Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Қандастарға құшақ ашқан – ҚазҰУ...

02.09.2023 588

Қандастарға құшақ ашқан – ҚазҰУ 14+

Қандастарға құшақ ашқан – ҚазҰУ - adebiportal.kz

(ҚазҰУ-да студенттер өмірі өнегелі ұлағатпен, терең білімнен, тағылымды тәлімнен басталады).

Ұлттық білім рейтингінің көшбасшысы, қазақ ғылымы мен білімі қара шаңырағы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқу, тек отандық мектеп түлектерінің ғана емес шетелдік талай жастың арманы. Аспанмен астасқан асқаралы Алатаудың баурайында орналасқан ҚазҰУ қалашығы талай жастың студенттік өмірінің қызықты құпиялы сырын бойына бүгіп жатқандай көрінеді. Осы романтикаға толы ҚазҰУ-ға біздің шетелден қандас бауырларымыз қазақ жастары да білім алуға келеді. Шетелден қазақ жастары білім жолындағы алғашқы қадамын әуелі ЖОО-ға дейінгі білім беру факультетінің дайындық курсында оқудан бастайды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫНА ДЕЙІНГІ ДАЙЫНДЫҚ КАФЕДРАСЫНДА (мәліметпен толығырақ  https://www.kaznu.kz сайтынан таныса аласыздар) қазақстандық жоғары оқу орнына түсу үшін Болон үдерісі бойынша оқитын шетел азаматтары және ҰБТ сынағына дайындалуға келген шетелдік қазақ жастарымен қатар отандық жастар да ақылы бөлімде де білім алады. Кафедраның ұстаздар ұжымы дайындық курсының тыңдаушы жастарына сапалы біліммен саналы тәрбие беру жұмыстарын ұштастыра жүргізеді. Бізде білім алу үдерісі 9 айдың ауқымында, қысқа ғана мерзімде болса да, тыңдаушылардың уақыты қызықты өтеді: олар кафедра, факультет, университет деңгейінде өтетін әртүрлі іс-шараларға белсене қатысады. Республикалық, халықаралық деңгейде ұйымдастырылған спорттық, пәндік олимпиадаларға, өнер және шығармашылық байқауларға сайыстарға қатысып, жүлделі орындарды жеңіп алып жатады.

Кафедрада «Қош келдің. Қазақстанға!», «Атамекен – алтын бесік», «Тәуелсіздік – тұғырым», «Әлемге ортақ мереке», «Армысың, әз Наурыз!» секілді толып жатқан ұлттық мерекелер мен халықаралық мейрамдарға, атаулы күндерге орай дәстүрлі салтанатты шаралар, концерттік бағдарламалар өткізіледі. Еліміздің Түркістан, Тараз секілді тарихи тағылымы мол қалаларда және табиғаттың тамаша сыйы, інжі-маржандарымыз: Шарын шатқалы, Есік кқлі, Түрген сарқырамасы, Медеу мұзайдынына, Көктөбеге, Шымбұлаққа, Қайыңды көлге және тағы да басқа көрнекті жерлерге саяхаттайды.

Тәуелсіз Қазақстанның қазіргі саяси-қоғамдық тынысына, мәдениетіне, салт-дәстүріне бейімдеу және ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, оларды құрметтеуге баулу мақсатына арналған әлеуметтік-тәрбиелік маңызы зор іс-шаралармен қатар тыңдаушыларды ғылым-білім жолына жетелейтін ғылыми семинарлар, вебинарлар, жас ғалымдар конференциясы ұйымдастырылады.

Ағымдағы оқу жылы шетелдік жастар үшін еліміздің әсем қаласы Алматыны таныстыруға арналған мәдени-танымдық саяхат сабағы мен кеңпейіл қазақ халқының қонақжайлылығы мен қайырымдылығын, ұлттық мәдениетін, өркениетті өмір тынысын тереңірек таныстыру мақсатында, Республика күнінің құрметіне орай «Қош келдіңдер, Қазақстанға» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылады. іс-шараны факультет, кафедра басшылығының жетекшілігімен ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының куратор-эдвайзерлері өткізеді.

Олардың жаңа таныстығы, жаңа достармен кездесуі, білім қуған ізденіс пен романтикаға толы қызықты да жарқын студенттік өмірлерінің алғашқы қадамы осылайша біздің кафедраның қыз-қыз қайнаған өнегелі өмірінен, тағылымды тәлімінен, ұлағатты ілімінен басталады.

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ үлттық университеті

ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының 

аға оқытушылары Наралиева Р.Т., Бегалиева А.К.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар