

***

2018 жыл. АҚШ. Бостон қаласы, Бродвей көшесінің бойындағы шағын алаңша. Бірде ойнақы, бірде баяу музыка ойнап тұр. Адамдар ары-бері ағылып өтіп жатыр. Алаңшаның бір шетіне арнайы қойылған тақталарға көше суретшілерінің түрлі туындылары ілінген. Сол маңда 3-4 адам сурет салып отыр. Ал олардан бөлектеу жерде шашы желкесіне түскен, сирек мұрты екі-үш күннен бері қырылмаған жас жігіт үлкен плакатқа шауып бара жатқан үйірлі жылқының суретін беріле, әлдебір әуенді ыңылдай айтып (америкалық музыка) салып жатыр. Оның қасында тағы бір үлкен плакатта кең жазира даланың, домбыра ұстаған жас жігіттің, қолына құс қондырған үш-төрт аттылы саятшының, екі үш киіз үйдің және аспанда қалықтаған қыран құстың суреті үйлесімді бедерленіпті. Мансұр әлгі плакаттың тұсынан өтіп бара жатып, суретке үңіліп қарады да, іле суретшінің салып жатқан суретінен көз алмай қалды.

Мансұр:

– Сәлем.

Ален:

– Сәлем.

Мансұр:

– Сенің мына суретің мені еріксіз тоқтатты. Керемет екен.

Мырс еткен Ален:

– Саған шынымен ұнап тұр ма? Керемет деп бағасын бергеніңе рахмет. Бұл екі суретке де өзімнің көңілім толмайды. Жыртып тастауға көңілім жіберер емес. Бәрібір басынан салуым керек, – деді.

Мансұр:

– Мен сурет өнерінің сыншысы емеспін. Сондықтан шынайы бағасын беруге шамам келмейді.

Ален:

– Онда жаңа «керемет» дегеніңе жол болсын...

Мансұр:

– Мен үшін бұл екі суреттің кереметі мазмұнында, тақырыбында. Таңдауыңа таңғалып тұрғаным. Білесің бе, бұларда бейнеленген көріністер менің жаныма, жүрегіме өте жақын. Қалай айтсам екен?..

Мансұрға аңтарыла қараған Ален:

– Тақырып, мазмұн... – деген екі ауыз сөзді үзіп, созып айтты да, тоқтап қалды.

Мансұр:

– Сен айтшы... Бұл суреттеріңе мына көріністерді арқау етуіңе не түрткі болды?

Ален:

– Мен өзімді іздеп жүрген адаммын. Өзімді тануға талпынып жүрмін. Мына мені көріп тұрсың ғой. 

Мансұр:

– Иә.

Өзінің кеудесін сұқ саусағымен нұқыған Ален:

– Бұл шын мәнінде мен емес. Мен басқамын. Соны іздеп жүрмін. Ақыры табамын. Оған сенемін, – деді мұңлы да қоңыр дауыспен. 

Мансұр:

– Түсінбедім. Иә-иә, түсіндім, түсіндім.

Кекесінмен күле Ален:

– Нені түсінбедің, нені түсіндің?.. Осы суреттегі көріністерді, осы сарындас туындыларды салу мені өзімді тануға алып баратын төте әрі сенімді жол екеніне күмәнім жоқ, – деді.

Мансұр:

– Сонда сен, сонда сен... Бұл екі суретте азиялықтардың, дұрысы қазақтардың тіршілігі бейнеленген... Сен азиялық емессің бе?

Ален:

– Азиялықпын. Мені осында Қазақстаннан алты жарым жасымда әкелген.

Мансұр:

– Сен сонда қазақпысың?! – деді дауысы саңқылдап.

Ален:

– Иә. Қазақпын! Мен қазақпын! – деп көзінен от шашып, жігерлене тіл қатты. 

Мансұр:

– Міне, керемет! Күтпеген кездесу болды бұл. Мен де қазақпын! Бауырым болдың ғой, – деді де құшағын жайып Аленді бауырына қысты. Ален де құшағын ашып Мансұрды бауырына басты. Екеуі үнсіз тұрып қалды. Содан кейін орындығына сылқ ете отыра кетіп, екі қолымен бетін баса солқылдап ұзақ жылады. Сосын өксігін баса алмай отырып, – Айып етпе мені, айып етпе. Осыншама күйреуік емес едім ғой, маған не болды өзі...

Мансұр:

– Ештеңе етпейді, жеңілдеп қаласың, сенің ішің толы сағыныш. Сол сағыныш қой жан-дүниеңді толқытып жатқан.

Ален:

– Иә, солай шығар... Сенің құшағың маған бүкіл қазақтың құшағындай сезілді... Осында қазақтарды аз кездестіргенім жоқ, бірақ олар мені дәл сендей алғаш көргеннен туған бауырындай қуанып құшағына алған емес. Олар бір түрлі суық көрінді. Олардың аузынан бір ауыз қазақша сөз естігім келіп, айтуларын сұрасам өз тілінен дым білмейтін болып шықты. Олар Қазақстаннан жақын арада келе тұра қазақша білмейтіндеріне таңғалдым. Интернеттен қазақша үйреніп жүрмін. Әзірге жетістігім мардымсыз. Бірақ, күнделікті қазақша сөйлесетін орта болмаған соң қиын екен.

Мансұр:

– Менің әкем айтқандай, қазақ болғанына намыстанатын, өз тілі мен ділін ұмытқан, онысына еш өкінбейтін қазақтың баласы әр жерден табылады. Сондайларға кездескенсің ғой. Америкада мен де талай қазаққа жолыққанмын, солардың көбісін іш тартып көргенмін, бірақ олардан дұрыс жауап болмады. Бірақ бүкіл қазақты соларға қарап жазғыруға болмайды. Нағыз қазақ, бауырмал қазақ, қанына тартатын қазақ көп. Ал шіріген жұмыртқалар қай ұлтта да кездеседі. Біз сол шіріген жұмыртқаларға ғана кездесіп қалып жүрген шығармыз. Әйтпесе...

Ален:

– Сенің жасың нешеде? Менен жасың үлкен емес шығар?

Мансұр:

– Он тоғыздамын.

Ален:

– Ал мен жиырмадамын. Айырмашылық бір жас демесең, екеуміз құрдас екенбіз. Бірақ сен үлкендерше сөйлейді екенсің...

Мансұр:

– Үлкендерше сөйлеу қайдан... Бірақ атамның тәрбиесінде өскен соң, атаммен жиі пікірлесетіндіктен кейде жасамыс адамдардай сөйлеп кететінім бар.

Ален:

– Атаң бар ма?! Керемет! Бақытты екенсің. Әке-шешең, бауырларың бар шығар? 

Мансұр:

– Иә, бәрі бар. Тек, әжемді осыдан жыл бұрын жер қойнына тапсырғанбыз...

Ален:

– Өмірде әжем жоқ демесең, сенің ұпайың түгел екен. 

Мансұр:

– Солайы солай ғой, бірақ жасыңа жас қосылып, ой-өрісің кеңіп, оң-солыңды ажырата бастаған сайын арғы бабаң ғұмыр кешкен атажұрттан жырақта жүргенің жиі есіңе түсіп, өзіңді ұпайы түгел, төрт құбыласы тең, бақытты жан сезіне алмайды екенсің.

Ален:

– Сенің мұңың менікінің жанында түк те емес қой, бауырым-ау. Әлі жассың, шын ниеттенсең атамекенге қоныс аударып, сол жақта өміріңді жалғастыруға болады емес пе. Ең бастысы – ата-әжеңнің, әке-шешеңнің атамекен туралы құлағыңа өз ана тіліңде құйған өсиет-өнегесі, берген тәрбиесі сенің жаныңның атажұртқа деген аңсар-ниетіңді, сағынышыңды қайта қалғымастай оята білгені. Мұны мен сөз саптауыңнан сезіп тұрмын. Бәрібір сен бақыттысың.

Мансұр:

– Солай шығар... Қай қиырда жүрсең де өз отбасыңмен бірге болу үлкен нығмет қой, оған келісемін. Дегенмен, қазақтың таза қаны бойыңда тулап тұрғанда елге деген сағыныштың әуресі оңай тимейді екен.

Ален:

– Жарайды енді... Сендердің отбасыларыңды Америкаға тағдырдың қандай иір жолы жетектеп әкелген?

Мансұр:

– Қазақтың басынан небір үргіншілік заман өткен ғой. Әсіресе, жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жартысындағы нәубетті кезеңде, дәлірегі 1939 жылы біздің отбасымыз жан сауғалап Қазақстаннан Қытайға, одан кейін Түркияға әрең жетіп аман қалыпты. Бұл өзі жан ауыртар ұзақ әңгіме. Ұлы атам мен әжемнің сүйегі Түркияда жатыр. Атам жиырма жасында АҚШ-қа барып, сонда тұрақтап қалады. Содан осында отбасын құрып қалып қойған... Мамандығы – мұғалім.

Ален:

– Америкалық басылымдардан қазақты қан-қасап қырғынға салған сол кезеңдердегі жантүршігерлік жағдайлар туралы көп оқығанмын. Иә, небір қиын замандар өткен екен ғой... Тарихқа көз жүгіртсең... Қазақтың қаны қайда шашырамаған?.. Сүйегі қайда қалмаған?

Мансұр: Иә, еске алудың өзі ауыр.

Ален:

– Өзің қазақ тілін білесің бе?

Мансұр:

– Әрине. Ана тілімді білемін. Түзде ағылшынша сөйлегенімізбен, үйде тек қазақша сөйлесеміз. Бәріміз. Бұл атамның талабы. Атамыздың қалауын, талабын орындамау деген санамызға сыймайды. Менің атамның табиғаты солай ма әлде атажұрттан мүлде жырақта жүргендіктен бе, әйтеуір өз ұлтына деген құрметі ерекше. Қазақылықты қатал ұстайды, баба дәстүріне адал. Бізден де ата-салтқа берік болуды талап етті. 

Ален:

– Шіркін-ай десейші. Керемет қой бұл. Бұл деген ерлікті іс қой. Сенің атаң мен үшін қаскөй-дұшпаннан бөлтіріктерін қорғаймын деп арпалысқан, жанталасқан жаралы бөрі секілді көрінеді.

Мансұр:

– Неге олай дедің? 

Ален:

– Өйткені сенің атаң да жанкештілікпен, өлермендікпен өз ұясын қорғап, жат қоғамда, жат жерде жүрсе де перзенттеріне өз ұлтынан рухани тамыры ажырап қалмауы үшін жанталасқан жансебіл адам. Сондықтан ол кісіні нағыз бөрі деуге болады.

Мансұр:

– Атама деген жоғары бағаңа рахмет. Шынында, сен айтқан соң аңғарып тұрмын, атамыз бізді өзгеге жұтылып кетпеуіміз үшін өмір бойы күресіп, тағдырмен талмай тайталасып келе жатқан кісі екен ғой. Мен атамды жай ғана отбасын құрып, перзентін жеткізген, күн көріс қамымен күнін өткізген қарапайым адам деп жүрсем, олай емес екен. Менің атам өз отбасын қазақы жолдан адастырмау үшін күрескен, сол арқылы бүкіл қазақ ұлтына үлкен үлес қосқан, қазақтың бір шаңырағының қазақы болмысты сақтап қалуы үшін өмірін арнаған адам екен ғой. Біле білсең, бұл деген нағыз ерлік қой.

Ален:

– Қазақ қоғамы жайлы басқалардың жазғандарын жиі оқығаныммен, олардағы сыни пікірлерге, қазақты кем қылып көрсетуге тырысқан ойларға мән бермеймін. Қазір ағылшын тілді қазақ авторлары көбейді. Оның үстіне, Қазақстан туралы өз қазағымыз жазған материалдарды ағылшыншаға аударып беру ісі дамыды. Сол өз қазағымыз жазған мақалаларда бүгінгі қазақ қоғамының рәпәтсіз кейпі сөз болып қалып жатады. Оған қалай сенбейсің. Бүгінгі қазақтың ішінде өз өзегінен ажырап, ділін, тілін тәрк еткендер көптеп саналатынын ұқтым. Өз елінде, өз жерінде жүріп өз тілінен, өз ділінен жерінгені несі деп, іштей қынжыламын. Меніңше, Қазақстанда сенің атаң секілді ойлайтын, ойлап қана қоймай күресе білетін адамдар сиреп бара жатқан секілді. Маған солай көрінеді.

Мансұр:

– Атамның айтуынша, бүгінгі қазақ қоғамында түйткіл көп. Қазақтың жаны жаралы. Оның барлығы сандаған ғасырлар бойы тоқтаусыз көрген зорлық-зомбылықтың салдарлары. Оның бәрін, яғни бүлінген дүниені бірден түзеп тастау қиын. Бәрі жылдар өте реттелер. Елде көзі қарақты, көкірегі ояу азаматтар өте көп көрінеді. Соларға деген үміт зор, сенім мол. 

Ален:

– Лайым, солай болсын.

Мансұр:

– Әркімнің тағдыры әртүрлі. Сенің жаныңның жарасына тиіп кетпесе, сен үшін ыңғайсыздық тудырмаса, сұрайын, өзің туралы, мұнда келу тарихыңды аздап болса да айтып өтсең...

Ален:

– Иә, жаны жарасыз адам жоқ шығар. Жанымның жарасы ауыра-ауыра бүгінде етім өліп кеткен. Менің өз есімім Арман. Осында келіп Ален деген атты иелендім. Бұрынғы Арман Дәптеров қазіргі Ален Миллер. Алғашқыда асырап алған ата-анам Ален-Арман деп атайтын. Жүре келе «Арман» айтылмайтын болды. Оған өзім де үйреніп кеттім. Қазір оңашада бұрынғы есімімді есіме алсам, мүлде жат, өзгенің есіміндей көрінеді. Қазір «Ален» дегенге үйреніп кеттім.

Мансұр:

– Сен басында Қазақстаннан осында алты жарым жасымда келгенмін дедің. Қазақстандағы күндерің, ондағы ортаң есіңде ме, қалай?

Ален:

– Аздап есімде, шамасы 5-6 жасқа шыққан кездегі көріністер көзіме анық елестейді. Ал кейбіреулері бұлыңғыр... Бәрі де мен үшін тәтті елестер. Тәрбиешіміз Сәнді деген апайдың есімі, бейнесі жадымда мықтап сақталып қалды. Ол мені алып кетіп бара жатқанда соңымнан ілесе еңкілдеп жылағаны әлі де көз алдымда... Бәрі есімде... Біздің балалар үйі сол кезде біз үшін еңселі көрінетін, ал қазір ойлап қарасам, ол жатаған ұзын там екен ғой. Сол үйдің іші мен ауласы күні кешегідей көз алдымда... Алғашқыда алысқа, мүлде танымайтын адамдармен тым алысқа бірге кету жөнінде ұсыныс түскенде кішкентай жүрегім атқақтап, екіұдай күй кешкендей болдым. Санамда алысқа танымайтын адамдармен ілесіп кету қорқынышы мен күнде қайталанатын жаттанды тіршіліктен, балалар арасындағы әлімжеттік қатынастан, тәрбиешілерге көрінбей бәсекелестерімен «есеп айырысудан» құтылу мүддесі таласқа түсті. Алысқа танымайтын адамдармен ілесіп кеткеннен кейінгі өмірдің жаман не жақсы екенін бастан өткізбегендіктен, алысқа кету ниетім дұрыс болып көріне берді. Балалар үйіндегі мезі еткен тіршілікті күнде бастан өткеріп жүрген соң, онда қалу мағынасыз болып көрінді. Балалар үйінен басқа жаққа кету мүмкіндігінен айырылып қалмау керек екенін терең сезіне түстім. Бірақ бәрібір тәуекел деп өзгемен ілесіп кетуге жүрегім дауалай қоймады. Мені кетуге үгіттей бастады. Менің санамда туған ел, туған жер, бөтен ел, жат жұрт деген ұғым ол кезде орныға қоймаған еді. Содан болар елден кету деген сөздің мәнін сол кезде қайдан ғана ұға қояйын... Иә, мені үгіттей бастады. Сол үгіттеу барысында Америка да жарнамаланған болар. Мені кетуге көндіріп, ішкі шешіміме нүкте қойған жайт – біздің алысқа ұшақпен ұшып баратынымыздың айтылғаны болды... Мен талмау тұстан ұсталдым. Ұшаққа міну, онымен ұшу менің санамды шырмап тастаған арман еді сол кезде. Маған ұшақпен ұшасың, бірақ өлім күтіп тұр десе де кете берер түсінікте едім. Балалық қой. Ақырында кетуге келістім. Әлі тани қоймаған болашақ өгей ата-анама жатырқап барып жақындадым. Олардың жетегіне ілесіп кетіп бара жатқанда бойым бір ысып, бір суынды, кішкентай жүрегім бірде тіксініп, бірде қобалжыды. Балаға бала деп қарамау керек екен. Бәрін сезіп тұрады. Баланың білмейтіні, сезбейтіні жердің астында не жеті қат көкте болар. Сол сәттерде мен бәріне сергек қарадым. Сол сәттер мені мүлде есейтіп жіберді. Осылайша жұмбақ ой кешіп, жұдырықтай жүрегім тайдай тулап кетіп бара жатып достарыма қол бұлғадым. Райдан қайтуға шама жоқ. Менің тарапымнан «жігіттік сөз» айтылып, келісім беріліп қойған. Достарым анадай жерде аңтарылып қалған. Бәрі-бәрі тізіле маған қарап тұрды. Қазір олар дәу жігіттер болған шығар. Оларды бір көретініме сенемін... Қандай болды екен?

Мансұр:

– Иә, оларды көресің әлі. Қазақстанға талай барасың, Құдай қаласа.

Ален:

– Мені алып кетіп бара жатқанда тәрбиешім Сәнді апайдың мені қимай жылағаны, аман жүруімді тілегені, ойыншықтарымды, кішкене сөмкемді өзіммен бірге беріп жібергені, «мына сөмкеңнің ішінде өзіңнің киімдерің бар, мынау өзіңнің қылышың, ол жаққа барған соң осымен ойнайсың» дегені, менің өгей ата-анама маған дұрыс қарауын өтініп сұрағаны, бәрі-бәрі әлі күнге көз алдымда. Сәнді апайдың сондағы әрбір сөзінің мағынасын қазір ағылшын тілінде анық түйсігемін. Сәнді апайдың айтқандарын орындайтындарын білдіріп жатқан болар, менің өгей әкем мен шешем бастарын шұлғумен болды. Сол сәтте Сәнді апай маған туған анамдай болып көрінді, жетектен жұлқынып шығып, жүгіріп барып Сәнді апайды құшақтағым келіп кетті. Бірақ алақанымды қысып ұстаған өгей шешемнің дегеніне көну, көндігу деген сезім менің тұла бойымды өзіне бағындырып үлгерген еді. Мен соңыма жалтақ-жалтақ қарап кете бардым. Өзінің туған анасының бейнесін бір ретте көрмеген мен анам қандай болды екен деп ойлағанда көз алдыма Сәнді апайдың кескін-келбеті тұра қалады. Мен үшін ана бейнесі, ана дегенде Сәнді апай мен өгей анам Кетриннің асыл бейнесі көз алдыма келеді.

Мансұр:

– Асырап алған ата-анаң қалай болды?

Ален:

– Асырап алған ата-анам Джонс пен Кетрин қазір бұл өмірде жоқ. Өгей әкем осыдан бес жыл бұрын ішкіліктің кесірінен қайтыс болды. Өгей анам осыдан бір жыл бұрын жол апатынан қаза тапты. Екеуі де оқыған, зиялы адамдар болатын. Бірақ, амал не, әкем зиялы болмысын бұзып алды. Менің жаңа отбасым алғашқыда өте жақсы, жайлы болған. Кейін отбасылық қатынас бірте-бірте нашарлай берді. Бәрі өгей әкемнің кесірінен болды. Ол жиі ішетінді шығарды, жүргіш әйелдермен көп қыдыратын. Оған анам байғұс шыдамай айқайға басатын. Ұрыс-керіс, айқай-шу толастамайтын. Ұрыс кезінде өгей әкем ашуын менен алатынды шығарды. Жиі таяқ жейтінмін... Үйден қашып кеткен кездерім де көп кездесті. Ата-анам бір ажырасып, бір қосылып отбасымыздың берекесі қашты. Ақырында екеуі ажырасып кетті. Дүние мүлік бөлінді, үй сатылып, ақшасы екіге бөлінді. Мен анаммен бірге қалдым. Жалдамалы пәтерде жүрдік.

Мансұр:

– Анаңның мейірімі саған үлкен тірек болған екен ғой...

 Анам байғұстың мен дегенде шығарға жаны бөлек еді. Анам қандай қиындық көрсе де маған қайдан шыққанымды, тіпті, ата-тегіме дейін айтып өсірді. Қазақтар туралы көп білуімнің қажеттігін ұдайы есіме салып отырды. Пәтерден пәтерге көшіп жүрсек те Қазақстанның туын тастамай, үйіміздің қымбат дүниесі ретінде алып жүретін. Спорттық олимпиадалар өткенде экраннан Қазақстанның туын көрсетіп, қазақстандықтарға жанкүйер болуымды сұрайтын, менімен бірге өздері де Қазақстан спортшыларына жанкүйер болатын. Мамам өскенде өз еліммен байланыс орнатқанымды қалады. Сондықтан да мен үшін Қазақстан, қазақтар туралы мағлұматтар жинап берумен болды. Сол үшін талай ғалымдармен сөйлесті, тіпті бірнеше рет үйге Қазақстаннан келген қазақтарды ертіп келгені бар. Бірақ олар маған ұнай қойған жоқ. Қазақ деген аты болмаса, заты басқа болып кеткендер екен. Мамамның оларға көңілі толмады. Өз ұлты туралы түк білмейтін адамға кім құрметпен қарасын?.. 

Мансұр:

– Отбасыңда өзің ғана қалған екенсің ғой?

Ален:

– Иә, жалғыз қалдым. Амал не? Әйтеуір жұмысым бар, табысым күнкөрісіме, пәтерақыға жетеді. Алдағы уақытта отбасы құрып, жаңа өмір бастасам деймін.

Мансұр:

– Арман-тілегің орындалсын, бауырым.

Ален:

– Соны айтшы...

Мансұр:

– Балалар үйіне келу тарихың қалай?

Ален:

– Мамам пен папамның айтуынша, мені өз анам үш айлығымда жетімдер үйінің есігі алдына тастап кетіпті. Есімімді, қай ұлт екенімді, қай ру екенімді бір парақ қағазға жазып, оны иткөйлегімнің омырауына қадап тастап кетіпті жазған байғұс. Өзінің есімін қылмысын жасырғандықтан болар жазбапты. Бәлкім мен өскенде таппай қалсын деген шығар... Мені қаруына алған жетімдер үйінің тәрбиешілері өз анам омырауыма қадап кеткен әлгі парақты жеке мүлкім ретінде асырап алған ата-анама тапсырыпты. Сол парақ менің өмірлік төлқұжатым.

Анамның мұндай қатігездікке барғанына не себеп болғанын кім білсін? Бірақ торғай екеш торғай да балапанын жанын сала қорғайтыны еске түскенде, табиғи анама елжірей қоймаймын. Бірақ бір рет болса да көрсем деймін. Не болса да аман болса екен.

Мансұр:

– Сөзің аузыңда, тоқтай тұршы... Сен жаңа «Анамның мұндай қатігездікке барғанына не себеп болғанын кім білсін?» дедің... Түсінесің бе, менің атамның айтқанынан ұққаным, жалпы қазақ қызының, қазақ әйелінің бойында табиғи ұяңдық басым болады. Бұл өте жақсы қасиет. Бұл ұяңдық ұяттан, ибалылықтан, имандылықтан бастау алады. Міне, осы ұяңдық қазақ қызы егер аяғын шалыс басса, сүрініп кетсе көбіне одан әрі тұқыртып жібереді. Қазақ қызы ата-анасының, бауырларының ар-ұятын, намысын бәрінен жоғары қояды. Ата-анасының, аға-інілерінің арына дақ түсірмеуді, намысына тимеуді өмірлік ұстаным етеді. Алайда өмір болған соң әртүрлі жағдайлар болып жатады. Осындай жағдайлардың біріне тап болып, қара бет болып қалса, дұрысы әлдекімге алданып жүкті болып қалса, оны өлгенмен бірдей көреді. Қазақ қызы осындай жағдайға душар болып қалса, өзді-өзіне қол салудан тайынбайды. Бірақ қалай да іштегі нәрестеге жарық дүние сыйлап барып кетеді. Жүкті болғанын, оны босанғанын бар мүмкіндігінше әкесіне, аға-інілеріне көрсетпеу үшін күреседі. Өйткені әке намысы, бауыр намысы оңай емес. Жандырып жібереді. Міне, бір қателіктің азабы мен мехнаты осындай. Оны орындау оңай емес. Меніңше, шамасы сенің анаң уәделі адамынан пана таппай, зар жылап қалған. Содан амалсыздан сені жетімдер үйіне өткізген. Өстіп әке мен аға-інілерін намыс өртінен құтқарамын деп өзі жан шыдамас қылмысқа барған. Бәрін бір Құдай біледі, дегенмен сенің анаң керемет адам, қазақы таным-түсінікті бойына сіңіріп өскен адам. 

Ален:

– Қайдам... 

Мансұр:

– Өйткені сені тастап кетерде ата-тегіңнің, ұлтыңның, руыңның атауын жазып кеткенінен-ақ оның жөн білетін бір абзал жан екенін ұғуға болады. Ол сені өте жақсы көрген. Оны сен келешекте білуің тиіс ең басты дүниелерді жазып қалдырғанынан-ақ көп дүниені ұғуға болады. Ол тек бір ғана қателігінің құрбаны болып, зар жылап қалғанын, осы қателігі оны не тірі, не өлі екенін білгізбей көзден ғайып болуына итермелегенін түсін. Анаң байғұс сені жатырға салып берген адамның да, сол жақтағы қоғамның да құрбаны.

Ален:

– Қалай дегенде де ол мені керексіз бұйымдай тастап кетті ғой?

Мансұр:

– Сенің анаңа деген налаң орынды. Оған ештеңе демеймін. Бірақ, қазақ қызы, қазақ әйелі өз баласын тастай қашуының себебі өте күрделі келетінін түсіне жүр дегенім ғой. Қазақ әйелінің баласынан бас тартуына оны күтіп, бағу, асырау, басқа да қажетін өтеу сынды жайттар себеп бола алмайды. Соны біл. Қазақ әйелі өз перзентінен бас тартар болса, оны себебі де үлкен болады. Бірақ қалай дегенде де өз баласын тастанды етуді ешкім кешірмейді. Некесіз бала табуға рұқсат етілмейтін, ол өліммен бірдей саналатын ортада өзгеден жүкті болып қалған, күнәһар болған, бірақ жақтырмаушы-жазалушы топқа әлі онысын білдіре қоймаған бүлінген қыз өзінің басындағы осы халдің түйінін өзіне қол салу арқылы шешіп жатады. Ал тағы біреулер елден безіп кетеді. Ал тағы біреулер баласын ешкімге білдірмей босанып, екінші бір тарапқа білдіріп не білдірмей тастап кетеді. Жан мен елден безу ұзын етектіге қиын. Оған тек баласын білдірмей туып, одан бір жолын тауып құтылу жолы ғана жеңіл тиеді. Міне, сенің анаң да, меніңше осы соңғы жолды таңдаған секілді.

Ален:

– Мұның бәрін қайдан білесең? Бейне бір өзің босанып, балаңды біреуге тастап кеткендей сөйледің ғой, – деді жымиып.

Мансұр:

– Мұны білу үшін бала туып, оны тастап кетіп азаптанудың түкке де қажеті жоқ. Үйіңде отбасылық құндылықтар, имандылық, тәрбие, өмірлік дұрыс жол таңдауға қажетті дүниелерді, ырымдар мен тыйымдарды білетін, онысын жатпай-тұрмай ұрпағының құлағына құйып отыратын қазыналы қарияң болса, бәрін біліп жүресің. Ал менде дәл осындай қазына бар. Құдай қаласа сен де сол қазынадан керегіңше алатын боласың. Құдай қаласа, сені отбасыммен таныстырамын.

Ален:

– Міне, керемет!!! Мені отбасыңмен, әсіресе атаңмен таныстыршы.

Мансұр:

– Жарайды... Сен өз анаңды іштей ая. Оған іштей кешіріммен қара. Ол байғұстың басына сол тұстарда қандай қиындық түскенін біз білмейміз ғой. Құрбандық қой, ол. Құрбандық. Сен кешір, бәлкім ол бұл өмірде жоқ та шығар. Бәлкім оның жаны сені күнде көріп, қолдап, қорғаштап жүрген болар. Бәлкім, ол бір жерде үйлі-жайлы, отбасылы болып ғұмыр кешіп жүрген болар. Ол қайда жүрсе де сені бір пәске де есінен шығармағанына мен бек сенемін. Өйткені, ананы Құдай дәл солай, миллиондаған шақырым қашықта жүрсе де, жан-дүниесі әлдеқашан алшақтап кетсе де баласы санасынан бір сәт те өшпейтіндей етіп жаратқан.

Ален:

– Жарайды, жарайды. Сенің айтқаның болады.

Мансұр:

– Сен сонда руыңды білесің ғой?

Ален:

– Иә, білемін. Анам өзіммен бірге қалдырған бір жапырақ қағазда руым да көрсетілген деп айттым емес пе. Біз кейін ру деген не екенін білмей біраз жүрдік. Кейін сұрастыра, интернетті ақтара, ағылшынша білетін қазақтармен сөйлесе келіп, қазақ ұлтының, қазақ халқының рулардан құралатынын, оның қазақ үшін өте маңызды екенін ұқтым.

Мансұр:

– Сонда сенің руың қандай?

Ален:

– Қаршығалы.

Мансұр:

– Ол қай жүзге жататынын атамнан сұраймыз.

Ален:

– Орта жүзбін. Оны интернеттен тауып алдым. Қазақтардың руға бөлінетінін, түп тегі бір рулардан құралатынын да білдім. Қазақтар жеті атаға жетпей қыз алыспайтынын да біліп алдым. Егер қоғамда кімде-кім бұл шартты бұзса, оның жазасы өте ауыр болған екен. Қағиданы бұзғандар тіпті, өлтірілген, ең аз дегенде елден қарабет ретінде аластатылған. Бұл шарт-талап қан тазалығын сақтау үшін керек екен. Бұл жағын атасының қолында өскен балаға түсіндіріп жату артықтау болар, – деп күлді. 

Мансұр:

– Сенің өз қаныңды, өз ұлтыңды тануға деген талпынысың жақсы екен. Көп нәрсе біліп тұрсың. Қане, Ален-Арман енді не істейміз. Біздің үйге жүр.

Ален:

– Дәл қазір ме?

Мансұр:

– Иә, дәл қазір... Осыдан бір ай бұрын атам мен әкем атажұрт – Қазақстанға кеткен. Ал дәл бүгін Бостонға қайтып келетін күні. Мен оларды аэропорттан күтіп алуым керек еді. Бірақ бүгін бір шаруа килігіп, яғни бір атақты профессормен осыдан бір ай бұрын дәл бүгін кездесетін болып алдын ала уәделесіп қойғандықтан... Содан әкеме осы шаруамды айта отырып, күтіп ала алмайтынымды алдын ала ескертіп сұранған едім. Ол өзіміз үйге бара береміз деп, рұқсатын берді. Осылайша, күтіп ала алмаған соң, енді құрығанда атам мен әкемді үйде қарсы алуым қажет... Егер сені ертіп барсам қатып кетер еді. Бәрінен де атам қуанып қалатыны сөзсіз. 

Ален:

– Сенің үйіңе барсақ барайық. Сенің отбасыңды, әсіресе атаңды көргім келіп тұр. Айтпақшы, біріншіден, сені қазір қазақтың бір сұлу қызымен таныстырайын.

Мансұр:

– Ален бауырым, дәл қазір қыз-пызды қоя тұралық. Үйге барайық. Атам мен әкемді аэропорттан күтіп ала аламай өзімді кінәлі санап тұрмын. Енді ол кісілерді құрығанда үйде қарсы алуға үлгеруім керек қой. Ол кісілер үйге барамын дегенше біз олардан бұрын жетіп алайық.

Ален:

– Сен менің ұсынысымды дұрыс түсінбедің, бауырым. Мен жай ғана қыз-пыз туралы айтып тұрғаным жоқ, мен қазақтың сұлу қызы жөнінде айтып тұрмын.

Мансұр:

– А-а-а, сен қазақтың сұлу қызы туралы айтып тұр екенсің ғой, мен сөзіңе мән бермей қалыппын. Иә, қазақтың қызына жай ғана қыз-пыз деп қарауға болмайды. Бірақ, Ален, түсінші...

Ален:

– Түсінемін, түсінемін. Иә, атадан ұят болады. Бірақ біз үйге баруға не үшін кешіккенімізді дұрыстап айтсақ, атамыз бізге түсіністікпен қарайды. Тіпті, рахмет айтады. Мен оған сенемін.

Мансұр:

– Иә, біздің атамыз бәрін түсінеді. Ал Америкада адасып жүрген, қазағын сағынып жүрген, аңсап жүрген қазақтың ұлы мен қызы үшін сәл аялдап қалдым десем, ол кісі ренжімейді. Тіпті, қазақтың осындағы екі тамшы «қанын» «бойыма сіңіріп алып», үйге алып барсам, атам шаттықтан жарылардай қуанбай ма, қайта.

Ален:

– Міне, енді жөнге келдің. Қазір оған телефон соғайық.

Мансұр:

– Кімге?

Ален:

– Жаңағы мен айтқан қазақтың сұлу қызына.

Мансұр:

– Жарайды. 

Ален: «Хелло, сәлем София! Бәрі жақсы. Жұмыстан әлі босаған жоқсың ба? Олай болса маған соғып кетерсің. Мен өзің білетін алаңдамын. Иә, сол жердемін. Біз сол жерде күтеміз. Иә, біз дегенім, жолдас жігітім бар. Сен танымайсың оны. Жо-жоқ, ол емес... Күшті жаңалық бар дейсің бе? Ол нендей жаңалық? Келген соң айтамын дейсің бе? Жарайды. Ретін тауып соғып кетші. Сені мұнда керемет тосын сый күтіп тұр. Шын айтамын. Саған өзіміз-ақ бара салар едік, бірақ мына жерден суреттерді жинауға біраз уақыт кеткелі тұр. Жақсы болды. Күтеміз. Келмей қалма, София», деп Мансұрға беймәлім қызбен телефон арқылы сөйлесті. 

Ален:

– София келетін болды. Ол келгенше біз мына жерді жинастыра берейік, – деп сурет салынған плакаттар мен кенептерді, бояуларды жинастыра бастады.

Мансұр көмектескендей болып жүріп:

– Өзің жаңа айтқан Софиямен қашаннан бері таныссың? – деді.

Ален:

– София сондай ашық-жарқын, алтын қыз. Жиі жолығып тұрамыз. Қазақша есімі Шолпан. София-Шолпан... Бір-бірімізді жақын тартып кеттік. Менің онымен танысқаныма көп бола қойған жоқ. Ары кетсе бір жылдай болды. Иә, иә былтыр жаздың дәл осы шағында осы аллеяда танысқанбыз. Алғаш кездесуіміз жаңа мен сені тауып алғандай, жоқ сен мені тауып алған сәттегідей болды. Ол да сен сияқты менің суреттеріме зер сала қарап тұрып, жөн сұрасып қалып, таныса кеттік. Софияның асырап алған ата-анасы Қазақстан, қазақ халқы туралы біліп өсуіне қолдарынан келген жағдайын жасаған көрінеді. Содан менің салған суреттерім оны бей-жай қалдырмаған ғой. Таныса келе екеуміз де қазақ болып шыққанымыздан бөлек, екеуміз де бір жетім балалар үйінің тәрбиеленушілері болып шықтық. Бізді асырап алған ата-аналарымыз біздерді бір жылы, бір күнде бір мекемеден алып кеткен екен. Ата-аналарымыз тек жолда, сапар барысында ғана танысқан. Бостонға келген соң олар бір-бірімен сол күйі араласпай кеткен. Сөйтіп біз бір-бірімізді көрмей, білмей өсіппіз. Бірақ Құдай қайта жолықтырды, кезіктірді. Айтпақшы, менің папам мен мамам айтып кеткендей, Қазақстаннан Бостонға бізбен бірге балалар үйінде болған тағы бір бала келіпті. Ол алты-жеті айлық нәресте болған екен сол кезде. Мұны Софиядан сұрасам бұл жөнінде оның да ата-анасы айтыпты. Енді соны тауып алсақ деп жүрміз. Қазір ол 12-13 жасар жасөспірім болған шығар, аман болса.

Мансұр:

– Иә, оны тауып алуымыз керек. Ол да Бостонның бір бөлігінде тұрып жатқан шығар. Бәлкім ол дәл қазір біздің қасымыздан өте шыққан да болар. Құдай біледі. 

Ален:

– Иә, кім білсін?.. Софияның әкесі туралы мәліметі мүлде жоқ. Анасы ата-ана құқығынан айырылған екен. Шешесінің жақындарының ішінде бас көтерер ешкімі болмаған соң София мен оның Мұрат деген інісі екеуі біз тәрбиеленген жетім балалар үйіне өткізіледі. Оны төрт жарым жасында Лопестер отбасы асырап алады. Ал бауыры жетімдер үйінде, Қазақстанда қалып қояды. Ерлі-зайыпты Лопестер Софияны аялап, мәпелеп өсірген. Қазақстанда қалып қойған бауырымен де байланысын үздірмеген. Оның інісін де асырап алмақ болып талпыныпты, бірақ оған мүмкіндіктері болмай кеткен. Оның бауыры қазір үлкен жігіт болған екен. Екеуі Қазақстанда не Бостонда кездесеміз деп жүр. Бүгінде Лопес мырза өмірден озып, София мамасы екеуі бірге тұрып жатыр. Лопестер Софияға Қазақтың ән-жырын тыңдатып, өнері мен мәдениеті, салт-дәстүрі туралы мәліметтер беріп өсірген екен. Сондықтан оның Қазақияға деген сағынышы мен құрметі ерекше. Қазір ол бір дүкенде маркетинг-сатушы болып істеп жүр. 

Мансұр:

– Софияның бауырымен табысуына көмектесейік. Қалай қарайсың?

Ален:

– Әрине, көмектесеміз.

Мансұр:

– Ол өзінің туған ата-анасы туралы көп ойлайтын болар. Қыз баланың жаны нәзіктеу келеді ғой...

Ален:

– Әкесін білгісі, көргісі келетіні туралы ештеңе айтқан емес. Тек шешесі мен бауыры туралы жиі айтады. Шешем мен бауырымды шіркін-ай бір көрсем ғой деген арманы бар. Ол өлі-тірісі белгісіз шешесін аяйды. Тағдырдың қыспағына түсіп қалып, өмірден оңбай таяқ жеп қалмаса балапандарын тастап кетер ме еді деп, анасын жаман атқа қимайды. Софияның өгей әке-шешесіне деген құрметі мен қатынасы керемет. Лопес мырзаның бейітіне жиі барып тұрады екен. София – Лопес ханымның көз қуанышы.

Мансұр:

– Қыз баланың жаратылысы бөлек қой.

Ален:

– Шынымды айтсам, соңғы уақытта Софияға ғашық болып қалған сияқтымын. Жиі ойлайтын болып барамын. Ал оның менің ішкі ойымнан хабары жоқ. Мені бейне бір туған ағасындай көретін секілді. Кейде еркелеп кететіні бар. 

Мансұр:

– София қандай рудан?

Ален:

– Ол жағын сұрамаппын... Қандай ру екенін білмедім... Қай рудан екенін өзі де білмейтін шығар.

Мансұр:

– Онда сен ғашық бола алмайсың. Оған сенің жігітшілік сезіммен қарауға құқың жоқ.

Ален:

– Неге?

Мансұр:

– Өйткені сен оның қай рудан екенін білмейсің. Ол сенің руласың, дәлірегі жақын қарындасың болып шығуы да мүмкін. Бағана айтып едім ғой, қазақ перзентін өзінің араға жеті ата түспеген руласымен бас құратпаған, отау құруларына қатаң тыйым салған. Және де руы белгісіз жігітке қызын бермеген не руы белгісіз қызға ұлын үйлендірмеген.

Ален:

– Бұл жөнінде аздап хабарым бар. Бірақ оған соншалықты мән бермеппін. Ал сенің айтуыңнан қазақ үшін отау құруда рулық қатынастың өте маңызды екен жете ұғына түстім. Маған дер кезінде ескерттің. Әйтпесе мен Софияға жақында сезімімді білдіргім келіп оқталып жүргенмін...

Мансұр:

– Бізге біріншіден Софияның руын анықтау керек. Егер оның руы сенікінен басқа болып шықса, онда оған ғашықтық сезіміңді білдіре бер. Ал ол сенің руласың болып шығып, оған дейін сен онымен жақындасып жүрсең нағыз қасіреттің өзі сол болады, білдің бе?

Ален:

– Бір қауіптен құтылыппын ғой, ә. Оның руы қашан анықталғанша мен оның бауыры, ағасы болып жүремін. Егер ол басқа рудан болса... Ал руласым болып шықса ағасы болып қала беремін. Мансұр, мынаны айтшы. Егер, Софияның руы сол күйі анықталмаса ше? Ол сонда қазақтың ешқандай баласына тұрмысқа шыға алмай ма?

Мансұр:

– Мен де атама дәл осындай сұрақ қойғанмын. Яғни, руы белгісіз ер бала не қыз бала қалай бас құраған деп сұрағанмын. Ол кісі «қазақтың руы белгісіз ер не қыз баласы ешқашан болған емес. Егер ел ішінде көрдемше туыла қалса, ол шыққан жатыр иесін қатаң тергеуге алып, көрдемшенің тегін анықтамай қоймаған» деп жауап берген. Мен жауапқа қанағаттанбай: «Ата, қазір дәстүрге берік, салт пен ғұрыпқа қылау түсірмейтін баяғы заман емес. Сондықтан, бүгінде руы белгісіз қазақ баласы кездеспейді дегенге кісі сенбейді. Руы беймәлім қазақтың тастанды баласы қаншама. Олар сонда қазақпен шаңырақ көтере алмай ма?» деген сауалыма атам: «Жоқ, олардың қазақ баласымен отау құруға құқығы жоқ. Қан бұзылады, олар рулас болып шығуы әбден мүмкін. Руласына үйлену қасірет. Мал екеш мал да өз қанына шаппайды», деп жауап берген. «Сонда руы белгісіз қазақ ұлы не қызы қайтпек?» дедім. Атам: ондайлар, қазақтан ірге ажыратпаймын десе, қазаққа сіңіп кеткен өзге ұлт өкілімен отау құрып, амалын жасайды. Олар үшін дұрыс жол осы» деп жауап қатқан.

Ален:

– Түсіндім... Софияның руын қалайда анықтау керек. Әйтпесе, қиын. София қазақтың жігітіне тұрмысқа шығамын дейтін еді. Мұны естісе... Айтпақшы, көрдемше деген не?

Мансұр:

– Некесіз туған бала. 

Ален:

– Мен оқыған кітаптарда қазақтың тектілігі жөнінде көп жазылған. Сонда мен іштей «қазақтың тектілігі неде?» деп өзіме сұрақ қоюшы едім, бұл сауалдың жауабының бір ұшын ұстағандай болдым.

Мансұр:

– Рулық қатынасқа байыппен әрі қатал қараудың арқасында қазақ мына арпалысты, аралас-құраласты, жаһанданған, жақсылығынан күйесі мен пәлесі көп заманда өз келбеті мен болмысын, қан тазалығын сақтап, алып мұхитты қақ жарып жүзіп келе жатқан алып кемедей алға ілгерілеп келеді. Мұндай ерекшелік пен артықшылық қазақтан басқа ешқандай ұлтта жоқ. Сондықтан оны қадіріне жетіп, көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек. Рулық қатынастарымызды, оның талаптарын сақтай білсек ата-баба аманатына, ұлы жолына адалдық көрсеткеніміз. Бұл Тәңірдің қазаққа берген ұлы нығметі. Қан тазалығын сақтаудан артық ұлт алдында қандай ұлы міндет болуы мүмкін. Қазақтың таза қаны ұлтымыздың бойында сақталса ғана Қазақ мемлекеті болады, Қазақстан болады. Қазақтың таза қаны бойында тулаған ұрпақ қана елдің сенімді болашағы бола алады. Ал қанымыз бұзылса, қанымыз басқамен араласып кетсе, басқаға ұқсап, басқаға сіңіп кетсек біткеніміз.

Ален:

– Атасының тәрбиесін, ақылын естіп өскен сенімен жолықтырған тағдырыма разымын. Бір пәсте көзімді ашып, көкірегімді күмбірлетіп, жан сарайымды жарқыратып жібердің ғой.

Мансұрға разы болған Ален оны құшағына алып, ықыласын білдірді. Осы сәтте София Миллер көңілді кейіпте бұлардың қасына келе қалды.

София:

– Сәлем, жігіттер!

Ален:

– Сәлем, София! Тез келіп қалдың ғой...

Мансұр:

– Сәлеметсіз бе?

София:

– Сәлем... Бұрын мен көрмеген жолдасың осы жігіт пе?

Ален:

– Иә, осы жігіт. Жаңа саған айтқан тосын сыйым да осы жігіт.

София:

– Бұл жігіт қай жағынан маған тосын сый болуы мүмкін...

Ален:

– Тосын сыйдың атасы осы. Алдымен танысып қойыңдар.

Мансұр:

– Есімім Мансұр

София:

– София.

Ален:

– Мансұрдың тосын сый болатыны, бұл жігіт біріншіден қазақ, екіншіден аракідік болса да біз көріп жүрген қазақтар сынды емес, нағыз қазақ!

София:

– О-һо-о. Олай болса, бұл шын мәніндегі үлкен тосын сый екен. Қуаныштымын. 

Ален:

– Ал енді... өзің бір жаңалық айтамын деп едің ғой? Қане, айт естиік.

София:

– Бүгін біз үшін сәтті күн болып тұр. Біріншіден, бүгін нағыз қазақты тауып алдық. Екіншіден, мен бүгін қазақ баласын асырап алған бір отбасы қонаққа шақырды. Айтайын деген жаңалығым осы. Ал бұл жаңалықтың мән-маңызын арттыра түсетін тағы бір жайт бар. Ол жайт – әлгі отбасы асырап алған қазақ баласы бізбен бірге бір балалар үйінде болған. Нақтысы бізбен бірге Бостонға келген, біз тапсақ деп жүрген үшінші бала болып шықты. Қазір сол үйге баруымыз керек.

Ален:

– Жаңалықтың көкесі сенде екен ғой... Міне, тамаша... Қонаққа біз де барамыз ба?

София:

– Сені ерте барамын деп ескерткенмін. Қуана келісті.

Ален:

– Ал Мансұрды қайтеміз, оны қалай тастап кетеміз.

София:

– Бұл жігіт те бізбен бірге баруы керек.

Мансұр:

– Жо-жоқ. Мен бармаймын. Қазақта «Шақырған жерден қалма, шақырмаған жерге барма», деген сөз бар. Өздерің бара беріңдер.

София Мансұрға қарап:

– Сені қалайда ертіп баруымыз керек. Сені маған Құдай жолықтырды. Әлгі отбасының іздегені – негізінен біз сияқты қазақтар емес, сен сияқты қазақтар. Сен Ален екеуімізді құтқарасың.

Мансұр:

– Түсінбедім... Сендерді неден құтқаруым керек сонда?

Ален:

– Мен де түсінбей тұрмын.

София:

– Қысқасы жігіттер, мен жұмыс істейтін дүкенде Смит Нельсон деген егде жастағы бір кісі бар. Сол кісі әйелі екеуі өздері Қазақстаннан асырап алған балалары Мартинге Қазақстан туралы, қазақ ұлты туралы ештеңе айтпай, шыққан тегі туралы мағлұмат бермей тәрбиелеп келген. Бұл ісіне қазір өздері ұялып, қысылып жүр екен. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін енді олар қолдарынан келгендерінің бәрін жасауға тырыспақ көрінеді. Сол үшін де ерлі-зайыпты Нельсондар өздеріне Бостонда қаным қазақ деген жөні түзу адам іздеп тауып, онымен Мартинді таныстырып, сол арқылы Мартиннің Қазақстан, қазақтар туралы танымын кеңейтпек. Бұл іске барынша көңіл бөліп отыр. Сондағы тапқан қазақтары мына мен болып тұрмын. Ал Қазақстан, қазақ ұлты туралы мен қайбір жетістіріп біледі дейсің? Интернеттен шала-пұла үйренгеніміз болмаса, қазақша да жөнді білмеймін. Көмек қолын созады деген Аленнің де менен асып тұрғаны шамалы. Міне, дәл осы арада Мансұрдың көмегі бізге ауадай қажет. Енді біз Нельсондар отбасына Мансұрға арқа сүйеп аяғымызды нық басып бара аламыз. Мансұр болмаса, біз Ален екеуміз Нельсондарға олар ойлағандай көмек бере алмай, көзімізбен жер шұқылап қаларымыз анық. Құдай бізге Мансұрды құтқарушы етіп жіберіп тұр дегенімнің мәні осы.

Ален:

– Тамаша.

Мансұр:

– Түсіндім. Олай болса, барамын.

София:

– Ендеше, кеттік, жүріңдер. Бүгін Нельсондар отбасымен танысып қайтайық. Одан арғысын көре жатармыз. Нельсондарға керегі – біз секілді шала қазақ емес, нағыз қазақ. Нельсондар бәрінен де Мансұрмен танысқандарына қуанатын болды. Мартин де өз бауырларын көріп, елпеңдеп, елжіреп, жүрегі атқақтап, бір көтеріліп қалатын шығар...

***

Бостон. Бродвей көшесі мен Кертис-стриттің қиылысы. Нельсондар отбасы. Нельсондар қонақтарды күтіп алу алдында қарбаласта жүр. Бәрі де қазақтың ұлттық киімдерін киген. Төрге Қазақстан мен АҚШ-тың шағын туы қатар қойылған. Үйде домбырадан күй ойналып тұр. Қабырғада қамшы ілулі. Залдың ортасында тұрған үлкен үстелге дастархан жайылған.

Смит:

– Мелани, Мартин келіңдер, тағы бір ақылдасып алайық.

Асханадан шығып, алжапқышын қаққыштаған Мелани: 

– Не ақылдасатыны бар? Осылай күтіп ала береміз, – деді. 

Смит:

–  Дегенмен, дайындығымызды бір қорытып алайық та.

Мартин:

– Мам, пап менің киімім қалай, жарасып тұр ма?

Смит:

– Жарасқандай қандай! Нағыз қазақтың өзі болдың.

Мелани дастарханның үстіндегі ішімдіктерді көрсетіп:

– Смит, ана тұрған спиртті ішімдіктердің көзін құрт. Қазақтар арақ-шарап ішпейді, олар мұсылман ғой, – деді.

Смит:

– Мелани, сен тағы да америкалық қазақтар келе жатқанын естен шығардың. Біз күтіп отырған қазақтар ислам дінін ұстанбайды. 

Мелани:

– Жарайды, олай болса, ішімдіктер тұра берсін.

Осы кезде Смитке София қалта телефонымен хабарласты. «София, сәлем. Келіп қалдыңдар ма?.. Не дейсің, үш адамбыз дейсің бе?.. Келе беріңдер... Тек, қиын болмаса үшінші адамның кім екенін айтып жібересің бе?.. ... Түсіндім, түсіндім». Смиттің өңі бұзылып сала берді. Жүзі өрт сөндіргендей болып кетті.

Смит:

– Мелани, Мелани құрыдық, құрыдық!

Мелани:

– Не болып қалды, тыныштық па?

Смит:

– Қайдағы тыныштық. София бәрін бүлдірді, құрыдық.

Мелани:

– Айтсаңшы тез, не болды?

Смит:

– Үйге тек біз күткен америкалық екі қазақ емес, оларға тағы бір адам қосылып келе жатыр. Мен келе берсін деп қойдым. Қазақтар келе жатқан қонақты келмесін деп кері қайтармайды ғой. Мен де сол сияқты келе берсін деп рұқсат бердім.

Мелани:

– Келсе, келе берсін. Сасатын ештеңесі жоқ. Біз де қазақтар секілді дастарханды есеппен емес, артығымен жайдық. Бәрі де жетеді. Соған бола құрыдық деп айқайлағаның не?

Смит:

– Соңына дейін тыңдасаңшы. Мәселе мынада, әлгі үшінші қонақ нағыз қазақ екен. Біз күткен екеуге мүлде ұқсамайды екен. Енді қайттік?

Мелани:

– Сонда қазір біздің үйге нағыз қазақ келе жатыр ма? Керемет емес пе, қайта. Бізге нағыз қазақтың келгені жақсы емес пе?

Смит:

– Жақсысы жақсы ғой. Бірақ дастарханда нағыз қазақ жейтін ештеңе жоқ қой.

Мелани:

– Бірақ оның есесіне үстімізде нағыз қазақтардың киімі бар. Міне, қара, – деп шыр айналып, қазақша киімін көрсетеді, – жарасып тұр емес пе? Ет десе, бұқтырылған сиыр еті бар. Құрт, ірімшік десе сүзбе бар. Жент десе, пирог бар. Болды. Енді бауырсақтың жоқтығына ұятты болсақ, болармыз. Қорықпа, Смит, қорықпа. Нағыз қазақ сыпайы келеді. Алдына тосқаныңды жейді. Менің естігенімдей, олар үшін ішіп-жеуге не бергенің емес, сенің ыстық пейілің маңызды. Қара су берсек те пейілімізбен ұсынсақ, нағыз қазақ соған да тояды, соған да разы болады. Білдің бе?

Смит:

– Сен бағана басқаша айтып едің, нағыз қазаққа жылқының еті, тағысын тағылар керек деп, енді былайша сөйлеп тұрсың.

Мелани:

– Басқаша сөйлемегенде қайтесің, бірнәрсе өзгерте аласың ба? Барымен базар қыламыз. Смит, Смит дастарханнан арақ-шарапты жылдам құрт. Тез, бол. Мартин, итіңді құрт. Қонақтарға көрсетуші болма, бір жерге жасыр. 

Мартин:

– Неге? Нағыз қазақ ит көрсе жеп қоя ма?

Мелани:

– Қайдағыны айтпа, Мартин, айтқанды орында. Қазақтар итті үйде ұстамайды. Тез жылдам бір жерге жасыр.

Мартин:

– Жарайды. Өзімнің кереуетімнің астына жасырып қоямын.

Мелани:

– Өзің біл, әйтеуір қонақтардың көзіне түсірме.

Осы кезде үйге София-Шолпан, Ален-Арман, Мансұр үшеуі сәлем беріп кіріп келді. Үшеуінің қолдарында торт, гүл және әлдебір сыйлық салынған пакет бар. Оларды Мелани мен Смит қабылдап алды.

Смит:

– София, жігіттер, сендер дәл осы есік алдында тұра тұрыңдар. Біз сендермен сценарий бойынша нағыз қазақтарша сәлемдесеміз. Бұған біз арнайы дайындалғанбыз. Дайындалған еңбегіміз еш кетпесін.

Үш қонақ есік алдында қатар тұра қалды. Смит, Мелани, Мартин қонақтармен кезек-кезек қос қолдарын ұсынып тұрып, қазақша тілдерін бұрап «ассалаумағалейкум, армысыңдар, мал-жандарың аман ба?» деп амандасты. Бұл амандасу рәсіміне София мен Ален бас изеп қана жауап берді. Ал Мансұр қазақ тілінде «Уағалейкумасалам, шүкір аманбыз, өздеріңіз де аман-есенсіздер бе, күйлі-қуаттымысыздар?» деп, олардың хал-ахуалын сұрады. Осы сәттерде София мен Ален Мартинді кезек-кезек бауырларына басып, көз жастарына ерік берді. Басқалары ол үшеуіне елжірей, көңілдері босай қарап қалды. Бұл көріністі Меланидің көңілді дауысы бөліп жіберді.

Мелани:

– Қане, төрлетіңдер, дастархан басына келіңдер. Бәрі де сендер үшін әзірленген 

Бәрі дастархан басына жайғасты. Мартин София мен Аленнің ортасына келіп отырды.

Смит:

– Сендер келеді деп дайындалғандағы түріміз осы. Кемшіліктер болып жатса, көрмеген болыңдар.

София:

– Ешқандай кемшілік көріп тұрғанымыз жоқ. Керемет дайындалыпсыздар. Толқып отырмын. 

Бөлменің ішін домбыраның үні кернеп тұр. 

Ален:

– Домбыраның үні жаныма жағып барады. Өзім нағыз қазақтардың отбасына келгендей сезініп тұрмын. Бұрын мұндайды көрмегенмін. Мен дәл осындай аурада ешқашан қонақта болмағанмын.

Мансұр:

– Бәрінен де амандасу рәсімі керемет болды. Біздің отбасымыздың мүшелері дәл сіздер көрсеткен амандасу рәсімін әдетке айналдырған. Өз үйіме кіргендей болдым.

Ален:

– Бәрінен де үй иелерінің қазақтың ұлттық киімін киіп алғандары керемет әсер етті. Мен мұндай киімдерді тек интернеттен ғана көргенмін. Тамаша.

Мансұр үйдің ішін көзімен шолып шықты да іле серіктеріне қарап:

– Мынаны қараңдар, Қазақстанның көк туы төрде тұр. Бостонның төрінде америкалық отбасыдан осындай қазақ ұлтына деген үлкен құрметті көремін деп үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Бәрі керемет.

Үш қонақ орындарынан тұрып қазақтың көк туын қолдарына алып сүйді де қайта келіп орындарына жайғасты.

София:

– Қазақтың қамшысын қараңдар, төрге іліп қойыпты. Мына көріністер бізге тосын сый болды ғой. Өлгенше есімнен кетпейтін шығар. 

Ален:

– Домбыраны қараңдар, – деді де орнынан ұшып тұрып анадай жердегі диванның үстінде тұрған домбыраны қолына алып, іле маңдайына тигізді. Оның бұл ісқимылын София да қайталады. Сосын домбыраны абайлап орнына қойды.

София:

– Қане, Мансұр, нағыз қазақ болсаң шерт домбыраны.

Магнитофанда қойылып тұрған әуен өшірілді. Мансұр домбыраны қолға алып бірауық үнсіз қалды да Тәттімбеттің «Сарыжайлауын» шерте жөнелді. Күй біткен соң Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнін орындап шықты. Бәрі разы болысып, қол шапалақтады.

Смит:

– Біздің отбасымыздың дайындығына разы болып, қолдан келгенін жасағанымызға ыстық ықыластарыңды білдіргендеріңе ризамыз. Қане, енді дәм алып отырыңдар. Дәм үстінде таныса отыралық. София, біздің отбасымызға алдымен өзіңді, серіктеріңді таныстыр.

София:

– Менің есімім София. Тегім Лопес. Туған кезде қойылған атым Шолпан. Ұлтым қазақ. 2004 жылы Лопестер отбасы мені Қазақстаннан Бостонға алып келген. Яғни, асырап алған. Қазір асырап алған анам екеуміз осында, Бостонда тұрамыз. Асырап алған әкем өмірден озған, – деді де Аленді нұсқап, – бұл Ален Миллер. Қазақша аты-жөні Арман Дәптеров. Ален де қазақ. Оны 2004 жылы Қазақстаннан Миллерлер отбасы асырап алған. Асырап алған ата-анасы өмірден озған. Қазір Бостонда жалғыз тұрады. Өздеріңіз білетіндей, біз Ален екеуміз сіздердің сүйікті Мартиндеріңізбен Қазақстанда бір балалар үйінде тәрбиеленгенбіз. Ал бұл – Мансұр. Тағдырдың жазуымен Бостонға келіп тұрақтап қалған қазақ отбасының баласы. Ален екеуміз Мансұрмен бүгін таныстық. Бір-бірімізді бүгін көрсек те бір үйдің баласындай, бір-бірімізді бұрыннан білетіндей жақын болып кеттік. Міне, қысқаша осы.

Смит:

– Енді мен өз отбасымның мүшелерін таныстырайын. Менің есімім Смит. Әйелімнің есімі Мелани. Мартинді өздерің білесіңдер. Мартиннің қазақша есімі Мақсат. Яғни, Мартин-Мақсат Нельсон. Енді ары қарай тереңдемей-ақ қояйық. Әлі талай кездесеміз, араласармыз. Басқасын кейін біле жатармыз.

Мелани:

– Несін жасырамыз, біз Мартин көңіліне алып қалар деген қауіппен осы уақытта дейін оның қайдан шыққанын, ұлтын, қазақстандық екенін айтпай келгенбіз. Енді айтатын уақыт келді. Мартин қазір бала емес. Ер жетіп қалды. Бәрін түсінеді. Сондықтан Мартинге бәрін ашып айттық, түсіндірдік. Ол түсінді. Мартин солай ма?

Мартин:

– Иә, Мам. Бәрін түсінемін. Бірақ, бәрібір мен сіздердің сүйікті ұлдарыңыз болып қаламын, – деп еркелей сөйледі.

Мелани:

– Әрине, балапан. Сен біздің сүйікті ұлымыз болып қаласың. Бірақ қазақ сынды асыл ұлттың бір тамшы қаны екеніңді ұмытпауың керек. Ал енді сен өз бөлмеңе бара бер. Қазақта балаларды үлкендердің әңгімесіне араластырмайтын дәстүр бар.

Мартин:

– Мам, жаңа өзіңіз «Мартин енді бала емес, ер жетіп қалды» деп едіңіз ғой.

Мелани:

– Десем, деген шығармын, бірақ дәл қазір бара тұрғаның орынды. Бауырларыңмен табыстың, бүгінге сол жетеді. Мен сені осы бауырларыңнан енді өлгенше тығыз араластырып өсіремін. Бұл әкең екеуміздің басты міндетіміз болады. Бара ғой, сабағыңды орында. Бірақ ұйықтап қалма. Қонақтарды шығарып салуымыз керек.

Мартин:

– Жарайды, мам. Ұйықтап қалсам, қалайда оятыңыз. Қонақтарды шығарып сала алмай қалмайын. Мам, пап, айтпақшы қонақтар біздің үйге қонып кетсінші.

Мансұр:

– Келесі жолы келгенде қонып кетеміз. Өзіңді, әке-шешеңді біз де талай қонаққа шақырамыз. Бүгін басқа шаруаларымыз бар, үйге де қайтуымыз керек.

Мартин:

– Жарайды. Тек менімен қоштаспай кетпеңіздер.

Бәрі үнсіз қалды. Мартин аяғын асықпай басып барды да бөлмесіне кіріп кетті.

Смит София мен Аленге алма-кезек қарап отырып сөйледі:

– Иә, София, Ален... Бәрі есімде... Содан бері зулап талай жылдар өтіпті. Бірің сұлу бойжеткен, бірің зіңгіттей жігіт болыпсыңдар... Біздерді, яғни бостондық үш отбасын жол бастаушымыз Қазақстанның бір түкпіріндегі шағын қалаға ертіп барды. Ол жақтан сендерді алып қайттық. Жол бойында Мартин мазасызданып аракідік жылаумен болды. Мелани мен Мартин тұтас бір әлем, бір дене болып кетті. Екеуміз де қуанышты едік. Бірақ, шынымды айтсам, біздің бар ойымыз тәуелсіздігін жаңадан алған, экономикасы түзеле қоймаған елдердің бірінен бір жетім бала болса да асырап алып, оның көз жасын құрғатып, оқытып, тәрбиелеп қатарға қосу еді. Мақсатымыз әлемдегі миллиондаған жетімнің біреуін болса да азайту болды. Осы ниет бізді алған бетімізден қайтармады. Ештеңе ойлатпады. Біз оны өз елінен, өз жерінен, тіпті ділі мен тілінен, дінінен еріксіз ажыраттық. Бар асылынан бөліп тастадық. Онысыз да дүниеге келген бойда ата-анасынан айырылған баланы міне енді өз елінен, өз жерінен жырақта жүруге мәжбүр етіп отырмыз. Осы ойлардың барлығы жиналып келіп Мартинге деген аяушылық сезімімізді асқындырып жүр. Осы ой бізді жаншумен жүр. Осылайша жетімнің көз жасын құрғатамын, оны күтіп бағамын деген ізгі ниетіміздің жүректі тіліп түсер, байқала бермес өткір жүздері болатынын кеш ұғып отырмыз. Әрбір жетімнің көз жасы өз елінде, өз жерінде құрғауы тиіс. Өз елінде көз жасы құрғамаса құрғамай қалсын, тек өз жерінде жүрсе болды. Сол жетеді. Жетімнің жылаулы көңілі өзге елде, өзге жерде жұбанғанымен оның жүрегі, жаны жаралы күйінде қалады. Ал ол жара сыздаса көкірегі ояу адамды үздіксіз шырқыратумен болады. Оның азабын бастан кешпек түгілі сезінудің өзі оңай емес. Мен Мартинімнің жанын әлгіндей жараның сыздатқанын, шырқыратқанын қаламаймын. Сондықтан біз Мартинді өз қанымен, өз тобымен, өз ұлтымен, өз ділімен, өз тілімен, өз дінімен табыстыруым керек... Солай 

Мансұр:

– Барлығы сіз сияқты ойласа ғой, сіз сияқты түсінсе ғой, шіркін! 

Мелани көзіне жаса ала отырып:

– Смит, қарашы Софияның қандай сұлу қыз болып өскенін. Аленді қарашы, келісті жігіт болыпты. Қарашы... Бұл екеуімен дәл осылай кездесеміз депойладық па, Смит. Саған көп рахмет. Осының бәрін ұйымдастырғаныңа. Қазір бәрі есіме түсіп, санамда жаңғырып отыр. Біздер үш отбасы Қазақстанға бірге барып, бірге қайттық. Біз жолда кішкентай Мартинді құндақтап алып жүрдік. Мартин берген тамақты жарытып ішпеді. Ұйықтап та жарытпады. Тек сұлық жатты да қойды. Қаңқ деген дыбыс шығармады. Балапан өз елінен жыраққа кетіп бара жатқанын сезді ме екен, білмеймін... Ал София сен...

Смит:

– София, сенің үстіңде қызыл көйлек болатын. Қысқа шашың желп-желп етіп Лопес ханымның жетегінде еріп жүрдің. Белгісіз әлемге еніп бара жатқаныңды сезгеніңдей жан жағыңа жалтақ-жалтақ қарап, елеңдеумен болдың. Алматыдан аттанарда ұшаққа мініп бара жатқаныңда жан-жағыңа сақтықпен, бәлкім үреймен қараған жанарыңды байқап қалғаным қазір санамда жаңғырып отыр. Көздеріңде қорқыныш бар еді...

Мелани:

– Аленнің үстінде жеңіл көк күртеше болатын, есіңде ме, Смит? Басында қара шапка бар еді. Аленді ерлі-зайыпты Миллерлер өбектеп ертіп жүрді. Бірақ Ален басын төмен салған күйі оларға жылы көңілін білдіре қоймады. Аленнің сүлесоқ бейнесі есімде қалыпты. Бостонға келген соң әрқайсымыз өз жолымызбен кеттік. Міне, енді көп жылдардан кейін бір-бірімізді көріп отырмыз... Ата-аналарың қалай?

София:

– Анам аман-есен. Әкем дүние салған.

Ален:

– Менің әкем де, анам да өмірден озған.

Мелани:

– Марқұм болғандардың жандары жаннатта болсын.

Смит:

– Әмин. Сонымен өткен шаққа біршама шолу жасадық. Енді...

Мелани:

– Бізді, Смит екеумізді Мартиннің келешегі қатты алаңдатады. Өзіміз тумасақ та туғанымыздай болған Мартин жақсы адам болып өссе дейміз. Иә, бұл барлық ата-ананың арман-тілегі ғой. Өзі кейінгі кездері томаға-тұйық болып барады. 

Смит:

– Біз Мартиннің балалық-шағындағы тағдыр-талайын ашып айттық. Ол қазір бәрін біледі. Мартин қабілетті бала. Зерек. Ол ертең өзін-өзі тануға ұмтылатын шаққа жеткенде ауыр сұрақтардың астында қалмауы тиіс. Біздің ойымыз ол өзін алда тосып тұрған сан сауалға қазірден бастап жауап іздеп, сол жауапты тапса дейміз. Біз оған бұған дейін оның ұлты, қаны, елі, жері туралы ештеңе айтпай келдік. Бұл біздің Мартиннің алдындағы үлкен қателігіміз. Біз осы қателігімізді түзегіміз келеді. Біз оған өзінің шын мәнінде кім екен санасына шамамыз келгенше сіңіре беруді оны тәрбиемізге алған күннен бастауымыз керек еді. Бірақ біздің мұндай ниетіміз болмады, Мартин тек америкалық азамат болады деп ойладық. Сөйтсек, мұнымыз қате екен. Енді білдік.

Мелани:

– Кеш болса да әлі де үміт мол. Міне, Мансұр, София мен Ален отыр. Бұл өз бауырларын өздеріне тартып, оның қазақ екенін, қазақ қандай болу керек екенін үйретеді. Мартин біздің де, қазақтың да перзенті болуы тиіс.

Мансұр:

– Әрине, біз қолдан келген көмегімізді аямаймыз. Біз Мартинді өз бауырымызға тартамыз.

Ален:

– Мартин біздің бауырымыз, сіздердің ұлдарыңыз. Оған бірлесе көмектесуге барынша тырысамыз.

София:

– Мартин менің сүйікті інім болады.

Смит:

– Міне, керемет. Сендер бізге шабыт бердіңдер. Сендер Мартинді бауырларыңа тартсаңдар, онда бізге де бөтен емессіңдер.

Мелани:

– Сүйікті ұлымыз Мартин қазақтың біздің үйіміздегі бүлкілдеп соғып тұрған бір жүрегі. Ол енді сендер арқылы өз елін, жерін, ділін, тілін, дінін тануға талпынады. 

Мансұр:

– Біз бір-бірімізді түсіндік. Мол дастархандарыңыздан ішіп-жедік, бәрі дәмді жасалыпты. Енді бізге кетуге рұқсат беріңіздер. Біздің үйге баруымыз керек. София мен Аленді үйге ертіп бара жатырмын. Келесі жолы сіздерді қонаққа шақырамын. Сіздермен, Мартинмен сол кезде тағы да кеңінен сөйлесеміз.

Смит:

– Рұқсат, рұқсат, алтын уақыттарыңызды бөліп келгендеріңе рахмет.

Мансұр қолын жайып қазақ дәстүрімен бата қайырып, бетін сипады. Оған София мен Ален де ілесті. Мелани мен Смит бұл рәсім орындалу барысында сасқалақтап, әбіржіп, бірде қолын жайып, бірде қолын түсіріп әуре болды да бата қайыру соңында б елеусіздеу шоқыну рәсімін жасады. 

Мелани:

– Смит, Мартин ұйықтап қалмап па? Ұйықтап қалмаса, шақыршы, бауырларымен қоштассын.

Осы сөзді тағатсыздана күтіп отырғандай Мартин бөлмесінен жүгіріп шықты.

Мартин:

– Мам, пап қонақтар ертең тағы келсінші. 

Мелани:

– Келеді балам, келеді. Біз де оларға қонаққа барамыз. Бұл бауырларың енді біздің үйге жиі келіп тұрады әлі. 

(Мартин қонақтардың кетіп бара жатқандарын ойлап мұңайып, шетте тұрып қалды. Көзі жасаурады. Мұны байқаған Мансұр, Ален, София үшеуі бірдей келіп Мартинді кезек-кезек құшақтап, бауырларына басты. Мұны бақылап тұрған Смит пен Мелани көздерінің жасын сығып бұрылып кетті. 

Мансұр:

– Смит мырза, Мелани ханым, менде бір ұсыныс болып тұр. Егер сіздер маған сенім білдірсеңіздер, Мартинді өз үйіме дәл қазір София және Аленмен бірге қонақ болып қайтуға ерте кетейін. Өзім қайта әкеліп тастаймын. Жаңа ғана сіздер Мартинді бауырларыңа тартыңдар, оның өз ұлтын тануына, туған елі туралы білуіне мұрындық болыңдар деген едіңіздер, ендеше осы істі дәл қазірден бастайық.

Мелани:

– Смит, бұл ұсынысқа не дейсің? Мартин, бауырларыңмен қыдырып қайтуға қалай қарайсың?

Мартиннің қуаныштан жүзі бал-бұл жанып:

– Мам, пап, сіздер рұқсат берсеңіздер керемет болар еді, – деді.

Смит:

– Мен Софияны біраздан бері білемін. Оған сенемін. Мансұр мен Аленді бүгін көріп отырсам да көптен бері білетін жақын таныстарым секілді болып кетті. Демек, Мартинді ертіп кетулеріне болады. Бірақ, көп кешіктірмей Мартинді үйге әкеліп салыңдар.

Мелани:

– Мартиннің өз қандастарымен, бауырларымен араласуына ешқандай кедергі жасамаймын. Барса, барсын.

Мартин жылдам сырт киімін киіп, Мансұр, Ален және Софияға ілесе шықты. Мелани мен Смит Мартиннің ту сыртынан елжірей қарап іште қалып қойды.

***

2018 жыл. АҚШ-тың Бостон қаласы. Америкалық қазақ – Қамбар Мырзажанның отбасы. Қамбар – 1939 жылы Қазақстаннан Қытайға, одан кейін Түркияға жан сауғалаған қазақ отбасының баласы. Жиырма жасында АҚШ-қа барып, сонда тұрақтап, мұғалім болып қызмет еткен. 

Жарық әрі кең бөлменің іші қазақтың ұлттық бұйымдарымен безендірілген. Қабырғада домбыра ілулі тұр. Төрде АҚШ пен Қазақстанның тулары қатар қойылған. Оның тұсында қазақы ою жамылғысы жабылған диван мен кресло тұр. Оған қарама-қарсы қабырғаға үлкен теледидар ілінген. Бөлменің орта тұсындағы үлкен үстелдің үстіне дастархан жайылған. Осы үйдің келіні, Шығыс Түркістаннан Түркияға қашып барып, онда отбасын құрып, кейін АҚШ-тың Бостан қаласына қоныс аударған қазақтың қызы, қырықтан едәуір асқан Жәмила дастархан қамымен бөлмеге алып-ұшып кіріп-шығып жүр. Өте көңілді. Осы сәтте үйге Қазақстанға сапарлап қайтқан, жаңа ғана ұшақтан түсіп, үйлеріне жеткен, үстіне қазақы ою басылған нымша киген Қамбар қария мен оның ұлы, Жәмиланың күйеуі Сейіт дабырлап сөйлеп кіреді. Өздері көңілді. Қолдарында жол сөмкелері бар. Оларды Қамбардың кіші немересі, 14 жасар Елнұр мен Жәмила қарсы алды.

Қайын атасына иіліп сәлем салған Жәмила:

– Ат-көлік аман-есен барып-келдіңіздер ме? Құдайға сансыз шүкірлер болсын... – деді. 

Қамбар:

– Көп жаса, қарағым, өркенің өссін. Шүкір, шүкір. Аман-есен, шаршамай, шалдықпай барып келдік. Қазір жайғасып алайық, сосын әңгіменің көкесін көрсетеміз. Мына сөмкенің іші сыйлыққа толы. Анау-мынау емес, атамекеннен алып келген сыйлық. Айтпақшы, Мансұр қайда? Көрінбейді ғой... Үйде емес пе? Тыныштық па?

Жәмила:

– Тыныштық, ата. Бір тығыз шаруасы болып, бағана шығып кеткен. Әлі келмеді.

Қамбар:

– Атасы мен әкесінің алыс жолдан, ана-мынау емес сонау атамекеннен бүгін оралатынын біле тұра үйде болмағаны несі? Бізге деген сағынышын басудан маңызды қандай шаруа екен ол? Бізді сағынбағаны да? Қазақтың баласына ет жақынын көріп, сағынышын басудан артық ештеңе болмаса керек еді ғой. Бұлар да жат жұртта жүремін деп қазақылығынан ажырайын деген-ау. 

Жәмила:

– Бүгін атаңдар келеді, үйде бол деген едім, бір профессормен осыдан бір ай бұрын дәл бүгін кездесетін болып уәделесіп қойғанын, уәде Құдай аты, оны бұзуға болмайтынын, атамдар келгенше үйге жетуге тырысатынын айтып, асығыс шығып кеткен. 

Қамбар қарияның жалғыз ұлы, бүгінде елуге келген Сейіт:

– Кеше бір тірлігім бар деп, күтіп ала алмайтынын айтып, телефон арқылы сұранған еді... Көке, соны сізге айтамын деп ұмытып кетіппін.

Қамбар:

– Жарайды, бізді қарсы алмауына біреуге берген уәдесін бұзбау түрткі болса, онда оған түсіністікпен қарайық... Айтып қояйын, Мансұр келмей атамекеннен алып келген асыл сыйлықтарды ешкімге көрсетпеймін...

Елнұр атасының киімін іліп, аяғына сүйретпесін ұсынып бәйек болып жүр. Жәмила да жол сөмкелерді жайғастырып әуре. Сейіт шаршағанын білдіріп диванға отыра кетті. Қамбар қария дәрет алып келіп дастархан басына отырды. Содан кейін бата беріліп, бәрі ас ішті. 

Жәмила:

– Ту-уу, үйдің ішінде атажұрттың иісі аңқып кетті ғой... Ата, шаршаған шығарсыз, сәл демалып алсаңызшы.

Сейіт:

– Қайдан, атаң шаршамақ түгілі екпініне екпін қосып келді. Сексеннен асқан көкеме ілесемін деп жінігіп, әбден сілікпем шықты. Мен көкеме бас-көз болып жүремін бе десем, қайта көкем маған қарап жүрді, – деп күле сөйледі.

Қамбар:

– Шаршаған жоқпын, шырағым. Қайта атажұрттан қуат алып қайттым. Бұл сапар Америка жерінде бейбіт өмірдің дәмін тата бастағаннан-ақ менің арманым болып еді ғой. Сол арманым орындалды. Кемпірім байғұс бұл күнді көре алмай кетті. Марқұм туған жерге барып, аунап-қунап қайтқанымды сезіп жатқан болар... – деп кемсеңдеп қалды, – Меккеге қажылыққа барып, сонда көз жұмсап деп армандайтын тақуа жандай мен де атамекенде о дүниеге жүріп кетсем ғой деген ой кірді. Бірақ, Тәңір оны маңдайға жазбады.

Жәмила:

– Ата, олай демеңіз, сіз біз үшін керексіз. Өзекті жанға бір өлім ертелі кеш келетіні ақиқат болғанымен, әзірге ортамызда аман-есен жүре беріңіз. Сізсіз біздің берекеміз бола ма? Сіздің сүйегіңіз асыл ғой. Құдай бұйыртса, жүзден асасыз. 

Дәл осы сәтте Сейіттің қалта телефонына Мансұр телефон соқты:

– Көке, ассалаумағалейкум.

Сейіт:

– Уағалейкумассалам.

Мансұр:

– Аман-есен жетіп алдыңыздар ма? Сіздерді күтіп алуға бара алмай қалдым. Өте тығыз шаруа болып қалды. Кешірерсіздер.

Сейіт:

– Жарайды. Біз үйдеміз. Ештеңе етпес. Сен маған емес, бірінші атаңа хабарласпадың ба? Мұның не?

Мансұр:

– Мен сізден бұрын атамның телефонына қоңырау соққанмын. Бірақ телефоны өшіп тұр екен. Содан сізге... Телефоныңызды атама беріңізші.

Сейіт телефонды әкесіне ұсынды.

Мансұр:

– Ассалаумағалейкум, ата!

Қамбар:

– Уағалейкумассалам, құлыным! Алыстан аңсап келген атаңның алдынан арсалаңдап шықпағаның қалай? Қазір тез жет. Құшағыма алып, мауқымды басайын. Мына Елнұрды құшағыма алғаныммен одан мауқым басыла қоймады. Оған әкесі мен шешесінің иісі сіңіп қалған екен. Айтпақшы, атажұрттан боқша толы қазына алып келдім. Ол қазына өте қасиетті. Оны күттіріп қоюға болмайды. Әлі қоржынды ашқан жоқпыз. Сенің келгеніңді күтіп отырмыз. Білесің бе, біз өзімізбен бірге атамекеннің иісін ала келдік. Үйдің ішінде туған жердің иісі аңқып тұр.

Мансұр:

– Қазар, ата, қазір жетемін, Құдай қаласа. Бір маңызды тірлікпен аздап аялдап қалдым. Айтпақшы, ата үйге өзіммен бірге өте маңызды қонақтар ертіп бара жатырмын.

Қамбар:

– Кім болса да ертіп келе бер құлыным, қазақ қонақтан қашқан ба... 

Сейіт:

– Немереңіз қазір келемін деді ме?

Қамбар:

– Иә, Құдай қаласа, қазір келеді. Жанында ертіп келе жатқан қонақтары бар екен. Дастархандарыңды реттеп қойыңдар. Атам мен әкем Қазақстаннан, атажұртымнан келді деп мақтанып, қазақы қонақжайлылықпен достарын қояр да қоймай ертіп келе жатқаны ғой құлынымның. Мақтансын, өзінің туған елі, жұрты бар екенін айтып марқайсын.

Жәмила:

– Үйге қонақ келе жатса, менікі не отырыс. Ата, Елнұр екеумізге дастархан басынан тұра беруге рұқсат берсеңіз. Қонақ күту қамына кірісейік.

Қамбар:

– Рұқсат, шырағым, рұқсат, – деді де қолын жайып, дастархан батасын жасады. 

Жәмила:

– Әй, Елнұр, маған көмектес, келе ғой, ағаң Мансұр қонақтар алып келе жатыр екен, ұялып қалмайық, дастарханды қайта дайындайық. 

Үй іші қонақ күту қамына кірісті. Қамбар мен Сейіт дастархан басында аз-кем отырды да іле Қазақстаннан әкелген боқшаларын айналсоқтап, реттестірген болды. Сол кезде Сейіттің телефонынан қоңырау үні естілді.

Сейіт:

– Хелло, иә, уағалейкумассалам. Иә, Сейіт Қамбарұлымын. Қазақстанның консулдығынанмын дейсіз бе? Иә, иә, сізбен осыдан біраз бұрын консулдықта танысқан едік қой. ...Иә, иә, елге жақсы барып келдік... Рахмет, рахмет. Жарайды, жарайды, есігіміз ашық. Күтіп аламыз. Ол кісілерді өзіміз барып алып келейік пе? Біз осы қазір үйге кіріп отыр едік... А, жарайды, жарайды, тұратын жерімізді айтсақ, өздері таксимен келе беретін болса, жүдә жақсы. Қарсы аламыз. Үш кісі дейсіз бе? Болды, болды. Қазақ қонақтан қашпайды ғой. Үш кісі түгілі түнде келген қырық кісіні, күндіз келген қырық кісіні қабағын бір шытпай жанын сала күте білетін қазақтың баласы емеспіз бе? Келсін, келсін. Біз үйде боламыз... Ой, о не дегеніңіз?.. Бәрі жетеді. Ол жағын ойламаңыз. Ой, сіз не деп кеттіңіз, қай қазақ қонағын күткеніне ақы сұраған, қайдағыны айтпаңыз... Ондайыңызды басқаға айтыңыз. Қысылып отырған қазақтың өзі қонағы үшін жалғыз атын сойып бермей ме?.. Жақсы, жақсы... Сіздің осы телефоныңызға қазір мекен-жайымызды толық көрсетіп жазып жіберемін... 

Қамбар:

– Тыныштық па? 

Сейіт:

– Қазақстанның консулдығынан ғой. Әлгі, иә, бір рет екеуміз консулдыққа барғанда танысқан қазақ жігіт бар емес пе еді, Әлжан деген, сол ғой. Консул балаңыз ғой.

Қамбар:

– Аман ба екен, өзі?

Сейіт:

– Аман-есен, көке, аман-есен. Осыдан бірер апта бұрын Америкаға Қазақстаннан делегация келген екен. Солардың бір бөлігі Бостонға келіпті. Олар осындағы қазақ отбасын көрсек, таныссақ деп өтініш айтыпты. Ертең Қазақстанға қайтатын күндері екен. Содан әлгі консул балаңыз, оларға біздің үйді нұсқапты. Енді сол кісілер үйге келмек.

Қамбар:

– Дұрыс, дұрыс, ниеттері оң болсын. Келсін, келсін. Олай болса, тездетіп қазандарыңды қамдай беріңдер. Бүгін өзі біздің елден келу құрметімізге орай үйде үлкен жиын болайын деп тұр ғой өзі, – деп мейірлене күлді.

Сейіт:

– Жәмила, қайдасың?

Қонақ күту қамымен асханаға бір кіріп, бір шығып жүрген Жәмила:

– Иә, айта беріңіз, – деді.

Сейіт:

– Мансұрдың қонақтарына бөлек тағы кісілер келетін болды.

Жәмила:

– Онда тұрған не бар, келе берсін. Кімдер екен ол кісілер?

Сейіт:

– Қазақстаннан келген құрметті қонақтар.

Жәмила:

– Міне, керемет. Бұл дегенің Алланың нығметі ғой. Тосын сый ғой бұл. Қой, тірлігіме кірісейін. 

Осы кезде үйге Мансұр «ассалаумағалейкум» деп кіріп келді. Атасы екеуі құшақтаса кетті. Мансұр атасынан ыңғайсызданып, әкесі Сейітпен келте амандасты. Жанындағы серіктері София, Ален және Мартин кіре берісте состиып тұрып қалды. Мұны аңғара қойған Қамбар София, Ален және Мартинге көңіл аудара сөйледі.

Қамбар:

– Біз өзімізше дабырласып жатқанда қонақтар тасада қалып қойыпты ғой... Қане, балаларым төрге шығыңдар, – деді. (Мансұр ағылшыншаға аударады).

Серіктеріне атасының сөзін ағылшыншаға аударып берген соң Мансұр:

– Ата, бұл қонақтар қазақтың осында тұратын біз сияқты балалары, – деді.

Қамбар:

– Қазақ деймісің? Өңдері өзгеше ғой. Қазаққа келіңкіремейді екен.

Мансұр:

– Бәрін кейін түсіндіремін, ата.

Қамбар:

– Қазақ келген қонағын есік алдында тостырып қоймайды, екеуін де төрге шығарыңдар. Жай-жапсарды жата-жастана сұрай берерміз. Қазақ үшін қонақ қашан да қадірлі. Бүгінше біз де өз үйімізге қонақпыз. Өйткені, ай жүріп алыстан келіп отырмыз. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария келіп сәлем берер» дейді қазақ. Осы нақылды алға тарта отырып, бұл екі қонақты алыстан келген мына Сейіт екеумізге сәлем бере келген жандар деп есептеп, олардан рұқсат сұрап, дәл қазір бір маңызды шаруаны бітір алсақ. Соны бітірмей көңілім орнына түсер емес.

Мансұр:

– Ол не шаруа, ата?

Қамбар:

– Қазір көресің.

Сейіт:

– Мансұр, атаңның өз ауласында, өз үйінде тек ана тілімізде сөйлейтін бұлжымас әдеті барын, ағылшын тілін бәрімізден де жақсы меңгерсе де өзгемен өз шаңырағында бізді аудармашы ете отырып қазақша тілдесетінін білесің ғой. Атаңның бұл бұлжымас қағидасы әлі күшінде. Сондықтан атаңның сөздерін қонақтарға жақсылап аударып беріп отыр.

Мансұр:

– Оған сөз бар ма? 

Қамбар: 

– Қане... Елден алып келген кәде сыйларымды тамашалаңдар, – деді де шабыттана екі алақанын ысқылып алып үлкен сөмкенің аузын ашып, атажұрттан алып келгендерін көрсете бастады. Жәмила, Елнұр мен Мансұр Қамбар қарияны қаумалай түскен. Сейіт София, Ален және Мартиннің қасында отыр. Бұл төртеуі сыйлық беру рәсімін сырттай бақылаумен шектелді, – мынау екі немереме арналған қазақы тақиялар, сосын қазақ шапандары.

Аталарына риза болған Елнұр мен Мансұр алған сыйлықтарын киіп көріп қауқылдасып қалды. 

Қамбар: 

– Мынау келініме деп әкелген орамал – түйе жүнінен тоқылған бөкебай. Келінім қыстың күні басына тартып жүрсін деп алдым. Мынау да келініме... қазақы ою-өрнек басылған нымша. Ала ғой, деді де орамал мен нымшаны келініне берді. Сыйлықтарға риза болған Жәмила сол заматта бөкебайды басына салып, нымшаны киіп көріп мәз болып қалды, – айтып қояйын бұл заттардың барлығын қасиетті Түркістаннан сатып алдым ырымдап. Ал енді отбасымызға арнап алған заттарды көрсетейін... Мынау әулиелі мекен Отырардағы Арыстан бап кесенесінің шағын үлгісі, ал мына қасиетті Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің шағын көрінісі. Төрімізде тұрады. Ойбу-уу, шатасқан басым, қонақтарды ұмытып кетіппін ғой. Бұл үшеуіне не берсем екен а? Қазір, қазір... Міне, міне, бұл немерелеріме де тамаша сыйлық бұйырғалы тұр. 

Мансұр үш қонаққа ағылшыншалап атасының өздеріне сыйлық бергелі жатқанын сыбырлап түсіндірді. София, Ален және Мартин ыңғайсыздана орындарынан тұрып қарияға жақындады. Қамбар қария сөмкенің ішін ақтарып, жүк артқан түйе, көкке шапшыған айғыр және қыран құс бейнеленген үш сувенир (кәде сый) алып шығып Софияға «түйені», Аленге «айғырды», Мартинге «қыран құсты» береді. Үшеуі алған сыйлықтарына мәз болып қалды. 

Қамбар:

– Қамшы мен домбыра және көк туымызды ала келеміз дегенбіз. Бірақ домбыра мен көк туымыз үйде бар, атамның көзі – сегіз өрім қамшы төрімізде ілулі, сондықтан оларды алғанымыз жоқ. Ал енді, шырақтарым, қарақтарым, жаман аталарыңның атажұртқа деген жылдар бойғы сағынышын, аңсарын басу үшін, енді қалған аз ғана өмірімде дәтке қуат болар деп атамекенге, баба топырағына қиянат жасап, айыпты болып қайтқан жайы бар. Жол бойы осы айыбым мені мазалаумен болды, – деп үнсіз, көзі жасаурап тұрып қалды.

Мансұр:

– О, не дегеніңіз, ата, жайшылық па?

Сейіт:

– Жайшылық. Аталарыңның атажұрт алдында өзін кінәлі санауы елге деген, жерге деген кіршіксіз сезімінен, адал махаббатынан туындаған ізгі ойдың көрінісі. Басқа ештеңе емес. Бәрі жақсы...

Қамбар:

– Мен бейбақты Құдай кешірсін, атамекенге қиянат жасадым, – деді де сөмкенің түбінен бір метрден астам таяқ алып шықты, – мынау Қаратаудың баурайында өсіп тұрған бір түп ұшқаттың бұтағы. Туған жердің бұтағын жаралауға дәтім зорға жетті. Енді қайтып атажұртқа бара алмасымды біліп, жаным қиналса да мұны кесіп алдым. Кесіп жатқанда өз саусағымды аралап жатқандай қиналдым. Сондағы мақсатым – сүйеніп жүруге пайдалану еді... Бұл таяққа сүйеніп жүрсем туған жерімнен қуат алғандай, алыстағы атамекенді жаныма тірек еткендей болатын сияқтымын. Барлығың ұстап көріңдер... – деді де ұшқаттың таяғын Елнұрға берді. Барлығы бірінен соң бірі ұстап көрді, – Ал мынау... Бұл сол қасиетті Қаратаудың қойнауында өсетін тобылғының бұтағы. Бабаларымыз тобылғы сапты қамшы ұстаған. Мұны екіге бөліп, екі немереме екі қамшы жасап беремін. Оларды атамекеннен әкелінген қымбат мүлік әрі атасының көзі ретінде шаңырақтарының төріне іліп қояды. Қамшы төрде ілулі тұрса, жын-шайтан үйге жоламайды деген бабадан қалған ырым бар, шырақтарым. Мұны да ұстап көріңдер.

Барлығы бірінен соң бірі тобылғының бұтағын қызықтап ұстап көрді.

Қамбар:

– Ал енді... Мынау жусан, қазақ даласының жусаны, – деді де оны мұрнына апарып құмарлана иіскеді, – иісі қандай тамаша. Жарықтықты өсіп тұрған жерінен жұлып алғанымда жүрегім шым етіп, көзімнен жас ыршып кетті. Жусан Америкада да өседі. Атажұртты қатты аңсаған шақтарда осы жақта өсетін жусанды талай иіскеп көргенмін. Бірақ құмарымды қандырмады, аңсарымды баса алмады. Әлдене жетпейтіндей көрінетін. Сезімім алдамапты. Атажұрттың жусанын иіскегенде құмарым басылып, көңілім жайланып, рахат күй кештім. Бұл жақтың жусаны атамекеннің жусанына жетпейді екен. Баба жұртының жусаны бөлек екен. Ерек екен. Оны негізі мен Американың жусанын иіскеп жүрген кездерде-ақ түйсігіп қойғанмын. Түйсігім алдамапты. Елден құндақтаулы күйімде кеткен, дұрысы, атажұрт топырағына табаным тимей, ауасын жарытып жұта алмай кеткен мен осылайша атажұрттың жусанын алғаш иіскеп, бір бумасын, дәнін ала келдім. Дәнін осында егіп көремін, бұйырса. Міне, сендер де иіскеңдер, мейірлеріңді қандырыңдар.

Жусанды бәрі кезекпен кезек алып иіскеп, өздерінің рахаттанғандарын жүздерінен білдірді.

Сөзін одан әрі жалғаған Қамбар:

– Енді бұлардан да маңыздысына келейік, мен әуелі Тәңірден, одан кейін ата-баба әруағынан кешірім сұрай отырып, екі уыс топырақ ала келдім, – деді де екі шағын түйіншекке түйілген топырақтың бетін ашып еденге қойып, жанына тізерлеп отырып, екеуін кезек кезек иіскеді. Түйіншектегі топырақтың бірін нұсқап, – мына топырақты кемпірімнің, Құдай қосқан қосағымның кіндік қаны таму жазбаған, Адайдың Құдайкесінен тарайтын ұрпақ жайлаған өлкеден түйіп алдым. Кемпірім байғұс, атамекеннен бір уыс топырақ бұйырса ғой шіркін деп арманда кетіп еді. Сол арманын орындағалы алып келдім, мұны. Ал мына түйіншектегі топырақты ұрпағым мен өлгенде қабіріме салсын деп, ата-бабам мекен еткен Сарыарқаның даласынан түйіп алдым. Әуелі бір Тәңірге табынып, сыйынатын, сол Тәңірі сыйға берген атамекеннің құнарлы топырағын кие тұтатын қазақтың ұрпағымыз, шырақтарым. Бұл қазақтың қасиетті қара топырағы. Атамекен үшін, осы топырақ үшін бабаларымыз қанын төкті, жанын берді. Сөйтіп жүріп бүгінгі қазаққа аманат етіп қалдырған. Мен жазған сол топырақтан құқым болмаса да екі уысын алып кеттім... Бұл топырақты алып жатып өзімді күнәлі жандай сезіндім. Қолым қалтырап, әзер алдым. Кемпірімнің арманын орындаймын деп, өзімнің жан қалауымды қанағаттандырамын деп пендешілікке салынып, баба топырағына обал жасағандай болдым, қайтейін. Тәңір кешірсін мені. Келіңдер, атажұрттың топырағын иіскеңдер. 

Топырақ түйілген түйіншектің бірін Елнұр, екіншісін Қамбар қария ұстап тұрды. Үйдегілер топырақты бірінен соң бірі иіскеді.

Мансұр:

– Ата, босқа таусылмаңыз, атамекеннен ұшқаттың бір кесігін, тобылғының бір бұтағын, жусанның бір тумасын, топырақтан екі уысын қазақтың бір баласы ретінде алуға құқыңыз бар шығар. Өзіңізді босқа кінәлі, күнәлі сезінбеңіз. Сол атамекенде табиғаттың кез келген байлығын сізсіз де сондағы жергілікті халық текшелеп, тонналап, опырып пайдаланатын болар. Олардікінің жанында сіздің алғаныңыз жай ғана арзымайтын дүние деп ойлаймын. Сіз алған ұшқаттың бір кесігінен, тобылғының бір бұтағынан, бір бума жусаннан, екі уыс топырақтан атамекеннің байлығы ортайып қалмас.

Қамбар:

– Ей, шырағым-ай... Жергілікті халық тау-тасын, тал-дарағын, топырағын есепсіз пайдаланғанымен, сол дүниелер бәрібір сол жердің мүлкі болып қалады емес пе? Ал мен атамекенге тиесілі дүниені шетке, жат жұртқа әкеттім. Енді бұл әкелгендерім атамекеннің топырағына барып қосылмайды ғой. Атамекенге тиесілі бір түйір топырақ жатжұртқа кетпеуі тиіс. Өйткені ол қасиетті. Қасиетіңді сыртқа шығаруға бола ма? Мен осыған қам көңілмін.

Сейіт:

– Әке, таусылмаңыз. Қазақстанның байлығын ұрлап-жырлап немесе шашып-төгіп сыртқа жөнелтіп жатқандар көп деседі ғой былайғы жұрт. Атамекенге тиесілі талай дүние осылайша шетке кетіп жатқан көрінеді. Олардікінің жанында сіздікі болмашы нәрсе ғой. 

Қамбар:

– Ей, балам-ай, Алла алдында әркім өз ісіне жауап береді. Мен өз ісіме жауап беруім керек. Менің ойым сол. Елге барып еңбегімізді сіңірмедім, қазақтың барып қамын жеп, қайғысын бөліспедім, ит секілді тойған жерімде жүрдім. Қазір мені осы қинайды. Өз елім үшін ештеңе істемедім. Сөйте тұра атамекеннен рухани күш алғымыз келеді, баба жұртынан жанымыздың қалауы үшін дүние алғымыз келеді...

Сейіт:

– Әке, ел үшін, қазақ үшін ештеңе істемедім дегеніңізге келіспеймін. Сіз алмағайып замандарда аман қалып, от пен суды кешіп жүріп жан сақтаған отбасының жалғыз ұлы ретінде қазақтың бір әулетінің отын өшірмедіңіз. Жат жұртта, басқа әлемде жүрген ұрпағыңызды, дұрысы қазақтың баласын тілінен, ділінен, дінінен ажыратпай тәрбиелеп, жеткізіп, елмен жалғастырып, байланыстырып отырсыз. Бұл сонда елге қосқан үлес емес пе, қазақтың қамын жегендік емес пе. Қазақтың қамын жеген бір адам болса, ол сіздей-ақ болсын. Қазаққа ең бастысы өз ұрпағын қазақылықтан ажыратпай, ата-баба аманатқа қалдырған рух байлығына етене етіп өсіретін адам қажет. Елдігіміздің бүгіні мен ертеңі сондай адамдарға тәуелді. 

Қамбар:

– Мені осылай жұбатқың келе ме? Бұған көңіл жұбана қойса, қанеки... Жарайды, енді дастархан басына жиналайық, Қазақстаннан келген қонақтар да төбе көрсетіп қалар... Қане, Мансұр, Елнұр мына дүниелерді менің бөлмеме алып барыңдар.

Осы кезде Сейіттің телефоны шылдырлады да әлдекімдермен сөйлескен болды. Іле сырт киімін киіп сыртқа беттеп бара жатып Сейіт:

– Қазақстаннан келген қонақтар келіп қалды. Мен қарсы алайын, – деді.

Сәлден кейін үйге қонақтар кірді. Қазақстаннан келген қонақтар: Ұмсын Құнарқызы, Сүлеймен Мәмет және Жамал Қазақбайқызы үй ішіндегілермен амандық-саулық сұрасып болған соң дастархан басына шақырылды. 

Қамбар:

– Уа, Құдайым оңдасын, еш жамандық болмасын, ішкен-жегеніміздің сауабы осы қоламтадан дәметкен әруақтардың рухына тие берсін, әумин. Қане, алыстан-жақыннан келген құрметті қонақтар дәмнен алып, шай ішіп отырыңыздар. Бәрі де сіздерге арналған. Қазір сіздер үшін арнайы асылған ет ауқат келеді. Ал енді келген бойда тақымдап тергеуге алды демеңіздер, жөн сұрасып, білісе отырайық... Соңғы келген қонақтардан бұрынырақ келген қонақтар да бар дегендей, бәріміз де танысайық. Қонақтарымыз бұл үйге алғаш келіп отырғандықтан әрі бұрын біздің отбасымен таныс-білістігі жоқ екенін ескере отырып, алдымен өз отбасымның мүшелерімен таныстырып шығайын. Жарай ма?

Сүлеймен Мәмет:

– Сөйтіңіз қария, сөйтіңіз.

Қамбар:

– Арғы-бергі жақты қозғамай, кең толғамай қазақ сөйлеуші ме еді? Солай десек те қысқа қайырайын. Қуғын-сүргін жылдары Түркияны паналаған қазақтың бір отбасының жалғыз тұяғымын. Ныспым – Қамбар, әкемнің есімі – Мырзажан. Жасым сексеннен асып барады. Сүйегіміз Арғыннан тарайтын Сүйіндік, оның ішінде Қаржас. Балаларымның нағашы жұрты Адайдың Құдайкесі. Кемпірім Биғайша осыдан біраз бұрын көз жұмған. Үлкен ұлымның есімі Сейіт. Келінімнің есімі Жәмила. Руы Албаннан тарайтын Қызылбөрік. Екі немерем бар: Мансұр мен Елнұр. Олармен алдағы кезде тереңдеңкіреп білісе жатарсыздар. Ал енді, құрметті қонақтар, өз жөндеріңізді айта отырыңыздар.

Сүлеймен:

– Оһ-о-о, келініңіз Албанның қызы болса, сіз маған құда болдыңыз, қария. Мен де Албанмын. Албанның Әлжан атасынанмын. 

Қамбар:

– Бәсе деймін-ау, Жәмила ағасының келе жатқанын сезгендей, бүгін дастарханды ерекше құлшыныспен дайындады ғой, – деп күлді де, – құдамын десең, құшағым ашық. Есіміңді айтып жібер, біле отырайын.

Сүлеймен:

– Есімім Сүлеймен, әкемнің аты Мәмет. Ал, жанымдағы серіктерімді таныстыра отырайын, – деді де Жамал Қазақбайқызын көрсетіп, – Бұл кісінің есімі Жамал, Дулаттың Ботбай атасынан тарайды, келін болып түскен жері Қоңыраттың ішіндегі Тіней руы.

Қамбар:

– «Қазақ сұраса келе қарын бөле болып шығады» деген рас қой, Жамал шырағым да бөтен емес екен. Дулаттың қызы болса, онда менің нағашым болады. Шешем марқұм Дулаттың қызы еді... Маған бір жағынан нағашы, бір жағынан барған жерің Орта жүз болғандықтан келін болады екенсің. 

Сүлеймен Ұмсын Құнарқызын көрсетіп:

– Бұл кісінің есімі Ұмсын. Сіздің балдызыңыз. Адайдың қызы, – деді.

Ұмсын Қамбар қарияға қарап әзілдей сөйледі:

– Сізді осы үйге келген бетте жездем екеніңізді білгенмін. Өйткені, Адайдың қызының күтімін көрген адам сексеннен асып, жүзге келсе де өңін бермей, қутыңдап тұрады, – дегенде үлкендер жағы ду күлді, – апамды алдыңызға салып өзіңіз соңында қалып қиналып жүрсеңіз елге ертіп барып, Адайдың бір кемпірін жаныңызға қосақтап жіберейін. 

Қамбар:

– Мен бейбақ, жырақта жүріп, балдызбен не қайынмен қалжыңдасып көрмеппін, мынаған не айтарымды білмей тосылып қалдым-ау, ә.

Жамал Қазақбайқызы:

– Жиен аға, бойыңызда Арғынның алғырлығы қалмаса да, нағашыңыз Дулаттың арынды мінезінің табы өшпеген болар, балдызыңызға бірдеңе десеңізші.

Қамбар:

– Нағашың бар ма деген, өстіп дем беріп қойсаңшы... Әй, балдыз, Адайдың бір қызына елу жылдан астам уақыт зорға шыдап, одан енді құтылдым ба дегенде, Адайдың тағы бір қызына тұтылар жайым жоқ, – дегенде бәрі ду күлді, – жә, жарайды енді осымен доғарайық. Бүгін өзі Құдай ерекше жарылқаған күн болды ғой. Үйімізде үш жүздің баласының басы қосылып отыр. Құда да келді, нағашым да келді, балдызым да келді. Ақ жарылқаған күн болды ғой бүгін. Есік алдында мал ұстамаймыз, оның үстіне сіздердің келетіндеріңізді... Қап, өзім де бүгін ел жақтан жолаушылап келіп отыр едім, әйтпесе, бір қой сойдырар едім... 

Қамбар қария қипақтап отырып қалды.

Сол сәтте Жәмила:

– Ата, дәл қазір қонақтардың алдына батасын алуға көлденең тарта мал әкелмедім демесеңіз, кеше бір қой алдырып, сойдырып, дайындап қойғанбыз. Құдаңызға тартатын бас та бар, сыйлы қонақтарға ұсынар жамбас та бар. Қазір алдарыңызға ұсынамыз.

Қамбар:

– Әп-бәрекелді! Жөн біледі деген осы. Өркенің өссін, қарағым.

Сүлеймен Мәмет:

– Қазақтың жайлауында отырған жоқсыз ғой, қария. Не берсеңіз де разымыз. Ең бастысы ниет қой. Сіздің мына пейіліңіздің өзі біз үшін нар сойғанмен тең.

Қамбар:

– Рахмет, көп рахмет.

Көп өтпей Елнұр қонақтардың қолына су құйып шықты. Іле қойдың басы, ет ауқат тартылды. 

Қамбар:

– Басты Сүлейменге тарт. Өйткені ол құда, оның үстіне сонау Қазақстаннан келіп отырған қонақ. 

Сүлеймен Мәмет:

– Басты сізден кейін-ақ ұстайын. Мен арнайы құдалыққа келіп отырғаным жоқ, қазақ қандай жағдайда да жасы үлкенге жол берген. Сондықтан басты әуелі өзіңіз ұстаңыз.

Қамбар қария бастың құлағын Мартин-Мақсат пен Ален-Арманға берді. Софияға таңдайын ұсынады. Сөйтіп өзі бас етінен ауыз тиіп, сосын Сүлеймен Мәметке береді. Ас батасы жасалып, бәрі тамаққа ден қойды. Жұрттың барлығы білектерін сыбанып, ауқатты қолмен жеп отыр. Тек София, Ален-Арман және Мартин-Мақсат қолмен жеудің ретін таппай әрі қолмен жеп отырғандарға таңырқай әрі оны ұнатыңқырамай отырғандары аңғарылады.

Ален-Арман Мансұрға сыбырлап:

– Қасық не шанышқы пайдаланбай тамақ жеу ыңғайсыз көрінеді екен. Тазалыққа қайшы емес пе? Бір түрлі ерсі секілді.

Мансұр:

– Қазақ сорпа-су демесең, қою тамақты қолмен жейді. Тазалықтың нағыз өзі осында. 

Ален-Арман:

– Қалайша? – деп таңырқай үн қатты.

Мансұр:

– Тыңдашы, сен қажетсініп отырған шанышқы не қасық кімнің аузына кіріп шықпайды дейсің. Ал мына бес саусағың өзіңдікі, оны өзіңнен басқа ешкім қолданбайды. Тазалық деген осы. Оның үстіне, тамақты қолыңмен аузыңа салғанда ерніңе, тіліңе тиген саусақтарыңнан миға, ас қорыту жүйеңе ерекше белгі беріледі. Бұл көмейіңе түскен асты қабылдап алуы үшін асқазаныңды дайындайтын ишара-белгі. Мұның барлығы тағамның дәмін жоғары деңгейде сезінуіңе, оны бойыңа дұрыстап сіңіруіңе септігін тигізеді. Қазақ осының барлығын білген. Мұны ғылым да мойындайды. Ал білмейтіндер тамақты қолмен жегенді ерсі, анайылық көреді.

Ален-Армен мен Мансұрдың өзара әңгімесін естіп отырған София-Шолпан:

– Керемет. Бірінші рет естуім... – деді де білегін түрініп, қолымен тамақ алуға икемделді.

Ален-Арман:

– Бұл мен үшін жаңалық болды, – деп София-Шолпанның іс-әрекетін қайталады да, легенге қол созды.

Мансұр:

– Қазақ қол жумай дастархан басына отырмайды. Жуылған қол әркім қолданып тастаған шанышқы не қасықтан таза болады.

Жас қонақтардың өзара күбір-сыбырында нендей жайт талқыланып жатқанын сезе қойған қағілез қария Қамбар:

– Мансұржан, серіктеріңді әдеттенбеген іске бүгін қинама. Бүгінше, шанышқымен не қасықпен жей берсін. Кейін бір еркін, оңаша отырғанда тамақты қолмен қалай жеу керек екенін үйретерсің, – деді. 

Мансұр атасының не айтқанын Ален-Аман мен София-Шолпанға түсіндіріп берді.

Ален-Арман:

– Ата, мен тамақты қолмен жеуді қазірден бастап үйрене беремін. Бұған жаттығуға қазірден бастап кіріскен дұрыс. Өйткені, қолмен жеудің үздік үлгісін білетін сіздердің тәжірибелеріңізге қарап қазір үйреніп алмасам, ертең мұндай сәт бола бермес. 

София-Шолпан:

– Қолмен жеуді мен де бүгіннен бастаймын. 

Мартин-Мақсат:

– Мен де... 

Қамбар:

– Бәрекелді, бұлардың бойларында қазақтың қаны тулап тұр ғой, қолдарымен жесе жесін... Ал, құрметті жамағат, бүгін біздің шаңырақта тек Қазақстаннан келген қонақтардан бөлек немерем Мансұр ертіп келген тағы бір топ мейман бар, – деп София-Шолпан, Ален-Арман және Мартин-Мақсатты нұсқап сөйлейді, – Бұл меймандарды баласындық па, әлі көңіл аудара қойған жоқпыз. Қазақ қонағын жасы үлкен не кіші деп бөлмеген ғой. Ендеше осы меймандарға кезек берелік. Танысып-білісейік. Қане, Мансұр, меймандарыңды таныстыр.

Мансұр:

– Бұл Ален Миллер. Қазақша есімі Арман, – дегенде Ален-Арман орнынан тұрып, қайта отырды. Осы кезде Ұмсын Құнарқызы орнынан ұшып тұрды, – бұл София Лопес. Алғашқы есімі Шолпан. Ал мына балаларыңыздың аты-жөні Мартин Нельсон. Өзінің бастапқы есімі Мақсат. Үшеуі де қазақтың америкалықтар асырап алған балалары. Мен бұл бауырларымды дәл бүгін кездестіріп, үйге ертіп келіп отырмын. Үшеуі де өз қанына тартып, үйіріне қайта қосылуды армандайды.

Ұмсын:

– О, Құдайым-ау, Құдайым-ау, бұларды бір көрсем ғой деп жүр едім ғой мен. Бостонға келгелі консулдықтан сендерді сұрап, мекен-жайларыңды іздетіп жатқан жайым бар еді. Алдымнан өздерің шыға келдіңдер ғой, қарақтарым сол. Үлкен азамат болыпсыңдар, – деді де үшеуін алма кезек құшақтап, бәйек болды. 

Ұмсын Құнарқызының сөздерін үш балаға Мансұр аударып беріп тұрды. Жұрттың барлығы бұларға қарап қалған. Ұмсын Құнарқызы басқаларға жай-жапсарды түсіндірді. 

– Мен кезінде жетім балалар үйін басқарған едім. Сол кезде бұл үшеуін америкалық үш отбасы алып кеткен еді. Алып қалуға шарамыз болмай, заң талабынан аса алмай, ұжым болып жылай-жылай қалып едік. Оған да 13-14 жылдай болып қалыпты-ау... Мен бұлардың естерінде жоқ шығармын. Естерінде қай қылық-қызметіммен қалайын?.. Ол кезде Мақсат алты айдан жаңа асқан құндақтаулы сәби еді. Шолпан шамасы төрт жастан асқан сүйкімді, кішкентай қыз болатын. Ал Арман алты жастан мол асқан жаста еді, – деген Ұмсын көз жасын сүртіп тұрып, – Мансұр, сонда да Арманнан сұрашы, мен есінде ме екенмін...

Мансұрдан Ұмсынның өтінішін білген Ален-Арман:

– Кешіріңіз, есіме түсіре алмай отырмын. Көп жылдар өтті ғой арада, кешіріңіз... 

Ұмсын:

– Менен кешірім сұрағаны несі, қайта ол қорған бола алмаған бізді кешірсін.

Бұлардың екеуара әңгімесін Мансұр заматта екі тілге кезек-кезек аударып берумен болды.

Ален-Арман:

– Біз тәрбиеленген үйдің ішкі және сыртқы көрінісі аздап жадымда. Барлық апайларымыздың біздерге төккен мейірімі мен маңдайымыздан сипаған аялы алақандары есімде. Олардың алақандарының жылуының табы маңдайымда әлі тұр. Бәрінен де Сәнді апайым есіме жақсы сақталып қалды. Бізге ынты-шынтысымен, өз баласындай қарайтын. Үнемі күліп жүретін, тентектігімізге ашуланып, бұлқан-талқан болғанын көрмеппін. Мейіріммен қарайтын. Мені әкетіп бара жатқанымда жылап қалған кездегі бейнесі, соңымнан жүгіріп келіп ыстық құшағына алғаны, заттарымды әкеліп берген сәттегі көзінен домалаған жасы жадымнан өшпек емес. Мен кетіп бара жатқанда аласұрған жан дүниесі ол кісінің нәзік жүрегіне оңай тимегені анық. Сәнді апайым қалай, аман ба? Аман болса, сәлем айтыңыз менен. Қазақстанға баруға мүмкіндік болса, ол кісіні арнайы іздеп барамын, – деді.

Ұмсын:

– Сәнді апайың тамаша адам еді. Сендерді өз балаларынан кем көрмеді. Көңіліңе ауыр тиетінін білсем де айтайын, қазаны жасырмас болар, Сәнді апайың бүгінде бұ дүниеде жоқ. Апайыңа о дүниесін тілеп, дұғаңды арнап жүрсең, оған одан артық ештеңе керек емес, – деді.

Мансұрдың жеткізуімен Сәнді апайының қазасын естіген Ален-Арманның жүзі сұрғылт тартып, қабағы түксие:

– Жаны жаннатта болсын. Өмірден қашан өтті, неден қайтты? – деді. Оның жаны қыстыға жылаған-ды.

Ұмсын:

– Сендерді алып кеткен соң көп ұзаған жоқ, жүрегі нәзік жан еді, сол жүректен кетті, жарықтық. Сол жылы мен мекемедегі қызметімді өз еркіммен доғардым. Ал... – деді де Шолпан мен Мақсатқа қарап сөйледі, – Сендердің апайларың Қолқанат пен Өнергүл аман-есен. Жиі хабарласып тұрамыз. Енді хабарларыңды оларға жеткіземін.

Мансұрдан Ұмсынның сөзін түсінген Шолпан мен Мақсат бастарын изейді.

Үй ішіндегілер бағаналы бері барлық әңгімені үнсіз тыңдап отырған. Мұндағы жағдаяттың жай-жапсарын түсініп отырғанымен оны одан әрі тереңдей ұғыну үшін Қамбар қария:

– Оу, ағайын, тоқтай тұрыңдар, тоқтай тұрыңдар. Не әңгіме болып кетті өзі? Бірін ұғып, бірін ұқпай отырмын. Қалай сонда?.. Бұл үш баланы елден осында оқуға келгендерден, тілін ұмытқан қазақ көп қой, солардан шығар десем, жолдары басқа балалар ма еді? Қалай, бұларды сонда тілі бөлек, ділі бөлек, діні бөлек америкалықтар асырап алған ба? Қалайша? Бұлай да бола ма? Түсінбедім. Қалың елім қазағым бұған қалай жол берген? Мен бұрын-соңды естімеген әңгіме ғой мынау. Елдің жаңалығына ылғи құлақ түріп жүретін мына мен мұндай да сорақылық барын қалай білмегенмін, а, Сейіт? – деп Сейітке шаншыла қарады.

Сейіт:

– Көке, бұл жағдаят ұзақ әңгіме. Кейін бәрін өзім түсіндіремін. Мұндай жайттар ақпарат құралдарында көп аса айтыла бермейді. Кейде мүлде жариялауға тыйым салынып тастайды. Сондықтан сізге бұл сарындағы ақпараттар кезікпеген ғой.

Қамбар:

– Әй, бұл қалай? Бәрін білетін болсаң, маған неге айтпағансың? Сені де бәрін білетін ғалым дейді-ау...

Сейіт:

– Еліңізге деген ерекше сезім-пейіліңізге кірбің түсіріп алмайын дедім, көке. Оның үстіне, өзіңіз де бұдан хабардар шығар деп ойладым.

Қамбар:

– Түсінбедім... Бәсе, бұл үш баланы көргенде ішім жайсыз бірдеңені сезгендей, жүрегім өрекпігендей болып еді... – деді. Үй іші бірауық тым-тырыс болып қалды, – Жарайды, солай деңдер... Жай-жапсарды біле жатармын, білгенде не істерсің?.. Біраз келеңсіз істің болары болып, бояуы сіңіп қойған секілді ғой өзі... – деді де басын шайқап, мұңайып отырып қалды.

Сүлеймен Мәмет:

– Қария, сізді түсінемін...

Қамбар:

– Сен қонақсың ғой, менің көңілім түсіп кетті деп алаңдама. Мен не көрмеді дейсің? Бір түсінбей отырғаным, жанымды қинап отырған жайт – елдігіміздің еңсесі түсіп, бодандықтың бұғауын киіп, соғыстан, аштықтан, өзгенің көрсеткен зорлығынан, басқыншылардың тартқызған тақсіретінен қырылғаны, осы зұлматтардан тірі қалғандарының бір бөлігі өз атамекенінде қызыл қанға боялған қылыштың астында қалт-құлт етіп өмір сүргені, екінші бөлігі жан сауғалап тарыдай жан жаққа шашыла қашқаны аздай, енді мынауысы несі? Тәуелсіз елміз дейміз, елдігіміз қайсы? Өз баласына пана бола алмаған еліме дейін? Еліме барып еңсем көтеріліп келіп еді, мен бұрын естімеген мына жайт жүрегімді қозғап, айнытып, жан сарайымды аласапыран етіп, иығыма ауыр жүк артылғандай еңсемді езіп жіберді-ау! 

Бәрі үнсіз қалды. 

Жамал Қазақбайқызы:

– Нағашыеке, көңіліңізді түсірмеңіз, үмітсіз шайтан ғана, еліміз бұл қателігін әлі түзейді, оған біз сенеміз.

Қамбар:

– Түзелетін қателік болады, түзелмейтін қателік болады. Мына істі осының қайсысына жатқызарымды білмей отырмын. Дегенмен, алдан жақсылық күтейік, ел басшылары өзге емес, қазақтың балалары ғой, бір дұрыс шешім қабылдар.

Мансұр:

– Шолпан мен Арман өздерінің жан дүниелерімен қазақтың болмысын, табиғатын тануға құштар. Ал Мақсаттың ата-анасы балаларының қазақы таным-түсініктен хабардар болуын, өз ұлтының ділін, тілін біліп, дінін тұтынуға қарсы емес. Мақсат та қазақшылыққа оралу үшін талпынады деп ойлаймын, – деді.

Сейіт Мансұрдың сөздерін София, Ален және Мартин үшін ағылшыншаға сыбырлай аударып берді. Бұл үшеуі бас изеп, Мансұрдың сөзін құптады.

Терең күрсінген Сүлеймен Мәмет:

– Қазақшылықтан ажырап, оған қайта оралу оңай емес. Ол үшін қажыр-қайрат, ұлтына деген шексіз махаббат керек. Мен бұл үш баламыздың бойында қажыр-қайрат та, қанына деген махаббат та бар деп ойлаймын, бұлар жас қой, өз ұлтының ұғым-түсінігіне, болмысына ораламын десе, қанеки, – деді. 

Қамбар:

– Бұлар үшін үйіміздің есігі қашанда ашық. Біздің шаңырағымыз бұлардың бір үйі болады. Бәрінен де бұл балаларымды мұсылманшылық жолға түсіру қажет. Мұсылман болмай қазақ болу мүмкін емес, өйткені ата-бабаның ұлық жолы мұсылманшылықпен сәтті қабысып, баба дәстүрі мен ислам ұлтымыздың қос қанаты болып кеткен ғой, – деді. 

Сүлеймен Мәмет:

– Ал, қария ас ішіліп болған секілді, үлкеніміз өзіңізсіз, дастархан батасын беріп, әруақтарға бағыштап Құран оқып жіберіңіз. 

Қамбар:

– Бәріңізден үлкен екенім рас, бірақ сен құдасың. Құдалық жолың бар, сондықтан дастархан батасын өзің бер. Сосын Құранды өзім оқырмын.

Қамбар қария әруақтарға бағыштап Құран оқыды. Содан кейін Елнұр жағалай қолға су құйып шықты. Әңгіме қайта жалғасты.

Мансұр:

– Ата, бұл үш балаңыз сіздің тәрбиеңізді көргісі келеді, біздің үйдің аурасын бойларына сіңіре жүріп жетілгісі келеді. Өйткені, қара да тұрыңыз, біздің отбасымызды олар екінші Қазақстан, кіші қазақ елі сезінеді әлі. Шолпан да, Арман да, Мақсат та сізді тыңдайтын болады, – деді.

Жамал Қазақбайқызы:

– Сіздей абыз, кең жүрек қазақ қариясының алдын көруі бұл балаларымыздың бағы ғой. Олар енді сіздің және отбасыңыздың арқасында қазақтың жөн-жосығын біліп өседі, баба жолына түседі, – деді. 

Ұмсын:

– Сіздің шаңырағыңыздан қазақтың иісі бұрқырап тұр. Осы иісті иіскеп өскен адам қанына тартпай қоя ма? 

Сүлеймен Мәмет:

– Алыстағы Америкаға келгенде қазақтың бар қасиетін бойына сақтаған шаңырақты көремін деп ойлаппыз ба, қазақ қай қиырда жүрсе де өз қанына адалдығын білдіріп жүруі керек қой. Мен осы отбасынан Қазақ елінің өзінде сиреп бара жатқан нағыз қазақтың өзін көрдім, көрдім де өзімнен ұялдым. Өйткені, өз елінде тұрып ұрпағын өз ұлтының ұлы жолымен жүргізе алмай, адасқан, шатасқан, шала бүлінген талай қазақтың отбасыларын білемін. Солар үшін ұяламын.

Қамбар:

– Бұл балаларыма, тек бұларға емес осында жүрген қазақтың барлығына есігіміз әрдайым ашық, үйіріме қосыламын, қайда жүрсем де қазақ болып қаламын деген қандасыңнан айналып қана кетпейміз бе... Айтпақшы, дәл бүгін ақ жарылқап, Жаратқан ие үш жүздің өкілдерінің осы үйде бас қосуын нәсіп етіп отырғанда бұл үш баламызды қарсы болмаса, тілдерін кәлимаға келтіріп, мұсылман етейік, – деді.

Әңгіменің төркінін мансұрдан ұққан София, Ален және Мартин бір-бірлеріне жымыңдап күлді.

Мансұр:

– Ата, дәл бүгін оларға мұсылманшылықты қабылда деп қолқалауды қоя тұралық. Бұл балаларыңызға ислам жайын, мұсылманшылықты түсіндірейік, ислам дінін қабылдауға шешім қабылдау үшін уақыт берелік, – деді.

Сейіт:

– Жөні осы, көке. Сөйтсек, сөйтейік, асықтырмайық. Психологиялық тұрғыда дайындауымыз қажет. Исламның жолына түсу үшін дайындық керек деп ойлаймын. 

Қамбар:

– Әй, Сейіт, Мансұр, психология-мсихологияңды білмеймін, дайындық-пайыңдығыңды да бұл жерге қыстырма, бұлар қазақтың балалары. Яғни, мұсылманның балалары, ата дін, асыл дін – исламнан бұлар ешкімнің рұқсатынсыз ажыратылған. Олардың өз дінінде қалу, оны тұтыну құқығынан еріксіз айырған, білдің бе. Сондықтан, бұл балаларым өз тілімен, өз ділімен, өз дінімен қайта қауышуы керек. Оған толық құқығы бар. Бір күн болса да мұсылман болып өмір сүргеннен артық не бар? Біз олардың құқығын қайтарайық, – деді қызына сөйлеп.

Сүлеймен Мәмет:

– Дұрыс айтасыз.

Жамал Қазақбайқызы:

– Өте дұрыс.

Ұмсын:

– Өте орынды.

Мансұр. Ата, сіздікі жөн делік, бірақ бір ескеретін жайт бар, ол – Шолпан мен Арман өздері үшін шешім қабылдай алатын жаста, сондықтан оларды мұсылмандыққа шақыра берейік, ал Мақсатты кейінге қалдырайық. Өйткені, Мақсат кәмелеттік жасқа әлі толмаған, ол үшін ата-анасы шешім қабылдауы қажет. Оның үстіне, ата-анасы Нельсон ханым мен Нельсон мырза түк түсінбей басқаша ойлап, бізден бойын аулақ салып, Мақсатты жанымызға жақындатпай қоюы мүмкін. Баламыз қайдағы бір сектаға кіріп кетіпті деп қауіптенуі ғажап емес. Сондықтан, Мақсат тілін кәлимаға келтіріп, ислам дінін қабылдаймын десе, алдымен ата-анасымен өзі ақылдасып, олар рұқсат берсе, сосын көрер. 

Қамбар:

– Қане, олай болса, Мақсат балам озбырлықтың, қателіктің уақытша құрбаны бола тұрсын. Оның Жаратқан туғаннан маңдайына жазған дінімен шынайы түрде қайта қауышуына алдағы уақытта мүмкіндік болар. Ал, Шолпан мен Арман не дер екен? 

Сейіт пен Мансұрдан әңгіме ауанын аңғарып тұрған үшеуі үнсіз тұрды. Қарияның сұрағына Ален-Арман бірінші болып жауап қатты.

Ален-Арман:

– Мен өз ұлтымның Ислам дінін тұтынатынын бұрыннан білемін. Сондықтан, Ислам діні туралы біршама оқығанмын. Маған бұл дін ұнайды. Мен асырап алған ата-анам қандайда бір дінді ұстанбайтын. Ата-анамның шіркеуге барғанын бір-ақ рет көргенмін. Мұны айтып тұрған себебім, ата-анам мені қандай да бір дінді ұстануға үгіттеген емес. Ешқандай дінді ұстанбағанмын. Мен Құдайдың бар екеніне сенемін. Сол Құдайға деген сенімімді Ислам діні арқылы нығайтсам, жүрегіме бекітсем деймін. Дүние жүзіндегі ең атақты адамдар Ислам дінін қабылдағаны туралы көп оқығанмын, бұл менің Исламға деген көзқарасымды жақсарта түсті. Бүгін мен жақсы ұсынысты естіп тұрмын. Ислам дінін талай рет қабылдағым келген, бірақ, батылым бармаған, оның үстіне бұл дінді қабылдау үшін қандай амалдар жасау керектігі туралы білетінім шамалы еді. Ал бүгін сәті түсіп тұр. Атамыздың ұсынысы мені жігерлендіріп жіберді, – деді. 

Қамбар:

– Бәрекелді!

(Ален-Арманның не айтқанын Мансұр арқылы түсінген Сүлеймен Мәмет:

– Көкірегі ояу бала екен, – деді.

Қамбар:

– Ислам дінін қабылдау үшін бірінші кезекте дәрет алып, «Әшһәду әллә илләһә иллаллаһу уә әшһәду әннә Мұхаммәдән абдуһу уа расулуһ» деп шын жүрекпен айтады. Осылай еткен адам мұсылман болады. Мұның мағынасы – «Бір Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед Оның елшісі». Бұл сөз Ислам дініне кірудің кілті. Басқа парыз, уәжіп, сүннеттерді, басқа да амалдарды кейін орындай береді, – деді. 

Ален-Арман:

– Бостонда Ислам дінін іштей қолдайтын, оның артықшылығы көп дін екенін мойындайтын біршама таныстарым бар. Бірақ олар Ислам дінінде арақ-шарап ішуге, зинақорлық жасауға, шошқаның етін жеуге, кейбір іс-әрекеттерді жасауға тыйым салатынын білетіндіктен, бұл дінге жолағылары келмейді. Ал менің арақ-шарапқа еш әуестігім жоқ, зинақорлыққа жаным қас, ал шошқаның етінен бала кезімде қатты ұшынып қалғанмын, шошқаның еті түгілі, ол қосылған қандай да бір тағамды аузыма салмаймын, сондықтан бұлар менің Исламды қабылдауыма кедергі бола алмайды, – деді. 

Сейіт Ален-Арманға:

– Арман, бірақ бір мәселе бар? 

Ален-Арман:

– Ол не?

Сейіт:

– Мұсылман болған адам сүндетке отырғызылған болуы керек. 

Мансұр Сейіт пен Ален-Арманның арасындағы әңгімені қазақшаға аударғанда басқалар ду күлді. Жәмила, Жамал және Ұмсын ұялып, беттерін орамалдарының ұшымен жапты.

Ален-Арман қызарақтап:

– Білемін, білемін. Бұған күлетін ештеңесі жоқ. Шыдаймын, мұсылман болуы үшін, қазақтың дінін қабылдау үшін тәнімнен кесілер бір түйір етке «сараңдық» танытпаймын, – деді. 

Ален-Арманның сөзіне бәрі еріксіз күлді әрі разы болысты.

Қамбар:

– Арман балам, ол жағын уайымдама, осы маңда түрік досым тұрады. Дәрігер. Осындағы мұсылмандардың балаларын сүндетке сол отырғызады. Соған барсақ, бәрін тастай қылып бітіріп береді. Ендеше, Сейіт, сен қазір Арманға дәрет алуды көрсет, – деді.

Мансұр Қамбар қарияның сөзін ағылшыншаға аударып бергенде Ален-Арманның бетіндегі қызыл қалыңдай түскен. Баланың қысылып тұрғанын сезе қойған Сейіт оны дәрет алу үлгісін көрсетуге ертіп кетті.

Жамал Қазақбайқызы:

– Ал, енді Шолпан қызымызды тыңдайық, – деді. 

Жамалдың не айтқанын ұққан София-Шолпан:

– Мен қандай дінді ұстануым керектігі жөнінде көптен бері ойлап жүргенмін. Не христиан діні, не Ислам діні деп... Ата-анам христиан дінін тұтынады. Бірақ мені бұл дінді ұстануға үгіттеген емес. Олар мен өскен соң өз таңдауын жасайды деген. Енді маған қай дінге бет бұратыным айқын. Қазақтардың бұрыннан Ислам дінін ұстанатынын білемін. Демек, мен де мұсылман болуым керек, – деді. 

Жамал Қазақбайқызы:

– Ой, бәрекелді!

Ұмсын:

– Қанына тартпай қойсын ба? Қан өзіне тартады ғой.

Жәмила:

– Олай болса, мен Шолпанға дәрет алуды көрсетейін. Дәрет алсын... Біз қазір... – деді де Жәмила София-Шолпанды ертіп шығып кетті. 

Ален-Арман мен София-Шолпан дәрет алып келген соң Қамбар қария:

– Ендеше, балаларымызға Калима-и шахадат айтқызайық, – деді.

Мансұр қарияның сөзін ағылшыншаға аударып бергенде Ален-Арман:

– Ол не сонда? – деді таңырқай.

Мансұр София-Шолпан мен Ален-Арманға қарап:

– Бар болғаны бар ықыластарыңмен бір Аллаға иман етіп, Мұхаммед Пайғамбарға (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мүлтіксіз сеніп, шынайы түрде «Кәлимә-шәһадат» сөздерін, яғни сенім куәлігін айтуларың керек, – деді.

София-Шолпан:

– «Кәлимә-шәһадат» сөздері деген не? 

Қамбар:

– «Әшһәду әллә илләһә иллаллаһу уә әшһәду әннә Мухаммәдән әбдуһу уа расулуһ» десең айтсаң, «Кәлимә-шәһадат» сөздерін айтқаның. Оның қазақша мағынасы: «Мен Алладан басқа тәңір жоқ екендігіне және де Мұхаммед (ﷺ) Алланың құлы әрі елшісі екендігіне куәлік етемін» деген сөз. 

Мансұр өз қызметінен жаңылмай ағылшыншаға аударып берді.

Ален-Арман:

– Сонда, осы сөзді шын ниетімізбен айтсақ, мұсылман боламыз ба? 

Қамбар:

– Иә. Мұсылман боласыңдар.

София-Шолпан: 

– Міне, керемет.

Мансұр ұсынған мәтінге қарап тұрып Ален-Арман: 

– Олай болса, тыңдаңыздар, куә болыңыздар... «Әшһәду әллә илләһә иллаллаһу уә әшһәду әннә Мухаммәдән абдуһу уа расулуһ», «Әшһәду әллә илләһә иллаллаһу уә әшһәду әннә Мухаммәдән абдуһу уа расулуһ», «Әшһәду әллә илләһә иллаллаһу уә әшһәду әннә Мухаммәдән абдуһу уа расулуһ», – деді.

Қамбар:

– Бәрекелді. Әмин, әмин.

Қарияға қосыла үйдегілердің барлығы «әмин» деп бет сипады.

Ален-Арманнан алған мәтінге бір көз жүгіртіп алды да София-Шолпан:

– Олай болса, мені де тыңдаңыздар, куә болыңыздар «Әшһәду әллә илләһә иллаллаһу уә әшһәду әннә Мухаммәдән абдуһу уа расулуһ», «Әшһәду әллә илләһә иллаллаһу уә әшһәду әннә Мухаммәдән абдуһу уа расулуһ», «Әшһәду әллә илләһә иллаллаһу уә әшһәду әннә Мухаммәдән абдуһу уа расулуһ», – деді. 

Ұмсын Құнарқызы:

– Әп-бәрекелді! Әмин. Әмин.

Үйдегілер түгел «әмин» десті.

Қамбар:

– «Кәлимә-шәһадат» сөзін куәгерлердің көзінше айту, ол үшін арнайы мешітке бару міндетті емес. Үйде отырып-ақ, иман етіп, «Кәлимә-шәһадат» сөзін айтсаңыз Ислам дінін қабылдаған саналады. Дегенмен, адамдар сенің мұсылман болғаныңнан хабардар болуы үшін «Кәлимә-шәһадат» сөзін куәгерлердің көзінше айтқан абзал, шырақтарым. Исламды қабылдаған адамның анадан жаңа туған баладай барша күнәлары кешіріледі. Өмірді жаңадан бастауға мүмкіндік пайда болады, – деді.

Мансұрдан Қарияның айтқандарының мәнін ұққаннан кейін Ален-Арман мен София-Шолпанның жүздері жайнап, көңілдері тасып, рахат бір күй кешті.

Ален-Арман:

– Бұл деген керемет қой. Үлкен мүмкіндік қой. Анаңнан жаңа туғандай таза болудан артық не бар? 

София-Шолпан:

– Айтпа, ғажап сезімді бастан кешіріп тұрмын.

Ален-Арман:

– Мен негізі мұсылман болып туғаныммен Исламды дінім ретінде танымағандықтан, оны қайтадан немесе жаңадан қабылдадым десем бола ма? 

Қамбар:

– Не десең де болады. Ең бастысы сендер енді мұсылмансыңдар, өз діндеріңе оралдыңдар. Алла тағаланың құдіретімен әділдік орнады. Әділдік салтанат құрды. Құдай сендердің өз діндеріңді қайтарып берді. 

Көзіне жас алған София-Шолпан:

– Осындай әділдік өз елінен, туған жерінен еріксіз кеткен барша балалардың басына орнаса екен! 

Сүлеймен Мәмет:

– Бағана Сейіт Арманды сүндетке отырғызу жайын айтып қалды. Соған орай айтайын, негізі Исламды қабылдағысы келетін көптеген ер кісілерді «сүндеттеу» мәселесі алаңдатып жатады. Исламды қабылдаған ер адамның сүндеттелуі абзал. Бірақ, ол мұсылман болудың шартына кірмейді. Яғни, сүндеттелу – Ислам дінін қабылдаған кісінің өз ыхтиярындағы іс. 

Ален-Арман:

– Мен мұсылман болып туғанмын. Басқа діннен исламға өтіп тұрғаным жоқ, сондықтан сүндеттелуім керек. 

Қамбар:

– Жөн...

Сүлеймен Мәмет:

– Мен Арман баламыздың сүндеттелгеніне қарсы емеспін. Менің айтпағым, сүндеттелу ісі кімнің болсын Исламды қабылдауына кедергі келтірмеуі керек деген ой. 

Ален-Арман:

– Дұрыс, орынды. 

Сейіт:

– Әрине, дұрыс пікір... Осы жерде бір жайтты айта кетейін, көптеген адам жаңадан мұсылман болған кісі есімін мұсылманша есімге ауыстыруы керек пе, деп те сұрап жатады. Бұл да міндетті емес, мұсылман болудың шартына кірмейді. Алайда, ол кісінің есімі Исламның негізгі ұстындарына қарсы келетін көпқұдайшылдардың «құдайларының» аты сияқты есімдерден болса ауыстыруы қажет болады. 

Қамбар:

– Осымен бұл рәсімді аяқтайық. Бұл бір біткен үлкен іс болды. Енді балаларға рұқсат берейік, өздері тереңірек таныссын, біліссін, ал үлкендер жағы өзімізше әңгімемізді жалғастыралық. 

Қонақ бөлмеден жастар жағы шығып кетті... Бөлмеде үлкендер жағы қалды. Сүлеймен Мәмет:

– Ал қария, елге барып қайтқаныңызды естіп отырмыз, атамекенге сапарыңыз барысында не көрдіңіз, не түйдіңіз, қай жерлерді араладыңыз, айта отырыңыз.

Қамбар:

– Көргеніміз де, түйгенімізді де бір сөзбен қысқартып айтсам, ел еңсесі көтеріңкі екен. Әуелі Тәңірдің, одан кейін тәуелсіздіктің арқасы ғой. Ел болған соң оған айтар сын да, тағар мін де табылады. Ол жағын қозғамай-ақ қояйын, ел ішінде жүрсіңдер, оны өздеріңде білетін боларсыңдар... – деген қария бір жөткірініп алды да, –. бір айға созылған сапарымызда атажұртты түгел аралап шықпасақ та аяғымыз жеткен жердің барлығына бардық. Орындасақ деген тілегімізді, дітімізді іске асырдық. Кіші жүз кең жайлаған атырапты көрдік, суын іштік, ыстық топырағына табанымызды бастық. Кемпірім басына бір барып зиярат етуді армандап кеткен Жарықтық Пір Бекеттің басына түнедік. Қайын жұртым мекен еткен өңірге ат басын бұрып, кемпірімнің жете алмай кеткен тілегін орындап, ата-бабаларына, оның ішінде кемпірімнің төркіні Адайдан тарайтын Құдайке мен оның өмірден озған ұрпақтарына Құран бағыштадым, жарықтықтар жатқан жерінде бір аунаған болар. Кемпірімнің ет жақынынан біреу-міреу табылып қалар деп сұрастырған болып едім ештеңе өнбеді, қайдан өнсін, аласапыран заманда Түрікмен одан әрі Иран асып жан сауғалап кеткен қайын жұртымды бүгінгі ұрпақ қайдан білсін? Кемпіріме әке-шешесі атажұртта пәлен деген туысың, түген деген нағашың, жиенің қалды деп санасына құйып кеткенімен арадағы бір ғасырға жуық уақыттың пердесі оларды саған көзіңе түсіріп, дерегін білдіре қояр деймісің.

Сүлеймен Мәмет:

– Біраз сауапты іс атқарыпсыз. Мұратыңыз асыл, ниетіңіз қабыл болсын, қария.

Қамбар: 

– Әмин, айтқаның келсін, құдеке... Одан әрі жалғасам, қалың Орта жүз жайлаған, кіндік қаным тамған, бірақ бала шақта топырағын басу бұйырмаған, ата-бабаларымның сүйегі жатқан, әке-шешеме топырағы бұйырмаған Сарыарқаның саумал самалын сімірдік, жасыл желегіне бауырымызды төседік, ақ жаңбырына малындық, әруақты бабаларға бағыштап Құран аяттарын оқыдық. Ата-бабамыздың иісі, ізі қалған қайран Сарыарқа біз барғаннан ебіл-дебіл жылаумен болды, ақ жауыны денемізге сіңіп, қуаттандық, жұпар ауасы қанымызды тулатып, бойымызға қуат құйды. Жаңарған Қазақстанның сәулетті де дәулетті жаңа елордасын алаңсыз араладық. Содан кейін Ұлы Абайдың кіндік қаны тамған жерді көрдік, данышпанның басына барып тәу еттік. Ұлытауға жол түсіп, қазақтың ұлылығының төркінін таныдық. Одан ары Ұлы жүз жайлаған ұлы Жетісуды, жер жәннаты Жетісуды көрдік, Алла тағала аямай берген әсемдігін тамашаладық, төбесі көк тіреген, басын мәңгіге қар басқан айбарлы да алып Алатауға тамсанып, таңырқап қайттық. Одан әрі атажұрттың оңтүстігіне жол тартып, қасиетті қалың қоңырат пен дулат қатар қонған аймақтағы әулиелі жерлерді араладық. Сайрамдағы сансыз бапқа зиярат еттік, әл-Фараби шыққан қасиетті Отырардағы Арыстан баптың, киелі Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауидің басына түнеп, Тәңірден елімізге, ағайын-туыс, отбасымызға, ұрпағымызға амандық, саулық, береке-бірлік тіледік, Үкаш атаның құдығының суына мейірімімізді қандырып, бабаның басында Құран оқыдық. Қарт Қаратаудың қойнауына еніп, мөлдір бұлағынан мейірімізді қандыра су іштік. Оның дәмі өлгенше таңдайдан кете қоймас. Одан әрі Қорқыт мекен еткен Сыр өңірін шарлап, Қорқыт бабаның қыл қобызының үні тербеген сары далаға, ондағы ел-жұртқа сәлем бердік. Міне, сапарымыздың ұзын-ырғасын қысқартып айтқанда осы.

Сүлеймен Мәмет:

– Сөзіңізге қарағанда, сапарыңыз сәтті өткен екен. Сексенге келсеңіз де шаршамай-шалдықпай соншама жол жүргеніңізге таң қалып отырмын.

Жамал Қазақбайқызы:

– Менің нағашымды бұл сапарда елге деген жылдар бойғы сартаптала жинақталған сағыныштың күші шаршатпаған ғой.

Ұмсын:

– Жездеме атамекенге бір жетсем, бір көрсем деген ұзақ жылғы арман-тілегі қуат берген ғой.

Қамбар:

– Бәрі де әуелі Тәңірдің қалауы, шырақтарым. Ал енді, қазақ келген қонақтан не шаруамен жүргенін сұрамайды, дегенмен, өздеріңнің мұхит асып, бөтен жұрт, бөгде елге ат басын бұруларыңның жай-жапсарын, себебін айта отырыңдар. Жай қыдырып жүрмегендеріңді ішім сезіп отыр.

Сүлеймен Мәмет:

– Қария, біз ерігіп саяхат жасап жүрген адамдар емеспіз... Жаңа ғана өзіңіз шет жағасын естігендей, қазақстандық он мыңнан астам жетім баланы шетелдіктер асырап алған. Олардың бір бөлігі осы Америкада. Бұл шетке кеткен балалардың жартысына жуығы қазақтың қаракөз ұл мен қызы. Міне, елімізден кеткен осы балалардың жай-күйін білу үшін Қазақстаннан арнайы делегация АҚШ-қа келген. Біз осы делегацияның құрамындамыз.

Қамбар:

– Түсіндім... Сонда, жетім балаларды өзге елдің азаматтарына бермей қоюға болмай ма?

Жамал Қазақбайқызы:

– Бермей қоюға болады. Бірақ, Қазақстан балалардың құқығын қорғау жөніндегі халықаралық бір конвенцияға қосылған. Енді біздің атқамінерлер осы конвенцияның талаптарын орындауға міндеттіміз деп, жетім балаларымызды шетелдіктердің асырап алуларына рұқсат беріп отыр.

Ұмсын:

– Жетім балаларымызды сыртқа жіберуге қазақ қоғамы қарсы, бірақ мемлекеттік жауапты органдар солқылдақтық танытып отырған жайы бар. Олардың уәждері – әрбір бала отбасында тәрбиеленуі маңызды. Ал Қазақстанда бала асырап алушылар аз, сондықтан жетімді асырап аламын деген шетелдіктердің қолын қақпайық дейді.

Қамбар:

– Қазақ жетімін қаңғыртпайтын ел еді. Мұнысы қалай? Елде мейірім қалмаған ба? Халықаралық конвенцияға қосылдық деп, жат әлемнің ыңғайына жығыла бермей, елдің мүддесін көлденең тартуға іс басында жүрген азаматтардың ерік-жігері жетпей ме?

Ұмсын:

– Елдің жазығы жоқ. Бірақ кейбір атқа мінген азаматтарда мейірім болмай тұр. Солардың кесірінен бүкіл қазақ жақсы атты болмай отыр. Бұл өзі ұзақ әңгіме, оның барлығын айтып тауысу қиын.

Сүлеймен Мәмет:

– Мен, Жамал, Ұмсын үшеуміз бірігіп еліміздегі жетім балалардың құқығын қорғау үшін арнайы қоғамдық ұйым құрғанбыз. Мақсатымыз – шетелдіктерге жетім балаларды жібермеу, осыған дейін шекара асып, өзгенің жетегінде кеткен ұл мен қыздың жағдайын білу. Сондықтан, әлгі делегацияның құрамына бізді де кіргізген. АҚШ-тың бірнеше өңіріне барып, уақытымыз жетіп, шамамыз келгенше ондағы қазақстандық балаларды асырап алған бірқатар отбасының тұрмыс-тіршілігін көрдік. Олардың тәрбиесіндегі балалардың жай-күйін білдік.

Қамбар:

– Олай болса, көргендеріңді, түйгендеріңді айта отырыңдар.

Сүлеймен Мәмет:

– Көп дүние көрдік, соларды көрдік те жүрегіміз ауырды, жан сарайымыз аласапыран күй кешті.

Ұмсын:

– АҚШ-тың бірқатар штатын аралап, ондағы қазақстандық балалардың жан әлемдерінен, жанарларынан талай жайтты аңғардық.

Сүлеймен Мәмет:

– Индиана штатындағы француз отбасы өздері асырап алған қазақтың Джордж-Дарабек деген баласын алақанына салып бағып отыр екен. Баланы күтулерінен шынайылық сездім. Оған жақсы жағдай жасаған, туған халқынан тамырын үзбеуге баулып отыр. Бізбен аудармашы арқылы сөйлескен 11 жасар Джордж-Дарабек «Ержеткенде Қазақстан футбол құрамасында ойнағым келеді» деген тілегін жеткізді. Ал асырап алған әкесі оған: «Ол үшін алдымен қазақ тілін үйрену керек» деді. Джордж-Дарабек одан әрі Қазақстанға келіп тұрғысы келетінін айтты. Дегенмен, ол әлі бала, өскенде оның таным-түсінігі қалай өзгеретіні бізге белгісіз.

Жамал Қазақбайқызы:

– Алайда, біз Джордж-Дарабекпен және ол сияқты мыңдаған қазақстандық балалармен қарым-қатынасты жоғалтпауымыз керек. Бұған міндеттіміз. Огайо штатында тұрып жатқан Сандра-Самал дарынды қыз екен. Жанары жанып тұр. Олардан басқа, біз жолыққан қазақ ұл-қыздарының бойларынан намыс пен жігерді, қазақ десе елеңдеп тұратын қасиетті аңғардық. Бұл балалардың арасынан қаншама алып тұлғалар шығатынын ішіміз сезеді. Бірақ олар өсе келе қазаққа қызмет ете ме, әлде...

Ұмсын:

– Пенсильвания өңіріне барғанымызда ондағы Томсон-Тұрар деген бала жаныма келіп амандасып, аудармашы арқылы «Қазақстандағы балалар үйіндегі менің досымды көрдіңіз бе, көрсеңіз оған сәлем айтыңызшы», деді. Осы штатта тұрып жатқан Анастасия-Айқыз деген он үш жасар қыз бала бар. «Неге менің туған ата-анам өтірік ақпарат берген? Неге өз аты-жөндерін, қайда тұратындарын айтпаған?» деген сұрақ қойды маған. Жауап бере алмадым. Менен жауап болмаған соң өз сұрағына өзі жауап берді. «Іздесе, таба алмасын деген шығар?» деді. Мен ешнәрсе айта алмадым. Жүрегім дүрсілдеп, тынысым тарылып кетті.

Сүлеймен Мәмет:

– Мэриленд штатына барғанымызда да жүрек шымырлатқан көріністерге көп кездестік. Сонда тұратын Майкл-Мейіржан деген он бестегі бозбала туған әке-шешесіне деген ешқандай жылы сезімі жоқ екенін айтты. Өйткені, оларды танымайды, көрмеген. Дегенмен, туған ата-анасын бір рет болса да көргісі келетінін жанары сездіріп тұрды. «Туған ата-анам» дегенді айтқан кезде дауысы дірілдеп, көңілі босап кетті. Нью-Йорктегі Диана-Данагүл деген кішкентай қыз анасының есімін есінен шығармапты. Ал анасы оны есіне ала ма?! Жаныңды ауыртатын сұрақ, әрине…

Жамал Қазақбайқызы:

– Кентукки штатында жасап жатқан Аманда-Айман есімді сүйкімді қызды кездестірдік. Оның асырап алған ата-анасының айтқаны бізді қатты ойға қалдырды. Аманда-Айман төрт жастан асқанда туған жерімді көрсем дей беріпті. Содан кейін өзіне сіңілі керек екенін, ол өзіне ұқсау керектігін, оның көзі көк емес, өзінікіндей қара болуын айтып, ата-анасына талап қойыпты. Содан, өгей анасы Қазақстанға келіп жеті айлық Хилари-Құралайды асырап алып, Кентуккиге келгенде Аманда-Айман сіңлісі – Хилари-Құралайдың ең алдымен көзіне қарап, содан соң барып бетінен сүйіпті. Бауырына қысып, алдына алып отырыпты. Біз бұл әпкелі-сіңлілі екі балапанды да кездестірдік. Сол қазақтың қызының бауырмашылғын көргенде жүрегің езілмей қоймайды. Осындайда біздегі жалғыз ұл мен жалғыз қызда мұндай қасиет неге жоқ деп ойлайсың. 

Ұмсын:

– Біз көрген америкалықтардың өздері асырап алған қазақстандық балаларды алақанына салып әлпештеп, жақсы қарап отырғандарын айтуымыз керек. Балаларға күтім жағынан обалы нешік, айып жоқ секілді. Бірақ олардың жанарларындағы мұңды, ішкі әлемдеріндегі қаяу мен алаңдаушылықты, түйсіге білгенге аңғару қиын емес. Вашингтондағы төрт жасар Эленора-Еркежан деген қыз көк тудың түбінде тұрып мәз болғанын, кейіннен балбұл жанған өңі мың құбылып, төсекке отыра кеткенін, қан тарта ма, біздің қасымыздан айналшықтап шықпай қойғанын көргенде өзегіміз өртеніп кетті.

Сүлеймен Мәмет:

– Иә, қазақстандық балалардың жанымыздан шықпай, бізді төңіректей бергенін көргенде жаның шыдамай кетеді. Солтүстік Королина штатында тұратын Алекс-Айбар деген жеті жасар бала біз мініп барған көліктің ішіне отырып алып, бірге кетемін деп әлек салғанын қалай ұмытарсың? Осындай ауыр көріністерден кейін жер басып тірі жүрудің өзі қиын екен. Бұлар өскен соң өздерінің туған елінің керек етпей сыртқа тепкенін кешіре ме? Ертең олар Бейбарыстай батыр болып, найзасы өз туған еліне тиіп жүрмесіне кім кепіл? Біз бұл балалардың алдында, ұрпақтың алдында адал бола алмадық. 

Ұмсын:

– Алабама штатындағы Альберт-Әлиасқардың бейнесі көз алдымнан кетер емес. Өз ана тілін мүлде білмейтін қазақтың сүйкімді бұл баласы менің қасымнан кетпей қойды. Бұл да біз аттануға ыңғайланғанда көлікке бізден бұрын барып отырып алды. Ал оны түсіріп көр. Асырап алған ата-анасы оны алдап-сулап, біздің қайта айналып соғатынымызды айтып көліктен әзер түсіріп алды. Ол енді бізді күтіп, үмітпен жолға жаутаңдай қарап қанша күнін өткізеді екен? Біз оған қайта айналып соқпаймыз ғой... Байғұс баланың не жазығы бар еді?

Жамал Қазақбайқызы:

– Шынында бұл балалардың қандастарын көргенде ерекше күйге еніп, жаутаңдап қарайлай бергені, тіпті мойнымызға асыла кетіп, еркелегені, бізді жібергісі келмей қиналғандары жүрегіңді езіп жібереді. Мен Вержиния штатындағы Конрад-Құрбаннан осындай жан ауыртар қылықтар көрдім. Ол асырап алған отбасына келген алғашқы кезде тіпті кереуетке жатудан бас тартыпты. Содан асырап алған ата-анасы қойдың терісін әкеліп еденге төсеп беріпті. Конрад-Құрбан соның үстіне ұйықтайтын болыпты. Мен оған қазақтың ұлттық киім кигізгенімде оның қуанышын көрсеңіздер ғой, айтып жеткізу қиын. Тегіне тартып тұр ғой. Төрт түлік өсіріп тіршілік еткен қазақтың ұрпағы емес пе. Оның алдыма отырып алып, жұп-жұмсақ алақанымен бет-аузымды сипалағанын қалай ұмытамын? Біз кетуге бет алғанымызда ол мені қапсыра құшақтап әлденелерді айтып жатты. Аудармашыдан сұрағанымда, апай кетпесінші, біздің үйде болсыншы дейтін көрінеді. Қандай қиын? Жүрегің қалай қан жыламасын? 

Қамбар:

– Жас кезінде әдемі сезімдері оларды өз еліне елжіретіп тұрар. Ал жүре келе, өсе келе бұл сезім жойылып кетуі әбден мүмкін-ау.

Ұмсын:

– Біз кездестірген ұл мен қыздың барлығы да күліп тұрып мұңаятындай, жанарларында тұңғиық бір сыр, сағыныш, өкініш жатқандай көрінді маған. 

Сүлеймен Мәмет:

– Әлгі мен айтқан Алекс-Айбар «Қазақстан», «Астана», «Алматы» деген сөздердің әлденеше қайталап, қолын бұлғап қала берді. Сол шетте жүрген қалақтай ұл-қыздың қылықтары естен кетер ме, енді? Текке тарту, қанға қызу деген қазақта әлімсақтан бар ұғым. Бұл қазақтың әрбір баласының бойынан табылып жатады. Бұған осы сапарымызда тағы бір рет көзім жетті. Құшағыңа ұмтылған ұлды, етегіңнен тартқан қызды көріп, қанға тарту деген осы екен-ау демеске лажың жоқ.

Жамал Қазақбайқызы:

– Рас, біздің балаларды асырап алған отбасылар оларға жақсы қарап отыр екен. Біз көрген балалар материалдық жағынан жақсы қамтамасыз етілгенін білдік. Бірақ, молшылықты өмір сүріп жатқанымен олардың жанарларынан, балаң жүздерінен мұң, сағыныш табы анық аңғарылады.

Ұмсын:

– Иә, біз барып көрген балалардың материалдық жағдайлары жақсы. Бірақ бұл Қазақстаннан шетке кеткен өскіндердің барлығының әлеуметтік-тұрмыстық ахуалы керемет деп ой түйдірмеуі тиіс. Біз қазақстандық балаларды асырап алған отбасыларды, жат жұртқа кеткен барлық жеткіншектерді түгел көргеніміз жоқ. Шетке кеткен, біз барып көрмеген балаларымыздың талайы жоқшылықта, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қыспағында өмір сүріп жатуы да мүмкін. Олардың арасында асырап алған ата-анасы қайтыс болып не ажырасып кетіп далада қалғандары, отбасынан жылылық көрмей жат елдердің сұрықсыз сұп-сұр көшелерінде тентіреп, әркімнің қолындағысына телміріп, жалғыздықтан жаны жабырқап, азапты да аянышты өмір сүріп жатқан тағдыр иелерінің қанша екенін бір Құдай ғана біледі. Олардың өмірлерін біздің елшіліктер бақылап отыр дегенге сенгің келеді, бірақ бұл жай ғана өзіңді алдаусырату секілді. Әлемнің түкпір-түкпіріне өз қолымызбен, өзіміздің сұмпайы пиғылымызбен тарыдай шашыратып жіберген бұл балалардың, әсіресе, солардың ішіндегі тақсіретке тап болғандарының, өмірді Алла өзі өлшеп береді десек те, пешенесіне жазылған ғұмыры зорлық-зомбылықтан үзілгендердің обалы кімге? 

Сүлеймен Мәмет:

– Дұрыс айтасыз. Артық айтты демессіздер, тіпті, біз барып тіршілігімен танысқан балалардың көңілімізге жұбаныш еткен тұрмыстық жақсы жағдайы мүлде басқаша болуы ғажап емес. Олардың шынайы өмірлері біз көргендегідей емес, сұрықсыз болуы да мүмкін. Өйткені, арнайы делегация келе жатыр деген соң тиісті орындар, әлгі біз барған отбасылар көзімізді бояп, сәтті ойластырған сценариймен бізді қарсы алып, арқамыздан қағып, алдаусыратып шығарып салуы да әбден мүмкін ғой. Өйткені, бала асырап алғысы келетін шетелдіктер алдағы уақытта майшелпектен айырылып қалмауын ойлап бізге жақсы көріну үшін барын салады.

Жамал Қазақбайқызы:

– Иә, иә, дұрыс айтасыздар, келісемін. Шетелдік бала асырап алушылардың барлығы керемет деп біржақты кетуге мүлде болмайды. Сіздердің айтып отырғандарыңыз негізсіз емес.

Сүлеймен Мәмет:

– Шетке кеткен балалардың ауыр тағдыр талқысына түсіп, азап шеккені туралы ақпараттар баршылық. Оларға жеке-жеке тоқталсаң, жаның түршігеді. Оның барлығын бұл жерде тізбектеп жатпайын, бірін ғана мысал етейін.

Қамбар:

– Айта бер, айта бер. Е, Тәңірім, енді естіртпегенің осы ма еді? Өзгеге сатылған жетімдеріміздің көлдеген көз жасы, қыршынынан қиылғандары мен қорланғандарының тағдыры не дейді екен, естиік.

Сүлеймен Мәмет:

– Қария таусылмаңыз... Айтпай-ақ қояйын, жүрегіңізге салмақ түсіріп алармын.

Қамбар:

– Айта бер, тосылма. Бұл жүрек шыдамды ғой. Тәңірім сексеннен асқан жасымда осынау қасіретті естіртейін деген болар, айта бер. Ұясы бұзылған сары үрпек балапандар көз алдымызға елестей берді ау, беу-дүние-ай!

Сүлеймен Мәмет:

– Қария, бұл тақырыпты осы жерден тоқтатайын. Кейін ести жатарсыз. 

Қамбар:

– Тірі жүрсек, әлі талай сұмдықты естиін деп отырмыз ғой. Жарайды... Басқа елдерді қояйық, осы ел аман, жұрт тынышта, бейбіт өмірде Қазақстанда бұл жетім балалар қайдан шығып жатыр. Елдің өз жетімін сыртқа экспорттауға көшкеніне қарағанда, жетім балалар көп пе бұл, елде. Бұрын жетімдер соғыстардың салдарынан пайда болады деуші еді, ал қазір заман тынышта мұнысы несі? Түсінбедім.

Жамал Қазақбайқызы:

– Е, е, нағашыеке, мұны түсінбейтін түгі де жоқ. Ел болған соң жетімсіз болмайды ғой. Бірақ шамадан тыс жетімдердің көбейіп кетуінің сыры тереңде. Басқаны айтпағанда, біздің елімізде жетімдер азаймай тұр. Бұрын жетімдер сіз айтқандай соғыстың себебінен ғана пайда болатын. Ал қазір...

Сүлеймен Мәмет:

– Ал қазір, біздің қоғамда мылтықсыз майдан қайнап жатыр, қария. Сол майданда қазақтың жеңісінен гөрі жеңілісі, ұтысынан гөрі ұтылысы көбірек болып, есімізді алып тұр. 

Қамбар:

– Ол не майдан? Бұл майданды елге қарсы кім ашып жатыр?

Сүлеймен Мәмет:

– Е, қария, бұл бір ұзақ әңгіме. Қысқарта айтайын, қаншама ғасыр тізгіні өзгенің қолында болған елдің көрер құқайы қашан да аз болмаған. Біз де сол құқайды көп көрген ұлтпыз. Оны өзіңіз де білесіз. Міне, сол көрген зорлық пен зомбылықтың рухани жағымсыз салдарларымен күрес жүріп жатыр. Оны қашан жеңетініміз белгісіз. Оның үстіне, аймақтық шекарамыз бүтін болғанымызбен, рухани шекарамызды шегендей алмай әуреміз. Бұрынғы себептердің салдарлары етектен тартып, жаңадан төнген рухани агрессия жағамызға жармасып берекемізді кіргізер емес.

Қамбар:

– Түсіндім, түсіндім. Ары қарай созбай-ақ қой.

Жамал Қазақбайқызы:

– Тұл жетімді тағдырдың ісі дейміз. Ал тастанды балалар бір жағынан жаңа сөз болған салдарлар мен сырттың рухани шабуылынан әлсіреген отбасылық құндылықтардың құнсыздануынан көбейіп жатыр. Екінші жағынан азғындаған, өмірге жеңіл қарап, жастық шағын арақ-шараппен қор еткен, келте ойлап кердеңдеген кесірлі топтардың арсыз әрекеттерінің, Құдайын ұмытқан пенделердің, өз ұлтының тыйымдарынан қаймықпайтын, беттеріне көн жамап алған ұятсыздардың өрескел қылықтарынан жетім балалар пайда болып жатыр. Бұзылған еркек, жеңіл жүрісті әйел баршылық қоғамда жетімдер азаймайды.

Ұмсын:

– Жарықтық Мұхтар Әуезов: «Адамды хайуандықтан адамшылыққа кіргізетін – әйел. Адам баласының адамшылық жолындағы таппақ тарақияты (тағылымы) әйел халіне жалғасады. Сол себепті, әйелдің басындағы сасық тұман айықпай, халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды. Ал, қазақ мешел болып қалам демесең, тағылымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзеймін десең әйелдің халын түзе», деген екен. Біз алдымен қазақ әйелінің халін дұрыстап, келешек аналардың тәрбиесіне ұлттық құндылықтар тұрғысынан қарауымыз керек.

Жамал Қазақбайқызы:

– Біздің ұлтымыз анасын, қызын құрметтеген, төбесіне көтере сыйлаған халық. Осы дәстүрді тірілтсек, алтын құрсақты аналарды үлгі етіп, моншақты қызға оң тәлім-тәрбие берсек, тұрлаусыз тіршілік қамын адамшылық қамы жеңіп, тастанды бала атаулы болмас еді.

Сүлеймен Мәмет:

– Барлық жауапкершілікті әйелдер қауымына артып қоя салу да бола қоймас. Қазақтың ерлерін де, келешек ер азаматтарды да дұрыс жолға үндеуіміз керек. Өйткені, ер азаматтары рухани еңселі елдің әйелдері бөтен қылыққа бармайды. Қоғамда ерлер мықты болмай, ештеңе өнбейді. Ез еркек, мінезсіз еркек қаптаған қоғамға береке тұрақтамайды.

Қамбар:

– Жарайды делік. Ал бірақ, сөз болып отырған жетім балалар кімнен туса да, Қазақстанның перзенттері емес пе? Бұл жетім балалардың өзгеге өңгертіп жіберетіндей жазығы не? 

Сүлеймен Мәмет:

– Олардың еш жазығы жоқ. Солай болғанымен, тырмысып жүріп елдің сөзін сөйлеуге, елдің тізгінін ұстауға қол жеткізген өз азаматтарымыз жетім балаларды сыртқа беруге жол ашып отыр. Халық бұған қарсы, алайда, қолында билігі барлар айылын жияр емес. Өздерінің айтар уәждері бар: Елімізде жетім балаларды асырап алушылар өте аз. Әрбір бала отбасында тәрбиеленуі керек, сондықтан жетім балаларды шетелдіктерге берсек таршылық көрмей өседі.

Қамбар:

– Шетелдіктерге итере салмай, мұндай балаларды жетімдер үйінде де таршылық көргізбей өсіруге болмай ма?

Жамал Қазақбайқызы:

– Бас басқарма жетім балаларға кететін шығынды өтеуге қиналып, олардың салмағынан оңай құтылу үшін осы жолды, яғни шетелдіктерге беру амалын таңдап отыр. Барлық бәлені бас басқарма бастайды. Ол кешегі кеңестік жүйенің халықты жат десе жататын, тұр десе тұратын, өл десе өлетін тобыр деп есептейтін пиғылынан арыла алмай отыр. Осы жолдан шықпаған бас басқарма халықты ұлы күш, өзіне тірек санамай, айдауына көнетін тобыр деген көзқарасынан арылмай, елмен санаспай ештеңе өндіре алмайды. Халықтан қуат алмаған, қуат алғысы келмейтін бас басқарма ешқашан ұлы істерді қолға ала алмайды. Тек өзінің әлсіз күшіне сеніп, тыраштанып, елді діңкәлатады.

Қамбар:

– Иә, айта берсе сөз көп... Ата-анасын бір көруге зар болғаны аздай, туған жерінің топырағын басып жүру бұйырмаған жетім балаларымыздың тағдыры біздің бәрімізді де ойландыруы тиіс. Оларды бұйым секілді шетелдіктерге сататындай не беріп жіберетіндей еліміздің басына не күн туды екен, а? Сананы ақша, материалдық құндылық билеген заман десек те, өз баласын өзгеге қиып беріп жіберу жантүршігерлік жайт қой. Санаға сыйдыру қиын іс. 

Ұмсын:

– Иә, мұны біз де санамызға сыйдыра алар емеспіз. Осындайда Шерхан ағаның «Жетімін баға алмайтын біз қандай елміз, өзіміз пансионаттың, интернаттың тамағын ішіп, киімін киіп осы әлетке жетіп едік, иман қайда?» деп шамырқана айтқан сөзі еске түседі.

Жамал Қазақбайқызы:

– Еліміз шетелге жетім бала сатудан тыйылар емес. Осы салада қызмет көрсететін агенттіктер айылын жияр түрі жоқ. Жыл сайын қанша бала шекара асып жатқаны белгісіз. Жасына сәйкес әр сәбиге тұрақты баға да қойылған деседі. Белгіленген баға да мардымсыз көрінеді. Осындай «арзан жетімдер» біздің елде ғана бар деседі. Шетелдіктерге бала беру әлемнің көптеген елдерінде бар, бірақ олардың көпшілігі біз секілді жетімін сұрағанға жетектетіп жібере салмайды екен. Айтайық, Англия және Германияда баланы жалғыз басты адамдарға бермейтін заң бар. Бізден жетім балалардың едәуір бөлігін шетелдік жалғызбасты әйелдер мен еркектер асырап алыпты. Латвия мен Литваның жетім балаларын тек сол мемлекеттен шетелге қоныс аударғандарға ғана асырап ала алады екен. Армения мен Израиль жетім баласын сұраса тек өз ұлтының өкілдеріне ғана жетектетіп жібереді. Ал бізде...

Жамал Қазақбайқызы:

– Шетел асқан жетімдердің жартысына жуығы қазақ балалары. Ал қалғаны еліміздегі өзге этнос өкілдері. Бұл этнос өкілдерінің арасында өзбек, тәжік, түрікмен, қырғыз ұлтының бір де бір баласы жоқ екені туралы ақпаратты көзім шалды. Біз қазақ демей, басқа демей, шекара асып кеткен барлық жетім балаларға бірдей қарауымыз керек. Олардың барлығы қазақстандықтар. Қазағы болсын, орысы болсын, немісі болсын, беларусы болсын, бәрі қазақстанда туғандықтан алаламай, бөле жармай, олардың жанашыр іздеушісі болуымыз керек.

Сүлеймен Мәмет:

– Біз бейкүнә сәбилерімізді өз қолымызбен, өз сасық пейілімізбен жат ортаға, жат жерге сандалтып жіберіп, барлық істі бітіріп тастағандай, оларды жұмаққа жеткізіп салғанымызға сенімді жандай еркін демалып жүргеніміз не десең де адамшылыққа жатпайды. Біз «Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын», деген Ахмет Байтұрсынұлының сөзіне қарап, сол сыртта жүрген балаларға қамқоршы бола білуіміз керек. АҚШ азаматтарында қазақ секілді баласын ер жеткен соң да қасынан тастамай жүретін әдет жоқ. Олар он сегізге толған бала өз күнін өзі көруі тиіс дейді. Шеттегі балаларымыз он сегізге толған соң жат елде қаңғып қалған жоқ пе деген сауалды өзімізге әрдайым қойып, оған лайықты жауап алуымыз үшін олармен, әрқайсысымен байланысты үзбеуіміз керек. Қысылса қамқоршы болып, қиналса демеп, оларды жат жұртқа беріп жібергендегі кінәмізді жууымыз қажет.

Ұмсын:

– Соңғы кездері жат жұрттағы сол ұлдарымыз бен қыздарымыздың арасында кейбіреулері қанына тартып, елін, ұлтын, Қазақстанда қалып қойған өз бауырларын, туған ата-аналары тірі жүргенін сезетіндер әке-шешелерін іздей бастады. 

Сүлеймен Мәмет:

– Оныңыз рас, сол кездегі құйтақандай ұл мен қыздың бірі ер жетіп, екіншісі бой жетіп атамекенін іздеп жатыр. Шынында, Бейбарыстың таза қаны мен ел деген елжірек шыбын жаны, «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» деген бабаларымыздың ұлы ұғымы санасына ешкім сіңірмесе де бұларда да болғаны ғой. 

Жамал Қазақбайқызы:

– Міне, біз іргелі елміз десек, ата-баба әруағын, өзімізді өзіміз құрметтейтін, сыйлайтын ұлтпыз десек, өзге елде жүрген сол ұрпақтың әрқайсысының қай жерде жүргенін, қай отбасында тәрбиеленіп жатқанын зерттеп, біліп, оларға иелік сезіммен қарай білуіміз керек. Оларға кезінде бір қателік кеткенін айта отырып, өздерінің арқа сүйер еңселі елі, қабырғалы қалың қазағы, айбарлы мемлекеті бар екенін ұқтыра білгеніміз абзал. Тіпті келем дегендерін, елге оралуға ұмтылғандарын бауырға тартсақ, үлкен сауапты іс жасаған болар едік. Мұны тиісті орындар қазірден бастап ұйымдастырса, еш артықтық етпейді. Осылайша, атажұртқа оралып жатқан бүгінгі қандастар қызыл империяның ызғарынан шекара асып кетсе, мына ұрпақ біздің ыждағатсыздығымыздан шетел ауғанын мойындай отырып, осындай іргелі істерге мемлекет ұйытқы болар деген тілек бар. Бұл тілегімізді мерейлі мемлекетіміз іске асырады деп үмітпен қараймыз. 

Сүлеймен Мәмет:

– Кемеңгер Мұхтар Әуезов «Адамда екі түрлі қылықтың жолы бар: бірі тіршілік қамы, бірі адамшылық қамы», деп айтқан. Құдайға шүкір еліміздің еңсесі көтеріліп, тіршілігіміз түзеліп келеді. Олай болса, енді адамшылық қамын ойлап, шетелдегі балапандарымызды түгендеп, оларға атажұрты бар екеніне көздерін жеткізсек, ұрпақ алдындағы парыз бен қарызды адал өтеген болар едік.

Қамбар:

– Иә, сендерді тыңдай отырып, тұтас бір дәуірді, заманды басымнан өткергендей болдым ғой. Беу, дүние-ай, ішімді әлдене тырнап кетті ғой. Солай деңдер. Айтқандарыңнан сай-сүйегім сырқырап кетті-ау... 

Сүлеймен Мәмет:

– Қария, біз білгеніміз бен көргенімізді, түйгенімізді айттық. Заман солай болып тұр, қария.

Қамбар:

– Жо-жоқ, бәрін заманға жаба салу – жауапкершіліктен жалтару, өзіңді-өзің ақтау ғана... Шеңгел де өз жерінде гүлдейтінін ұмытқан ба, бұл қазақ. Жоқ, қазақ мұны ұмытпайды. Қазаққа тек сүйекті сырқыратар, қанды қыздырар намыс, ар-ождан, ұят керек. Осы жағы жетіңкіремей тұр екен, соны аңғардым. Бұл рухсыздықтың салдары ма, қалай? Бәлкім, бізге өмір, ар-ождан қағидаларын, иірімдерін заңдастыру қажет шығар... Сыртың бүтін болғанмен, ішің түтін бе еді, елім-ау?!

СОҢЫ

20.08.2021 жыл


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар