Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Жолдыбай Базар. Қара дақ...

20.09.2023 1422

Жолдыбай Базар. Қара дақ 14+

Жолдыбай Базар. Қара дақ - adebiportal.kz

роман

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Өз қолымызбен, өзіміздің сұмпайы пиғылымызбен әлемнің түкпір-түкпіріне тарыдай шашыратып жіберген мыңдаған жетім баланың, әсіресе солардың ішіндегі тақсіретке тап болғандардың, өмірді Тәңір өзі өлшеп береді десек те, пешенесіне жазылған ғұмыры зорлық-зомбылықтан ерте үзілгендерінің обалы кімге? 

Автордан

Екі мың төртінші жылғы күздің соңғы айы. Күздің сумаңдаған көк долы желі тал біткеннің жапырағын жалмап, жұлып бітіруге айналған. Төңіректе менменсіген, кейде сазарған, кейде езеуреген кейіпке ендіріп, білгенін істеп баққан мезгілдің мерейі үстем тұр. Жан мен тәніңді қалтыратар екпінді әрі суық жел жерге шашылған мың сан жапырақтың онсыз да ойраны шыққан тағдырымен ойнағандай ерсілі-қарсылы сыпырады. Аспанда қарасұр бұлт оқшау-оқшау болып қаңбақша басы ауған жағына маңып барады. Бейне бір бұл маңнан ат-тонын ала қашқан жазықсыз жан тәрізді...

Жөңкіле көшкен бұлттар ұясына батуға бет алған күннің солғын жүзін мына кеңпейіл кеңістіктен қызғанғандай, бір-бірімен жарыса алма-кезек көлегейлейді. Мына әлем ызғарлы желден дірдек қаққан бұралқы иттей бүріседі. Тал біткеннің сидиған бұтақтарына қара құзғындар қаптай қонақтаған. Еркін. Құзғын өмір. Сұрқай тірлік...

Қаланың солтүстік шетінде орналасқан, сықпыты қашқан, әр-әр жерде шоқиған ескі-құсқы үйлері ұсқынын алған шағын аудандағы жетім балалар үйінде түс ауа қарбалас болып кетті. 

Жетім балалар үйі директоры кабинетінің есігі ашық тұр. Сырттан балалардың жылаған, күлген дауыстары, жүгіргендегі, шулағандағы үндері анық естіледі. Мекеме директоры, орта жастағы әйел – Ұмсын балалар үйінің әдіскері Қалаугүлге телефон шалып, Сәнді, Өнергүл және Қолқанатты кабинетіне ертіп келуді тапсырды. Шақырылғандар әп-сәтте жиналды. Директор көңілсіз, жабырқау кейіпте, үні де солғын.

Ұмсын:

– Сіздерге жайсыз бір жағдайды айтқалы отырмын. Бізге тағы да шетелдіктер келе жатыр. Бала асырап алуға. Жаңа ғана хабарлады. Осыған байланысты өздеріңізбен ақылдасайын деп едім...

Жетім балалар үйінің аға тәрбиешісі, отыздан мол асқан келіншек, алты-сегіз жас аралығындағы балалар тобының жетекшісі-тәрбиешісі Сәнді күрсіне сөйледі:

– Тағы да жүрегіміз қан жылап қалады десеңізші...

Әдіскер, орта жасты төңіректеген Қалаугүл:

– Иә, айтпаңыз... Әлгілер қай елден келе жатыр екен? – деді.

Ұмсын:

– АҚШ-тан. Бұл жолы үш баламызды асырап алмақ.

Мекемедегі алты айлық нәрестелерден бастап екі жасқа дейінгі балалар тобының жетекшісі әрі тәрбиешісі Қолқанат:

– Сонда шетелдік бір отбасы біздің үш баламызды бірдей асырап алмақ па? – деді сұраулы пішінмен.

Жүзі бірде бозарып, бірде күңгірттеніп отырған Ұмсын:

– Жоқ. Үшеуін үш отбасы әкетпек. Шетелдік үш жұп келе жатыр. Үшеуі де АҚШ-тан.

Тәрбиеші әрі үш-бес жас аралығындағылар тобының жетекшісі, жас қыз Өнергүл күйгелектене сөйледі:

– Өткенде ғана еуропалық төрт ерлі-зайыпты бірінен соң бірі келіп төрт бүлдіршінімізді әкетіп, жанымыз ауырып, жүрегіміз езіліп, жанарымыздан аққан жас көлдей болып еді... Тағы да улап-шалап қаламыз десеңіздерші.

Сәнді:

– Шетелдік бала асырап алушылардың бәрін біздің мекемеге жібере беретіндері несі, а? Біздің мекемеден басқасы жоқ па, сонда? Барлық өңірде бар емес пе? 

Ұмсын:

– Басқа балалар үйінен де асырап алып жатқан шығар, қайдан білейік? Естуімізше, бала асырап аламыз деген шетелдіктер елімізде қаптап жүр деседі ғой.

Қолқанат:

– Бұған қашан тоқтам болады екен? Сұмдық қой бұл! Ел-жұрттың аманында, заманның тыныштығында бұл не істегені, а? Жолдан тайған жоғарыдағылардың ісі ғой бұл. Егер солар, «тәйт, жатжұрттықтарға таратып берер баламыз көп емес, өз перзентін өзгенің алдына өңгертіп жіберген қай атаңды көріп едің?» деп, шетке бала беру ісін тыйып тастаса, кім қой дейді?

Ұмсын: 

– «Тәйт» деп тыйып тастар мінезді біреу табылмай тұр ғой, сол. Жоғарыдағылардың айтатын уәжі көп, әйтеуір. «Балалардың құқығын қорғайды дейтін бір халықаралық конвенцияға қосылдық, оның талабын орындауымыз керек» дейді. Сол конвенция талабы бойынша жетім балалардың арасындағы ауру-сырқаулыларын, сырқаттарын туған елі емдей алмаса, өз елі ішінен ешкім асырап алмаса, онда шетелдіктер «ауру балаңды біз емдейміз, біз қараймыз деп» сұрап келсе, соларға беруіміз керек екен.

Өнергүл:

– Сонда, тәнінде кінәрат бар балаларымызды байлығы шалқыған еліміздің емдетуге мүмкіндігі жоқ па? Бұған кім сенеді?.. Ниет бұзылған ғой.

Қолқанат:

– Құдайға шүкір, өз елімізде де Құдайына қараған, балаларды ауру демей, сау демей асырап алушылар көптеп табылады. Соларға иек артсақ болмай ма? Өз елімізден бала асырап аламын деушілерді түрлі бюрократиялық жолмен қаңғыртып жібереміз... Соларға рухани және материалдық жағдай жасалса, елімізден де бала асырап алушылар көптеп шығады. Жоғарыдағылар мұны біледі, бірақ солай істегісі келмейді. Оларға шетелдіктердің алдында жақсы көріну қызық. Шетелдіктердің ұсынатын мыс-мыс ақшасы да көкейлерін тесетін шығар.

Сәнді:

– Иә, түсінбейсің. Қарсылық көрсетіп аттандап шығар ел де жоқ. Біздің қолымыздан не келер дейсің? Балалардың құқығын қорғайтын конвенция дейді. Бұл балалардың құқығын қорғайтын емес, қорлайтын конвенция ғой.

Қалаугүл:

– Мен де солай ойлаймын. Бұл адал, әділетті конвенция болса, қай елден болсын, бірінші кезекте жетіміңді жылатпа, балаларыңды өзгенің қолына телміртпе, аурулы-сырқаулыларын емдет, қарат, қатарға қос деп талап етпей ме?

Қолқанат:

– Мен де соны айтамын. Өз жетімін жылатып шетке сатқан ел ел ме?

Өнергүл:

– Меніңше, бұл жерде әлгі конвенцияны шығарғандар, онысын қабылдауға әлемге ұсынғандар жетімдерге жай ғана жанашырлық танытқансып отыр. Ал, олардың ішкі есептері басқа. Негізгі ойлары – өз елдеріндегі бедеулерді перзентті ету, өзгенің баласын әкеліп алып, өздерінің туларын көтерткізу, сөздерін сөйлеткізу.

Ұмсын:

– Иә, ойлай берсең, мұның түбіне жете алмайсың. Сендердің айтқандарыңда шындық жоқ емес.

Сәнді: 

– Шынында, басқа елдердегі жетім балаларға шын жаны ашыса, ниеттері оң болса, жетімдеріне қарай алмайды, олардың ішіндегі сырқаттарын емдете алмайды деп санайтын елдерге көмектеспей ме?

Қолқанат:

– Сәнді апай-ау, о не дегеніңіз? Олар біреуге ауру балаңды емдетіп ал деп ақша беретін ақымақ дейсіз бе? Одан да, өздері алып кетіп, азайып бара жатқан халқына қосқаны оларға пайда емес пе.

Қалаугүл:

– Қайдам, сол конвенцияңда айтылған, біздің заңда көрсетілген тек ауру, сырқат балаларды ғана шетелдіктердің асырап алуына беру туралы шарт – жай ғана халықты алдау, алдаусырату, көзбояушылық, жеңерақыға жазыла салған норма деп ойлаймын. Бұған күмәнданбаймын да. Ойбай-ау қай шетелдік келіп, сап-сау балаң тұрғанда ауруын асырап аламын десін, а? Айтыңыздаршы.

Қолқанат:

– Дұрыс айтасыз. Шынында, өздері бала туып алуды қиынсынып, біреу туып бергенді ала салуды қолай көрген олар сырқат баланы қайтсін? Ауру баланы аяғын салақтатып көтеріп кетіп бара жатады дейсіздер ме? Өздеріңіз де көріп жүрсіздер ғой, осыған дейін келген қай шетелдік бізден ауру бала алып кетіп еді, а? Қайсыңыз көрдіңіздер?

Өнергүл:

– Иә, ешқайсымыз көргеніміз жоқ. Келген шетелдіктердің бәрі сап-сау балаларға қарай қол созады.

Ұмсын:

– Бұл жерде жанды қинайтын бір жайт бар. Шетелдіктер бізден бала әкеткенде, ең ауыр «соққыны» мен аламын. Рас, сіздер де қиналасыздар, оған күмәнданбаймын, бірақ өзгенің жетегінде кетіп бара жатқан балапандарымызды көріп жаным бір қиналса, екінші жағынан бізден жоғары тұрған мекемелер басшыларының шетелдік асырап алушылар мүддесін қорғаған талап-өтініштерін орындаймын деп тағы жаным ауырады.

Қолқанат:

– Түсінеміз, Ұмсын апай, түсінеміз.

Сәнді:

– Жоғарыдағылар сонда сізге көбіне нендей талап-өтініштер айтады?

Ұмсын:

– Не талап-өтініш деріңіз бар ма? Белгілі ғой, олар шетелдіктерді ренжітпей, айтқандарын орындап, қалаған баласын беруді талап етеді. Мен бәріңе мұндағы директорлық қызметімнен айырылып қаламын деп қорқып, олардың талаптарын орындағандай көрініп жүрмін. Шын мәнінде, мен олардың талаптарын қызметімнен босап қаламын деп орындап жүргенім жоқ. Қызметті бүгін босат десе, дайынмын, мекемеден шығамын да кете беремін. Мәселе мұнда емес. Егер жүрегімді қатайтып, шетелдіктерге «асырап аламын десең, осы, алмаймын десең жолың ашық», деп өзіміздегі денсаулығы төмен, сырқаты бар баланы алуын талап етіп, қасқайып тұрып алсам, мені ешкім тоқтата алмайды.

Қолқанат:

– Сонда, тек денсаулығы төмен баланы ғана аласың деп табандап тұрып алмауыңызға не себеп?

Ұмсын:

– Оның себебі, себебі... Сіздерге де, маған да осы мекемедегі балалардың бәрі бірдей. Оларды мынау жақсы, мынау жаман, мынау ауру, мынау сау деп бөлмейміз. Бұлай етуге аналық мейіріміміз жібермейді ғой. Сонда, шетелдіктер келіп, жайнап, көзінен оты ұшқындап тұрған баланы таңдағанда, «жоқ, бұның дені сау, оны алмайсың, сендер басында аурулы-сырқаулы баланы аламыз деп келіскенсіңдер» деп, бейкүнә, көздері жәутеңдеген, тәнінде кемдігі, кінәраты бар сәбиді қалай көрсетесің, а! Айтыңыздаршы. Бұлай етуге дәтің қалай барады? Оның жазығы не? Оны қалай шеттетесің? Оны қалай бөле-жарасың? Денсаулығының кемдігі үшін оларды қажетсіз бұйымдай көріп, өзгенің қанжығасына байлап жібереміз бе? Сонда адамдығымыз қайда қалады? – деді кемсеңдеп.

Сәнді:

– Түсіндік, Ұмсын апай, сізді түсіндік.

Қолқанат:

– Шынында солай екен-ау. Онсыз да тағдыры аянышты, жаны жаралы, тәні науқас баланы басқалардан төмен санаған болып, оның белгісіз жаққа кетуіне себепкер болу оңай емес қой.

Қалаугүл:

– Сөзіңіз орынды, Ұмсын апай. Аура баладан құтылу амалын жасау қиын.

Ұмсын:

– Кейде, бордай езіле бермей, сол ауру баларды беріп жіберуге күш салғым келеді. Сондағы ойым, ауру бала шетелге кетсе, сол жақтан дұрыс ем алып, денсаулығы түзеліп кетер, бағын байлағандай болмайын деген дәме. Бірақ жеме-жемге келгенде бұл райымнан қайта қоямын. Өйткені, оның ондағы өмірінің жақсы болатынына кепілім жоқ. Оның үстіне, байғұс ауру баланы басқалардан бөлектеп беріп жіберсем, оны кемсіткендей, шеттеткендей боламын ғой деп ойлаймын. Өзгеге өңгертіп жіберуге жүрегім ерік бермейді. Содан келіп, шетелдіктердің қолын қақпай, дегендеріне көне беремін. Бұл жағдай әлгі жоғарыдағылардың талаптарын қорыққаннан орындағанымдай болып көрінеді. Осы жағдай жүрегімді ауыртады. Осыдан кейін сіздердің алдарыңызда өзімді іштей кінәлі санап жүремін. Сіздерді «Ұмсын апай, шетелдіктерден неге сырқат балаларды асырап алуды талап етпейді?» деген сұрақ мазалап, оған жөнді жауап таппаған соң, «Демек, Ұмсын апай да сау сиырдың тезегі емес, жең ұшынан жалғасқан бір қарау тірлікке қатысы бар» деп ойлайтындарыңыз да мүмкін.

Қолқанат:

– Жасыратыны жоқ, кейде «Ұмсын апай неге шетелдіктерді мекеме ішіне еркін жібереді, қалағанын алуға жағдай жасайды?» деген сұрақты іштей өзіме қоятын едім. Енді, міне, бүгін сол сұрағымның жауабын алдым. Тәңір жарылқасын сізді, Ұмсын апай.

Ұмсын:

– Сондықтан, шетелдіктердің көңілі ауған бала маңдайына жазылғанын көрер деп іштен тынамын да қала беремін.

Өнергүл:

– Ауру бал да өз баламыз. Олар да ертең дертінен айығып кетер. Еліміз оларды да емдетер. Солардың арасынан да әлі талай кемеңгерлер шықпасына кім кепіл?

Қалаугүл:

– Шетелдіктердің ұлтына, дініне қарап жатпай, оларға балаларымызды беріп жатқанымыз мені қатты қынжылтады. Жоғарыдағылардың осы жағын ескермегеніне күйінемін.

Сәнді:

– Ойбай-ау, шынында мен де осыған қыжалат боламын. Өзіміздің қаракөзіміз болсын, көк көзіміз болсын оларды болмысы бөлек, таным-түсінігі алшақ қайдағы біреулерге беріп жіберетіні қинайды.

Өнергүл:

– Осы жоғарыдағылар шетке бала бергіш болса, қаракөзділерімізді шеттегі қазақтардың, түркітілдес елдердің немесе қай елдің болсын мұсылман азаматтарының қамқорлығына беру жағын ойластырса қайтеді. Сол сияқты көккөз балапандарымызды да осындай ыңғайда, яғни әлгі бала асырап алғысы келетіндер көп мемлекеттегі өз қандастарына беру мәселесін қарастырса болмай ма?

Ұмсын:

– Мені де осы жағы ойландырады. Қазіргі жағдай ертең бізден кеткен балапандардың дінінен, ділінен мақұрым болып өсуіне әкеліп соқтырады. Бұл айналып келгенде оларды бізден мүлде алыстатып тастайды.

Қалаугүл:

– Шеттегі қазақтардың, түркітілдес елдердің немесе қай елдің болсын мұсылман азаматтарының бала асырап алуға деген қажеттілігі бола қоймайды емес пе?.. Өйткені олар перзент сүюді ә дегеннен жоспарлайды, өмірінің мәні көреді. Бұл жерде мәселе бала асырап алу ісі бізге таным-түсінігі жат, діні бөлек немесе дінсіз қоғамға тән болып тұрғанында ғой. Сондықтан асырап алуды қалайтындар көбіне әлгіндей қоғамдардағы адамдар арасынан шығатыны үрдіс болып отыр. 

Қолқанат:

– Бір түсінбейтінім, осы біз төрт құбыласы түгел деп жүрген, бізден келіп бала асырап алуға құмар азаматтары көп елдерде жетімдер жоқ па?

Сәнді:

– Бар. Бар болғанда қандай, көп.

Қолқанат:

– Ендеше олар сол жетімдерін өздері неге асырап алмайды?

Сәнді:

– Тыңда, біріншіден, ол елдерде бала асырап аламын деушілерге қойылатын талап өте күшті. Мінез-құлқыңды, әлеуметтік жағдайыңды, отбасыңның мүшелерінен бастап көршіңе дейін тексереді. Мұндай тексерістен сүрінбей өткендерге ғана рұқсат беріледі. Онсыз жетім баланың маңайына жолатпайды. Бұл талап ауру-сырқау бала асырап аламын дейсің бе, сау бала асырап аламын дейсің бе, бәріне ортақ. 

Ұмсын:

– Сөзіңізді ары қарай қуаттайын, бала асырап алсам деген өз азаматтарымызға қояр талабы қатал, ал шетелдік асырап алушыларға қояр шарты жеңіл, тиісті құжат жинау азабы аз, тілегін қас пен көздің арасында орындап бере салатын, олар не айтса да жылы қабылдап, бәрін мейірімділіктің белгісі деп ұғатын, шетелдік асырап алушыны елпілдеп қарсы алып, жалпаңдап шығарып салатын жәдігөйлері көп, ығырыңды шығармай-ақ ыңғайыңа көніп жүре беретін біздің көнбіс елімізден әлгілердің бала асырап алуы өз елдеріндегіге қарағанда әлдеқайда оңай. Сондықтан шетелдіктер бізге қарай ағылып келіп жатыр.

Өнергүл:

– Екі жақты «бітістіргіш» қорлар мен агенттіктердің елімізде тайраңдап жүрген делдалдары да жетерлік десеңізші. Қалтасына ақша салсаң тірлігіңді «тастай» қылып тындырып беретіндері көп елді кім қолжаулыққа айналдырмайды дейсің?

Сәнді:

– Ақшаның құлы болғандар бұл сәбилерді әсте ұлтымыздың болашағы демейді. Болашағымыз десе сөйте ме?

Қолқанат:

– Енді түсіндім, енді түсіндім. Солай десеңіздерші.

Қалаугүл:

– Біздегідей емес, АҚШ-та ата-анасы бар баланы жетім деп есептемейді екен. Бұрыс жолға түсіп кеткен ата-ананың баласын уақытша үйлерде бағып-қағып, қатарға қосылған соң қолдарына ұстататын көрінеді. Оларда ата-ананы құқығынан айыруға құштар құқық қорғау органдарына қарсылар көп екен. Айтар уәждері – ата-ананың жолдан таюына біздің де кінәміз бар, демек, бұл қоғамның ортақ түйткілі. Дер кезінде қамқорлық көрсетсек, мұндай жолға түспес еді, дейді. Бала құқығына өте мұқият қарайды. Олар үшін әрбір сәби қымбат. Өйткені олар ұлттың өзегі, келешегі деп есептеледі. Ертең сол бала елдің туын көтеретін азамат болады деп сенеді. 

Сәнді:

– Ал, бұл жағы бізде қалай? Біз де...

Қалаугүл:

– Ал бізде ата-аналар қит етсе бастырмалатып, оны ата-ана құқығынан айыруға асығып тұрамыз. Біздегі қараусыз балалардың көбісінің ата-анасы тірі, тек ата-ана құқығынан айырылғандар. Жолдан тайған ата-ананы жөнге салып, қатарға қосып, баласын қайта бауырына салып беруді ойламаймыз. Осылайша жетім балаларымызды қатарын өзіміздің қолымызбен, өзіміздің салғырттығымыздың кесірінен көбейтіп отырмыз. 

Ұмсын:

– Бізде кейбір әлеуметтік әлсіз топтарды қоғамға масыл ретінде қарастыру басымдырақ. Мұндай көзқарас елімізді ілгерілетпейді. Мына жетім балаларымыздың да тағдырына жүрдім-бардым қарауымыз осындай жағымсыз көзқарастың салдары. Олардың ертең өсіп, ел үшін еңбек ететін азамат болатынын қаперге алмаймыз. Әйтпесе, жетімімізді өзгелерге жетектетіп жіберер ме едік? 

Өнергүл:

– Біз сөз етіп отырған елдерде бала туу деңгейі төмендеп кеткен деседі. Халықтары қартайып барады екен. Олар, осы олқылықтарын сырттан бала асырап алу арқылы толтырмақ. Сонда деймін дә... Бұларда...

Қалаугүл:

– Біз өмірлері тамаша екен деп жүрген америкалықтарың да, біз дамып кетті, ауыздарынан ақ май ақтарылып отыр дейтін еуропалықтарың да жетіскен ештеңесі жоқ екен. Қылықтары өзгеше, түсініп болмайтын адамдары көбейіп кеткен деседі. Әсіресе, бала тууды құп көрмейтіндер, біреудікін асырап алып туудан құтылып кететіндер, отбасы құруды қорлық санайтындар, бала көрсе тыжырынып қалатындар қаптап кеткен көрінеді.

Сәнді:

– Әлгі ауыздарынан ақтарылған ақ май естерінен адастырған шығар, оларды.

Қалаугүл:

– Естерінен сол ақ май адастырды ма, тоқшылық шүкірінен айырды ма, білмеймін, әйтеуір олардың қоғамдары басқаға үлгі болудан қалып барады деседі.

Қолқанат:

– «Естімеген елде көп» деген, мен бір қызық айтайын. Осыдан-ақ біраз жайтты аңғаруға болады.

Сәнді:

– Ол не екен?

Қолқанат:

– Оларда еркек пен еркектің, әйел мен әйелдің бір-біріне үйлене беруіне рұқсат екен. Масқара!

Сәнді:

– Ой, қойшы сен де, сол да жаңалық болып па? Мұны жұрттың бәрі баяғыдан біледі ғой. Олардың ондайын аспаннан бүгін салбырап түскен жандай енді естіп отырсың ба?

Қолқанат:

– Жоға-ә, деймін... Кеше есті, бүгін есті, бәрібір масқарагершілік қой бұл. Сондай адамдары бар, сондай арсыздықтың шыңына жеткен адамдардың құқығын өлердей қорғап отырған қоғамға біз өз балаларымызды қиып беріп жатқанымызға ішің өртенеді.

Ұмсын:

– Бетімен кеткендердің айтқаны заң болған заман туды ғой. Еркегі еркекке, әйелі әйелге үйленсе қайтіп көбейсін?

Сәнді:

– Сіздерге мына шыжықты айтайын. Әлгі біз сөз етіп отырған елдерде бала тумақ түгілі «бала» десе жаны түршігетін, оны бәрінен де жек көретін адамдар болады екен. Олар, тіпті бүгінде қоғамда кәдімгідей үні бар бір әлеуметтік топқа айналып үлгеріпті. 

Қалаугүл:

– Не дейді? Бетін ары қылсын... Ал мен америкалық не еуропалық отбасылардың арасында «біз өмірге бала әкелмейміз, себебі әлемде жетім, қараусыз қалғандар көп, соларды асырап алып, оларға игілікті өмір сыйлаймыз» деген ұстанымдағылардың көп екенін естіген едім. Жетім бала асырап алушылардың көбі солар көрінеді. Былай қарасаң, жаман ұстаным емес. Мейірімділіктің үлгісі десе де болады.

Қолқанат:

– Әй, қайдам? Осы мейірімділіктерінің астарында ішкі есеп, жымысқы ой жатқан жоқ деп айта алмаймын. Бұл жерде бір кәкір бар. Өздері туғысы келмеген соң өзгенің туып бергенін еліне қосып, іргесін бекітпек қой, олар.

Сәнді:

– Бүйткен тірліктері құрысын. Құдай беріп тұрса, алдымен өз балаларын туып алмай ма? Құдай бермесе, мейлі, өзгенің баласын асырап алсын. Ал өздері тууға қабілетті бола тұра, осы мүмкіндіктен саналы түрде бас тартып, жатырын буып жаныққан безбүйректер өзгенікіне мейірімді болады деп ойламаймын. Пұшпағын қанатып өз баласын туып алғанға не жетеді, тәйірі?!

Қолқанат:

– Мен де солай ойлаймын... Олардың қызығын айта берсең тауыса алмайсың. Мен жақында бір жерден оқыған едім, олардағы кейбір ерлі-зайыптылар «бала деген керемет жаратылыс, оған біз лайықты болуымыз керек» деген ойдың жетегімен өздерін дамытамыз, әлеуметтік жағдайымызды көтереміз, карьерамызды өсіреміз деп жүріп, перзентті болуды кейінге жоспарлап, ақырында бала туудан мақұрым қалып жататындар да көп кездеседі екен. 

Ұмсын:

– Бірі бала атаулыны жек көрсе, бірі өзіміз тумаймыз, өзегінің жетімін жарылқаймыз десе, бірі лайықты ата-ана болу үшін дайындаламыз, қызмет, байлық қуамыз деп жүріп уақыттарын өткізіп алса, бірі өз жыныстасымен жұп құрса, сонда бұларда баланы кім туады?

Қолқанат:

– Баланы жек көреміз дейтіндердің де, өзіміз тумаймыз, оның орнына жетімді асырап аламыз дейтіндердің де, бала керемет жаратылыс деп соған лайықты болуға дайындалып жүріп уақытымызды өткізіп алдық дейтіндердің де бұл ішкі тілектері жай ғана сылтау, бұл бала туып, оның бейнетін көрмеудің амалы ғана. Басқа ештеңе емес.

Өнергүл:

– Байғұстардың санының кеміп бара жатқаны, сондықтан демографиясын өзгенің есебінен өсіруге бет бұрғаны осындай себептерден екен ғой. 

Ұмсын:

– Мұның бәрі құдайсыздықтан, шексіз еркіндіктен басталған бетімен кетушілік қой. Одан басқа не дейсің? Мұндай қоғамдарға өз балаларымызды беруді тоқтатпасақ болмайды.

Сәнді:

– Иә, сөйту керек.

Ұмсын:

– Жә, жарайды, көп отырып қалдық. «Әңгіме бұзау емізер, бұзау таяқ жегізер», деген. Енді іске көшелік. Жаңағы шетелдіктерді қаласақ та, қаламасақ та күтіп алайық. Айтпақшы, Қалаугүл, әлгі шетелдік үш жұптың мұнда бәрі бірден келмеуін қарастырайық. Әйтпесе, балаларымызды шетелдіктер топ-тобымен келіп талап алып кетіп жатыр деп ойлап қалар жұрт.

Сәнді:

– Талап әкетіп жатқаны рас қой.

Ұмсын:

– Ортамыздың көңіл-күйін түсірмеу жағын да ойлайық. Қолдан келетіні жұртты алдаусырату ғана ғой. Ең болмағанда осымызды істейік. Сосын, шетелдіктердің әдеттегідей ұсынатын гүліне, тортына қол созып жүрмейік. Қажет емес. Сондай-ақ, олар кімнің тобынан бала алса, сол топтың жетекшісіне беруге тиіс 500 долларды да ешкімнің алмағаны жөн. Оларға деген ішкі қарсылығымызды осылай білдірейік.

Қолқанат:

– Иә. Сөйтейік. Солардың әкелген гүлімен сәнімізді келтірмей-ақ қояйық, солардың әкелген тортымен асқазанымызды толтырмай-ақ қоялық.

Сәнді:

– Иә, сөйтейік, солардың берген 500 доллар сыйлығы қай жыртығымызға жамау болар дейсің. Балаларымыздың бодауына берілген дүниені жаратып қарабет болмайық.

Ұмсын:

– Қазір бәріміздің де жүрегімізді ауыртатын жағдай болғалы тұр. Сондықтан, жүрегі нашарлар жұмыстан қазірден бастап кете берсін. Олардың міндетін өзіміз атқара тұрамыз.

***

Жетім балалар үйінің ішкі көрінісі жұпынылау көрінеді. Алайда өзіндік бір жылылығы да сезілмей қоймайды. Мекеменің үлкен үш залының бірінде 6-8 жас аралығындағы балалар түрлі іспен айналысып өздері мен өздері қауқылдасып мәз. Оларды топ жетекшісі Сәнді және тағы бір жас тәрбиеші бақылап отыр. 

Екінші залда 3-5 жас аралығындағылар орналасқан. Олар да өз істерімен шұғылданып, топ жетекшісі Өнергүл мен жас тәрбиешінің назарын басқа жаққа аудартар емес. 

Үшінші залда 6 айлық нәрестелерден бастап 2 жасқа дейінгі балалар орналастырылған. Мұнда жылаған, күлген балалардың дауыстары жиі-жиі шығады. Топ жетекшісі Қолқанат пен тағы бір жас тәрбиеші бөбектерге асты-үстіне түсе, өбектеп қызмет көрсетіп жүр.

Үш бөліктен тұратын осы үш үлкен залдың ашық ортақ алаңшасында Ұмсын мен Қалаугүл шетелдіктерді күтіп тұр. Аудармашы әрі шетелдік агенттіктің еліміздегі өкілі, арадағы делдал – жалбыр шаш, қыр мұрын, үйрек тұмсық жас жігіт Кая (Қайыңбақ Жырақұлы) алдымен ерлі-зайыпты Нельсондарды ертіп келіп, оларды Ұмсын мен Қалаугүлге таныстырды.

Сумақай көзі жыл-жылт еткен, жүзі жылмаң, кімнің болса да асты-үстіне түсіп, жарамсақтанып тұратын, тілтапқыш, шетелдік агенттіктермен жұмысты үйлестіруші, жасы отызға тақаған Кая өзін барынша сыпайы ұстағансып сөйледі:

– Менің есімім Кая. Аты-жөнімді толық айтсам, Қайыңбақ Жырақұлымын. Кая дей берсеңіздер болады. Шетелдік бірнеше агенттіктің еліміздегі өкілімін. Бұған дейін ұялы телефон арқылы байланысқаным болмаса, сіздерді бірінші рет көріп тұрмын.

Каяның жылмың қаққан түрін ұнатпаған Ұмсын өзін ресми ұстап әрі келгендерді жақтырмаған кейіп таныта:

– Осы мекеменің басшысымын, есімім Ұмсын, фамилиям Құнарқызы, ал бұл кісінің есімі (Қалаугүлді нұсқап) Қалаугүл, осы мекеменің әдіскері, – деді.

Кая:

– Танысқаныма өте қуаныштымын. Ал енді жанымдағы қонақтарды таныстырайын, – деді ол шетелдік ерлі-зайыптыларды нұсқап, – бұл кісі Смит Нельсон мырза, ал мына кісі Мелани Нельсон ханым. Сонау Американың Бостон қаласынан келіп тұр.

Ерлі-зайыпты Нельсондар жік-жаппар күйде Ұмсын мен Қалаугүлге қолдарын ұсынды. Содан кейін ерлі зайыпты Нельсондар кіреберіс жаққа қойып кеткен гүлдері мен тортын жүгіре басып әкеліп, гүлді Ұмсынға, тортты Қалаугүлге ұсынды. Бұлар сый-сияпатты алудан мүлде бас тартты. Екі шетелдік түк түсінбей, көздерін жыпылық-жыпылық еткізе тұрып қалды да әлденеден қателік жіберіп алғандарына күмәндәрі жоқтай бүрісе қалды.

Ұмсын Каяға қарап:

– Атың кім еді сенің, Кая ма еді? Мына ерлі-зайыптыларға рахмет деп айт. Олардан бізге ешқандай сый-сияпат керегі жоқ, айналайын.

Кая:

– Бұларыңыз ыңғайсыз болды-ау. Қонақтар ренжиді ғой.

Қалаугүл:

– Ренжісе қайтеміз енді, өлеміз бе? Бізге ренжімесін. Өзегіміз өртене баламызды өңгертіп жібергелі отырып сый-сияпат алғанымыз не теңіміз? – деді дауысын қатайта.

Кая Нельсондарға қарап:

– Бұл кісілер сіздерден ешқандай сыйлық керегі жоқ дейді. Бұл әрекеттері үшін сіздерден ренжімеулеріңізді сұрайды, – деді.

Ортадан жоғары бойлы, қазандай басы кең иығын қушитып көрсететін, ұйыса біткен жалбыр сары шашын саусағымен салалап әуреленген, елуге тақап қалған Смит мазасыздана: 

– Сонда не, бұл кісілер біздің ұсынған сыйлығымызды азсынып немесе сапасы төмен деп тұр ма? – деді.

Кая:

– Жо-жоқ, олай емес, бұл кісілер қандайда бір сыйлық алуды қалап тұрған жоқ.

Талдырмаш келген соң күйеуінен бойы сәл биіктеу болып көрінетін, жасы күйеуінен едәуір кіші Мелани Смит пен Каяға кезек-кезек қарап мазасыздана:

– Демек, бізге бала бермейді десеңші, – деді.

Кая:

– Бала береді, бермей қайда барады... Біздің қолымызда рұқсатымыз бар. Бұлар тек сол баланы бергендеріне разы емес. 

Ерлі-зайыпты Нельсондар тымырайып қалды. 

Ағылшынша түсінбесе де іштей бәрін сезіп тұрған Ұмсын:

– Кая, бұларға айт, расында ренжімесін, біз үшін өзге елдің азаматына бала беру қуанышты жайт емес, өкінішті жайт. Әкелген сый-сияпатын өздерімен алып кетсін, не саған берсін, – деді. 

Ұмсынның сөзін қонақтарға жалма-жан аударып берген Кая мекеме басшысы мен Қалаугүлке алма-кезек қарап:

– Мен шетелдік бірнеше агенттіктің осындағы өкілі бола жүріп, жат жұрттық талай адамның біздің елден бала асырап алуларына көмектескенмін. Осы кәсіппен айналысып жүріп шетелдіктердің сый-сияпатынан бас тартқан сіздердей адамдарды бірінші рет көруім. Ойбай-ау, беріп тұрған нәрсені неге алмайсыздар? Бұлардың бәрі бай. Қалталары тола мыс-мыс ақша, несін аяйсыздар? – деді.

Қалаугүл:

– Аяп тұрған ешкім жоқ. Тек баламызды жат жұртқа шығарып салайын деп тұрып мәз-мейрам сый алып жатсақ, мұнымыз адамгершілікке жата ма? Адамның жанын қинайтын қайғы-қасіретті қуанышқа, мерекеге айналдыру оңған адамның ісі дейсің бе?

Кая:

– Қазір сонда... бұлар өздері қалаған баланы алған кезде оның тәрбиешісі мен көмекшісіне ұсынатын 1000 долларды да алдырмайсыздар ма?

Ұмсын:

– Иә. Жоқ, біз ешкімнің қолын қақпаймыз, бірақ тәрбиеші мен оның көмекшісі шетелдік бала асырап алушылардан саналы түрде ешқандай сыйлық алмайды. Оған күмәнің болмасын.

Кая:

– Мен шетелдік асырап алушыларды ертіп талай балалар үйіне барғанмын. Сонда берген сыйлықтан бас тартқандардың бірде-бірін кездестірмеппін. Олардың келген шетелдік қонақты тек әндетіп қарсы алып, музыкалатып, шампандатып шығарып салғанына ғана куә болғанмын. Шетелдік асырап алушылар келгенде біз барған балалар үйінің іші мерекелік көңіл-күйге толып, гүлдер шашылып, торттар желініп, бокалдар соғыстырылып, би-биленіп, доллардың иісі ерекше аңқып кететін. Мекеме директоры мен шетке кетіп бара жатқан баланың тәрбиешілері өздеріне берілген долларды қолдарына ұстап тұрып, ара-арасында әлгі көк қағаздарды иіскеп қойып шаттықтан жарылардай болып билегендерін де көргенмін. Ал сіздерде мүлде басқаша, түсінбедім.

Ұмсын Каяға қатулана көз тастап:

– Ал сен өзіңнің көп жылдан бері атқарып келе жатқан кәсібіңмен шұғылданып жүріп шетелдік бала асырап алушылар мен олардың көңіл-ауанын аулап желіккендердің бал-бұл жанған жүздері мен қисалаң-қисалаң еткен билерін ғана аңдымай жаттың жетегіне ілесіп бөтен, белгісіз ортаға кетіп бара жатқан бейкүнә сәбидің жанарына бір сәтке қарасаң ғой, көп нәрсені түсінер едің, – деді.

Кая:

– Мен шетке кеткен балаларды аэропорттардан талай мәрте шығарып салғанмын. Жанарларына талай үңілгенмін. Олардың жанарларынан ешқандай жамандық көрмегенмін. Білесіздер ме, бізден кеткен балалар дамыған, молшылыққа кенелген елдерге барып өмір сүреді. Сәнді де жаңа киім киіп, тіл үйірер тағамдар жеп өседі. Жетім балалардың мына ескі, сыз жайлаған, зәк иісі мүңкіген көңілсіз мекемеде күндерін өлтіргенше шетке кеткені дұрыс. Сондықтан, біздегі талай жетім баланың шетелдерден отбасы тауып кетулеріне мұрындық болғанымды мақтан етемін, – деді.

Ұмсын:

– Айналайын-ау, мына түсінігіңнен сенің адам баласының қасиетін жөнді бағаламайтыныңды көріп тұрмын. Адам үшін ең бастысы туған елі мен жерінде өмір сүруі, өз қанының табиғи ортасында тіршілік етуі ғой. Бұл олардың құқығы. Олай болса, біз балаларымыздың осы құқығынан айырып жатырмыз. Осыны ұқпайсың ба?

Қалаугүл Каяға жанарын тіке қадап:

– Жарайды, өзің айтқандай, сен шығарып салған балалар қазір ешнәрседен таршылық көрмей өсіп жатыр дейік, Бірақ, сол балалар туған елден жырақта ғой. Жазықсыз жетім ұл мен қыз алғашқыда белгісіз бір «құдіретке», күшке, жалмауыз ниетке арбалып жерімен қоштасып кете барады. Балалықпен бұл кеткеніне қуанатын да болар. Бірақ, кейін өсе келе сан сауалдың қамауында қалып, елін, жерін, жұртын іздеп арпалысқанда әлгі жаттың жетегінде кетіп бара жатқандағы алдамшы қуаныш, алдамшы сәт, балалық алдамшы әуестік өзін қоршаған сұрақтарға жауап бере ала ма? Әрине, ес білгендерінің амалы құрып, жанарына жас алары, не жан дүниелерінің әлем-жәлем болары сөзсіз. Ес білмегендерінің алғашқыда денесі дір етіп, кейіннен жылы алақанға бауыр басып кетер. Бірақ, қалай десек те олар жаттың қолында кетті. Оларды жаттың қолына беру ешқандай ақтайтын іс емес.

Кая жоғарыдағы пікірлерді естігенде аздап тұнжырап қалғандай болды. Бірақ лезде серпіліп, Нельсондардың көңілін аулағансып әлдене деді де іле олардан бір папканы алып, Ұмсынға ұсынып тұрып:

– Мына папкада Нельсондар отбасы туралы барлық мәлімет бар. Бұлардың барлығы екі тілде жазылған. Нельсондарды Бостондағы агенттік әбден тексеріп, бала асырап алуға лайықты деп таныған. Солай қорытынды шығарған. Сосын сол қорытындыны біздің еліміздегі жауапты мекемеге жолдаған. Олардан Қазақстаннан бала асырап алуларына болады деген рұқсат алған. Рұқсат қағазы міне, – деп папканың ішінен бір жапырақ қағазды Ұмсынға берді.

Ұмсын:

– Бостондағы агенттік Нельсондар туралы қорытындысын қандай өлшемдерге негіздеген? Олардың қорытынды беру өлшемдері біздің өлшемдермен сәйкесе ме екен? 

Кая:

– Ол жағын білмедім. Мен тек орындаушымын, ертіп жүрушімін, арадағы аудармашымын.

Ұмсын папканың ішіндегі қағаздарға бірауық үңіліп, бәрі заң бойынша дұрыстығына көзі жеткен соң оны Қалаугүлге берді де:

– Жарайды, қайтеміз енді... – деп күрсіне тіл қатты. 

Кая:

– Нельсондар бір жасар немесе жасқа толмаған ер бала асырап алғысы келеді, – деді.

Ұмсын шарасыздық танытқандай екі қолын екі жаққа жайып тұрып:

– Біздің аузымыз еріксіз бекітулі, қолымыз еріксіз байлаулы. Ендеше, өздері білер, бізге қаптың аузын ашып беріп қарап тұрудан өзге ештеңе қалдырмады ғой, – деді.

Арада аз-кем үнсіздік орнады. Іле Кая ерлі-зайыпты Нельсондарды 6 айлық нәрестелерден бастап 2 жасқа дейінгі балалар тобына ертіп барды.

Бірі жылап, бірі күліп, бірі еңбектеп, бірі аяқтарын тәй-тәй басқан балалардың кейбіреулері бөгде адамдарға жатырқай қарайды. Нельсондар бөлмеге кіргенде топтың жетекшісі Қолқанат оның көмекшісі жас қыз бойларын жинап, состиып тұрып қалды. Кая және Нельсондар Қолқанат пен оның көмекшісіне жылы шырай таныта амандасып, балаларды таңдауға кірісті. Сондай-ақ залдың ашық алаңында іштері өртене, өңештеріне тығылған өксікті әзер басып Ұмсын мен Қалаугүл тұр.

Иесіз байлыққа кенеліп, таңдағанын маңдайынан шертіп тұрып алуларына мүмкіндік берілген Нельсондар мекеме тәрбиешілеріне бір отар қой қамалған қораға түскен азулы қос бөрідей көрініп кетті. 

Нельсондар әр баланы көріп жүріп өздеріне қарай балалық әуестікпен еңбектей жақындап келіп кішкентай қолын созған жеті айлық нәресте – Мақсатқа назар аударды. Оны Мелани Нельсон жерден көтеріп алып, бауырына басты. 

Мелани күйеуіне қарап:

– Смит, қарашы не деген әдемі, сүйкімді. Демі, тәні денемді балқытып барады. Ол көзіне жас алып, баланы бауырына қысып, аймалап жатыр.

Смит сәбидің бетіне мейірлене үңіліп:

– Ой, өзі неткен сүйкімді! Сені көптен күткендей құшағыңа тығыла түсіпті ғой. 

Мелани:

– Ештеңе талқылаудың қажеті жоқ. Бітті, осы баланы аламыз. Енді бұдан өлсем де ажырамаймын.

Смит:

– Өзінің есімі кім екен?

Кая Қолқанат пен оның жас көмекшісіне кезек қарап:

– Смит мырза мына кішкентай баланың есімін білгісі келеді. Кім екен? – деді.

Қолқанат:

– Мақсат.

Кая Нельсондарға түсіндіре:

– Оның есімі – Мақсат. Мұның ағылшын тіліндегі мағынасы – «Goal».

Мелани:

– Керемет. «Максат, Максат». Біз оған Бостонға барғанда жаңа есім береміз. Мәселен, «Мартин» деп атауымыз мүмкін.

Смит:

– Несі бар? Мартин өте әдемі есім. Қазірден бастап Мартин-Максат деп атай берейік. Мартин-Максат Нельсон. Тамаша!

Мелани:

– Ешкімнің көңіліне қаяу түсірмейтін болса, бұл періштенің осы мекемеге келгенге дейінгі тағдырын білсек болар ма екен?

Кая:

– Әрине болады, – деді де Меланидің Мақсат туралы білгісі келгенін Қолқанатқа жеткізді.

Қолқанат:

– Бұл бейкүнә сәбидің ата-анасы жол апатынан қаза тапқан. Жақындарынан балаға қарауға ниет білдірген ешкім табылмаған соң, ол осында тәрбиеленіп жатыр. Оның бұл мекемеге келгенге дейінгі тағдыры осы. Мақсат – бізде тәрбиеленіп жатқан балалардың ішінде шыққан тегі, ата-анасының аты-жөні белгілі бүлдіршіндердің бірі. Сондықтан, қазір баланың құжаттарын алған кезде міндетті түрде Мақсат туралы деректердің көшірмесін ала кетіңіздер, – деді.

Қолқанаттың сөзін Кая Нельсондарға аударып береді. Нельсондар балаға жаны аши қарап, көздеріне жас алды. 

Мелани:

– Смит, осы баланы аламыз ғой? Келісесің ғой.

Смит:

– Әрине, келісемін. Ересектеу бала алсаң ертең үйренісіп кетуі қиын. Ал әлі жасқа да толмаған бала сенімен етене болып кете барады. Енді баланың құжаттарын алайық.

Мелани:

– Олай болса, кеттік. Айтпақшы, Смит, заң бойынша баланың тәрбиешісі мен оның көмекшісінің әрқайсысына 500 доллардан сыйлық беруді ұмытпа. 

Смит:

– Ұмытпаймын.

Смит қалтасынан бір бума доллар шығарып оны екіге бөліп Қолқанат пен оның жас көмекшісіне ұсынды. Олар азар да безер болып долларды алмады. Смит долларды қайта-қайта ұсына бергенде кішкентай баланы қимай езіліп тұрған Қолқанат Смиттің қолын қағып жіберді. Доллар қалықтай шашылып еденге түсті. Ыңғайсызданып қалған Смит долларға қолын бір сілтеп, әйелімен бірге есікке беттеді. Шашылған долларды жалма-жан Кая әп-сәтте жинап алып, қалтасына баса қойды. Осы кезде есіктің аузына баланы көтерген бойда барып қалған Нельсондарға Қолқанат жетіп барып, Мақсатты олардан тартып алды да құшағына қыса бірауық тұрып қалды. Нельсондар шошып кетті. Бірақ Қолқанаттың Мақсатпен қоштасқалы жатқанын аңғарып Нельсондар қайта сабасына түсті. Қолқанат Мақсатты қайтадан Меланиге берді. Қолқанаттың қасындағы жас көмекші қыз кемсеңдеп жылап тұрды. 

Бағаналы бері өзін зорға ұстап тұрған Қолқанат іле солқылдап жылап жіберді де, Меланидің қолындағы Мақсаттың білегінен ұстап тұрып:

– Мақсат, өте сүйкімді бала. Оған дұрыстап қараңыздар. Ол ұйықтарда арқасын сипалап, ыңылдап ән айтып бергеніңді қалайды. Тамағы салқын суға тым әлсіз... – деді.

Кая Қолқанаттың сөзін сол заматта аударып береді.

Мелани. 

– Әрине, дұрыстап қараймыз. Айтқандарыңыздың барлығын орындаймыз. Иә, иә, мұздай су бермейміз, ұйықтарда арқасын сипалап отырып ән айтып береміз. Бәрін сіз айтқандай жасаймыз.

Кая Нельсондардың сөзін сол заматта аударып берді. 

Қолқанат:

– Сіздерден өтініш, Мақсаттың қаны қазақ екенін, Қазақстаннан екенін, қазақ ұлтының баласы екенін айтып өсіріңіздерші. Сосын өз ұлтын, оның болмысын, елін, жерін танып, біліп өсуіне жағдай жасаңыздаршы, – деді Нельсондарға жалына сөйлеп. 

Қолқанаттың не дегені Кая арқылы ұққан Смит:

– Ол жағын уайымдамаңыз. Нағыз қазақтың жігіті қылып өсіреміз. Қазақстандық екенін ұмыттырмай, үнемі есіне салып жүреміз. Ол жағынан қам жемеңіздер, – деді. 

Мелани:

– Уәде береміз, Мартинді, жо-жоқ Максатты Қазақстанды біліп өсуіне мүмкіндік береміз. Ол жағынан мәселе болмайды, – деді. 

Кая Нельсондардың сөзін сол заматта аударып берді. 

Қолқанат:

– Айтпақшы сәл аялдай тұрыңыздаршы, – деді де жүгіріп барып кішкентай сөмкеше әкелді де, асығып, сасқалақтап, сөмкенің ішінен ат пен түйе бейнеленген ойыншықты алып шығып көрсетті, – мына сөмкенің ішінде Мақсаттайдың жақсы көретін ойыншықтары бар. Бұларды өзімен бірге алып кетіңіздер. Үнемі өзімен бірге болсын. Оның бұлардан басқа ешқандай дүниесі де жоқ. Бұл екеуін қолына ұстатсаңыздар өзімен өзі ойнап жата береді. Туған жерінің ауасының иісі сіңген бұл ойыншықтар елінен естелік болып қалсын. Байғұс баланың елінен алған еншісі осы болсын, – деді. 

Кая тәрбиешінің не дегенін Нельсондарға аударып беріп жатқанда Қолқанат әлгі сөмкеден екі-үш киім алып шықты да:

– Бұларды жолда ауыстырып кигізерсіздер, – деді.

Мелани:

– Жарайды, бұл ойыншықтарын естелік ретінде тастамай алып кетеміз. Ал киімдерінің қажеті жоқ. Осындағы балалардың біріне кигізерсіздер. Мартин-Максат қазірден бастап мұндай киімдердің неше түрлісін киетін болады, – деді. 

Кая Меланидің не дегенін Қолқанатқа түсіндіріп берді.

Құжаттарды реттеу үшін Смит пен Мелани баланы көтерген бойда асыға басып Ұмсын мен Қалаугүлдің соңынан ілесті. Баланың киімдерін қолына ұстаған күйі қалып қойған Қолқанат көз жасына ерік беріп, сол маңда тұрған орындыққа сылқ ете отыра кетті. 

Балалар үйінің іші күңгірт тартты. Топтағы көздері жәудіреген балалар апайларының жылағандарына таңырқай қарап қалған. Тіпті бір-екеуі бұған қосыла жылап жіберді.

Еңсені езер, өзі бір кейіпкері болған көріністен есеңгіреп қалған Қолқанат балаларға қарап ойланып отырып қалды: «Олардың таңдауы дәл Мақсатқа түскендерін қарашы. Оны мен өз баламдай жақсы көретін едім ғой. Ақымақ басым, оны әлгілердің көздеріне түсірмей, басқа бір бөлмеде жасыра тұрғанымда болар еді-ау. Неге солай істемедім екен? Жо-жоқ мен олай істей алмаймын. Өйткені маған балалардың барлығы бірдей. Қайсысын қиямын мен... Мақсатты алып қалсам, басқа біреуін әкетеді бәрібір. Бәрі де мен үшін Мақсаттан кем емес... Мақсаттан басқа біреуін беріп жіберсем оның менің алдымда нендей жазығы бар екенін біле алмай жаным қиналмай ма? Бәрібір сол қайғы. Бәрібір сол қақпан. Бәрін жасырып қоюым керек еді одан да. Ондай мүмкіндік менде қайдан болсын? Дыбыр еткізбейді» 

Қолқанат өзін біреу аңдаусызда түртіп қалғандай селк ете қалды да, бойын тез жинап алды. Сосын өзінің жанында тұрған көмекші жас қызға қарап тұрып:

– Елге, маңдайымызға сыймай кеткен кішкентай тағдырлар біз қарық қылады деген жерде жылап жүрсе, қайтеміз? Олардың сол жақтағы шынайы өмірін көру бізге жазбайтын шығар... Енді оларды қайта көреміз бе, көрмейміз бе? Өз ұрпағыңнан тірідей айырылу деген осы... – деді.

Кая бұдан кейін бостондық ерлі-зайыпты Лопестерді ертіп әкелді. Лопестер Ұмсын мен Қалаугүлге жылы шырай таныта амандасты. Лопестердің ұсынған гүлі мен тортын екеуі де қабыл алмады. Қабылданбаған заттарды Кая былайырақ тұрған орындыққа апарып қойды. 

Ұмсын ерлі-зайыпты Лопестер ұсынған папканы қарап шығып, оны Қалаугүлге ұсынды. Екеуі бас изеп, келісім берген соң Кая Лопестерді 3-5 жас аралығындағы балалар тобы орналасқан бөлмеге ертіп барды. Шетелдіктерді балалар жатырқай қарсы алады. Топ жетекшісі Өнергүл шеткерірек тұста состиып қимылсыз тұр. Оның көмекшісі – жас қызы балаларға бас-көз болып жүр. Кая ерлі-зайыпты Лопестерді Өнергүлмен таныстырған болды да, іле таңдағаныңды ала бер дегендей шетелдіктерге ишарат білдірді. Лопестер әр баланы бір қарап, кейбіреулерін қолдарына алып көріп, аз-кем таңдаудан кейін шеткеріректе өзімен-өзі ойнап отырған Шолпан деген қызға ұзағырақ айналсоқтап қалды. Содан кейін Шолпанды Лопес ханым жерден көтеріп алып, бауырына басты. Бірақ Шолпан жатырқап, одан құтылу қамымен шетелдіктің кеудесінен итерді. Бала ыңғайға көнбеген соң оны отырған жеріне қойды да қалталарынан сырты жылтырақ шоколад, түрлі кәмпиттер шығарып беріп, оны өзіне иліктіру әдісіне көшті. Олардың мұнысы тез жемісін берді. Сәлден кейін Шолпанның ерлі-зайыпты Лопестерге бойы үйрене бастады. 

Лопес ханым күйеуіне қарап:

– Менің көңілім осы қызға ауып тұр. Өзі сондай сүйкімді екен.

Лопес мырза:

– Саған ұнаса болды ғой... Тек ол бізді ұнатпай тұрған сияқты ма, қалай? 

Лопес ханым баланың бетіне мейірлене үңіліп:

– Сәл есі кіріп қалған бала ғой. Алғашқыда жатырқамайтын адам баласы бола ма? Қазір-ақ бізге бойы үйреніп кетеді, балапанның, – деді. 

Лопес мырза:

– Әрине, әрине, қазір-ақ үйреніп кетеді. Басында үш жас пен төрт жас аралығындағы қыз баланы асырап аламыз деп келіскенбіз. Жасы нешеде екен?

Лопес ханым Каяға қарап:

– Бұл қыз қанша жасар? Өзінің есімі кім екен? Білейік, тәрбиешісінен сұрашы – деді.

Кая Өнергүл мен оның жас көмекшісіне кезек қарап:

– Лопестер қыздың жасын және есімін білгісі келеді... – деді.

Өнергүл:

– Төрт жарым жаста. Есімі – Шолпан, – деді. 

Кая Лопестерге қарап ағылшыншалап:

– Оның есімі – Шолпан. Оның ағылшын тіліндегі мағынасы – «Venus». Төрт жарым жаста.

Лопес ханым:

– Жақсы, жақсы... «Шолпан, Шолпан». Біз оған үйге барғанда жаңа есім береміз. Мәселен, «София». София өте әдемі есім ғой, – деп күйеуіне сұраулы пішінмен қарады. 

Лопес мырза:

– Иә, «София» өте әдемі есім. София-Шолпан Лопес! Керемет!

Лопес ханым Каяға сұраулы пішінмен қарап:

– Біле жүргеніміз дұрыс қой... Бұл балапанның ата-анасы жөнінде, мұнда келу тарихы туралы білсек... – деді.

Кая ағылшыншалап:

– Әрине болады, – деп, Лопес ханымның Шолпан туралы білгісі келгенін Өнергүлге жеткізді.

Өнергүл:

– Бұл бейкүнә сәбидің әкесі туралы мәлімет жоқ. Анасы аналық құқығынан айырылған. Шолпан мұнда жалғыз емес. Оның екі жасар Мұрат деген інісі бар. Шешесінің жақындарының ішінде бас көтерер ешкімі болмаған соң бұлар бір жарым жылдан бері осы жерде. Ал шешесінің қазір өлі-тірісі белгісіз... Балаларымды көремін деп бір рет болса да келген емес. Енді мүлде келмейтін де болар, – деді. 

Осы сәтте Шолпанның екі жасар інісін Өнергүлдің көмекшісі көтеріп әкеліп әпкесіне жақындатты. Екеуі бір-біріне қызықтай қарап, қолдарымен бір-бірінің беттерін сипады.

Шолпан туралы аз-кем мәлімет алған Лопес ханым:

– Шолпанмен бірге інісін де ала кетуге болар еді, бірақ біздің жоспарымыз – бір ғана қыз бала асырап алу болғандықтан, бізге қызмет көрсеткен агенттік барлық құжаттарда бір қыз асырап алатынымызды көрсеткен. Оны өзгерту қиын. Көп уақыт кетеді, – деді күйеуіне қарап.

Лопес мырза:

– Иә... – деді күрсіне.

Өнергүл Каяға қарап:

– Мына ерлі-зайыптыларға айт, Шолпанды інісінен ажыратпағаны дұрыс, олар бір топта өсіп келеді. Екеуі бөлініп кетсе ертең бір-бірін іздеп қиналады, – деді.

Кая арқылы Өнергүлдің не айтқанын түсінген Лопестер ойланып қалды. Осы арада Өнергүл Ұмсын мен Қалаугүлді әңгімеге араластырды.

Ұмсын:

– Шолпан үнемі інісіне бауырмалдық көрсетіп, оған қамқор болуға талпынып жүреді. Өзі сондай бауырмал. Ол екеуін ажыратсақ... қиын... 

Кая Ұмсынның сөзін Лопестерге сол қалпында аударып берді. Лопестер үнсіз қалды.

Қалаугүл:

– Меніңше, кейде мұндай жағдайда жүректі қатайтып тұрып шешім қабылдаған да дұрыс секілді... Заты бөлек, таным-түсінігі өзге, діні басқа шетелдікке бала берудің дұрыс еместігі анық болса да, бұл іске түбегейлі тоқтам сала алмай отыр екенбіз, ендеше бала асырап алуға келген шетелдіктердің арасындағы жөні түзулеу көрінгендерге бір мезгіл сенім де білдіргеніміз жөн-ау деп ойлаймын. Менікі жандалбасалау ғой. Шолпан ертең АҚШ-та өсіп, онда үлкен жетістіктерге жетіп, Қазақстанға келіп інісін қамқорлығына алуы да мүмкін-ау. Бәлкім, Шолпанға осы мүмкіндікті ұсынып көрерміз, – деді. 

Ұмсын: 

– Дұрыс шығар, бірақ Шолпан ертең жат тәрбиеде болып, інісінен көп уақыт бөлек тұрғандықтан бауырынан суынып кетпей ме? Кейін бауырмалдық таныта алар ма екен? Ортаға уақыт киліксе қиын ғой, – деді. 

Қалаугүл:

– Қыз бала қай кезде де ер балаға қарағанда бауырына адал келеді. Біз Шолпанға, ерлі-зайыпты Лопестерге сенім білдірейік. Лопестердің Шолпанды елін, бауырын ұмыттырмаймыз, өскен соң мүмкіндік болса екі бауырды табыстырамыз деген уәдесін алайық. Егер олар осы уәдені бізге берсе, Шолпанды алуларына қарсы болмайық. 

Ұмсын:

– Жарайды, бала тағдыр талайынан көрер. Лопестердің зиялы отбасы екенін жаңа өмірбаяндарын оқығанда білдік. Қалаугүл, мен сенің ойыңның астарында не жатқанын біліп тұрмын. Жетімдер үйінде өсіп, жетілген бала үлкен өмірге аяқ басқанда, оның жақсы өмір сүріп кетуіне мұнда ешкім кепіл бола алмайтынын, бұрыс жолға түсіп кету ықтималдылығы жоғары екенін есепке алып, одан да шетелдік болса да бір отбасында өскенін жөн көріп тұрсың-ау, сен. Сенікі де дұрыс шығар, кім білсін? – деді терең күрсініп.

Болып жатқан әңгіме төркінін Кая арқылы түсініп тұрған Лопес ханым Қалаугүл мен Ұмсынға қарап:

– Сіздер бізге сеніңіздер, біз Шолпанды Қазақстанды ұмытпауға, өз ұлтын сүйіп өсуге тәрбиелейміз, ең бастысы оның мұнда қалған бауырынан қол үздірмейміз. Үнемі байланыста боламыз. Шолпан өскен соң Қазақстанға інісін іздеп келетін болады. Сіздер балаларға жақсы қарайсыздар, оған күмәніміз жоқ, дегенмен баланың өз туған ата-анасы, отбасы болмаса да өзіне мейірімін төккісі келетін адамдардың, отбасының қамқорлығында өскені жақсы ғой... – деді. 

Әңгімеге араласқан Лопес мырза:

– Әрине, екі бауырды бір-бірінен ажырату қиын. Бізге де оңай соғып тұрған жоқ. Дегенмен, олар бірге өскенімен жүре келе бір-біріне деген мейірім-бауырмалдығын қаншалықты деңгейде сақтап қала алатынын ешкім білмейді. Бірі ержетіп, бірі бойжетіп үлкен өмірге аяқ басқанда алда кездесетін ықтимал қиындықтар екеуінің бір-біріне деген салқын қарым-қатынасын тудыруы да мүмкін ғой. Меніңше, екеуі бір-бірінен жырақта өссе, бір-бірінің қадірін біліп, бірін-бірі аңсап жетіледі. Сонда ертең олар бір-біріне мұхитты кешіп өтіп келіп қауышып, өзара қамқор болады, – деді. 

Лопес ханым:

– Менің білетінімдей, қазақ халқы бауырмал, өз қаны дегенде өмірін қиюға дайын келеді. Сондықтан, Шолпан ертең бойжеткен соң інісін өз қарамағына алатын болады. Ол бойжеткенше біз Шолпанды інісімен жолықтырып, құрығанда телефон арқылы байланыстырып тұрамыз. Қазір байланыс құралдары жетілген. Інісімен байланысын үздірмейміз. Бәлкім, бұйырса, бірер жылдан соң құжаттарды реттеп, оны да Америкаға алып кетуге тырысармыз. Не десек те, келешекте екеуінің табысуларына жағдай жасаймыз, – деді. 

Ұмсын:

– Жарайды. Қызды алсаңыздар алыңыздар... 

Қалаугүл:

– Шолпан аман болса, әлі екі елдің ортасында алтын көпір болады. Тек, Лопестер отбасы өздерінің уәделеріне берік болса, болғаны... 

Ұмсын мен Қалаугүлдің аузынан шыққан сөздерді Кая арқылы аңдып, құлағына құйып тұрған Лопес ханым:

– О, не дегеніңіз, біз берген уәдемізді сөзсіз орындаймыз. Шолпанды өз баламыз деп есептесек, оның інісін де бөтен демейміз. Егер мүмкіндік болып жатса, келер шақта оның інісімен бірге өсуіне жағдай жасаймыз, – деді. 

Лопес мырза:

– Енді Шолпанның құжаттарын алайық.

Лопес ханым:

– Олай болса, кеттік. Айтпақшы, баланың тәрбиешісі мен оның көмекшісінің әрқайсысына 500 доллардан сыйлық беруді ұмытпа, – деді күйеуіне. 

Лопес мырза:

– Қазір беремін.

Лопес мырза ұсынған көк қағаз – долларды Өнергүл мен көмекшісі азар да безер болып алудан бас тартты. Лопес мырза долларды қайта ұсына бергенде кішкентай Шолпанды қимай езіліп тұрған Өнергүл Лопес мырзаның қолынан долларды жұлып алып, анадай жерге лақтырып жіберді. Лопес ханым состиып тұрып қалды. Өнергүлдің жас көмекшісі де долларды алмады. Доллар еденде шашылып жатты. Оны Кая жалмажан теріп алып, қалтасына сала қойды. Ыңғайсызданып қалған Лопес мырза әйелімен бірге есікке беттеді. Сол кезде көмекшісі көтеріп тұрған баланы – Шолпанның екі жасар інісін Өнергүл қолына алып, есіктің аузына барып қалған ерлі-зайыпты Лопестерге жақындап келді. Екі баланы бір-біріне тақады. Шолпан кішкентай інісін құшақтады, іле бетінен сүйді. Көріп тұрған жұрттың бәрі егіліп, езіліп кетті. Мына аянышты көріністі тез үзгісі келгендей Лопестер Шолпанды алып бұрылып кетпек болып еді, бірақ Өнергүлдің сөзін бөле алмады.

Көзіне жас үйірілген Өнергүл Шолпанның інісін құшағына қысып тұрып Лопестерге қарап:

– Шолпан, өте сүйкімді қыз. Оған дұрыстап қараңыздар. Ол сүт пен айранды ұнатады. Ұйықтар алдында ыңылдап ән айтып бергенді қалайды. Өзі сондай жаурауық, үнемі жылы киіндіріп жүріңіздер. 

Каядан Өнергүлдің не дегенін білген бойда Лопес ханым:

– Әрине, дұрыстап қараймыз. Айтқандарыңыздың барлығын орындаймыз. Иә, иә, үнемі жылы киіндіріп жүреміз, ұйықтарда ән айтып береміз. Бәрін сіз айтқандай етеміз, – деді. 

Өнергүл:

– Сіздерден өтініш, Шолпанның қазақ қызы екенін айтып өсіріңіздерші. Сосын өз ұлтын, оның болмысын, елін, жерін танып өсуіне мүмкіндік жасаңыздаршы, – деді. 

Лопес мырза Өнергүлдің бұл сөзіне жауап ретінде:

– Ол жағын уайымдамаңыз. Нағыз қазақтың қызы етіп өсіреміз. Қазақстандық екенін ұмыттырмай, үнемі есіне салумен боламыз. Үйге барған соң оның бөлмесін Қазақстанның шағын макеті етіп жасаймыз. Ол жағынан қам жемеңіздер, – деді.

Лопес ханым да күйеуінің сөзін қоштап:

– Уәде береміз, Шолпанның Қазақстанды біліп өсуіне жағдай жасаймыз. Ол жағынан кемшілік болмайды, – деді.

Кая ерлі-зайыптылардың сөзін дәлме аударып беріп тұрды. 

Өнергүл:

– Айтпақшы, сәл тоқтай тұрыңыздар, –деді де қолындағы баланы көмекшісіне ұстатып, өзі жүгіріп барып кішкентай бір сөмкешені әкелді де оның ішінен қазақ қызы мен домбыра бейнеленген ойыншықтарды алып шығып көрсетті, – мыналарды Шолпан өте жақсы көреді. Бұларды өзімен бірге алып кетіңіздер. Қазақ қызы бейнеленген мына «кукланы» өзімен бірге алып ұйықтағанды ұнатады. Оның мұнда жинап жүрген ойыншықтары өте көп. Бірақ солардың ішіндегі өзіне ең ұнайтыны осылар. Бұл ойыншықтар туған жерінен естелік болып қалсын.

Өнергүл әлгі сөмкеден тағы да екі-үш киім алып шығып, «оларды жолда ауыстырып кигізерсіздер, керек болады, ала кетіңіздер», деді кемсеңдеп. 

Лопес ханым:

– Жарайды, бұл ойыншықтарын, киімдерін естелік ретінде алып кетеміз, – деді. 

Шолпан осы қас-қағым сәтте інісімен, мұндағы адамдармен қоштасқандай болып қолын бұлғады. Өнергүл көз жасына ерік берді, қолындағы екі жасар бала да қол бұлғағандай болды. Оның көмекшісі де өксігін баса алмайды тұрды. 

Ерлі-зайыпты Лопестер Шолпанды көтерген бойда асыға басып құжаттарын реттеу үшін, өздерін күтіп тұрған Ұмсын мен Қалаугүлге еріп залдан шығып кетті. Өнергүл көз жасына ерік беріп, сол маңда тұрған орындыққа сылқ ете отыра кетті. Топтағы көздері жәудіреген балалар апайларының жылағандарына таңырқай қарап қалған. Қолындағы ойында ештеңе жоқ екі жасар бүлдіршін оның құшағына тығыла түсті.

Өнергүл көз жасын сүртіп, қолындағы баланы мейірлене иіскеп тұрып жанындағы көмекші жас қызға қарап мұң шаққандай болды:

– Өз жетімімізді жебей алмай, өзгеге өңгеріп жібергеніміз қалай? Осы шетелдіктер қазақ баласына өтірік, жалған еміреніп тұрған жоқ па?! Бар қулығын ішіне сақтаған зәлімдер емес пе екен, осылар? Қазақ талай аш-арықты қаның бөлек, тегің басқа деп бөлмей бауырына басқан, бір үзім нанын солармен бөлісіп жеген деп айтудан жағымыз талмайды. Сөйте тұра аз ғана жетімімізді өз жерінде желкілдете өсіруге құлқымыз, ниетіміз неге жоқ? Бәлкім, қазіргі қазақтың қанында бұрынғы қазақтың қаны қалмаған ба? Бар айтарымыз, ақша жоқ, елдің жағдай көтермейді дейміз. Ал миллиондап ұрлап жатқандардың, қолына іліккенін көмейіне тығып жаныққан жарандардың адам сүймес қылығын қызықтаудан басқаға шамамыз келер емес, – деді де дауысын көтере бүкіл қазақ тыңдап тұрғандай сөйледі, – ей қазақ, тас бауыр болма, өз бауырыңа деген ниетіңді дұрыста. Сонда ғана ел боласың. Алла тағала несібесіз адам жаратпайды. Біз өз балаларымызды шетке тарату арқылы аярлықтың алдыңғы шебіне шықтық. Кеткен балалармен бірге ұлтымыздың несібесі де кетіп жатыр. Өзінің жазықсыз, бейкүнә сәбилерін экспорттаған ел атанып қашанғы жүреміз?.. Қазақ, қайда барасың? 

Кая бұдан кейін бостондық ерлі-зайыпты Миллерлерді ертіп әкелді. Миллерлер Ұмсын мен Қалаугүлге жылы шырай таныта амандасты. Олардың ұсынған гүлі мен тортын Ұмсын мен Қалаугүл қабылдамады. Қабылданбаған заттарды Миллерлердің қолынан Кая алып, оларды былайырақ тұрған орындыққа апарып қойды. Ұмсын ерлі-зайыпты Миллерлер берген папканы қарап шығып, оны Қалаугүлге ұсынды. Екеуі келісім берген соң Кая ерлі-зайыпты Миллерлерді 6-8 жас аралығындағы балалар тобы орналасқан бөлмеге ертіп барды. Шетелдіктерді мұндағы балалар да жатырқай қарсы алды. Топ жетекшісі Сәнді шеткерірек тұста состиып қимылсыз тұрып қалған. Оның көмекшісі – жас қыз балаларға бас-көз болып жүр. Кая ерлі-зайыпты Миллерлерді Сәндімен таныстырған болды. Лопестер әр баланы бір қарап, кейбіреулерін өздеріне жақын тартып көріп, аз-кем таңдаудан кейін шеткеріректе өзімен-өзі ойнап отырған алты жарым жасар ұл бала – Арманның қасында ұзағырақ айналсоқтап қалды. Содан кейін Миллер ханым Арманның алдында жүрелей отырып, оны бауырына басты. Бірақ Арман жатырқап, оның құшағынан сытылып шығу қамымен Миллер ханымның кеудесінен итерді. Миллерлер баланы екі жақтап, оны-мұны тәтті-пәтті ұсынып, өздеріне көндірмек, икемдемек болды. Бірақ Арман олардан бойын аулақ салып, анадай жерде тұрған Сәндіні ес көріп, соның етегіне оралды. 

Миллер ханым күйеуіне қарап:

– Менің көңілім осы балаға ауып тұр. Өзі сондай сүйкімді екен. Әрі көзінің оты бар. Сен қалай қарайсың? – деді.

Миллер мырза:

– Баланың бәрі бір емес пе... Десек те, маған да осы бала ұнап тұр. Тек аздап жатырқап... 

Миллер ханым:

– Есі кіріп қалған бала алғашқыда кімге де болса жатырқайды ғой. Қазір аз-кем тілдесіп, сөйлессек етене болып кетеміз. 

Миллер мырза:

– Әрине, әрине... Жасы нешеде екен? Аты кім?

Миллерлер Каяға сұраулы пішінмен қарады.

Кая Сәндіге қарап:

– Бұл бала қанша жасар? Өзінің есімі кім екен? – деді.

Сәнді:

– Алты жарым жаста. Есімі – Арман. 

Кая Миллерлерге қарата:

– Оның есімі «Арман». Оның ағылшын тіліндегі мағынасы – «Dream». Алты жарым жаста, – деді.

Миллер ханым:

– «Арман, Арман». Біз оған үйге барғанда жаңа есім береміз. Мәселен, «Ален». Ален өте әдемі есім.

Миллер мырза:

– Иә, «Ален» өте әдемі есім. Ален-Арман Миллер! Керемет!

Миллер ханым:

– Біз білуге тиісті бір мәселе бар... Арманның ата-анасы жөнінде, оның мұнда келу тарихы туралы білсек...

Кая:

– Әрине, білуге болады. 

Миллерлердің сұрағанына жауап бермес бұрын Сәнді Арманды көмекшісінің жетегіне ілестіріп жіберді. Ол Арманды достарының арасына ертіп барды. Сәнді Арман естіп қоймасын дегендей сыбырлай сөйледі:

– Бұл бейкүнә сәбидің әкесі туралы мәлімет жоқ. Тек анасы қалдырған қағазда әкесінің руы ғана көрсетілген. Анасы тастап кеткен хатта жазылғандай, Арманның шешесі өзі ұнатқан жігіттен жүкті болып қалған. Кейіннен әлгі жігіт бұған қарамай кетеді. Бізде қазақта еркектен некесіз жүкті болып қалу өліммен тең, өте ұят іс. Қыздың мұндай арсыз іске барғанын әкесі немесе бауырлары білсе, оны аямайды. Қарындасы не қызы көшеде жүкті болып қалған қазақ ел бетіне қарай алмай қалады. Содан болар, Арманның шешесі ата-анасы, бауырларынан жасырынып жүріп босанып алады. Сөйтіп баланы жасырып жүріп күте алмаған болуы керек, Арманды біздің мекеменің алдына тастап, өзі ізін суытқан. Полиция іздегенімен таба алмады.

Арманның тағдыр талай жөнінде білген Миллер ханым:

– Иә, қазақтардың біздің санамызға сыймайтын салт-дәстүрлері, таным-түсініктері өте көп деп естігенмін, – деді.

Миллер мырза:

– Иә... Өмірлік ұстанымдары біздікіне сәйкеспейді деп қазақтарды кінәлауға әсте болмайды.

Миллер ханым:

– Әрине, қазақты сол үшін ешкім кінәлай алмайды. Қазақтардың қанша қиыншылық, нәубетті басынан өткерсе де ұлт ретінде сақталып, қанат жайып отырғаны осындай отбасылық қатал ұстанымдарына адал болғандығының арқасы деп естігенмін бір шығыстанушы ғалымнан.

Миллер мырза Каяға қарап:

– Сен де қазақсың ғой. Білетін боларсың?..

Кая:

– Нені?

Миллер мырза:

– Жаңа ғана Сәнді ханымның сөзін аударғаныңда Арманның анасы қалдырған қағазда әкесінің руы ғана көрсетілгені айтылды. Ру деген не, сонда?

Кая:

– Айтайын, айтайын. Біздің қазақтар руға бөлінеді. Халқымыз түп тегі бір рулардан құралады. Қалай айтсам екен, былай бір атадан тараған ұрпақ ғасырлар өте жинала келіп үлкен бір рулы елге айналады. Олар өзара бір-бірімен құдандалы болмайды, қыз алысып, қыз беріспейді. Бір-бірін бауыр санайды. Жеті атаға дейін қыз алыспайды. Бұл шартты жазатайым бұзып қойғандар кездессе, олар елден аластатылады. Қазақтар осындай бұлжымас қағидалары арқылы өздерінің қан тазалығын сақтап келеді, – деді.

Миллер мырза:

– Қызық екен. Мен үшін бұл үлкен жаңалық, – деді.

Миллер ханым:

– Әрине, керемет... Өз қағидаларына берік, қан тазалығын сақтау жолына адал рулардан құралған қазақ осал халық емес екен.

Миллер мырза:

– Қыздарының некесіз жүкті болуын намыс көрудің, оны өлімге санаудың, ұяттың нағыз өзіне балаудың астарында ұлы ұлтқа тән ірілік жатқаны анық. Біз ше, қыздарымыз кімнен туса одан тусын деп мән бермей, әйгілі ағылшын ұлтының таза қанын өзгемен өлшеусіз араластырып тындырдық. Некесіз тууды ар көрмейтін болдық. Қайта ішін көшеден шермитіп алған жетессіз қызымызды өбектеп төрге шығарып, басымызға көтереміз. Бүйте берсек, бүкіл Америка таяу жылдарда шаталар мен көрдемшелердің мекеніне айналады. Көрде тұр.

Миллер ханым:

– Айтпа... неткен қорқынышты...

Миллер мырза Каяға қарап:

– Арманға тәрбиешісі біздің неге келгенімізді жайлай түсіндірмес пе екен... Былай... 

Миллер ханым:

– Арман есі кіріп қалған бала ғой. Жайлап, абайлап түсіндіріңіздер. Егер бізді мүлде қаламаса басқа әрекетін жасармыз. Бәлкім, өзімізге бойын үйрету үшін екі-үш күнге оны ертіп кетіп, бір жерге апарып көңілін көтеріп қайтармыз. Сол аралықта бізге үйреніспесе, онда баланы қинамаймыз.

Ерлі-зайыпты Миллерлердің өтінішін Кая Сәндіге аударып берді.

Сәнді Каяға қарап:

– Мен Арманның Миллерлермен бірге кетуіне тікелей мұрындық болғым жоқ. Оны шетелдіктермен ілесіп кетуіне азғырғандай болғым келмейді.

Кая Сәндінің сөзін ағылшыншаға аудармады. Осы кезде 6-8 жасар балалар тобына Ұмсын мен Қалаугүл келіп кірді. Кая бұл екеуіне:

– Шетелдік қонақтар тәрбиешіден балаға жағдайды түсіндіруін өтініп тұр. Ал тәрбиеші апай баланы шетелдіктермен бірге кетуіне азғырғандай болғым келмейді деп, олардың өтінішін орындауға қиналып тұрғаны...

Ұмсын:

– Түсінікті. Иә, кімге болса да өзі бауыр басып кеткен баланы өзгемен бірге кетуіне үгіттеу ауыр тиеді. Егер ол солай істесе сол ісі үшін өмір бойы өзін жазғырып, кінәлап өтуі мүмкін ғой.

Қалаугүл:

– Иә... Дегенмен, Арманмен сөйлесіп көрейік. Бірақ жалған сөйлеп, болмайтынды айтып қызықтырмайық. Тек барлық шындықты айтып... Есі кіріп қалған бала ғой. Бәлкім түсінер... Егер ұсынысқа мүлде келіспесе, оны көрерміз, басқа баланы таңдар...

Ұмсын Сәндінің көмекшісі жанында ештеңеге түсінбей, жан-жағына алақ-жұлақ етіп қарап тұрған Арманды өзінің қасына шақырып алды да ерлі-зайыпты Миллерлерді нұсқап:

– Арман, мына кісілер сені өздерінің бауырларына басып, бала қылып алғысы келеді. Сені ұнатып тұр. Бұл кісілермен бірге кеткің келе ме? – деді.

Арман бірден:

– Жоқ, – деп жауап берді бұртия. Өңі көгіс тартып кетті.

Ұмсын:

– Неге?

Арман иығын қиқаң еткізді де:

– Білмеймін, – деді.

Қалаугүл:

– Олар саған мама-папа боламыз дейді.

Арман:

– Сонда мені басқа жаққа алып кете ме? Сонда ол жақтан қайтып келмеймін бе?

Ұмсын:

– Былай ғой, Арман, әрбір бала өз отбасында, өз ата-анасының қасында болғаны дұрыс. Бұл екі кісі сенің жаңа ата-анаң болады.

Арман:

– Мұндағы достарымды қайтемін?

Қалаугүл:

– Достарыңмен кейін үлкейгенде, дәу азамат болғанда кездесесің. 

Арман:

– Сонда маған бұл жерде қалуға болмай ма? Қалайда кетуім керек пе, олармен бірге?

Ұмсын:

– Жоқ, қалайда кетуің керек деп тұрғанымыз жоқ. Өзің білесің. Егер қаласаң... Бұл кісілер сені жақсылап тәрбиелейміз, оқытамыз, не айтса да орындаймыз деп тұр.

Арман:

– Олар алыста тұра ма?

Қалаугүл:

– Иә, өте алыста тұрады. Мұхиттың арғы жағында, Америка деген елде.

Арман:

– Америка дейсіз бе? Естігенмін, ол жаққа барғым келеді. Айтпақшы, ол жаққа немен барамыз, машинамен ба?

Ұмсын:

– Ол жаққа машинамен емес, ұшақпен ұшып барасыңдар.

Арман:

– О-оо. Ұшақпен ұшып баратын болсақ барамын. Менің ұшқым келеді.

Қыстығып, кемсеңдеп қалғанын білдірмей, орамалымен көз жасын Арманға білдірмей сүрткен Ұмсын:

– Иә, ұшақпен барасың, – деді.

Арман:

– Сосын қашан қайтып келемін?

Қалаугүл: 

– Ол жағын білмейміз, – деді де көз жасын көрсетпеу үшін теріс айналып кетті.

Осы кезде Миллерлер бұлардың қасына келді. 

Болып жатқан әңгіменің төркінін Каяның аударып беруімен түсініп тұрған Миллер ханым:

– Арман сен сұрасаң, біз сені ұшаққа жиі-жиі мінгізіп тұрамыз. Ұшақпен ұшып, биікке көтерілген кезді көрсең ғой...

Кая Миллерлердің сөзін жалма-жан ағылшыншадан аударып беріп тұр.

Миллер мырза:

– Ұшақпен ұшып бара жатып, ақ бұлтардың үстінен қарайсың. Керемет. Небір өзен-көлдер, ормандар, далалар, қалалардың үстінен қарағанда сондай қызық болады. 

Бөтен адамдарды жатырқай сөйлеген Арман:

– Сонда астанадағы «Бәйтеректі» де үстінен көруге бола ма? Жоқ ол емес... Мен басқа жаққа ұшып кетсем, мамам келіп қалса мені таппай қалады ғой... Таппай қалса... Онда қайтемін?.. 

Мына сөзді естігендердің барлығы көз жастарын сүртіп, теріс бұрылып кетті. Миллер ханым:

– Біз осындағы апайларыңмен үнемі байланысып отырамыз. Өзің де сөйлесіп тұрасың. Егер, апайларың сені мамаң іздеп келгенін айтса, міндетті түрде біз сені осында алып келеміз. Жарай ма? 

Арман өзін қаумалап тұрған апайларына қарап:

– Жарайды, онда. Егер мамам іздеп келсе, менің қайда екенімді қалайда айтыңыздар. Мақұл ма? Мен алысқа кететін болсам, онда достарыммен қоштасып алайын.

Арман анадай жерде тұрған өзі құрыптас төрт-бес балаға жүгіріп барды да олармен шүйіркелесе кетті.

– Мен басқа жаққа, алысқа-а-а-а кететін болдым. Ұшақпен кетеді екенмін. Кейін келемін. Мен ана тұрған ағай мен апай алып кетеді, – деді Арман Миллерлерді қолымен нұсқап, – мынау Сәнді апай әкеп берген асықтар ғой. Қай күні біразын өздерің ұтып алғансыңдар. Мә, осы асықты бәрің теңдей бөліп алыңдар. Өскенде ұшқыш боламын. Сол кезде сендерді келіп бұл жерден алып кетіп қыдыртамын. Қорықпаңдар, мен келемін.

Балалар Арман берген асықты сүлесоқ бөлісіп алды. Арман достарымен құшақтасып қоштасты да қолын қысқа бұлғап, апайлары мен ерлі-зайыпты Миллерлердің қасына келді. Достары Арманды қимай әрі оған қызыға қарап тұрды. Ерлі-зайыпты Миллерлер Арманды жетектеп есікке қарай жүрді. Анадай жерде Арманнан көз жасын жасырып Сәнді тұрды. Оны өзінің де жанары жасқа шыланған жас көмекшісі жұбатып әлек.

Миллер мырза:

– Енді Арманның құжаттарын алайық.

Миллер ханым:

– Сөйтейік. Айтпақшы, баланың тәрбиешісі мен оның көмекшісінің әрқайсысына 500 доллардан сыйлық беру қаперіңнен шықпасын. 

Миллер мырза:

– Қазір, қазір беремін, – деп, қалтасынан долларлар шығарып оны екіге бөліп Сәнді мен оның жас көмекшісіне ұсынды. Тәрбиешілер азар да безер болып Миллер мырза ұсынған долларды алмады. Содан амалсыз Миллер мырза долларды анадай жерде тұрған орындықтың үстіне тастап кетті. Сол сәтте Кая жалмажан әлгі көк қағаздарды қалтасына сала қойды. Миллер мырза әйелімен бірге есікке беттеді. Сол кезде Миллер ханымның жетегіне ерген Арман әлденеден қауіптенгендей Миллер ханымға және айналасына үрейлене қарап, артқа қарай тартыншақтай берді. Сол кезде Сәнді жүгіре басып келіп Арманды құшағына алып, бетінен құшарлана сүйіп, бауырына баса бір ауық тұрып қалды.

Кая:

– Сәнді апай, баланы жіберіңіз, райынан қайтарып, айнытып қоясыз.

Сәнді Каяның сөзіне мән бермеді.

– Арман, сен бізді кешір, балапан. Сен ертең үлкен азамат болып, қайтып оралатын боласың әлі-ақ. Аман жүр, жарық күнім. Тәмпіш мұрын балапаным сол. Қазір, қазір... – деді де, жүгіре басып әлдебір бөлмеге кіріп кетіп, іле қолына шағын сөмке, сосын тағы бірнеше ойыншық ұстап қайтып келді, – Арман мына сөмкеңнің ішінде өзіңнің киімдерің бар. Ал мынау өзіңнің жақсы көретін қылышың, ол жаққа барған соң осымен ойнайтын боласың.

Бұдан кейін Сәнді Миллерлерге қарап:

– Арманға дұрыстап қараңыздар. Оны еш ренжітпеңіздер. Ол жатарда печенье жеп, сүт ішкенді ұнатады. Тағы не айтайын деп едім, Құдай-ай, иә ол бәрін түсінеді, сәл тентектік жасап қойса, ұрыспай түсіндіріп айтсаңыздар, айтқандарыңызды орындайды... – деді 

Каяның аудармасы арқылы Сәндінің не айтқанын түсінген Миллер ханым: 

– Әрине, дұрыстап қараймыз. Ешқашан ұрыспаймыз. Айтқандарыңыздың барлығын орындаймыз. Иә, иә, бәрін сіз айтқандай етеміз, – деді. 

Миллер ханымның сөзін Кая арқылы түсінген Сәнді көңілі жайланғандай болғанымен тағы да тағатсыздана тіл қатты. Миллерлерге жалбарына сөйлеген Сәнді:

– Сіздерден өтініш, Арманның қазақтың ұлы екенін айтып өсіріңіздерші. Сосын өз ұлтын, оның болмысын, елін, жерін танып өсуіне мүмкіндік беріңіздерші. Ең бастысы қазақ екенін, руы «қаршығалы» екенін біліп өссін. Қазір Арманның құжаттарын алғанда, сол құжаттарының арасында анасы қалдырған қағаз бар, сонда Арман туралы деректер жазылған. Онда оның аты-жөні, қай ұлт екені, қай ру екені көрсетілген. Сол қағазды Арман өскенде бойтұмардай сақтайтын болсын. Осыны ескеріңіздер, – деді. 

Миллер ханым:

– Ол жағын уайымдамаңыз. Нағыз қазақтың ұлы қылып өсіреміз. Қазақстандық екенін ұмыттырмай, үнемі есіне салумен боламыз. Оның құжаттарының арасындағы әлгі сіз айтқан қағазға мұқият боламыз. Оны өскенде Арман жан қалтасына салып жүретін болады. Ол жағынан қам жемеңіздер, – деді. 

Миллер мырза:

– Уәде береміз, Арманның Қазақстанды біліп өсуіне жағдай жасаймыз. Ол жағынан кемшілік болмайды, – деді.

Аудармашы арқылы ерлі-зайыпты Миллерлердің сөзін түсінген Сәнді аздап саябыр тапқандай болды. 

Миллер ханымның жетегіне ілескен Арман мұндағылармен қоштасқандай болып қолын бұлғады. Сәнді көз жасына ерік берді. Оның көмекшісі де кемсеңдеп тұрды. Достары да Арманға қолдарын бұлғады. Зал күңгірт тартты. Топтағы көздері жәудіреген балалар апайларының жылағандарына таңырқай қарап қалған. Олар бір-біріне тығыла түсті.

– «Беліне белбеу жарасып», көздері жәудіреп, ішкі тіксінісін сездірмей, алдаушылар мен арбаушылардың «қамқорлығына» мойынұсынып, жұмбақ ой кешіп, жұдырықтай жүрегі тайдай тулап бара жатыр ғой, балапан сол, – деп Сәнді солқылдап жылады да өзіне өзі мұң шаққандай    болды, – қара базарда мал сатқандай болдық қой. Осылайша балапандарды өзгенің алдына өңгертіп жібере береміз бе? «Адалсынған молданың үйiнен алты қабанның басы шығыпты» деген мәтел-сөз дәл біздің қазаққа арнап айтылған тәрізді. Өйткені, әншейінде бауырмал, жетімін жылатпаған, қаңғыртпаған, әлсіз бен мұқтажға қайырымды дейтін қазақтың сыртқа өз баласын беруі әлгі алты қабанның басы шыққандай сұмдық емес пе? Шеңгел де өз жерінде гүлдейтінін ұмыттық қой... Әуезов атамыз «Қазақ теріс мінезін өзі істеген ісінің қатесі шоқпардай болып, өз басына тисе тез түзеледі» деп айтқан екен. Бірақ біз өз қателігіміз шоқпар түгілі «кувалды» болып тиіп жатса да түзелер емеспіз. 

***

2004 жыл. Қазақстан. Елорда. Мемлекеттік кең де жарық кеңсе. Төрде бастық жайғасқан. Алдына бірнеше телефон қойылған, оның қасында қалта телефоны жатыр. Одан төмен ұзын үстел, оған жағалай қаз қатар орындықтар қойылған. Төрдегі жалтыр бас, орта жастағы дәу қарын бастық Кебірбай Кемерұлы креслосына тербеле шалқайып, әлденені ойлағансып отыр. Ара-тұра аузын арандай ашып есінеп қояды.

Кебірбай Кемерұлы:

– Маған бірінші орынбасарымды тез шақырыңыз, – деді есінеген күйі оң қолымен бір түймешекті баса отырып.. Арғы жақтан жас қыздың «қазір шақырамын» деген үні шықты.

Бастықтың бірінші орынбасары, отыздан сәл ғана асқан, қағілез, қожайынының алдында үнемі сәл иіліңкіреп тұратын, ал басқалардың алдында шіреншек Тастоқ Қарманұлы қолтығына бір бума қағаз қысып алып, есіктен имене кірді де:

– Аға, шақырған екенсіз... – деді.

– Кебірбай Кемерұлы:

– Әй, саған мені «аға» деп айтпа деп қашанғы ескертемін. Қай жерде жүргеніңді білемісің? Бұл – мемлекеттік мекеме! Білдің бе? «Аға-пағаңды» басқа жерде айтасың. Кебірбай Кемерұлы десең ішің кебе ме, а?

Тастоқ Қарманұлы:

– Кешіріңіз, аға, а, кешіріңіз Кебірбай Кемерұлы. Үйреніп қалған ауызға қиын екен. Оның үстіне өзіңіздей беделді ағамыздың есімін бадырайта айтуға ауыз да бара қоймайды.

Кебірбай Кемерұлы:

– Жә, жарайды... Оңашада «аға» деп айта бер. Бірақ басқалар бар жерде «Кебірбай Кемерұлы» дерсің. Әсіресе, біздің мекемеден жоғары тұрған органдарда қызмет ететін біреу-міреулердің алдында «аға» деп атама. Басқаша түсініп қалады...

– Иә, иә, түсіндім, – деген Тастоқ Қарманұлы белінен шойырылған жандай бүгіліңкіреп келіп бастықтың алдындағы орындыққа келіп жайғасты.

Кебірбай Кемерұлы:

– Іске көшелік... Ертең біздің мекемеде өте маңызды жиналыс өтетінін білесің ғой.

Тастоқ Қарманұлы:

– Иә, әрине, білемін аға, ой кешіріңіз, Кебірбай Кемерұлы.

Кебірбай Кемерұлы сұқ саусағымен жоғары жақты нұсқап тұрып:

– Бұл жиналысты ана-у-у-у жоғарыдағылар, бас басқармадағылар жазып, сызып берген сценарий бойынша өткізу керектігін де, олардың ойлағанындай етіп өткізе алмасақ құритынымызды да білесің... Сондықтан оны ұйымдастыру жұмыстары өзіңе – бірінші орынбасарым, мына саған тапсырып отырғанымды да білесің... 

Тастоқ Қарманұлы:

– Иә, иә, білемін, бәрін білемін...

Кебірбай Кемерұлы:

– Ендеше, ұйымдастыру жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын баянда.

Тастоқ Қарманұлы:

– Бәрін өзіңіз қай күні айтқаныңыздай етіп ұйымдастырып жатырмыз. Мекемеміздің кіші залы дайын. Сіз оқитын баяндама да дайын, – деді де баяндама жазылған қағаздарды бастыққа ұсынды. Кебірбай Кемерұлы баяндаманы маңдайын іркіс-тіркіс ете отырып шолып шықты.

Кебірбай Кемерұлы:

– Дұр-е-е-ес. Жалпы, баяндама жаман емес. Баяндаманы қалай жазу керектігін меңгеріп қалыпсың. Ең бастысы ана-у-у жоғарыдағылардың нені көксейтінін білесің, олардың емеурінін жазбай танитын болыпсың. Қызметте өсемін десең ең алдымен жоғарыдағылардың ыңғайына жығылып жұмыс істей білу керек, бала. Сенің ыңғайға жығылу әдісін меңгере бастағаның көрініп тұр.

Тастоқ Қарманұлы:

– Рахмет, аға. Сіздей ағамыздан оң баға алу бір бақыт қой. Өзіңіздің сеніміңізден шықсам, маған одан артық не керек?! – деп елпектеп, орнынан бір тұрып, бір отырып, кемсеңдеп қалды.

Кебірбай Кемерұлы:

– Дегенмен, мына баяндамада өрескел екі кемшілік анық байқалып тұр. Бұл сенің әлі де болса осал тұстарыңның бар екенін, тәжірибеңнің аздығын көрсетеді.

Тастоқ Қарманұлы:

– Бәрі дұрыс сияқты еді ғой, аға. Қай жерден бұрыс кеттім екен, а? – деді көздері жыпылықтап, дегбірі қашып.

Кебірбай Кемерұлы:

– Біріншіден, «шетелдіктерге бала сату» деген сөз бірнеше жерде қолданылған. Бұл саяси үлкен қате. Біз шетелдіктерге бала сатпаймыз, оларға ауру жетімдерді асырап алуға береміз. Түсіндің бе? «Бала сату» мен «Асырап алуға беру» деген екі сөздің айырмашылығы жер мен көктей, айналайын. Жарайды, мұны дұрыстаймыз. Екіншіден, осы уақытқа дейін Қазақстаннан шетелге қанша бала сатылғанын нақты цифрмен көрсетіпсің. Бұл қай сасқаның, а? Немене, сен үшін бұл жұртқа ашық жариялайтын табысты экономикалық көрсеткіш пе? Міне, бұл да саяси қате.

Тастоқ Қарманұлы:

– Енді, енді... Қалай дегенде де қоғам білуге тиіс шығар?

Кебірбай Кемерұлы:

– Ақымақ. «Қоғам білуге тиіс» дейді ғой. Қоғам ештеңені білмеуі керек. Ойбай-ау біз колхоздың шаруашылығының есебін бергелі отырғанымыз жоқ қой. Сен көрсеткен әлгі цифрды жұрт естісе Қазақстаннан бәленбай бала шетке сатылыпты деп халық шуламай ма? Сондықтан, халықтың ашу-ызасын тудыратын мұндай деректер мен дәйектерді мейілінше жасырып ұстауымыз керек. Анау-у-у жоғары жақтағылар мұндайды қаламайды. Ал олардың нені қаламайтынын, нені қалайтынын біздің білмеуіміз саяси нағыз көрсоқырлық болмай ма? Жоғарыдағыларға мұндай көрсоқырлар көк тиынға да керек емес. Мына жылы орнымыздан бір сәтте айдап шығады. Айдап шығып қана қоймайды, тұңғиыққа батырып жібереді, білдің бе? Ендеше, мына баяндамадағы шетелдік асырап алушыларға берілген балалардың жалпы саны көрсетілген тұсқа «Бұған дейін Қазақстаннан шетелдік асырап алушыларға берілген балалардың жалпы саны анықталу үстінде», деген сөзді қонжита саламыз. Бітті. Бұл сан кейін басқа тараптардан жариялана берсін, ең бастысы біз ұйымдастырған жиналыста мәлім етілмесе болды.

Тастоқ Қарманұлы:

– Иә, білдім, білдім... Аға, кешіріңіз, енді қайталамаймын мұндайды, абай боламын. Қайдан білейін... жоғарыдағыларға ұнамай қалып, қызметтен айырылудан Құдай сақтасын, – деді қалтырап, дірілдеп.

Кебірбай Кемерұлы:

– Өй, өзің тым қорқақ екенсің ғой. Иә, иә, адам жайлы да майлы жілікті қызметінің рахатын қаншалықты деңгейде сезінсе, одан айырылып қалу қаупі соншалықты деңгейде қорқынышты болатыны рас қой. Адам қорқақ та болғаны дұрыс. Өйткені, қорқақтық дегенің – сақтық, өмір үшін күрестің бір тәсілі. Біз бәріміз де қорқақпыз. Қорқақтар ұзақ өмір сүреді. Жарайды... Әзірге баяндама қолымызда, оны қалай өзгертеміз десек те өзіміз білеміз. Осымен, баяндама ісі тамам. Енді тағы қандай мәселе бар?

Тастоқ Қарманұлы:

– Енді ертеңгі жиналысқа шақырылатындардың тізімін өзіңізбен бірге тағы бір пысықтап алсам деп едім, аға. Сосын қандай ақпарат құралдарының тілшілерін шақыратынымыз жөнінде де ақылдассақ...

Кебірбай Кемерұлы:

– Әй, өзің бір шабан қимылдайды екенсің. Сонда қалай, жиналыс күні ертең болады, ал сен шақырылатындардың тізімін әлі нақтыламағансың. Демек, жиналысқа әлі ешкімді шақырмаған болдың ғой?..

Тастоқ Қарманұлы:

– Иә, бірақ үлгереміз. Негізгі тізімдегілердің басым бөлігі осы жақын маңда. Оларға ертеңгі жиналысқа шақырту алулары мүмкін екенін алдын ала айтып қойғанмын.

Кебірбай Кемерұлы:

– Қане, тізімді әкел... Мынау қай күнгі тізім ғой. Бұл жерде не пысықтайтыны бар. Барлығы 15 адам. Бұдан кем бола берсін, бірақ көп болмасын дегенбіз. Мына тізімдегілердің бәрі өз адамдарымыз. Олардың ешқайсысы жиналыста бөтен пікір айтып ши шығармайды. Саясатты, бас басқармадағылардың емеурінін түсінетіндер. Болды, осыларға қазірден бастап ертең өтетін жиналысқа келуін ескертіп қой.

Тастоқ Қарманұлы:

– Мынадай мәселе болып тұрғаны...

Кебірбай Кемерұлы:

– Ол не тағы?.. – деп тыжырынды.

Тастоқ Қарманұлы:

– Кеше кешкісін бас басқармадағы кураторымыз менен осы тізімді алдыртып, «тізімдегілердің барлығы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, арасында бір де бір азаматтық қоғамның өкілі жоқ, үкіметтік емес ұйымдардың кем дегенде екі өкілі, ақын-жазушылардан ең құрығанда біреу болуға тиіс» деп ескертті.

Кебірбай Кемерұлы:

– Куратор өте орынды ескерту жасаған. Бұл – бас басқарманың алдындағы біздің үлкен минусымыз. Біз үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін жиналысқа қатыстыру қажеттігін қалай ескермегенбіз а? Бұл жиналысты өткізудегі мақсат жетім, тастанды балаларды шетелдіктердің асырап алуларына қатысты халық тарапынан айтылып жүрген сыни өткір пікірлерге лайықты жауап беру, бас басқарманың осы бағыттағы іс-әрекетінің дұрыстығын дәлелдеу. Сондықтан жиналысқа тек мемлекеттік органдардың ғана емес, халықтың өкілдері де қатысуы керек. Әйтпесе, бірыңғай мемлекеттік органдар қызметкері қатысқан жиналыстың қорытындысына ешкім сене қоймайды. Бас басқарма өзіне бағынышты адамдарды сөйлетіп қойып, өзінің іс-әрекетін жағымды етіп көрсетті деп сынға қалады.

Тастоқ Қарманұлы:

– Иә, иә. Дұрыс, дұрыс.

Кебірбай Кемерұлы:

– Бас басқармадағы кураторымызбен мен арқылы емес, өзің тікелей сөйлесетін болғанбысың? Оның сенің ағайының екеніңді білемін. Бірақ байқа, бала. Бүйтіп екінші рет жүгенсіздік көрсетсең, аяғыңды аспаннан келтіремін.

Тастоқ Қарманұлы:

– Менің ол кісімен тікелей байланысамын деген ойым болған жоқ. Ол сізбен хабарласа алмаған соң маған телефон соққан. Бәрі де сіз арқылы...

Кебірбай Кемерұлы:

– Бір нәрсеңді сезіп қойсам, оңбайсың... Жә, жарайды. Сонымен үкіметтік емес ұйымдардан, сосын ақын-жазушылардан кімдерді тізімге қосамыз? Ойыңды айт. 

Тастоқ Қарманұлы:

– Ақын-жазушылардан кімді шақыратынымызды өзіңіз шешіңіз. Ал үкіметтік емес мекемелерден «Мечта» мен «Родина» ұйымдарының төрайымдарын шақырсақ қалай болады? 

Кебірбай Кемерұлы:

– Ақын-жазушылардан келетін қауіп жоқ. Сондықтан атаққұмар, сыйлыққұмар ақын-жазушылардың кез келген біреуін шақыра саламыз. Мәселен, Шәлтек Тәлтековті. Бұл осымен тамам. Ал сен айтқан «Мечта» мен «Родинаның» екеуі де біздің жиналыста қозғалатын іске қатысы жоқ ұйымдар емес пе? 

Тастоқ Қарманұлы:

– Иә, олар басқа салаға қатысты ұйымдар. Бірақ үкіметтік емес ұйымдар деген атауы бар ғой. Бізге кез келген үкіметтік емес ұйымдардың өкілі болса жетеді емес пе? Оның үстіне, жиналыста қозғалатын мәселе жөнінде ештеңе білмейтін адамның қатысқаны жақсы. Аузын буған өгіздей тыныш отырады. 

Кебірбай Кемерұлы:

– Меніңше, үкіметтегілер жиналысқа «бала құқығын қорғау керек» деп қақылдап, «тастанды балаларды шетелдіктерге бермеу керек» деп бажылдап жүргендердің бір-екеуін қатыстырып, олардың айтып жүргені негізсіз екеніне көздерін жеткізуді, сөйтіп ауыздарына құм құюды көздейтін секілді. Қалай ойлайсың, бала?.. Меніңше, меніңше... Бас басқармадағылардың ойлағаны осы.

Тастоқ Қарманұлы:

– Білмедім. Бәлкім Бас басқармадағы кураторымызбен ақылдассақ қалай болады?

Кебірбай Кемерұлы:

– Қажет емес. Өзіміз де шешім қабылдай білейік... Біздің негізгі міндетіміз – бас басқармадағылардың емеурінін жазбай тану. Егер бұл міндетімізді орындауға қабілетсіз екенімізді сездіріп алсақ, құйрықтан аямай тебілеміз. Менің құйрығым әбден сынақтан өткен, анау-мынау тепкіні бұйым құрлы көрмейді. Ал сенікі әлі ешқандай сынақ көрмеген, бір тепкіден қалмайсың, май құйрығың езіліп кетеді, – деп қарқылдап күлді. 

Тастоқ Қарманұлы:

– Олай болса, Сүлеймен Мәмет пен Жамал Қазақбайқызын шақырайық. Бірі «Болашақ пен балашақ» ұйымын төрағасы, ал екіншісі «Ел ертеңі» бірлестігінің төрайымы. Бұл екі ұйым да балалардың құқығын қорғау, ұрпақ тәрбиесі бағытында жұмыс істейді. Қай күні бас басқармадағы кураторымыз жиналысқа үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері де қатысуы тиіс деген соң іле осы екі кісімен сөйлесіп, тамырларын басып көргенмін. Екеуі де икемге, айтқанға көнетін адамдар. Олар көп жылдардан бері үкіметтің астауынан жем жалап үйреніп қалғандар. Дәлірегі, жылда тендер ұтып алып, іштерін майлап жүргендер.

Кебірбай Кемерұлы:

– Әй бала, сенің өзі ештеңеден хабарың жоқ екен ғой. Сүлеймен Мәмет пен Жамал Қазақбайқызының кім екенін білесің бе өзі?

Тастоқ Қарманұлы:

– Білемін, аға. Сүлеймен Мәмет дегеніңіз өзін жарнамалаудан алдына жан салмайтын, қай жерде жиналыс өтсе сол жерден табылатын, біз жариялаған тендерден жыл сайын қомақты қаржы алатын, басынан бөркін тастамайтын ана бір ақсұр, заржақ шал. Ал Жамал Қазақбайқызы дегеніңіз «ұрпақ тәрбиесі, ұрпақ тәрбиесі» деп үнемі ұлт үшін шырылдағансып жүретін, тендерден қалаған лотын ұтып алған соң кісі танымай кететін ана бір ақ кимешекті салпыауыз сары кемпір.

Басын қайта-қайта шайқаған Кебірбай Кемерұлы:

– Иә, «бала – баланың ісі шала» деген осы. Мемлекеттік қызметтегі тәжірибесіздігің тағы да көрініп қалды. Айналамызда жүрген адамдардың шын мәнінде кім екенін білмейді екенсің... – деді.

Тастоқ Қарманұлы:

– Мен араласатын адамдардың бәрі бұл екі кісі туралы жаңағы мен айтқандай пікірде.

Кебірбай Кемерұлы:

– Жоқ, бұл екеуі сен ойлағандай адамдар емес. Иә, сен, мен, біз сияқтылар үшін олар өзін жарнамалаудан алдына жан салмайтын, бас басқарманың астауынан жем жеп жүрген, бала құқығы мен ұрпақ тәрбиесі деп өтірік мәймөңкелеп, шырылдағансып жүрген заржақ, салпыауыз шал мен кемпір шығар, бірақ қоғам ол екеуін басқаша қабылдайды. Оларды халықтың көкейіндегісін көтеріп жүрген күрескер адамдар деп таниды. Қазір қоғамдық пікірмен санаспай аттап баса алмайсың.

Тастоқ Қарманұлы:

– Сізді түсіндім, бірақ...

Кебірбай Кемерұлы:

– Ол екеуі оңай адам емес. Бүгінде олардың үкіметті сынаған үндері теледидарлардан, біз үшін жағымсыз, халыққа майдай жағатын пікірлері газеттерге басылып, сайттарда жарияланып жүр. Тіпті олардан шетелдік ақпараттық агенттіктері жиі сұхбат алады. Соны сен бір рет болса да көрмедің бе? Олар тиісті орындардың бақылауында. Жеңіл-желпі біреулер болса, оларды бақылап қайтеді?

Тастоқ Қарманұлы:

– Бұл жағын білмейді екенмін. Бірақ, олар билікке сенімсіз болса, қалайша мемлекеттің тендерін ұтып алып жүр? Түсінбедім. Сенімсіз адамдар болса, бұдан былай тендерге оларды жолатпайық. 

Орынбасарының мына сөзіне қыжалат болған Кебірбай Кемерұлы:

– Сен әлі шикі екенсің. Ойбай-ау, бұл екеуіне көке-апалап, жалынып-жалпайып тендерді өзіміз ұтқызып жүрміз ғой. Бұл екеуі сияқтылар тендер ұта алмай қалса, дұрысы ұтқызбай тастасақ біздің құйтырқысы мол тендерлік конкурсымыздың ішкі сыры ашылып қалмай ма? Біз осы екеуі тәрізділерге тендерді ұтқызу арқылы тендерлік конкурсты әділ, таза өткізіп жүрміз деп талайды сендіріп жүрміз. Тендердің барлық қаржысын қоғамға белгісіз, «сайда саны, құмда ізі жоқ» ұйымдарға бөліп бере берсек, жұрттың тендерге қатысты күмәні семіре түспей ме, ел шуламай ма? Оның үстіне осы сияқтылармен дұрыс қатынас орнату арқылы біз қоғаммен әлсіз байланысымызды бүркемелеп, халықтың мұңын тыңдағыш, жоғын жоқтағыш болып көрініп жүрген жоқпыз ба? – деді.

Тастоқ Қарманұлы:

– Кешіріңіз, аға, кешіріңіз. Көзімді аштыңыз ғой. Түсіндім бәрін, түсіндім.

Кебірбай Кемерұлы:

– Менде бір ой туындап тұр. Былай... Әлгі екі кісіні жиналысқа шақырайық. Келіп қатыссын. Олардан қашпайық.

Тастоқ Қарманұлы:

– Қалайша? Өзіңіз айтқандай, олар жиналыстың шырқын бұзып жүрмей ме? Біздің жиналысты өткізу жөніндегі сценариміз далада қалмай ма?

Кебірбай Кемерұлы:

– Тәуекел дейік. «Шегірткеден қорыққан егін екпейді» деген. Әлгі екеуді жиналысқа қатыстырсақ, жиынымыз шынайы өтеді. Халықпен кері байланыс орнатудың бір үлгісін өзге мекемелерге осылай көрсетейік.

Тастоқ Қарманұлы:

– Сіз қалай десеңіз, солай болсын.

Кебірбай Кемерұлы:

– Жиналыста бас басқарманың тастанды балаларды шетелдік асырап алушыларға беру ісі ізгі амалдан, жанашырлықтан туындағанын, шетке кеткен балалардың жағдайы жақсы екенін, елшіліктер олардың жағдайын біліп тұратынын, басқасын былай қойғанда, әлгі үкіметтік емес ұйымдардың өкілдеріне, әсіресе шетелдіктерге балаларды беруге қарсылық білдіріп жүрген әлгі екеуіне нақты дәлелдермен түсіндіріп берсек, барлық тарап разы болады, қатып кетеді.

Тастоқ Қарманұлы:

– Дұрыс айтасыз.

Кебірбай Кемерұлы:

– Осылайша, тастанды балаларды жайлы тұрмысты, бақуатты шетелдіктердің күтіміне беремін деп жазықты болып жүрген үкіметті халық сенетін адамдардың алдында ақтап шығу мүмкіндігі туады. Түсіндің бе? Бас басқармаға керегі – өзінің бағынышты адамдарының алдында ақталу, олардан мақтау есту емес, халықтың алдында өз бағытының дұрыстығын дәлелдей білуі. Ал жаңағы екі кісі жиналысқа қатысса, халыққа жағдайды ашық айтқан болып көрінеміз. Жиналыстың шынайылығы да осы болмақ.

Тастоқ Қарманұлы:

– Егер... Бір нәрсені бүлдірсе ше!

Кебірбай Кемерұлы:

– Нені бүлдіреді дейсің? Шыли шатқаяқтап, үкіметті сынап, пікірлері шектен шығып бара жатса да, мейлі. Көкейіндегісін ашып айта берсін. Жағымсыз пікірін төрт қабырға жұтып, айтқан сөзі, айтылған жерде қалады. Одан артық не болады дейсің?

Тастоқ Қарманұлы:

– Сонымен, әлгі екеуін жиналысқа қатысуға шақыра береміз ғой?

Кебірбай Кемерұлы:

– Иә, қазір осы бөлмеден шыққан бойда шақыр оларды. Ал журналистерден кімдер келеді?

Тастоқ Қарманұлы:

– Қай күні өзіңізбен келіскендей, мемлекеттік «Даму» мен «Алға» телеарналарының, «Даңғыл жол» мен «Болашақ» газеттерінің, сосын «Анық» сайтының тілшілері шақырылды. Бәрімен келісіп қойдым. Келетін тілшілердің барлығы әрбір мереке сайын бізден сый-сияпат алып жүргендер. Саясатқа қарсы пікірлер мен билікке жағымсыз көріністерді қиып тастаудың кілең қас шеберлері. Тіпті, олардың бастықтарына дейін өзімізге не қажет екенін түсіндіріп қойдым. Өзіңіз айтқандай, кімнің болса да бізге жақпайтын пікірі төрт қабырға жұтылып, айтылған жерде қалады. Сыртқы әлемге тарамайды.

Кебірбай Кемерұлы:

– Жарайсың! Міне, мұның дұрыс. Міне, бұл өсетін адамның сөзі. Біз ұйымдастырған жиналыста лажы болса ешкімге көсіліп ойын ашық, батыл жеткізуге мүмкіндік бермеу керек. Егер, ділмәрсіп бара жатса, қой демейміз, тек пікірін, үнін төрт қабырғадан шығармай тастаймыз. Бұл біздің ұстанымымыз, ұранымыз. Ура! – деп үстелдің үстін жуан жұдырығымен бір қойып қалды.

***

2004 жыл. Қазақстан. Елорда. Жиналыс өтетін кең зал. Төрге жиналыстың төрағасы – мекеме басшысы Кебірбай Кемерұлы және оның бірінші орынбасары Тастоқ Қарманұлы. Екеуінің алдына телеканалдар мен газет тілшілерінің микрофондары мен диктофондары қойылған. Олардан төмен сұғынан қатар қойылған ұзын екі үстелді жағалай министрліктер мен мемлекеттік органдардың өкілдері – үш әйел мен бес ер азамат жайғасқан. Олардың барлығы көздеріне қара көзілдірік, үстеріне бірыңғай қара кастюм-шалбар киіп, кілең көк галстук тағып алған. Бәрі сұсты. Бұлардың араларында тек «Шаттық» мемлекеттік мекемесінің өкілі – жасамыс әйел, «Бақыт» министрлігінің өкілі – жас жігіт, «Мейірім» мемлекеттік мекемесінің өкілі – егде жастағы ер адам ғана сөзге араласады. Қалған бесеуі қозғалыссыз, қақиған күйі, ешқандай эмоциясын білдірмей, үн-түнсіз отыр. Ал азаматтық қоғамның өкілдері, қоғамның белсенділері – қазақтың ұлттық киімдерінің заманауи нұсқасын киген, журналист, орта жастағы Сүлеймен Мәмет пен орта жастағы, қазақы үлгіде киінген келісті әйел Жамал Қазақбайқызы бәрінен төмен жайғасқан. 

Бағыныштыларының алдында ыңыранып, кісімісіп жүретін мекеме басшысы елпектеп, жалпақтап мүлде өзгеріп кеткен. 

Кебірбай Кемерұлы:

– Құрметті ханымдар мен мырзалар! Бүгінгі жиналысқа шақыруымызды қабыл алып, келгендеріңіз үшін рахмет, – деді де өзінің орынбасарына сөз кезегін бергендей емеурін танытты.

Тастоқ Қарманұлы бір жөткірініп алды да:

– Құрметті ханымдар мен мырзалар! Бүгінгі жиналысымыз өздеріңізге алдын ала хабарлағандай, «Үкіметіміздің жетім, тастанды балаларды шетелдіктердің асырап алуларына беру бастамасы – ізгі ниетті іс» тақырыбына арналмақ. Жиналыстың кіріспе сөзін сөйлейтін және тақырып бойынша баяндама жасайтын – мекемеміздің басшысы, еліміз бойынша балалардың құқығын қорғауда жемісті қызмет етіп келе жатқан белгілі азамат Кебірбай Кемерұлы, – деді.

Кебірбай Кемерұлы:

– Құрметті ханымдар мен мырзалар! – деген кезде телеканалдардың операторлары камераларын оған төндіре қалды, – менің баяндамамның толық нұсқасы өздеріңізге таратылып берілді. Сондықтан уақытты үнемдеу үшін баяндамада қамтылған мәселелерге қысқаша тоқталып өтіп, содан кейін жалпы пікірталасқа көшсек. Келісесіздер ме? Онда дауысқа салайық. Келістік. Өздеріңізге белгілі, бас басқарма қоғамымыздың әрбір мүшесінің бақытты да дәулетті өмір сүруі үшін барлық жағдай жасап отыр. Бас басқарманың, әсіресе, жетім балаларға деген қамқорлығы ерекше. Бұл бағытта тиімді бағдарламалар қабылданып, көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Жетім балалардың жан-жақты, үйлесімді дамуы үшін отбасы жағдайында, мейірім, махаббат аясында тəрбиеленуі қажеттігін ескере отырып, жетім балаларды өзінің туған елінен асырап алатын отбасы табылмаған жағдайда шетелдік бала асырап аламын дегендерге беру бас басқарма бастамашы болып отырған ізгі іс. Әрине, бұл бағыттағы әрбір іс халықаралық құжаттарда бекітілген заңдардың аясында жүргізіледі. Өздеріңіз білесіздер, 1993 жылы «Балаларды қорғау жəне шетелдік бала асырап алу қатынасындағы ынтымақтастық туралы» конвенция Гаагада қабылданған. Міне, осы конвенцияға біздің еліміз де қосылған. Демек, жетім балаларды шетелдіктерге беру ісі заң жүзінде жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда қазақстандық көптеген жетім балалар осы конвенцияның шапағаты арқасында дамыған шет елдердің азаматтарына беріліп, өздерінің бақытты да шаттықты өмірлерін жалғастыруда. Бас басқарманың, Жоғарғы Кеңестің осындай әкелік қамқорлығының нәтижесінде қаншама жетім бала өздерінің мейірімді отбасын тапты... – деді.

Министрліктер мен мемлекеттік мекемелердің өкілдері ду қол шапалақтады. Тек Жамал Қазақбайқызы мен Сүлеймен Мәмет қана көңілсіз кейіпте қимылсыз отырды)

«Шаттық» мемлекеттік мекемесінің өкілі:

– Бас басқарманың нағыз әкелік қамқорлығы деген, міне, осы! – деді дауысын көтеріп. Сол сәтте барлық операторлар камераларын бұған бағыттай қойды, – жетімін көрсе жебей жүретін қазақтың бас басқарманың жақсылығын көрмейтін көрсоқырларға осы баяндаманы арнайы оқып беру керек.

«Бақыт» министрлігінің өкілі:

– Иә, өте дұрыс. Бұл жерде жетім балалардың арасындағы науқас, тәнінің кінәраты бар балалар ғана шетелдіктердің қамқорлығына беріліп жатқанын баса айту керек.

«Мейірім» мемлекеттік мекемесінің өкілі:

– Мырзалар мен ханымдар бас спикердің сөзін бөлмейік. Әдемі баяндама екен!..

Кебірбай Кемерұлы:

– Қолдағандарыңыз үшін рахмет. Ары қарай жалғастырар болсам, «Бақыт» министрлігінің өкілі айтып өткендей, бас басқарма шетелдіктердің қамқорлығына жетім балалардың арасындағы тек науқасын ғана беруді жолға қойған. Шетелдіктерге берілген жетім балалардың барлығын барған елдеріндегі елшіліктеріміз бен консулдықтарымыздың қызметкерлері ұдайы бақылап, жай-күйлерін біліп, асырап алушылардың қазақстандық жетім балаларға жасап отырған үлкен қамқорлығына куә болып жүр. Бүгінге дейін шетелдіктер асырап алған балалардың ешқайсысы зорлық-зомбылық, қандай да бір қиындық көрмеген. Бәрі де бақытты өмір кешуде. Сондықтан, үкіметтің шетелдіктерге жетім балаларды асырап алуға беру туралы шешімі көрегенділікпен қабылданған шешім. Алайда, осынау игі істі басқаша сипатта көрсеткісі келіп, ел ішінде түрлі жағымсыз ой айтып жүргендердің пікірлері орынсыз. Зейін қойып тыңдағандарыңыз үшін рахмет, – деп сөзін аяқтады.

Тастоқ Қарманұлы:

– Құрметті Кебірбай Кемерұлы, байыпты да салихалы баяндамаңыз үшін, керемет пікірлеріңіз бен дәлелді сөздеріңіз үшін рахмет. Енді баяндамашыға сұрақтарыңыз болса қоюға, жарыссөзге шығып сөйлеуге болады. Ескерте кетейін, жиналысымыздың бұл бөлігіне он бес минут беріледі. Бекітілген регламентті қатаң сақтайық.

«Шаттық» мемлекеттік мекемесінің өкілі:

– Өзге мемлекеттер азаматтарының елімізден жетім балаларды асырап алуларына қолдау білдіріп, көмек көрсететін шетелдік агенттіктердің өкілдіктерін Қазақстанда көптеп ашу бағытында қандай жоспарларыңыз бар?

Кебірбай Кемерұлы:

– Өте орынды сұрақ. Қазақстандық жетім балаларды шетелдіктердің қамқорлығына беру ісін жандандыру үшін шетелдік агенттіктер өкілдіктерінің еліміздегі қызметіне қолдау білдіру өте маңызды. Сондықтан, алдағы уақытта бұл бағытта тиісті жұмыстарды өрістете түсеміз.

Сүлеймен Мәмет:

– Кебірбай Кемерұлы, бүгінге дейін елімізден қанша жетім бала шетелдіктерге сатылды? Жалпы санын айтыңызшы. 

Бұл жиналысты ұйымдастырушылар үшін жайсыз сұрақ екенін аңғара қойған операторлар мен тілшілер камераларын, диктофондарын сол заматта өшіре қойды. Осы іспеттес іс-әрекет жиналыстың соңына дейін жалғасты. Дәлірегі Сүлеймен Мәмет пен Жамал Қазақбайқызы сөйлегенде камералар мен диктофондар өшіріліп, басқа, яғни үкіметтің іс-қимылын қолдаушылар сөйлегенде әлгі құрылғылар қосылып отырды).

Кебірбай Кемерұлы:

– Сіздің сұрағыңыз дұрыс қойылып тұрған жоқ. Сұрақ «елімізден қанша жетім бала шетелдіктерге сатылды?» деп емес, «елімізден қанша жетім шетелдіктердің қамқорлығына берілді?» деп қойылуы керек еді. Қазақстан ешкімге ешқандай баланы сатпайды, сұрап келгенге оларды асырап алуына, қамқорлығына алуына береді. Солай. Енді, бүгінге дейін шетелдіктерге қанша жетім бала берілгені туралы айтар болсақ, әзірге қолымызда нақты цифр жоқ. Шетелдіктердің қамқорлығына қанша бала берілгенін нақтылау үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Сүлеймен Мәмет:

– Сонда қалай, шетелдіктерге осы кезге дейін қанша бала берілгенін сіздер білмейсіздер ме? Бұл дегенің нағыз жауапсыздық емес пе. Демек, сіздер іс барысының қалай болып жатқанын бақылай алмай отырсыздар. Сондықтан да көбік сөзге жүгініп, сыбай-сылтаң дайындалған баяндаманы сыдыртып оқып шығып, бәрі тамаша деуден басқа ештеңе айта алмайсыздар.

Кебірбай Кемерұлы:

– Біз шетелдіктерге қанша бала сатылғанын, то есть, қаншасы берілгенін білеміз. Бірақ олардың дәл қанша екенін нақтылай түсуіміз керек. Мен мемлекеттік қызметкер ретінде шетелдіктерге қанша бала берілгенін шамалап айтуға құқым жоқ Шамалап айтылған цифр ертең ел ішінде нақты сан ретінде тарап кетеді. Бұл өтірік сөз болып шығады, – деді қызынып.

Сүлеймен Мәмет:

– Нақты қанша екенін білмесеңіз де, шамалап болса да айтуыңыз керек. Өйткені, халық бұл цифрды жобалап болса да білгісі келеді. Қоғам білгісі келген шындығын ести алмаса, онда ел ішінде түрлі болжамдар, түрлі пікірлер өрши береді. Бұл мына сендерге, бас басқармаға елдің күдігі семіре түседі. Ащы шындықты жасыру, жауырды жаба тоқу – қателіктерді жоюға емес, оны қордаландыра түсуге әкеп соғады. Тірлігі пықсып-мүңкіп жатса да жақсы аттанып көрінуге барын салатын қазақтың бұл әдеті қашан тыйылар екен? 

Жамал Қазақбайқызы:

– Кебірбай Кемерұлы, сіздің баяндамаңызда айтылғандар менің ашу-ызамды тудырып отыр. Сіз бас басқарманың жетім балаларды шетелдіктерге беруге мұрындық болып отырғанын ерекше қамқорлыққа, ізгілікті іске баладыңыз. Сонда, жетімдіктің таңбасы басылып, шетел асқан баланы байлығы шалқыған өз елі, мейірімді-меймандос, қонақжай, кімге болса да құшағын ашып, құлша қызмет етуге дайын тұратын өз халқы бағып-күтсе, бұл қайырымсыздық бола ма? Ата-анасы, қамқоршысы жоқ болғанымен елі бар, жұрты бар баланы жетім деуге кімнің дәті барады? Бұл жерде ел де, жұрт та кінәлі емес. Бұған ел атынан сөйлеуге, шешім қабылдауға өкілеттігі бар, халықпен санаспай, халықаралық конвенцияның талаптарын орындаған болып жетімдерді өзгеге құйтырқылықпен жетектетіп жіберіп жатқан, бала құқығын қорғауды желеу еткен, бірақ ішкі есебіне санаң жетпейтін, қулығына құрық бойламайтын шетелдіктерге демократияшыл болып көрініп, арзан абырой жинаудың қамымен кеткендер кінәлі. Елдің мүддесін арзан абыройға айырбастаудан артық сатқындық бар ма? Өз баласын өзектен теуіп, өзгеге жетектетіп жібергеннің қылығын ізгілікті, игілікті іске балап, мәймөңкелеу – азғындықтың ең сорақысы.

Кебірбай Кемерұлы:

– Шешен сөйлейді екенсіз... Сіздің айтқандарыңызға келіспеймін. Шетелдіктерге жетім балаларды асырауға беру ісі заң жүзінде жүзеге асырылып отыр. Біз халықаралық конвенцияның талаптарын қолдаған, дұрыс деп таныған парламенттің заңдарының аясында жұмыс істеп отырмыз. Заң орындалуға тиіс.

Жамал Қазақбайқызы:

– «Заң, заң» деп қайталай бермеңіз. Сол заңыңыз жетім балаларды шетелдерге қаңғытып жіберуге жол ашып отырса, қалай оны құрметтейсің? Біле білгенге өз балаларымыздың алдындағы парызымызды өзгенің мойнына артып қойып, барлық жауапкершіліктен оңай құтылып, мұнымызды ізгілікке балау дұрыс па? Бұдан артық ұят бар ма? Ұяттың, масқараның үлкені осы. Сіздер халықаралық конвенцияға қосылғанымызды алға тартып, бүкір пиғылдарыңды жасырғыларың келеді. Шын мәнінде, сол конвенцияның негізгі талабы ұрпағыңды қаңғытпа, жетіміңе ие бол, иесіз қалдырма дегенге саяды ғой. Осыны біле тұра бұра тартатындай бастарыңызға не күн туды?

Кебірбай Кемерұлы. Қалай десеңіз де заң талабы орындалуы керек. 1993 жылдың 10 мамырында Гаага конвенциясына қол қойылғаннан кейін, біздің елімізде «Неке және отбасы» заңында балаларды ел аумағында тұратын азаматтарға тәрбиелеуге беру мүмкін болмаған жағдайларда ғана шетелдіктерге, азаматтығы мен тұрғылықты жеріне қарамастан, асырап алуға берілуі мүмкін делінген...

Сүлеймен Мәмет:

– Білеміз, білеміз... Кезінде құзырлы органдар біздің қарсылығымызға қарамастан, елмен санаспай осы заңсымақты беттері бүлк етпей қабылдап жіберген. Алайда балаларды өз азаматтарымызға беру мүмкін болмаған жағдайларда шетелдіктерге, азаматтығы мен тұрғылықты жеріне қарамастан, асырап алуға берілуі ықтимал ғана емес, бүгінде ол нағыз шындыққа айналды, інім. Бәрін де білеміз, заңдағы «өз азаматтарымызға беру мүмкін болмаған жағдайларда» және «шетелдіктерге асырап алуға берілуі мүмкін» деген сөздер сәбилерді жат жерге жіберушілерге желеу, қолдау, ұйтқы болғанын, содан келіп «ақыл-есі кеміс», «тұқым қуалайтын ауруларға шалдыққан» секілді көптеген сылтауларға жол ашқанын, бұл сылтаулар құжаттарға жазылып, сау баланы өтірік ауру деп көрсету белең алғанын да білеміз. Депутаттардың «сәбилерді шетелдіктерге бергенше, ең жақын туыстарына беру керек» деген ұсынысын мына сен басқаратын басқарма қолдамай тастағанын да білеміз. Сөйтіп, шетелден бала асырап алушылар елімізге ағылып келе бастағанын да білеміз. Елімізде жас жеткіншектеріміздің саудаға салынып жатқаны халқымыздың жүрегін сыздатып жүргенін де білеміз. Осылайша жылына бестен, оннан болса бір сәрі ғой, бейкүнә сәбилеріміздің мың-мыңдап шекара асып жатқанын да білеміз. Ал олардың қан жылаған жүректерінің үнін кім тыңдап, көлдеткен көз жастарын шынайы ниетпен кім сүртеді, өксікті жасын шынайы жанашырлықпен кім құрғатады, а? Ал мұны білмейміз. Құдайдан басқа ешкім де білмейді.

«Шаттық» мемлекеттік мекемесінің өкілі:

– Меніңше, қараусыз қалған, науқас жетім балалардың шетелдерден өздеріне жаңа ата-ана, жаңа қамқоршы табуына мүмкіндік берудің ешқандай өрескелдігі жоқ. Олар шетелдерден өз бақытын тапса, бара бергені дұрыс.

Сүлеймен Мәмет:

– Әй, шырағым, сен өйтіп көкіме... Сіздер бір-бірлеріңіздің пікірлеріңізді қолдап, өз істеріңіздің дұрыстығын дәлелдеп, бас басқармаға шаң жуытқыларың келмейді. Сол бас басқармадағылардың да, парламенттегілерің де, мына сіздер де, біз де бір қазақтың баласымыз. Сондықтан, балаларымызды сыртқа қаңғытып жіберу біздердің ортақ қателігіміз, ортақ қасіретіміз. Осы қателігімізді жөндеп, осы қасіретімізді жеңілдетуге бет бұрайық. Барлығымыз жұмылып шетелдіктерге бала беруді тоқтатайық.

«Бақыт» министрлігінің өкілі:

– Құрметті Сүлеймен Мәмет мырза, Жамал Қазақбайқызы ханым, шетке кеткен сәбилеріміздің тағдыры сіздерді ғана емес, бізді де ойлантады. Бірақ, мәселеге, шындыққа тура қарай білейік. Құры босқа өбектей бергеннен түк өнбейді. Сіздер, білесіздер ме, шетелдіктердің асырап алуларына шарт бойынша тек аурушаң, науқас балалар ғана беріліп жатыр. Оларды емдеу шығыны өте қымбат. Бұл бір. Екінші олар шетелдік бақуатты, жан-жақты зерттеліп, соның нәтижесінде лайықты, мейірімді деп танылған отбасыларға беріліп жатыр. Елімізде науқас күйінде, жоқшылықта өмір сүргенше оларды емдеп, шаттықты өмір сыйлайтын шетелдіктерге бергеніміз әлдеқайда жақсы емес пе? Оның үстіне жетім, тастанды балаларды өз халқымыздың арасынан асырап алушылар өте аз.

Жамал Қазақбайқызы:

– Шетелдіктердің асырап алуына аурушаң, әлжуаз балаларды ғана бергенбіз деп жауырды жаба тоқып, бүркемелеп, ақталудың, жалтарудың жөні жоқ. Халық ақымақ емес, бәрін біліп отыр. Сонау алыстан бізден келіп ауру-сырқау балаларды ғана алатын шетелдіктер ақымақ па? Өзің ойлашы. Шетелдіктер, шетелдік агенттіктердің өкілдіктері шарт бойынша аурушаң, дімкәс балаларды ғана аламыз деп, заң талабын орындаған болып көрініп, бірақ біздің сыбайлас жемқорлыққа былыққандарды майлы ішектей айналдырып, көк қағаздарымен көздерін байлап, алғысы келген баланың денсаулығы жөніндегі құжаттарына жалған ауруларды жазғызып, ал шын мәнінде денсаулығы мықты, желкілдеп өсіп келе жатқан сәбилерімізді қанжығаларына бөктеріп кетіп жатқандарын кім білмейді? Сыбайлас жемқорлыққа мықтап шатылған, парақорлықтан кекірік атқан шенеуніктер қанша жерден бәрін адал атқарып жатырмыз деп шырылдаса да онысына ешкім сенбейді. Олар шындығында адал іс атқарса да, бәрібір оған ешкім сенбейді.

Сүлеймен Мәмет:

– Жарайды, шетелдіктерге, тек аурушаң, науқас балалар беріліп жатыр делік. Бірақ, сол балалардың ем-домына кететін шығында қымбатсынғанымызға жол болсын. Сол сәбилерімізді өзімізде емдеп, өзіміз шаттықты өмір сыйлауымызға болмай ма? Бұған жағдаймыз келмей ме? Құдайға шүкір, Қазақстан бай мемлекет. Оларды өзімізде немесе шетелдік таңдаулы емханаларда емдеуге еліміздің мүмкіндігі толық жетеді. Балалардың еміне кететін қаржыны қымбатсыну – тасбауырлық. Бізге жетпейтіні – оң ниет. Ниетіміз жаман. Жөнсіз шашылудан, ысырапшылдықтан алдымызға жан салмаймыз, ал ұлт мүддесіне келгенде қалтырап, дірілдеген сараңбыз. Жоқ біз сараң емеспіз, біздің ойлау жүйеміз бұзылған. Санамыздың төмендегені сонша, қараусыз қалған балаларды ел ертеңі деп есептемейміз, оларды басы артық, керексіз бұйым, масыл тіршілік иесі деп білеміз. Бұл бүгінгінің шындығы. Қарақан басының қамын ойлаудан аса алмайтын, өз отбасына, бала-шағасына келер зиян болмаса қандас өзге балаларды өзектен тебетін, өресі төмен, намысы жоқ азаматтардан құралған ұлт болғанымыз ба, сонда? Қайда кетіп барамыз? Бауырмалдығымыз қайда, ағайын?!

Жамал Қазақбайқызы:

– Дұрыс айтасыз. Өте дұрыс... Дәл қазір осы жерде «жетім, тастанды балаларды өз халқымыздың арасынан асырап алушылар өте аз» деген пікір айтылды. Иә, жетімдер үйінен өзіміздің арамызда бала асырап алушылар аз екені рас. Бірақ, халқымызға жағдайды түсіндіріп, үндеу тастасақ, сонымен бірге өз ішімізден бала асырап аламын деушілердің алдындағы бюрократиялық кедергілерді азайтып әрі оларға мемлекет тарапынан жеткілікті деңгейде рухани және материалдық көмек берілсе бауырмал қазақ қол қусырып қарап қалмайды.

Сүлеймен Мәмет:

– Сыртқа сырқат балаларды ғана беріп жатырмыз дейді. Иә, бұлай ойлайтындар көп. Өстіп те көңілді жұбатуға бола ма? Қатігездік деген қашан да өзін ақтап, өзіне кір жуытпай жүретін бәле екен ғой. «Жағдайы жоқ, ауруы асқынған, кемдігі жанын кемірген жетімдерді емдетемін, қараймын деген шетелдіктерге берген жөн», дейтіндерге айтарым, сендердің де тікелей ұрпақтарың сондай болмасына кім кепіл, Құдай сақтасын, әрине. Мейлі, ауруды өзі баға алмаған соң, бағатындар ала берсін дегендердің сөзін жоққа шығармайық, бірақ әлгі ауру бала деген желеумен сап-сау өскіндердің жат жұрттықтардың жетегінде кетіп жатқаны жанымызды қинайды. Тіпті, сау баланы айтпағанда, сол ауру деген сәбилердің, кемтар деген көгенкөздердің арасынан болашақ небір кемеңгерлер шықпайтынына кім кепіл? Балаларымызды ауру, сау деп бөле қарағанымыздың өзі – қара ниеттілік, – деді терең күрсініп.

Қатысушылар бірауық үнсіз қалды. Кең залдың ішін зіл басып тұр. Сүлеймен Мәмет пен Жамал Қазақбайқызының уәжді сөздері басымдырақ болып бара жатқан соң, Тастоқ Қарманұлы. жалма жан үнсіздікті бұзып:

– Әрине, пікірлер ашық айтылған дұрыс. Біз демократиялы қоғамбыз. Дегенмен, басқа азаматтардың да сөйлеуіне кезек берейік, – деді бастығына жалтақ-жалтақ қарап.

«Мейірім» мемлекеттік мекемесінің өкілі:

– Сүлеймен Мәмет мырза, сіз бір сөзіңізде «шетке кетіп жатқан балалардың қан жылаған жүректерінің үнін кім тыңдап, көлдеткен көз жастарын кім сүртеді?» дедіңіз. Шын мәнінде олар өздеріне ерекше пейілмен қарайтын отбасы тапқандарынан жүректері қуаныштан жарылардай болып жүрген шығар, бәлкім? Мұңлы жүректерінің үнін тыңдайтын, көз жасын сүртетін адамды өз ортасынан таппаған соң, жанашыр жандарды басқа жақтан іздеуі, соған мүмкіндік алуы олар үшін үлкен жеңіс, байыпты бақыт болар, мұны сіз білмейсіз ғой.

Сүлеймен Мәмет:

– Ал мұны сен білесің бе? Олардың барлығының жатжұрттықтардан бақыт тапқанына көзің жете ме?

«Мейірім» мемлекеттік мекемесінің өкілі:

– Кебірбай Кемерұлының баяндамасында айтылғандай, шетке кеткен балалардың жағдайын барған елдеріндегі елшіліктеріміз бен консулдықтарымыздың қызметкерлері үнемі бақылап отырады. Сыртқы істер ведомствосының ұсынған мәліметтеріне қарасаңыздар, сол балалар молшылықта өмір сүріп жатқанын білесіздер. Жағдайлары жақсы. Бүгінге дейін тиісті мекемелерден шетелдіктер асырап алған балалардың арасында зорлық-зомбылық, қандай да бір қиындық көрді дегенді естіген емеспіз. Бұған не дейсіз?

Жамал Қазақбайқызы:

– Жарайды, шетке кеткен сәбилеріміз ол жақтарда бейпіл, аста-төк молшылық көріп, материалдық игілікті белуарынан кешіп жүр делік. Лайым, солай болғай. Бірақ ес тоқтатып, оң-солын тани келе олар ішкі мұңының шырмауында қалып, көздерін жасы шылап, рухани күйзеліске ұшырап, өзін-өзі танудың ұзақ жолында шемен ойдың шекпенін киіп, шерменденің күйін кешсе, кім оның жаралы жанын емдеп, жамау-жамау жүрегін бүтіндемек? Адам баласы, оның ішінде, әсіресе қазақ баласы ит секілді тойған жерінде қарынының тоқтығына, ішін боққа толтырып жүргеніне мәз болатын тұқымнан емес қой. Біз өз балаларымызды қай жерде күн көріс жайлы, сол жерде ішкен-жегеніне кекірік атып жүре беретін рухани мүгедек ұрпақ санай бастадық па?! Бәлкім, сондықтан шығар, жазықсыз, өз тағдырына әлі ие бола қоймаған жеткіншектерді желкесінен бүріп алып, шекара асыра лақтырып жатқанымыз. Бәлкім, сондықтан шығар, қаракөз бүлдіршіндерімізді сирағынан сүйреп әкеліп ас-ауқаты мол, төсегі жайлы деген кез келген елдің адамдарына үлестіріп жатқанымыз. «Ер – туған жеріне, ит – тойған жеріне» деген мәтелдің мәнін ұғар қазақтың баласы емес пе едік? Бұл қалай?

Сүлеймен Мәмет:

– Иә, иә... Жаңа ғана осы жерді «Бүгінге дейін тиісті мекемелерден шетелдіктер асырап алған балалардың арасында зорлық-зомбылық, қандай да бір қиындық көрді дегенді естіген емеспіз, шетке кеткендердің барлығының тыныс-тіршілігі бақылауда» деген пікір айтылды. Айтқан бауырымыздың бұлай деуіне жол болсын. Сен құдайдай сенетін тиісті мекемелерің осы уақытқа дейін елімізден шетелдіктерге нақты қанша бала берілгенін біле алмай отырып, олардың барлығының жай-күйі бақылауда дегеніне кісі сене ме? Айтыңдаршы, – деді басын шайқап, өкінішін білдіре.

Жамал Қазақбайқызы:

– Осы тұста мына жайтты айта кетейін, заңға сəйкес бізден шетелдіктер асырап алған баланың кəмелеттік жасқа толғанға дейін Қазақстанның азаматтығы сақталады. Яғни, оларға кəмелеттік жасқа толғанға дейін қос азаматтықты иелену құқығы берілген. Заңның осы нормасы көптеген жағдайларда шет мемлекеттердің заңнамаларымен шиеленісіп кеткен. Шикілік осы жерден басталады. Мысалы, АҚШ азаматы асырап алған бала жедел түрде осы елдің азаматтығын алуға міндетті. Сонымен қатар, 1 жасқа жетер-жетпестен асырап алынған баланың аты-жөні өзгертіледі. Бұл бізден кеткен бала бірден басқа мемлекеттің заңды адамына айналады да, олардың жай-күйін біздің тараптың бақылауға алуын қиындатады. Мұндай да мәселе бар.

«Бақыт» мемлекеттік мекемесінің өкілі:

– Біздің заңымызды осалсынбаңыздар. Заңымызда, өзіңіз айтқандай, шетелдікке асырап алуға берілген баланың ең бастысы еліміздің азаматы деген заңдық мәртебесі сақталады. Бұл деген, ертең олар өскен соң, оң-солын таныған соң қай елдің азаматтығын алатынын өзі айқындайды. Шет елде емделіп, молшылықта өмір сүріп келіп, кейіннен еліміздің азаматтығын алып, туған жеріне келемін десе ешкім жолын кеспейді. Бұл нағыз демократиялық заңның белгісі. Бұл олардың құқығының жоғары деңгейде қорғалып отырғанын көрсетеді.

Жамал Қазақбайқызы:

– Шетке кеткен балаларымыздың құқығының бүйтіп қорғалғаны бар болсын! Бұл жұртты ақымақ қылу амалы. Нағыз көзбояушылық. Сіз сияқты біреулер «қазір олар ненің парқын біліп жатыр, азаматтығын өзі өскен соң айқындап, елімізге өздері оралады» дейді. Логика қайда? Ашығын айтайын, олардың кейін еліміздің азаматтығын алмайтыны, тапқан елдің емес, баққан елдің туын көтеретіні анық. Өйткені, басқа тәрбие, жат болмысты бойына сіңіріп, өзгенің құндылықтарымен буыны бекіген, өзі ұлтынан, елінен жан дүниесі алыстап кеткен балалардың елжіреп туған еліне орала қоятыны некен-саяқ болады. Оның үстіне өзін бұйым секілді сыртқа тепкен, сатқан елге олардың іші қалай жылысын? Енді олардың көпшілігінің өмір арнасы біздің елмен тоғыспайды. Сондықтан сен айтқан әлгі норма жай ғана көңілді басу, жұртты алдаусырату үшін жазыла салған нәрсе, – деді күйіне.

«Шаттық» мемлекеттік мекемесінің өкілі:

– Не десеңіздер, о деңіздер, балалардың барлығы болмаса да басым бөлігі бақылауда. Бас басқарма, оған қарасты құзырлы мекемелер ай қарап отырған жоқ.

Сүлеймен Мәмет:

– Жарайды, лайым солай болсын. Ал шетке кеткен балаларымыздың бұған дейін бір де бірі қандайда бір қиындық не зорлық-зомбылық көрген жоқ деу ақылға сыя ма? Сен айтқан тиісті мекемелер ештеңе естімейтін керең, ештеңе көрмейтін соқыр шығар, бірақ ел соқыр, халық керең емес қой, айналайындар-ау. Әлгі мекемелерің соқыр да, керең де емес, басқарманың бастамасымен қолға алынған істің аяғы неге соқтырып жатқанын көрсететін айғақтарды жасырып, өтіріктен түк білмегенсіп отыр. Әйтпесе, шетке кеткен балаларымыздың арасында зорлықтың атасын, қорлықтың көкесін, тақсыреттің нақ өзін көріп жатқандар туралы әлемді кезіп кеткен, дүниенің төрт бұрышы құлағдар болған жағымсыз хабарларды қалайша естімейді? 

«Бақыт» мемлекеттік мекемесінің өкілі:

– «Жалған ақпарат жарға жығады» деген. Ондай хабарларға сенудің қажеті жоқ. Бәрі негізсіз ақпараттар.

Жамал Қазақбайқызы:

– Ойбай-ау, қалайша негізсіз? Мәселен, америкалық Джозеф пен Линда Мэйоттар елімізден асырап алған ағалы-қарындасты екі балдырғанымызды ұзақ жылдар сексуалдық құлдықта ұстағаны, педофиль ерлі-зайыптының жантүршігерлік әрекетіне ұшыраған екі жасөспірімнің аянышты тағдыры бастапқыда ешкімді қызықтырмағаны, еліміздің елшілігінен де, тиісті мекемелерден де қайран болмаған соң, әлгі екеуі АҚШ полициясына өздерiн асырап алған ата-аналары зорлағанын айтып, шағымданғаны, ол кезде ерлi-зайыптылардың кiнәлары дәлелденбегені, кейін ғана Мэйоттардың қылмыстық әрекеті әшкереленгені, бүкіл әлем көз тіккен сот процесі аяқталып, 50 жастағы Джозеф Мэйоттың өзі асырап алған қызын 8 жасынан бастап зорлағаны нақты дәлелденіп, оған 20 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шыққаны, ал оның әйелі Линданың 13 жасар өгей баласын зорлады деген айыппен 22 жылға сотталғаны сіздер үшін негізсіз, жалған ақпарат па? Айтыңдаршы... Бұл жантүршігерлік оқиға жат елге бала беру ісінің мүлде дұрыс емес екенін көрсетіп берсе де бұған алаңдаушылық танытып, басын ауыртып отырған бас басқарма жоқ. 

Сүлеймен Мәмет:

– Мұны азсынсаңыздар, енді мен айтайын. Осыдан біраз бұрын АҚШ-тың Техас штатында «Стар телеграмм» газетінде америкалық отбасы асырап алған қазақстандық жеткіншектің өзіне қол жұмсағанын өкінішпен жазған болатын. Әлгі газеттегі мақалада бұл өлім жөнінде «бала ішқұсадан қайтыс болған» делінген тұжырым жасалынған. Мұны неге білмейсіздер? Тағы мысал керек пе? Айтайын. Ілгеріректе Америкада қайран қаракөздеріміз – 5 жасар қыз мен 4 жасар ұл баланың жол көлік апатынан қаза тапқанын қалай жасырамыз. Мұны қанша жерден Алланың ісі десек те, бұл екі сәбидің өліміне де еш себебіміз жоқ деп айта алмаймыз.

Орнынан тұрып кеткен Жамал Қазақбайқызы: 

– Бұл айтылған қайғылы да қасіретті мысалдар біз білетіндері, әлем халқы естігендері ғана. Ал мұндай қайғылы оқиғалардың еш жерде тіркелмегені, ақпарат көздерінің назарына ілікпегені, жұртқа жария болмағаны қанша екенін бір Құдай ғана біледі. Иә, шетке кеткен сәбилеріміздің арасында аярлар мен қанды қолдардың, қатігез, жүрексіз міскіндердің, сырты жылмағай, іші мұздай, ойы бұзық, жұртқа өздерін тұла бойы мейірімге толы жан ретінде көрсетуді әбден меңгерген екі аяқты жауыздардың зұлымдығынан, зорлығынан тағдырлары талқан болғандары, ізгілік пен қамқорлықтың нәрі жетпей гүлдей ерте солғандары, шын жанашырын аңсап, іздеп көз жасы жастығын шылаумен түн баласы ұйқы көрмей егілгендері, мәжбүрліктен қыл арқанға асылып, тәні таса жерде мойнынан салбырап, жаны көкке көгершіндей самғай ұшып барып, мәңгілікке жұтылып кеткендері, қысым мен аярлықтан тас қабырғалардың ішінде құсалықтан қан жұта жүріп жүрегі құрақ-құрақ жасық ұл мен тұйық қыз болып өскендері, адамнан шапағат көрмегендіктен жүрегі тасқа айналып, адамдықтың не екенін білмейтіндердің қатарына қосылып, жақсылықтың жолынан адасқандары, бұзық тәрбие, жат болмыстан көкірегі көр болып, елге қайта қосылсам деген ниеті өшіп, рухани мүгедекке, мәңгүртке айналғандары қаншама? Бұлардың обал-сауабы кімде? Осыны ойлайықшы, бір мезгіл.

Сүлеймен Мәмет:

– Тәнін, жанын, арын жаттың жәбірлегенін, зорланғанда араша түсер ешкімнің болмай қорланғанын жеткізіп, сот алдында еңіреп тұрған балауса қыздың келбетін, адамдық ар-ожданымызбен ақылға салып, көзімізге елестетіп көрелікші! Осындайда бұларға қарағанда өз еліміздегі жетімдеріміз тым болмағанда өз жерінде, өз халқының арасында жүр ғой деп, аласапыран көңіліңді жұбатқансиды екенсің. Жұбанышымыздың сықпытын қара...

Жамал Қазақбайқызы:

– Елден кеткен сол балалар ертең өскенде өз халқына, артында қалған біздерге көздерің қиып бізді қалай шекара, мұхит асырдыңдар, туған жеріміздің ұшан-теңіз байлығынан бізге бір түйірі де тимепті, бай-бағландарың, атқа мініп жүргендерің адам құрлы көрмепті, олардың жақсылығы өз қарақан бастарынан аспапты демесіне кім шүбә келтірер екен, а? Сол жазықсыз, оң-солын айыра қоймаған ұрпақ ондағы шат тірлікке мәз болғанымен, бірі ер жетіп, бірі бойжеткенде өмір жолында толғанысты да жұмбақ күй кешіп өкінуі, жүрегінің қан жылауы әбден мүмкін қой. Біз олардың бүгінгі молшылықтағы өмірін көріп тоқмейілсуіміз бекершілік. Бұл жарамайды. Айдай толып, күндей жадырап алаңсыз күн кешер шағында бейкүнә сәбилердің тағдырдың тәлкегіне түсуі, мұхит асып, шекара асып қиыр шетте, жат жұртта жүруі қайдан жақсы болсын?! Бұл ұлтымыздың жан-жүрегіне түскен қара дақ.

Сүлеймен Мәмет:

– Әй, бауырларым-ай. Не дейін сіздерге?.. Баланы қанша жерден бала десең де, оның үлкенге сездіре бермейтін, іштей жан дүниесін езіп, елжіретіп, егілтетін өзіне ғана тән, өзіне ғана ұғынықты, мұңды да аяулы сезімдері болады емес пе... Адам баласы күрделі жаратылыс қой. Оның ішіндегі буырқанған сезімін түйсігу, тану қиын... Әркімнің де өз жүрегінің мұңы, көзіне жас іркілтер шері болады. Бізге өз мұңымызды, шерімізді тыңдайтын адам, орта табуымызға болар, ал тілі әлі шықпаған, тілі шығып, санасы өскен күннің өзінде өзін шын түсінер ешкімі жоқ жетімнің мұңын, ішкі шерін кім ұғынады? Оның мұңы, шері, елжіреген сезімі балғын бойын езіп, онсыз да туа сала жарықшақ түскен жүрегін жұлмалаумен болады. Оның оңашада көрпесін бүркеніп алып бүк түсе жылап жатып нені аңсайтынын, нені сағынатынын, нені елестететінін білу мүмкін болса, жан-жүрегің езіліп, естен танатының шүбәсіз. Ол анасының таныс-бейтаныс бейнесін қиялымен құшақтар, таныс-бейтаныс анасының аялы алақанына қиялымен бетін төсер, қатал тәрбиешісінің не асырап алушысының сараң, сирек көрсететін мейірімін күтіп зарығатын болар, биязы, жұмсақ тәрбиешісінің не асырап алушысының өзіне төккен ысық ықыласының өтеуін лайықты қайтарсам деген тілегімен әуреленетін болар, не болмаса ата-аналарының жанында аяғын алшаң басып, еркелеп еріп бара жатқан қатарластарының бақытты өміріне қызығып не қызғанып күйіп-жанатын болар, бәлкім сол қатарластырының бірінің анасының бейнесінен өз анасының сұлбасын іздеп, тауып, сол сұлба елестің жетегіне қиялымен еріп, таныс-бейтаныс елес-анасымен қызыл-жасыл гүл көмкерген даланы кезіп кететін болар... 

Жамал Қазақбайқызы:

– Шетелдіктерге берілген сәтте балалардың құндақта жатқаны жаттың құшағында ештеңемен ісі жоқ, шалықтап күліп не іңгәлай жылап, ес білмегендері асыраушысына жатырқап барып жақындап, оң-солын ажыратып, ес тоқтатып, етек жапқандары алғашында тіксініп, кейіннен алдаушылар мен арбаушылардың «қамқорлығына» мойынсұнып, алай-дүлей күй кешіп өгей жанмен бірге өгей ортаға бет түзеп бара жатқанын көз алдыңа елестеткенде немесе санаңмен түйсінгенде ет жүрегің езіліп кетеді. 

Сүлеймен Мәмет:

– Олардың бойында қазақтың жаны, қаны, ар-ожданы, биік рухы бірге кетті. Бұл бүлдіршіндерімізді өзгеге өңгертіп жіберіп қана қоймай, ділімізді де, дінімізді де, ана тілімізді де сатқанымызды көрсетеді. Оларды тілінен, ділінен, дінінен ажыраттық.

Жамал Қазақбайқызы:

– Израиль елі өз заңдарында: «еврей тек еврейдің баласын асырап ала алады», деп жазылған. Біз де Израиль елі қойған сол талапты өзімізге қояр болсақ, бүгінде мыңдаған қаракөздеріміз жат жұртта жәутеңдеп жүрмеген болар еді.

Сүлеймен Мәмет:

– Біз өз балаларымызды шетелдік асырап алушылардың дініне, ұлтына қарамай, Құдайға сене ме, сенбей ме оны да зерделемей оңды-солды тарата береміз. Осылайша, қазақтың қанша баласы шекара одан әрі мұхит асып жатыр. Олар елден мәңгілікке алыстайды. Басқа тәрбие, басқа орта оларды қазақтан мүлде ажыратады. Олардың арнасы енді қайтып қазаққа қосылмайды.

Жамал Қазақбайқызы:

– Жанды ауыртар тағы бір жайт, балалардың барған жеріндегі жағдайы, тағдыры ешкімді алаңдата қоймайтыны. Талайлар сеніп, үміт артып жүрген елшіліктің де бұл бағыттағы жұмысы мардымсыз. Ең құрығанда, жоғалған тышқақ лағын талмай іздейтін халықтық салтымызбен олардың жағдайын біліп тұруға, өздерінің жай-күйіне алаңдаулы елі бар екенін саналарына ұялату амалын жасауға ден қойсақ болады емес пе. Бұл амалымыз күндердің күнінде өз қолдары өз ауыздарына жетіп, азамат болғанда олармен бір кездердегі қиын кезеңнің кесірін ежіктеп түсіндіріп, бетіміз қызарыңқырамай сөйлесуімізге мүмкіндік берер еді. Сондай-ақ, олардың алдындағы салмағы ауыр ұят тірлігімізді аздап болса да жеңілдетуге сеп болар еді. 

Осы сәтте залда тосын көрініс орын алды. Бұл күтпеген жағдай еді.

Кебірбай Кемерұлы төрдегі орынан тұрып:

– Айналайын, Сүлеймен аға, Жамал апай, жанымызға жай түсіргендей болдыңыздар ғой! Сіздердің сөздеріңіз сай-сүйегімнен өтіп, ет жүрегімді езіп жіберді ғой. Көзімді аштыңыздар, көкірегімді ояттыңыздар. Бас басқарманың тапсырмасын бас-көзі жоқ орындай беру әдетімізге айналып, ақ-қараны ажыратпастан шабыла беретін біздей бейбақтарды кешіріңіздер. Өзіндік пікір жоқ, тек бұйрықтарды орындап қалған, жоғары жақ не айтса да шыбындаған аттай бас шұлғи беретін, жұмыс орныңнан айырылып қалмау ниетіңнің құлы болып кеткен біз сияқтылардан мына ел қанша зиян шекті екен? Оны Құдайдан басқа ешкім өлшеп бере алмас, – деді де екі қолын кеудесіне баса оларға жақындап келіп, қолдарын қысты. Оған ілесе «Шаттық», «Бақыт» және «Мейірім» мемлекеттік мекемелерінің өкілдері де орындарынан тұрып, Жамал Қазақбайқызы мен Сүлеймен Мәметтің қасына келіп, бастарын төмен сала, Кебірбай Кемерұлының сөзіне қолдау білдірді. Ал қалған бесеу орындарынан тапжылмай, естігендерін шыбын шаққан құрлы көрмей отыра берді. Кебірбай Кемерұлы сөйлей бастағанда камераларын, микрофондарын және диктафондарын ала жүгірген БАҚ өкілдерін Тастоқ Қарманұлы тоқтатып тастап, оларды залдан түгел түріп айдап шықты да, өзі әлгі орындарынан қозғалмағандардың қатарына келіп жайғасты. Тастоқ Қарманұлы мұндағы айтылған сөздер әсер етпегендей сыңай танытып отыр. Мекеме басшысының күрт өзгеруі залдың ішін бір серпілтіп тастады. Бейне бір ұлы төңкеріс жасалғандай. Мұндай кілт бұрылысты, тосын мінезді Кебірбай Кемерұлынан ешкім де күтпеген еді.

«Шаттық» мемлекеттік мекемесінің өкілі: 

– Иә, менің де көзім ашылып қалды. Шетелдіктерге бала беруді бас басқарманың жетімдерге жасаған қамқорлығы деп қабылдап, біржақты ғана түсініп келіппіз. Сөйтсек, бұл істің ішкі өзегінде бықсыған талай түйткіл жатыр екен ғой.

«Бақыт» министрлігінің өкілі:

– Мен де талай мәселені түсіндім. Біз, Құдай-ау көп дүниені бүлдірген екенбіз ғой. Бізді Жаратқан кешірсін, барлық қазақ кешірсін. Сіздер де кешіріңіздерші. Жетім балаларды шетелдіктерге беруді сәбилердің бақыты деп түсініп жүрсек, бұл бақытсымақтың астарында үлкен қайғы-қасірет, бітеу жара жатыр екен ғой.

«Мейірім» мемлекеттік мекемесінің өкілі:

– Иә, иә... Бейбіт, мамырақан, молшылықты мына заманда көзімізді әбден шел басқан екен. «Баламның табаны кірген шөңге өзімнің маңдайыма қадалсын» дейтін балажан қазақты тасбауыр еткен нендей күш? 

Кебірбай Кемерұлы:

– Жоқ, қазақ әлі тасбауыр бола қойған жоқ. Ұлтымыздың көзін байлап, алдап-сулап өз дегенін істеп отырған мына біз сияқтылар емес пе қайран қазақты тасбауыр етіп көрсетіп отырған, – деп бармағын тістелей берді.

«Шаттық» мемлекеттік мекемесінің өкілі:

– Иә, иә... Дұрыс айтасыз. Басқаны білмеймін, өз басым Гаага конвенциясын қуаттаған еліміздің заңын Құрандай көріп, оған көзсіз ұйып жүріппін ғой. 

«Мейірім» мемлекеттік мекемесінің өкілі:

– Мен де бұл құжаттар балаларға тумысынан белгілі құқықтарға ие еткізеді, тəуелсіз тұлғалар ретінде танытады деп жүрсем, мұның терең өзегінде жетімдерімізді өз жерінен ажыратып, сыртқа қаңғыртып жіберудің жымысқы айласы жасырынып жатыр екен ғой. Әрбір адам, әрбір бала қандай жағдайда болсын өз жерінде қалуға, өз елінде өсуге құқығы бар. Ал біз әлгі конвенция, басқа да заңдар арқылы балаларымыздың табиғат, Алла берген құқығын аяқ-асты етіп жатыр екенбіз-ау. 

«Бақыт» министрлігінің өкілі:

– Шетке бала береміз деп жасаған қателігімізді қайтсек түзейміз? Ұлт алдындағы үлкен айыбымызды қалай өтейміз? Өз қолымызбен тәлкекке түсірген мыңдаған тағдыр иелерінің өмірін қайтадан бастату мүмкін емес қой. Өзегімді өкініш өртеп барады.

«Шаттық» мемлекеттік мекемесінің өкілі:

– «Қараусыз қалған балалардың мүдделерін қорғау мемлекеттің міндеті. Мемлекет осы міндетін абыроймен орындау үшін өз органдары арқылы əр баланың толық жəне қалыпты отбасыда тəрбиелену құқықтарын жүзеге асыруға барынша көмек көрсетіп жатыр. Бұл сөзімнің басты дәлелі ретінде шетелдіктердің жетім балаларымызды асырап алуларына үкіметіміздің беріп отырған мол мүмкіндіктерін айтуға болады» деп талай жиналыстарда көсіле сөйлегенім есіме түсіп, ұяттан жанып барамын.

Сүлеймен Мәмет:

– Түсінгендеріңе, Құдайға шүкір!

Жамал Қазақбайқызы:

– Иә, иә, түсінгендеріңе шүкір.

Кебірбай Кемерұлы:

– Әбден уланған, арбалған, сансыраған санамен түртінектеп ғұмыр кешкен аға буын екенiмiз өтірік емес... Бізден бұл қазаққа жарытымды жақсылық бола қоймас. Мына зулаған, арыны күшті замана тынысынан қарыштаған дамуды анық аңғарасың, бірақ сол дамудың жылтыраған сипатының астындағы көрінбейтін астарлы ағындар тұқымыңның тұрпатын өзгертіп, тұздай құртып, ұлтыңның асылын кеміріп, тоздырып бара жатқанын көрерге, аңғарарға шамамыз келер емес. Мұны көргеннің өзінде қолыңнан келер қайраның жоқ.

Бұл осы жиналыстағы соңғы қорытынды сөз болды. Жиналыс біткені хабарланып, бәрі тарады. Жиналыс өткен залда Кебірбай Кемерұлы мен Тастоқ Қарманұлы ғана қалды. Кебірбай сылбыр басып келіп, шаршаған, мұңайған кейіпте қос қолымен маңдайын тіреп үнсіз отыр.

Күйгелектеніп, бастығының көңілін аулай сөйлеген Тастоқ Қарманұлы:

– Аға, а, кешіріңіз, Кебірбай Кемерұлы жабырқамаңыз, көңіліңізді түсірмеңіз. Жиналыс біз ойлағандай деңгейде өтпегенімен, әлгі екеуінің зарлаған үнін ешкім естімейді. Олар сөйлеп жатқанда камералар мен диктофондарды өшіріп тастадым. Яғни, әлгілердің айтқандары осы төрт қабырғадан шықпайды...

Кебірбай Кемерұлы қажыған кейіпте:

– Солай ма? – деді мырс етіп, – Меніңше, жиналысымыз өте жақсы өтті. Менің өмірімде шындықтың үні шырылдап шыққан жиналыс осы ғана болған шығар... Бас басқарма бәрін бүлдіріп алады да онысының жауапкершілігін бағыныштыларына ысырып, сүттен ақ, судан таза болып көрінгісі келетіні-ақ шаршатты.

Тастоқ Қарманұлы:

– Кебірбай Кемерұлы бас басқармаға тіліңізді тигізбеңіз... Дегенмен, сол екеуін жиналысқа бекер шақырдық. Бәрін бүлдірді. Шындықты айтып шырылдағансығандарды суқаным сүймейді. Бүгінгі жиналыстың қалай өткенін бас басқармадағылар білсе, сазайымызды тартқызатын болды.

Кебірбай Кемерұлы:

– Саған өзі ештеңе әсер етпеген-ау деймін... Мейлі сазайымызды тартқыза берсін, бүгіннен бастап мен бұл мекемеде жұмыс істемеймін. Бала-шағамды қара жұмыс істесем де асыраймын. Көзім бүгін ашылды. Бүгінгі жиналыс болмағанда күнәнің ұйығына батып әлі қанша жүретінім белгісіз еді. Жанымды адастырған сапарыма нүкте қойылды. Жақсы болды. Енді ар алдында арылу жолына түсемін. Болды бітті! 

Тастоқ Қарманұлы:

– О, не дегеніңіз?.. деп бастығына таңырқай әрі қуана қарады.

Кебірбай Кемерұлы:

– Халық нала болған іс атқарып, жетімнің көз жасына қала жүріп жұмыс істеп күн көргенше тентіреп кеткенім артық, – деді де қолындағы бір жапырақ қағазды Тастоқ Қарманұлына ұсынды, – Мынау менің қызметтен өз еркіммен кететінім жөніндегі арыз. Кімге беретініңді өзің білесің. Ертеңнен бастап жұмысқа шықпаймын. Жиналыста айтылған жанайқай жандүниеңе әсер етпегенге қарағанда, жүрегің тас, бетің қалың біреусің-ау деймін. Олай болса, осы мекемені басқаруға сен лайықты шығарсың. Алдыңнан жарылқасын.

Кебірбай Кемерұлы жиналыс өткен залды тастап шығып кетті.

Тастоқ Қарманұлы қолындағы қағазға жазылған арызға қарап бас жағын жайлап күбірлеп, аяқ жағын дауыстап оқыды). «...Менің бұл мекемеде одан әрі қызметімді жалғастыруға ар-ожданым жіберер емес. Сондықтан өз еркіммен жұмыстан босатуыңызды өтінемін». 

Тастоқ Қарманұлы қарқылдап күлді. 

– «Ар-ождан», «күнә», «шындық». Барып тұрған ақымақ. Ақымақ демей не дейсің? – деді де төрде тұрған креслоны нұсқап, – мынадай жұмсақ креслоны, осында отырғаның үшін төленетін мол айлықты, бағыныштыларыңның иіліп келіп көрсететін құрметін, олардың жарамсақтануын қайдағы бір «ар-ождан», «шындық» үшін көзі қиып тастап кеткен адам ақымақ емей кім? Кетсең қараң батсын, артыңа бір уыс топырақ.

Жүгіріп барып төрдегі креслоға отыра кетіп, ары-бері тербетіліп мәз болған Тастоқ Қарманұлы дауысын шығара:

– Не деген рахат, не деген жұмсақ?. Енді бұл жерге мен отырмағанда кім отырады? Бұған мен ғана лайықтымын. Мұны қай жерден сүріндіремін, орнын қалай аламын деп бас қатырып жүр едім, міне, бәрі өзі-ақ шешілді. Ура-ура! – деп жүрегі шаттықтан жарылуға сәл-ақ қалды.

ЖАЛҒАСЫ БАР


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар