Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨНЕР
Жарқыраған «Гауһартас»...

29.11.2023 928

Жарқыраған «Гауһартас»

Жарқыраған  «Гауһартас» - adebiportal.kz

Спектакль аяқталған кездегі көрерменнің ыстық ықыласынан «Гауһартастың»  – музыкалық жас көрермен театрының үлкен жеңісі, айтарлықтай жетістігіне айналғандығы байқалды. 

Бұдан бұрын да жастар театрының репертуары музыкалдығымен, әртүрлі жанрларды араластырып қолдана білетін батылдығымен, драматургиялық шешімдерімен бөлектенетінін Астананың театрсүйер жұртшылығы біледі.  Қарапайым көрермен ретінде режиссердің түпнұсқаны шашауын шығармай сақтай отырып та, шығармашылық еркіндік пен тұтас атмосфера жасай алғандығын байқадық. Яғни режиссердің шығарманы сахнаға лайықтағанда түпнұсқадан ауытқымағаны, әдемілік пен нәзіктікті сезіндіруге күш салғаны, барлық нәрседе, тіпті жеңге мен қайнысы арасындағы жан жақындығын беруде де бір нәзік жіптің, үйлесімнің болуын назарда ұстағаны, актерлер ойынындағы пластика, ырғағын табу, көп еңбекпен келе бастаған кәсібилік көрінеді. Мұндағы мюзикл – синтез, режиссер мен сценаристің классикалық дүниенің өзінен жаңа бірдеңені іздеу мақсатынан туған перформанс арқылы қойылымға басқаша, жаңа көзқараспен қарауы бар. Сахна мен көрермен арасында байланыс сезіледі , көрермен тек актерлер сөзін тыңдап қана қоймай, костюмдегі детальді, мимиканы, қимылды көріп, сахнадағы іс-әрекетке барынша ұйып отырды. 

Музыкалық театр болғандықтан хордың ролі үлкен болып тұр. Оңаша отырған жалғыз үйдің ішкі-сыртқы атмосферасын, қуанышы мен қайғысын беруде ән, би, хор – бәрі кірігеді, әсіресе, Салтанатты жоғалтқан кездегі хордың әсері тым бөлек екен. Кейде шығармадағы символ оның коды сияқты, нақты бірдеңені білдіретін шартты белгі сияқты, қойылымда да солай, көрермен кейбір белгілерге мән бере отырып, режиссер дарытқан мағынаны тауып отырады. Ән жанды дауыста айтылып,  әуен ойналатын перформанс-спектакльде инсталляциялар да ұтымды пайдаланылып тұр. Спектакльдегі бойтұмардың мағынасы үлкен, ал Тастанның үнсіздігінде айтып жеткізе алмас қайғы жатыр. Түйін: адамның қадіріне жету неге қиын? Осы сұрақ көптің ішінде кеткені анық. 

Бүкіл қазақ оқырманы білетін сюжетті қайталап жатпаймыз. О баста көркем дүние болып жазылған повестің жұлдызы жоғары, 1975 жылы фильм түсіріліп, қалың қазақтың көзайымына айналған, енді спектакль ретінде көрерменмен қайта қауышып отыр. Баяғыда жазылса да шаңырақтың түтіні түзу шығуын мұрат қылып, отбасын баға жетпес құндылық ретінде қараудан біртіндеп ажырап бара жатқан осы қоғамда, қазақ әйелдері зорлық пен зомбылыққа ұшырауы жиілеген осы кезеңде өзекті болып отырған спектакль. Бір үйдің маңдайдағы екі көздей қос ұлының мінезі екітүрлі: Тастанның сөзінен, іс-әрекетінен ожар мінез иесін танисыз, ал Қайыркен жаны нәзік, сезімтал, ақынжанды жігіт. Қайыркенге («Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Асылхан Төлепов)  үлкен жүк артылып, актер оны күткендей арқалап алып шықты. Мұндағы әке Тұрымбет (Қазбек Есқара) айбарлы, кесіп айтатын, қабақпен ықтыратын классикалық образ болса, анасы – (Кәлима Наушабаева) мейірбан, келіні ибалы, қайнысы ізетті, дәстүрлі қазақ шаңырағының тұтас бейнесі осылар. Бұл үйдің ішкі тәртібі де етене, тек біздің халыққа ғана түсінікті қабақ қатыс, ишара, қарастар, емеуріндер,  қазақтың көп әйелі бастан кешетін жалғыздық та көрінеді. Айдалада қой бағып, жым-жырт тіршілік кешкен шаңыраққа ай дидарымен, ибасымен, жаймашуақ мінезімен шуағын шаша келген қазақ келіні – Инабат Ризабекова шын Салтанаттың өзі секілді, ал актер Оразалы Игілік – тумысынан тұйық, томырық мінезді,  шын Тастанның өзі секілді әсер қалдырды. Салтанат пен Тастан бір-біріне мүлдем кереғар жаратылыс. Араларында эмоционалдық, когнитивтік жақындық болмағандықтан да екеуінің арасы алыс (айтпақшы, Тастан мен Салтанат роліндегі актерлер шын өмірде ерлі-зайыпты екен). Бұл жөнінде театр директоры Асхат Маемиров: «Оразалы мен Инабаттың ерлі-зайыпты екенін естігенде көбі таңғалып жатады. Бізде «Қыз-Жібек» этнофольклорлық мюзиклі бар ғой, сонда бірі Төлегенді, бірі Қыз Жібекті сомдап, рольдегі махаббат шынайы өмірдегі махаббатқа ұласып, екеуі шаңырақ құрған. Екеуінің Жібек атты қызы үш жаста. Оразалы табиғатында лирик жігіт, Төлегенді ойнау үшін актердің өз жанында шынайы лиризм болуы керек, сондықтан оның өзінің характеріне қарама-қайшы рольді алып шығуы нағыз актер шеберлігі деп айтуға болады. Бұл роль Оразалының шығармашылық әлеуетін толық көрсетті деп есептеймін. Инабаттың бойында да қазақ келініне тән әдемілік, иба, әдеп сияқты қасиеті мол» – дейді.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарындағы қойшы ауылдың тойында шырқалған «Ләйлім шырақ», «Құдаша», «Жеңеше ай», «Келші айым», «Құстар қайтып барады», т.б. әндер елдің көңілін бір серпілтіп тастады. Сценографтардың, костюмерлердің, хормейстердің, жарық қоюшылар мен суретшілердің, дыбыс режиссері мен музыкамен сүйемелдеушілердің еңбектерін атап айту керек, үлкен дайындық, тәртіп пен тиянақтылыққан негізделген еңбек көрінеді. Классикалық шығарма түгелімен жаңа мәнерге ауыспаса да антуражынан (декорация, суреттік безендіру) неоклассицизм ұшқындары байқалады, бұл классикалық туындыға басқаша бір жаңа призмада қарауға мүмкіндік береді.

«Идея Қаңтар оқиғасынан кейін келді»

Біз «Гауһартастың» сахналық нұсқасын жасаған режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемировке 2-3 сұрақ қойған едік.

 Бұл «Гауһартастың» нешінші  рет қойылуы?

– 16 ақпаннан бастап есептегенде  «Гауһартас» 140 рет қойылып отыр. Әр қойылған сайын шамамен 400 адам келді десек, жалпы қанша көрермен болғанын шамалай беруге болады. Мысалы, Маңғыстау сапарында 900 адамдық, 500, 300 адамдық залға қойған кездеріміз болды. 

   Қайыркен монологы арқылы қойылым желісі сақталып отырды, актер бүкіл көрерменді өзіне бұрып, эмоциясына әсер ете алды. Бір қарағанда Қайыркенге көп күш түсетіні қойылымға әсер етуі мүмкін деп ойлаған жоқсыз ба? 

 – Қайыркенді үш құрам ойнайды. Асылхан Төлепов, Дінислам Нұрмағанбетов, үшінші құрамда Нұржас Садырбаев. Себебі, расында да Қайыркенге өте көп күш түседі. Жалпы еліміздің театр кеңістігінде «Гауһартас» бірінші рет қойылып жатыр. 1967 жылы жазылып бірінші өмірі басталды, екінші кино әлемінде, енді сахналық нұсқасы арқылы шығармаға үшінші тыныс берілді.

  Салтанаттың сырқаттанып, ұзақ жатып, бір күні басын көтеріп тұратын жері бар ғой, жалаң аяғымен жер басып... сол кезде «Құстар қайтып барады» әнін салады, қайтқан құстар адамның дәурені көшіп бара жатқанын береді. Сол кезде үстеріне кигендері кебін сияқты, өздері шеңбер болып айнала беретін бір топ жігіттің бейнесі нені білдіреді? Көңілсіз күндер ме, үміттің өшкені ме...

– Нұрғиса Тілендиевтің керемет әні ғой, адамның бүкіл өмірі, тағдыры, фәни мен бақи арасындағы бес күндік жалғанның болмысы жатыр. Салтанаттың дәм-тұзы таусылғандығын білдіреді. Өкініш, үзілген үміттер, шыңырауға құлаған армандар... соның бәрін ән арқылы бердік.

  Повестті кезінде оқыдық, әкелер мен балалар арасындағы қақтығыс мәселесі де көрініп қалады, неге екенін, соңғы жақтарын сіз жаныңыздан қосты ма деп ойлаған едім, шығарманы қайта оқып шықтым, бәрі сол күйі екен, текстті қозғамапсыз. Бұл автор талабы ма ? Әлде автор сахналанғанша білмеді ме?

 – Шығарманың инсценировкасын жаздым ғой. Осы туындыны таңдауыма әсер еткен ең басты фактор – Қаңтар оқиғасы болды. Оқиға кезінде әлеуметтік желілерге әкесі мен баласының «Технодомнан» үтік, телевизор алып шығып жатқанын, енесі мен келінінің дүкеннен макарон алып шығып жатқанын көрдік. Соны көрген кезде ойлайсың: «Біз қандай халге жеттік, неге бұндайға дейін түсіп кеттік? Халықтың әлеуметтік жағдайы төмен болғанның өзінде де осындай рухани тоғышарлық, осындай тоқырау болып па еді? Ананың қазақ қоғамындағы ролі биік еді ғой. Олар балаларына: «бүлінгеннен бүлдіргі алма», «арыңды жасыңнан күзет», «ешкімнің ала жібін аттама» дегенді аманаттаушы еді ғой», – деп ойладым. Сол кезде ойыма «Гауһартас» түсті. Мен міндетті түрде «Гауһартасты» көрерменге ұсынамын дедім. Өйткені «Гауһартаста» бәрі бар: әкенің мысы, әкенің айбары бар, парасаты мен даналығы жатады, ананың мейірі мен махаббаты бар, осының бәрін көрсеткім келді, себебі шығармада қазақтың рухы бар. Спектакль арқылы бір идеяны ғана айтқым келді – шаңырақтың негізгі темірқазығы – бақыт, махаббат деп аталатын асыл, аяулы ұғымдар. Осы аяулы қасиеттерді әр отбасы көздің қарашығындай сақтауы керек. Қазақтың жігіттері қарындастарын, әпкелерін, жарларын аялай білуі керек. Өйткені, әйел ұрпақтың тәрбиешісі. Әйелі құрметке бөленген, азаматы әйелін ардақтаған қоғам – нағыз өркениетті қоғам. Повесть пен киносценарийді алып отырып, түгел диалогтарын түсірдік. Бес-алты айдай уақытым кетті. Инсценировканың сахналық нұсқасын жасау, сахналық форма іздеу, театрға тән тілін табу мен үшін күрделі мәселе болды. Жанрын музыкалық драма деп анықтадым, себебі сахнада ол әнмен өріліп тұрмаса болмайды. Дулат аға ұнатты, әу баста рұқсатын алдым. «Басқа-басқа, өзіңе берем, сөздің қадірін білетін адамсың, әдебиетке көзқарасыңды білем», – деді. Әдеби көзқарас демекші, әдеби туындыны мөлдір қалпында беруім керек деген мақсат қойдым. Автор риза болды. Спектакльдің сахналануы 2-3 айға созылды. Дулат аға спектакльді бізбен бірге төрт рет тамашалады. 

- Әңгімеңізге рахмет.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар