Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Сауытбек Абдрахманов. «Жадовскаядан»......

12.04.2024 1062

Сауытбек Абдрахманов. «Жадовскаядан»... 14+

Сауытбек Абдрахманов. «Жадовскаядан»... - adebiportal.kz

«Қойшы!» Мақалада баян еткелі отырған жайды ауы­зекі әңгімеде айтқанымызда аға­мыз­дың дауысы осылайша оқыс шығып кетіп еді. Сонан кейін-ақ: «Өте қызықты факті екен. Егер мына айтқаның дәлелді болса, газетке жаз­бай­сың ба?», деген. Мұны 2007 жылы шыққан «Төл­­тума мен телтума» атты монографиялық зерттеуімізде келтіргенімізді онша қанағат тұта қой­ған жоқ. «Қазіргі кітап деген не? Кітабың көп болса 2-3 мың данамен шыққан болар. 170 мыңмен тарайтын га­зеттің жөні бір басқа», деп тағы тақымдай түсті. Сол әңгімеден бері де екі-үш айдай уақыт өтті. Ақыры қолға алуға бел байладық. «Бетбұрыс оқиға» деген тіркес жур­на­листердің қаламына жиі-жиі оралып тұрады. Кейде орынды, кейде орынсыз айтыла береді. Ал 1968 жылы «Қобыз сарыны» мен  1971 жылы  «Алдаспан» атты кітап­тар­дың жа­рық көруіне байла­ныс­ты осы бет­бұрыс оқиға сө­зін қол­да­ну­дың еш артықтығы жоқ. Мұхтар Мағауин құрасты­рып, баспаға әзірлеп,  алғысө­зін, түсініктерін жазып жария­ла­ған бұл кітап – ХV-ХVІІІ ға­сыр­лар­дағы қазақ ақын, жырау­лары­ның шығарма­лар жинағы – шын мәнінде қа­зақ әдебиет­індегі белесті бет­бұрысты тиянақтап берді. Бет­бұрысты соның алдын­да жа­рық көрген «Қобыз сары­ны» бас­та­ған. «Ал­даспанда»: «Қай халық­тың болмасын әде­бие­тінің пайда бо­луы және қа­лыптасуы өте күрделі құбылыс. Қазақ әде­биеті де өзінің бүгінгі биігіне, қазіргі өресіне бір күнде жете салған жоқ. Талай асу-қия­лар­дан, талай бел-белестерден өтті. Әлденеше жүз жылдар бойы сан қилы тарихи оқиғалар­дың сәу­ле­сін бой­ы­на сіңіріп, өткен күн, озған дәурен, көне заман­ның шежірешісі болды. Қазақ әде­биетінің түп негізі қа­дым ғасырлар – түрік қағанат­тары дәуіріне тіреледі», деп жаз­ған, сонымен бірге, түріктер, татарлар, қазақтар, қырғыздар, түр­кі­мендер, әзірбай­жандар, өз­бек­­тер, қарақалпақтар өз алда­ры­на отау көтеріп, жеке халық­тарға айналмай, ара­лас-құралас жүр­ген кезде жасалған ескерткіш­тер тегіс осы түркі тектес халықтардың бәріне ортақ мұралар бо­лып саналатынын басын ашып айт­қан ғалым-қа­ламгер «Қобыз сары­ны­ның» бірінші тарау­ындағы бірінші сөйлемді «Дербес, қазақ атымен аталатын әдебиеттің өмір сүруі ХV ғасырдың орта шенінен бас­та­лады», деп шегелей жазып, осы тұжырымын талас тудыр­май­тындай етіп дәлелдеп шыққан еді.  «Қобыз сарыны» мен «Алдаспан» қазақ әде­биеті­нің та­рихын тұтастай үш ғасырға әрі шегергені бүгінде баршаға белгілі. Сол қос кітап Қазтуған жырау, Асан Қайғы, Доспамбет жырау, Шалкиіз жырау,  Жиембет жырау, Марғасқа жы­рау, Ақ­там­берді жырау, Тәтіқара ақын, Үмбетей жырау, Бұқар жырау, Көтеш ақын, Шал ақын шығар­маларын әдеби айналымға қосу арқылы ақын-жыраулар поэ­зиясының ғажайып сұлулы­ғын да ашып берді. Ұлттық мақтаныш сезімімізді арттыра түсті. Арғы бабаларымыздың бостан күн­дегі сонша­лық­ты биік рухын келісті көр­сететін сөз мар­жа­нына таңдай қаға отырып, бодан күндегі халімізді де бұрынғыдан байып­тырақ пайымдай бастадық. 

«Алдаспанмен»  алғаш жеткен жауһар жыр­лар, шынында да, ауыз ашқызып, көз жұмғыз­ар­лықтай еді. Зерделі зерттеуші жылдар бойы жинап жүріп-жүріп, сәтті бір күні біздің тө­бемізге сау еткізіп төгіп кеп жіберген сол жа­құттардың арасынан Асан Қайғының «Таза мінсіз асыл тас» деп басталатын екі шумағы жарқырай кө­рінетін. «Алдаспанның» қо­сымша  мұқабасы­ның фор­зац­қа бүктелетін жеріне ба­сылған екі өлеңнің бірі  осы. Екіншісі – Бұқар жыраудың  «Асқар тау­дың өлгені» деп бастала­тын қысқа толғауы. Ондай орынға кітаптың ең бір шұ­райлы шумақтары шы­ғарылатыны белгілі. Бұл өлеңге М.Мағауин: «Ұзақ толғаудың алғашқы жолдары. Осы кітапты құрастырушы 1968 жылы жазушы Ілияс Есенберлиннен алған. Тұңғыш жария­лануы» («Алдаспан», А.,1971, 243-бет) деген түсініктеме берген. І.Есенберлиннің соның артынша жарық көрген «Алмас қылыш» романында мынандай жолдар бар: «Ел қамын ойлаған, ұлы сыншы Асан Қай­ғының бұл жыраулардың қайсысынан болса да еңсесі биік жатыр. Оның жыры қайғы тәрізді түпсіз терең, ел мұраты тәрізді мәңгі өшпес арманды, ана жүрегіндей мейірімді келетін... Хан ордасының алдына кілең би, батырлар алқа-қотан отырғаннан кейін Асан Қайғы ай­тысты бастады. Ол алдымен өзі іштегі күйігін сыртқа шығара ел-жұртының қамын сөз етіп біраз толғау айтты. Халыққа тарап кеткен: «Таза мінсіз асыл тас Су түбінде жатады. Таза мінсіз асыл сөз Ой түбінде жатады. Су түбінде жатқан тас Жел толқытса шығады. Ой түбінде жатқан сөз Шер толқытса шығады», – деп басталатын ұлы толғауын да осы жолы айт­қан-ды. Бір бунап, бір босатқан науқастай, бойын қысқан жырын бітіріп барып «уф» деп демін алды. Енді ол бида орамалымен күн сүйіп, жел үріп қатпарланған күсті маңдайынан сорғалаған терін сыпыра сүртті» (І.Есенберлин. Он томдық шығармалар жинағы. 6-том. 49-50-беттер). «Қобыз сарынынан», «Алдаспаннан», «Алмас қылыштан» кейін-ақ осынау ғажайып жолдар жадымызда жатталып, ауыздан ауызға ауы­сып, кітаптан кітапқа көшіп жүре берді. Дала данагөйлерінің философиялық тереңдігін айт­сақ та, жыраулар поэзиясының кемел көркем­дігін айт­сақ та алдымен ойы­мыз­ға осы жол­дар ора­ла­тын. Оған мысалды он-он­дап келтіре беруге болады. Бір-екеуін ғана көлденең тарта кетейік.  Ханғали Сүйін­шәлиев: «Ақын сөздеріне тән нәрсе тереңдік пен ойлы­лық. Ол терең­нен толғап, қиян­дағыны көздейді. Өткен-кеткенді еске алып, өзінше ой түйіндейді. Асан сөз қадірін білген, оған ерекше мән берген. Асан сөз­де­рінің бәрі дерлік ойлы нақылдар. Мысал үшін «Алдаспан» жи­на­ғында 1972 жылы тұңғыш жарияланған мына бір жолдарды келтірсе де болады» (Х.Сүйін­шәлиев. «Қазақ әдебиеті­нің тарихы. А., 1997, 257-бет»), дейді де, «Таза мінсіз асыл тасты» тарата талдайды.   Нысан­бек Төреқұл қазақтың би-ше­шендері жөнінде жазған еңбе­гінде: «Бір жазда Әбілқайыр хан өзінің Маңғыт деген әйе­лінен туған  тұңғыш ұлы қай­тыс болып, ас береді. Бұл  ұлан-асыр ас Ұлы­тау мен Ақ­көл аралығындағы көкорай шал­ғынды кең далада өтеді. Асқа аяқ жетер атырап­тан көп халық жиналады. Хан­ды құр­мет тұтқан жер-жердегі  бай, бектер, сұлтан, билер бірінен бірі асыра тарту-таралғы­сымен артынып-тартынып жетеді. Ас бірнеше күнге созы­лады. Ат жа­рыс, бәйге, көкпар, күрес дейсің бе, әйтеуір қазақ дәс­тү­рінде бар барлық салт-сана, ойын-сауықтың бәрі өте­ді. Ақындар айтысады, күй­шілер күй шертеді, әншілер ән салады. Хан сол бір асты өзі­нің ақылгөй абызы сарай жы­рауы  Асан­ Қай­ғыға басқартады» (Н.Тө­реқұл. Даланың дара діл­марлары. А., 2001, 62-63-беттер), дейді де, бір­неше күнге созылған жи­ынды Асан жырау «Таза мінсіз асыл тас» деп келетін тол­ғауы­мен баста­ға­нын айтады. Қыс­қа­сы, Асан Қайғының осынау қос шумағы жыраулар поэзиясының эталон­дық үлгілерінің бірі ретінде біздің рухани қазына­мыз­дан ойып тұрып орын алды. Сөйтіп бәрі де орын-орнына келген сияқты еді. Әйтсе де, біз бұл мақалада Асан Қайғы жай­ында ештеңе айтпақ емеспіз. Өйткені... Арада жылдар өтті. Қайта құру деген бір ке­зең басталып кетті. Жылжып жариялылық жетті. Алаштың арыстары ақтала бастады. Алдың­ғы­лардың қатарында Ақаң – Ахмет Байтұрсынов ақталды. 1989 жылы Ақаңның кітабы да шықты. Қарасақ  – осы өлең сол кітапта жүр! Дәл сол күйінде деуге жақын. Мінсіз таза меруерт Су түбінде жатады. Мінсіз таза асыл сөз Ой түбінде жатады.   Су түбінде жатқан зат Жел толқытса шығады. Ой түбінде жатқан сөз Шер толқытса шығады. Бар айырмасы: бірінші жол – «Мінсіз таза меруерт», үшінші жол – «Мінсіз таза асыл сөз», бесінші жол – «Су түбінде жатқан зат». Үш жолда өзгеріс бар деген аты ғана, оларда да тек «таза мінсіз» тіркесі «мінсіз таза» делінген, «меруерт» «асыл таспен», «тас» «затпен» алмасқан.  Бар болғаны осы. Өлеңнің басында «Ю.Жадовскаядан» деген жазу тұр. Ал керек болса! Сонда жиырма шақты жылдан бері айналып-үйіріліп өбектеп жүрген, Асан Қай­­­ғыға тиесілі екендігіне титтей де күмән кел­тірмей келген  жырымыз   қазақшаға аударыл­ған орыс өлеңі  болып шықты ма?.. Солай. Иә, бұл өлең Ақаңның орыс ақыны Юлия Жадовскаядан жасаған аудармасы. Күмә­ні­ңіз болмауы үшін түпнұсқаны да келтірейік. Бұ­рын ол өлеңді сөз қуып жүрген маман әде­биет­танушылар болмаса, былайғы жұрт оқи да алмайтын. Өйткені,  Ю.Жадовскаяның өлеңде­рі кеңестік кезеңде бір-ақ рет, 1958 жылы, оның өзінде Ярославль қаласындағы облыстық баспадан ғана шыққан. Ол кітап Қазақстанға жетпеген сияқты.  Біз өзіміз ол жинақты 2005 жылы Мәс­кеу­ге барғанда Ресей мемлекеттік кітапха­на­сы­нан  (бұрынғы «Ленинка») ғана көре алдық.  Енді ғой жағдай басқаша. Интернетті қарап жібер­сеңіз, Ю.Жадовская деген сөзді  теріп жіберсеңіз болды, оның өлеңдері өріп шыға келеді. Сонымен, түпнұсқа мынандай: Лучший перл таится В глубине морской; Зреет мысль святая В глубине души. Надо сильно буре Море взволновать, Чтоб оно, в бореньи, Выбросило перл! Надо сильно чувству Душу потрясти Чтоб она, в восторге, Выразила мысль. Тіпті күмәніңіз қалмауы үшін сөзбе-сөз сірестіріп аударып та көрейік. Асыл маржан теңіз тереңінде жатады. Қасиетті ой жан тереңінде пісіп-жетіледі. Маржанды су бетіне серпіп шығару үшін дауылдың теңізді қатты толқытуы керек. Өз ойын шабыттанып жеткізуі үшін сезімнің  жанды қатты сілкуі керек. Ахмет Байтұрсыновтың алуан қырлы ақ алмастай асыл дарынының ардақты  бір қыры – аудармашылығы. Крыловтың шығармаларын «Қы­рық мысал» деп жариялағанда: «Жүк алды Шаян, Шортан, Аққу бір күн, Жегіліп тартты үшеуі дүркін-дүркін. Тартады Аққу – көкке, Шаян – кейін, Жұлқиды суға қарай Шортан шіркін» деп төгілдіретін Ақаң мына өлеңді де сонша­лық­ты жатық етіп өрген,  нағыз қазақтың сөз сап­тауымен кәдімгі өз жырымызға айналдырып жіберген. Академик Серік Қирабаевтың Ақаңның Крыловтан жасаған аудармаларына  айшықты мысалдар келтіре отырып, «Мұның несі Крылов? Бұл жолдарды оқығанда, Крылов ұмыт қалып, көз алдыңда Ахмет қана тұрады. Таза қазақы өлең – Ахмет өлеңі» (С.Қирабаев. Көп томдық шығармалар жинағы. 5-том. А., 2007, 244-бет) дейтіні еске түседі. Ақаң Жадовская жырын таза қазақы өлеңге қалай айналдырған? Осы орайда Абай атамыздың асыл үлгісі еске түседі. Лермонтов арқылы Гетеден аударылған «Қараңғы түнде тау қалғып» сондай ғой. Абайдың Лер­мон­товтағы «тау шыңдарын» «тауға» түсіріп, асқақтаған шыңы жоқ Шыңғыс тауына келтіріп, «аңғарды» жазық «далаға» ауыстырып, Қа­рауыл­дың айналасына айнал­дырып жіберген да­нышпандығының арқа­сын­да Гете картинасы қа­зақ жеріне көшкен де қой­ған. Үш тілдегі нұс­қа­ны қатар салыстырып қара­ған,  «Фауст» аудар­ма­шысы Медеубай Құрманов­тың: «Даланы жым-жырт етіп қана қоймай, дел-сал ғып кететін түн қазақ сахарасының түні, қазақ түні болса керек» деп таңданатын, тамсанатын жөні бар. Ахмет Байтұрсынов аудармасы да осы ұстаныммен жасалған.  Ең алдымен аудармашы­ның шығар­ма­ны айдынды теңіз төсінен өзен-көлді да­лаға алып келгені назар аудартады.  Атыраудан бас­қа жерде тулаған теңіз көре қоймайтын қазаққа «те­ңіздің тереңінде» дегеннен гөрі «су түбінде» деген ұғым жақынырақ екені белгілі. Жалпы, байқап отыр­саңыз, қазақ өзі «су перісі бар» деп өзен-көлге онша жолай бермеген ғой. Халық поэзиясында да «Ер­тістің ар жағынан көрдім сені» дегендей жекелеген жырлар, әредік әндер болмаса, суға қатысты сөз көп кездесе қоймайды.  Дала адамына шалқар теңіздегі долы  дауылдың күшін де  дәл сезіну қиындау. Ақтөбелік әдебиетші Н.Байғанина «К проблеме лингвокультурного взаимодействия в поэ­зии Запада и Востока» деген тамаша мақа­ла­сын­да («Университетское переводоведение». Вы­пуск 3. СПб., 2002, 51-стр.)   А.Байтұрсынов аудар­масының жолма-жол кері тәржімесін де ұсы­нып, өте дұрыс жасаған. Осылай ету арқылы зерттеуші орыстілді ғалымдарға Ақаң аудар­ма­сының дәлдігін дәлелдей алған. Ол нұсқа былай: Безупречно чистый жемчуг На дне воды лежит (покоится). Безупречно чистое драгоценное слово На дне мысли лежит (покоится). То (предмет), что на дне воды лежит, Если ветер взволнует, появится. Слово, что на дне мысли лежит, Если печаль взволнует, появится. Бұл жолдарға, біздіңше, түсініктеменің қаже­ті жоқ. «Лучший перл» – «безупречно чис­тый жемчуг», «мысль святая» – «безупречно чи­стое драгоценное слово» болып мәні тереңдеп кеткенін әркім-ақ көре алады.  Оның сыртында өлең­де «жел» сөзін «ветер» деудің, «шер» сөзін «печаль» деудің жетімсіздігін сезетініміз тағы бар. Ю.Жадовскаяның өзіндегі «чувство» біз қом­сы­нып отырған осы «печаль» сөзіне де жетпей жатыр.  Тағы бір айтатын жай: түпнұсқада предлогтармен қосқанда 34 сөз, А.Байтұрсыновта – 27 сөз. «Надо сильно буре Море взолновать, Чтоб оно, в бореньи» деген тоғыз сөзді «Жел толқытса» деген екі сөзге, «Надо сильно чувству Душу потрясти, Чтоб она, в восторге» деген тоғыз сөзді «Шер толқытса» деген екі сөзге сыйғызуға тіпті айтар сөз жоқ!  Содан да қазақ нұсқасы әбден сылынып, қырланып, сырланып тұр. Аудар­машы өлеңді барынша ширатқан, жұмырлаған, ақыры афористік айшыққа жеткізген. Бірер оқығанда жатталады да қалады. Н.Байғанина былай деп жазады: «Стихотворение, афористичное по форме, обнаженно-философское по сути, сразу же было принято казахским читателем, не усомнившимся в его исконном происхождении. Это и послужило, как нам кажется, одной из причин отнесения миниа­тю­ры к философской поэзии Асана-Кайгы» («Уни­верситетское переводоведение». Выпуск 3. СПб., 2002, 58-стр.). Ал біздіңше, бұл «Дәу де болса осы өлең Асан Қайғынікі шығар» дегеннен жасала қалған шаруа емес. Біз білетін Мұхтар Мағауин сол кездің өзінде Ақаңның мұ­ра­сымен танысып үлгерген адам. Көне қазақ поэ­зиясы антологиясының құрастырушы-авто­рына осы қос шумақты халыққа қалайда жеткізу басты мақсат болған шығар. 1971 жылы атын атауға да тыйым салынатын Ахмет Байтұрсынов аудармасын бәрібір бастыра алмайтынын білген соң М.Мағауин өлеңді Асан Қайғы бабамызға әдейі басыбайлы етіп берген сияқты. Бүгінде бұл мәселенің басы ашық. Ұлты­мыз­дың ұлы ұстазы Ақаңның орны «Қазақ тілінің дамуына жер жаралып, су аққалы бергі қалған қазақтың қосқан үлесі бір пара да, Байтұрсыновтың бір өзінің сіңірген еңбегі бір пара», «Ахмет Байтұрсынов – ұлттық дамудың талай жыл әбден тот басып қараусыз қалған, тіпті қараң қала жаздаған тегершігін бір өзі айналдырып көріп, мігірсіз қозғалысқа қосып берген, ертегінің ерлеріндей ерен тұлға. Туған халқының рухани жаңғыруының сырын тап ондай біліп, сол жолда қалтқысыз еңбек етіп, мәңгі ескірмейтін ағыл-тегіл мол үлес қоса алған қайраткер қазақ топырағында оған дейін де, одан кейін де болған емес» (Ә.Кекілбаев) деп бағаланады. Ақаңның аудармашылығы жайында да аз жазылып жатқан жоқ. Ахмет Байтұрсыновтың қа­сиетті қаламынан шыққан бұл туынды кәдуілгі аударма аясына сыя алмайды. Бұл сөз аударманы қомсынуды білдірмейді. Өйтіп қарайтын бол­са­ңыз,  «Таза мінсіз асыл тас» тіпті жалпы әде­биет­тің де ая­сына сыя алмай­ды. Мұнда бү­кіл өмірдің мән-мағынасы жа­тыр. Асыл алыс қонады, жау­һар жасырын жатады, шын тереңді  за­ман­ның желі, уақыттың демі ғана қоз­ғай алады, шым те­рең сөзді адамның толғауы емес, қо­ғамның толғағы ғана айт­қы­за алады. Демек, бәрінің өз жөні бар, өз жолы бар, өз уақыты бар, өз заң­дылығы бар. Сонымен бірге, ашылмайтын асыл да бол­майды, айтыл­май­тын сөз де болмайды. Бәрінің кезі келеді, бәріне заманның тезі келеді. Өлең осылай дейді. Соны көз алдыңыздан кетпейтіндей суретке салады, ордалы ойды образға орайды. Көркемдік үшін көлденең тұрған, айтарынан алаңдатып әкетер бір сөз жоқ. Мінсіз жыр. Мігірсіз сыр. «Аударылған өлең – аударған ақынның да өле­ңі», дегеніміз бар еді «Төлтума мен телтума» атты кітабымызда (Астана, «Елорда», 2007, 443-бет). Ыңғайсыздау болса да өз сөзімізді өзіміз қай­талауға мәжбүрміз. Расында да, Абай аудар­маларын «Авторы – М.Ю.Лермонтов, аударған – А.Құнанбаев» дегендей етіп қалай ғана ай­тар­сыз?! Айтпаймыз. Қайта, «Тіл өнері дертпен тең» деп «Абай атамыз жазғандай» деп тұрып сөй­лейміз, солай сілтеме жасаймыз.  Ал, былай қарасаңыз,  бұл Абай сөзі емес қой. Бұл Лер­мон­товтың «Не верь себе, мечтатель молодой, Как язвы бойся вдохновения» деген жолдарының аудармасы («Өзіңе сенбе, жас ойшыл, Тіл өнері дертпен тең») ғой. Жоқ, бұл Абай сөзі. Немесе – Абайдың да сөзі. «Шабыт – жанның жарасы», «Шабыттан шошын, жаралайтын жаныңды» деген сияқты алынса, бәлкім, аударма болар. Ал «Тіл өнері дертпен тең» аударма емес. Аударма болса да тек Лермонтовтың ғана  сөзі емес. Сол сияқты, «Таза мінсіз асыл тас» та Жадовскаяның ғана сөзі емес, Ақаңның да сөзі. Сонымен, бұл атақты өлең иесінің өзіне қайтарылып отыр. «Өзіне»? Кімге? Жадов­скаяға ма? Байтұрсыновқа ма?  Алдымен – Байтұрсыновқа. Неге? Бұл сұрақтың жауабын С.Қирабаев біз жоғарыда келтірген мақалада Крыловтан жасалған аудармаларға байланысты айта отырып, былай қайтарған: «Ахмет пай­дасына шығатын тағы бір факт – оның Крылов өлең жолдарын жолма-жол аударып отырмай, мазмұнын алып, өзінше қара өлең үлгісімен, өз сөзімен жаңа өлең жасауында». Назар аударыңыз: өз сөзімен жаңа өлең жасауында. Ахмет Байтұрсыновтың дәл солай еткенін хал-қадерімізше дәлелдеуге тырыстық. Әрине, бұл өлең Жадов­скаяға да қайтары­лып отыр. Қалай дегенде де, Ақаң Жадовская жырын арқау етіп алды ғой, сондағы бейнелі ойдан қанаттанды ғой. Осы жағынан қара­ғанда, біз түпнұсқа авторына да қарыздармыз. Бұған дейін Жадовская есімі шын мәнінде қазақ әдебиеттануының, нақты айтқанда аударматануының ғылыми айналымына түсе қойған жоқ. Ол кім? Мұны біле жүру бізге артық етпейді деп ойлаймыз. Юлия Валериановна Жадовская – он тоғы­зыншы ғасырдағы орыс ақыны. 1824 жылы Ярославль губерниясының Любимов уезіндегі Субботино селосында дворян отбасында дүниеге келген. Жадовская жайында жаның тебіренбей жаза алмайсың. 1 шілде күні губерниядағы ірі шенеунік­тердің бірі Валериан Жадовскийдің әйелі боса­нып, қыз табады. Қызылшақа нәрестені алғаш көрген сәтте анасы талып түседі. Сәбидің сол қолы атымен жоқ, оң қолының  тек үш саусағы ғана қылтияды... Жас босанған әйел бала­сы­ның дәл мұндайлық жарымжан болып тууын құдайдың кәріне ұшырағанымнан деп біледі. Ол тұрмысқа болашақ күйеуінің қалың­ды­ғы­ның жолын кесіп барып шыққан екен. Ақыры күні-түні қайғыға батқан шешесі көп ұзамай айықпас дертке шалдығып, аз уақыттың ая­сын­да өмірден өтіп кете барады. Небәрі үш жа­сында жетім қалған Юляны әкесі (айтқандай, оның өзі нағыз әумесер, қатыгез кісі болған көрінеді, әумесерлігі сол – усадьбадағы үйдің баспалдақтары өзгелердікіне ұқсамасын деп әдейі барынша тік жасатыпты, әйелі аяғы ауыр кезінде сол тік баспалдақтан құлап, қатты жарақат алған екен, ал қатыгездігін қосымша жазармыз) нағашы  әжесінің қарауына береді. Әжесі – Н.Л.Готовцева. Болашақ ақынның нағашы жұртының хикаясы өзінше  қызық. Готовцевтер әулеті сонау ХV ғасырдан бастау алады екен. Ұлы князь Василий ІІ-нің билігі тұсында оның татарларға тұтқынға түсіп қалатыны бар. Соны тұтқыннан босағанда Мәскеуге Ахмет деген татар мырзасы жеткізіпті. Әлгі Ахмет Мәскеуге келген соң қайтпай қалыпты, қайтпай қалғанымен қоймай, православие дініне өтіп, шоқынғанда Петр деген ат алыпты. Петр атанған Ах­мет­тің Андрей деген баласы тап-тұйнақтай тынды­рым­ды­лығымен көзге түсіп, Готовец деген лақап атқа ие болыпты. Сол сақадай сай Готовецтің аты кейін бүкіл бір әулеттің фамилиясына айналыпты. Сөйтіп, Юлия Жадовскаяның бойында түр­кі қаны да бар. Тән кемістігін Юлия Валериановна жан байлығымен толтыра білген. 5 жасында әріп таныған қыз бала 12 жасына жеткенде атасының қолындағы жеке кітапхананы түгел оқып бітірген екен. Ал енді жаңағы айтқан әке қатыгездігіне келейік. Юлия жастайынан көркемсөзге құ­мар болып өседі. Жеке пансионда оған сөз өнерінен сабақ берген ұстазы Петр Перевлевский мен жас қыз­дың арасында сүйіспеншілік оты тұтанады. Соны байқа­сымен-ақ қыз әкесі бұлқан-талқан ашула­нып, ақыры мұғалімді қуып шығады. Онымен тұрмыс құру жө­нінде ойыңа да алу­шы болма деп қатаң ескертеді қызына. Жас жігіттің сон­дағы бар кінәсі діни семи­на­рияны бітіргені, дьяконның баласы екендігі, яғни дворян әу­летіне күйеу­лікке жарамай­тындығы. Қысқасы, сүйіскен жастар амалсыз айырылысады. Петр ұзақ жыл­дар бойы Юлияны қимай, қайта-қайта губернияға келе берсе де қыз әкесі бір жібімей қояды. Юлия Жадовская өлеңдерінің өмір бойғы басты сарыны бақытсыз махаббат, жапа шектірер жалғыздық, сағыныш саздары болып келетіні содан. Ю.Жадовскаяның баспа бетін көрген алғашқы екі өлеңінің бірі – біз сөз етіп отырған «Лучший перл таится». Ол 1843 жылы «Москвитянин» журналының 12-ші санында жа­рия­ланған екен. Бұл ара ақын шығармашылы­ғын талдап жататын жер емес. Біздің де жа­дов­скаятанушы бола қалуға жағдайымыз жоқ. Тек  Ю.Жадовская поэзиясына өз заманының талай мықтылары жоғары баға бергенін айта кеткіміз келеді. Әрине, олардың ішіндегі ең елеулісі – Н.А.Добролюбовтың «Стихотворения Юлии Жадовской» деген көлемді мақаласы. Ұлы сыншы кейін біздің Ақаң аударатын өлеңге де тоқталған. «Этот восторг, в который приходит душа, потрясенная чувством, чтобы выразить святую мысль, зреющую в душевной глубине, составляет неотъемлемое достоинство всех или по крайней мере почти всех стихотворений г-жи Жадовской», деп жазған Н.­А.Доб­ролюбов. Біздіңше, А.Бай­тұрсынов Жадовская жырына осы мақала арқылы назар салған. Тіпті өлеңді үш шумақ жыр толық келтірілген сол мақаладан алып аударуы да мүмкін. Олай дейтініміз, Ақаң әлгі өлеңді тәржімелеген 1911 жылы Жа­довскаяның өмірден өткеніне ширек ға­сырдан асып кеткен еді. Жадовская шығар­маларының төрт томдық толық жинағы жарияланғанына да 17 жылдың жүзі болып қалған. Сонша жыл бұрынғы, аты беймәлім­деу автордың  кітаптары қазақ даласына жетсе де сақтала қоюы қиын шығар. Ғұмыр бойы тән жарасы да, жан жарасы да жазылмай кеткен, жас күніндегі ғашығын күту­мен өткен  осы бір аяулы адамның ақылмен емес, тек жүрекпен өмір сүргенін, қатыгез шешімімен өмірін өксіткен әкесімен де тіл та­бысып, оның қол-аяғы семіп қалғанда қаншама жылдар бойы басында отырып күткенін, ақыр аяғында жүрек қыспасынан қайтыс болғанын В.Благовоның «Поэзия и личность Ю.­В.Жа­довской» (Саратов, 1981) кітабынан, бүгінде интернеттен кез келген адам оқитын диссертациялардан (И.Войтенко. Проза Юлии Жадовской: жанровое и стилевое своеобразие. Е.Трушина. Лирика Ю.В.Жадовской: мировозрение и поэтика), кейінгі жылдарда оның туған жерінде жүйелі түрде өтіп жүрген поэзия фестивальдеріндегі жылы пікірлерден де білеміз. Қайткенде де Ю.Жадовскаяның орыс әдебиеті­нің тарихында өзіндік орны бары анық. 7 мау­сымның – ақын Юлия Жадовскаяны еске алуға арналған дәстүрлі поэзия мерекесінің алдында осы мақаланы бір парызымыздың өтеуі ретінде жаздық. Біз үшін ең бастысы – Жадовская жы­ры­ның қазақтың ұлы тұлғасының қолынан шып-шымыр, жұп-жұмыр қос шумақтың төгіліп түсе қалуына себепші болғандығы, оның біздің рухани өмірімізге қымбат қазына болып қосылған­дығы. Сөз түйініне келейік. Мұнан былай «Таза мінсіз асыл тас» деп басталатын  жауһар жырдың иесі Ахмет Байтұрсынов деп түпкілікті тануымыз мақұл дер едік. Әрине, осындай бір мақала жазылды екен деп қазақтың санасына Асан Қайғы сөзі болып, дұрысы – халықтың сөзі болып сіңіп кеткен өлеңге қайтадан авторлық алып беру оңай да емес екенін білеміз. Әйтсе де, әділеттілік осыны талап етеді. 

Егемен Қазақстан


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар