Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ШЕТЕЛ ӘДЕБИЕТІ
Нарутоның бізге берер тәлімі қандай...

29.03.2024 723

Нарутоның бізге берер тәлімі қандай 12+

Нарутоның бізге берер тәлімі қандай - adebiportal.kz

Қазақта қайрат туралы «Өлімге де қайрат керек» дейтін ескі сөзі бар-тын. Ал, қазақтың асыл ойын тудырған Абайы да «қайрат» туралы: «Жаманшылыққа бір елігіп кеткен соң, бойын жиып алып кетерлік қайрат қазақта кем болады.» дейтіні бар еді. Өзіміз жақсы танитын елуді алқымдап қалған ағамыз бар-тын. Танысқалы көргенім, ащы судан ауызының бір құрғамағаны еді. Оны ішкенде кәсіби дейміз бе, құлшылық дейміз бе, сол деңгейге жеткізген. Одан айырылса өмірі жоқ. Малтығып жүргені. Түріне қарасаң, ой-санасына қарасаң зіңгіттей қазақтың қара жігіті. Балалы-шағалы өзі, тек жеңгеміздің шексіз төзімділігі көзеге малтыққан ғұмырының мәнін кіргізіп, мағынасын шығарып тұрғаны. Денесін ащы су ләззаттының құмарына лақтырып тастап, құныққан қайратсыздығына қалай баға беріп, қалай тосқауыл қоярын ол да, біз де таппадық. Ол өз отбасын ғана осылай мазасын алып жатса нетті, қайын жұрт, нағашы жұрты елуге кеп қалған кісіден күдер үзген, өшпестей болып бетіне айтылмайтын, артынан арылмайтын «алқаш», «үміт жоқ», «сенімсіз» деген қарым-қатынас пен лақап атты жапсырып алып ортамызда жүргені.

Әр адам бір әлем. Оның әлемінің не болып жатқанын өзінен артық ешкім білмейді. Бәлкім жан дүниесінде біз түсінбес, түсінсек те бойлай алмас қалауы мен дерті, жарақаты жатқан шығар. Тым сезімтал, нәзік түйсікті адамдар болады. Көбіне-көп бір малтығып түсіп кеткен жарақат иірімінен шығу аса қиын. Жақында ғана аса жақын, сондай сезімтал түйсікті, дүниенің үп еткен қасіреті жүрегін қақ айырып кететін досымыздың қазасына куә болдық. Ол жігітте тура жоғарыдағы ағамыздай малтыққан батпағынан шыға алмай, өмірдің көшін ерте бастан доғаруына тура келді. Түбіне жеткен санадағы жарақат. Түбіне жетіп өртеп кеткен өзі жеңе алмаған, бала күннен санасына сары тап болып қалған жан дерті. Сол дертінің үстіне қоғамның, отбасының, ортасының, шығармашылығының азап-тозағын жамай беріп, жүрегін оттай қарып, күлге айналдырды да арғы дүниеге аттана берді.

Жарақат Абай айтқандай қазақ жеңе алмас, қайрат ете алмас ауыр дерт пе? Көз алдымда, тіке өмірімізде екі тағдырдың тіктеле алмағанын көзбен көріп отырмыз. Бұл екі мысал ғана, ал қазбалап кеп жіберсең өз бойыңда да жұтқа айтпас, ал, саған айтпай жүрген дос-жар, көз таныстар қанша ма? Бәрінің бойында әйтеуір бір комплекс болады. Ет пен сүйектен бұрын, адам сезімдер мен түйсіктер, жан дүниенің қалауы, ой-сананың еркіндігі дегендерден тұрмай ма. Бала күнгі отбасындағы келеңсіз қарым-қатынастар мен кейбір қайғылы оқиғалар, жоғалтулар, сыртқы әлім жеттіктің бәрі баланың тәні арқылы санасында қатталып, соңы ержете келе түрлі мінез-құлықтар мен жақсы, жаман әдеттердің, дискомфорт сезімдердің ұлғайуына алып келеді. Бұның бәрі іштегі жараны уақытында емдемеуден, жеңбеуден ұлғая беретінін,  айналшықтап соңы сананы тұйыққа тіреп, трагедияға ұласатынын көріп отырмыз.

Бұл жерге Нарутоның не қатысы бар деуіңіз мүмкін. Нарутоңыз он төртінші сөзінде Абайдың іздеп таппай отырған адамның ісін істей алған кейіпкер. Нақты өмірде ондай мысалдар жоқ па деулеріңіз мүмкін. Бірақ, авторға осы жазбаны жаздыруға себеп болып, жоғарыдағы мысал келтірген екі таныстың ішкі меніне өздеріндей түсініп, жан азабына үңіле алуға әсер еткенін қалай жасырамыз.

Наруто туралы айтпас бұрын бұл мультфильм туралы аз кем ақпар бере кетсек. мультфильм негізгі сюжеті от ел, жер елі, жел елі, су елі, найзағай елі деген бес елдің төңірегінде өрбиді. Әр елдің өз жасырын ауылдары болды. Оларды Жасырын құм ауылы, Жасырын жапырақ ауылы, Жасырын тұман ауылы деген секілді атаулармен атады. Әр ауылды тума денесінде шакрасы бар шинобилер жасағы қорғады. Бұл шинобилер ауылын қорғау үшін түрлі сайыс тәсілдерін меңгеру керек болды. Ең мықты шинобилер болашақта осы жасырын ауылдардың ең жоғарғы билеушісі Кагелері атанды. Наруто туып өскен ел - от елі ( - хо ) болды да, ауылы - Жасырын Жапырақ ауылы деп аталды. Ал, оның басшысын Хокаге деп аталды. 

Алғашқы бөлім тым бұзақы Нарутоның ауылдың сыртындағы  шыңына бедерлеп қойған бұрынғы хокагелерінің мүсіндерін ойда-сойдақ бояп тастаумен басталады. Басында бұл бұзақылығын түсінбей қаласыз, біреудің еркесі ме болмаса есі жоқ біреу ме деп. Лента көп ауыспастан, алғашқы бөлімнен ақ, кейіпкердің тым бақытсыз, тұл жетімек екені, жылағанда жұбатып, қуанғанда сүйсінетін ата-ана назары жетіспейтіні себепті бұзақылықтың бәрін көптің өзіне көңіл бөлуі үшін істейтін білесіз. Құдды Бердібек Соқпақбаевтың Қожасы секілді бүлдіреді де жүреді. Сол үшін де Ниндзя академиясындағы оқушылар да, ұстаздары да ол десе қашуға даяр, ал, жұртшылық ол туралы мүлде жаман көзқараста болады. Себебі, анасының құрсағына мөрленген тоғыз құйрықты алып түлкіні дәл Наруто туған күні толғағынан пайдаланып арам ниетті бет перде киген жендет босатып жібереді. Бұл алып күшке ие тоғыз құйрықты құбыжық Жасырын Жапырақ ауылын талқандауға кіріседі. Міне осы жерде қаншама ауылдың адамдары қаза болады, тіпті ұстазы Ирука ата-анасының сол уақиғада қаза болуына Нарутоны кіналайтын. Себебі, ауылдың төртінші хокагесі болған Нарутоның ата-анасы ауылды қорғау үшін, өз өмірлерін құрбанға шалып тоғыз құйрықтыны Нарутоның ішіне мөрлеп кетеді. Осы мөрлеу кейіпкердің өзгелерге өгейлігін туғызып, тумай жатып ортасына сүйкімсіз етіп көрсетті. Сол сүйкімсіздік, сол қақпай бала Нарутоның ішкі жан дүниесіне өте үлкен жарақат салады. Сол жарақатты елемеу үшін де бала болса да түрлі-түрлі ақымақтыққа барады.

Жасырын Жапырақ ауылының үшінші Хокагесі Сарутоби тоғыз құйрықтың оқиғасын ауылда мүлде айтпай, құпия ұстауға жарлық шығарады. Сол себепті Наруто әкесі мен шешесінің кім екенін, не істегенін, қашан, неден өлгенін де білмеді. Ешкім ештеме айтпайды, бірақ көбі жек көреді. Оны бала түсінбейді. Бірақ  сонда да осылай жетімек күй кешкен баланы Сарутоби хокаге сырттай үнемі бақылауда ұстады. Оның тәрбиешісі болған Ирукаға Нарутоға неге дұрыс қарамай жүргенін, Нарутоны ата-анаңды өлтірген тоғыз құйрықтыны сақтаушы деп жек көрдің орынсыздығы, оның да өзіңдей жетім күй кешіп, өзің секілді қамқорсыз өсіп, өзіңдей бассыздыққа баратын кінәсіз бала екенін тіпті ішінде тоғыз құйрықты құбыжық бар екенін ол мүлде білмейтінін неге түсінбей жүргенін түсіндіреді. Ол құбыжық емес, ол бар болғаны қарапайым бала екенін Ирукаға қабылдау үшін өз өмірінің ленталары көз алдынан өтеді. Осы ұқсастық, ұқсас екі жетімдік Ируканың Нарутоның жан-жарасын шәксіз түсінуіне жол ашады.

Ұқсас тағдыр, ұқсас кеп Наруто мен Ируканы айырылмастай матайды. Бұл жерді мультфильмде өте сәтті бейнелеп береді. Бірінші бөлімнің өзінде марафонға айналатын сериалдың бүкіл құрлымымның негізгі бет бейнесін тіктеп береді. Махаббат пен жанашырлық, ұқсастық пен ортақтық ендігі Нарутоның айнымас бойтұмарына айналады. Алғаш адам жанын түсінудің оның орнына өзін қойып тұрып, қарсы жақтың ішкі жарақатын қалай емдеу керек екенін ол осы жерде түсінеді және үйренеді.

Осы түсіністік Нарутоның түгіл, бүкіл Жасырын Жапырақ ауылына дұшпан ниетті Гаара есімді Жасырын Құм ауылының жалғыз құйрықты құбыжығы бар баламен болған шайқаста іске қосылады. Алғаш айқас басталғанда оның өзі секілді ішінде құбыжығы бар Джинчурики екенін білмейді. Күші кете бастаған Гаара жалғыз құйрықтың күшіне жүгінеді. Осы жерден оның неге сонша қатыгез, неге сонша суық, өмірге неге сонша жек көрушілікпен қарайтынын түсінеді. Оның құм аулынан жанын түсінер ешкімнің шықпағаны түсінеді. Бірде-бір досы жоқ Гаара да Нарутоның өзі секілді Джинчурики екенін, өмірден ерте таяқ жеп, қанша адамдардың суық қарым қатынасы болса да қалай достары көп болғанына таң қалады. Ал, ол Нарутодан өзі іздеп жүрген адамдардың өзіне деген жақын, жылы қарым-қатынасын көргенде еріксіз өз қателігін мойындайды және «құбыжық» емес басқаша адамға өзгеруге бел байлайды. 

Мультфильмде негізгі үш кейіпкер бар - Наруто, Сасуке, Сакура. Бұлар екі ұл, бір қыз жетінші группа деп аталады. Нарутоға Сакура ұнайды, ал Сакура тұйық мінезді, әдемі келген Сасукені жақсы көреді. Нарутоның аты аңызға айналған үш санниннің бірі, таңғажайып ниндзя  Джираяға шәкірт болуы Сасукенің бәсекелестігін оятады. Сол үшін де ол Жасырын Жапырақ ауылынан қышып, ауылдан қуылған үш санниннің тағы біреуі Орочимаруға еріп кетеді. Осы жерден қақ айырылған достық пен бала махаббат күллі серияның от алар нүктесіне айналады. Бүкіл мультфильмді арқан секілді есіп тұратын, шынжыр секілді жалғап тұратын екі негізгі өзегі бар-тын. Біріншісі Нарутоның ауылдың ең жоғары дәрежедегі Хокагесі болу жолындағы қандай қиын жаттығулар мен тосқауылдар болса да іздеп, шыдап жету деген; екіншісі, өзі ұнататын Сакураға Сасукені қалай болса да Жасырын Жапырақ ауылына алып келу деген уәдесі еді. Осы екі миссия жолында Нарутоның ендігі басар қадамы бағдарланып, үйренер өнері анықталады. Наруто осы миссия жолында қаншама тас талқан болған тағдырларды түзеп, қаншама көзден аққан жасты құрғатуға себепкер болады. Кешегі елдің қорқынышына айналған «құбыжық» бала, жетімдіктің құйна батқан әлсіз, ожар бала, кезекті Коноханы талқандауға келген алты жолақты Пейннің шабуылынан құтқарып, өлген шинобилердің жанын қайтаруға себепші болады.

Осылай сериалдар ауысып отыра береді. Сериа ауысқан сайын бас кейіпкердің барған сайын асқақтап, аспандап бара жатқанын сезесің. Сценарий авторы осы асқақты кемелділікке жеткізу үшін жеті жүз жиырма серияны, мың төрт жүз кейіпкерді, екі жүз сайыс қаруын, екі мың үш жүз түрлі сайыс өнерін ойлап табады. Жай қарасаң қырғын болып жатқан мультфильмді көрерсіз. Бажайлап, нақтылап қарасаңыз, астарына бүккен, автордың сыздықтатып, жібектей желпіп отыратын адам баласына адам секілді қарай алу, адам жарақатына өзіндей жауап бере алатын бір нұрдың жіпшесі есіліп отырады. Автор осы жіпше арқылы күллі серианың уақиғалары мен кейіпкерлер тағдырын байлап-матап тастап отырады. Ал, енді адамды түсінбей көріңіз. Ал, енді мультфильмдегідей  қоғамдағы қан жылған адамдар легін тыңдамай көріңіз. Кеудеңде жарақат бар ма, Наруто оның быт-шытын шығарады. Өсіп отырып, өсіп отырып жаратқандық сыпатқа көшетін, қиялыңның асқақ шегінен асып төгіліп, біз аяқ басуға тартынатын, біз айтуға қорқатын тақырыпты алдыңа жайып тастайды.

Бұл мультсериа бойы өзінің не үшін теріс жолға түсіп, не үшін қылмыскер болып кеткен себебін кейіпкерлер өздерінің балалық шақта көрген қорлығынан, шеккен азабынан санасына түскен жарақаттан екенін баяндап отырады. Сол жарақаттан шыға алмай қара күштердің құралы мен құлына айналған қаншама кейіпкерлер тағдыры Нарутоға кездескен кезде түйіні шешіліп, өмірі шуақ пен нұрға тола бастайды. 

Біз не аламыз енді? Сонша мыжып, жапонның бір мультфильмін баяндайтындай не көрініп, не түртіп отыр. Ойлаңызшы, қайталанған картиналар үнемі бір дүниені қайта-қайта көз алдыңа көлденең тарта берсе, есі бар адам ойланбай ма? Үнемі жан азабы жамандыққа бастаған, содан шыға алмаған, тұйыққа түскен кейіпкерді Наруто келеді де көзін ашады, өмірін толықтай өзгеріске ұшыратады. Ойлаңыз, сіздің де айналаңызда қанша жан жүр сондай тұйыққа түсіп. Ал, сіздің қоғамыңыз ше? Жарайды, бізде Наруто жоқ делік. Не істемек керек. Бұл жердегі айқын бір мысал, сценарий авторының сонша серианы түсіргендегі бір ғана мақсаты бар ма деймін. Ол адамның өз азабын жеңуге ерік-жігерін қаптал жететіні. Бір бастың қайғысын еңсере алмаудың түбінде ҚАЙРАТСЫЗДЫҚ деген үлкен бір бел жатады екен. Бір бастың қайғысын күйттеп, соған мүжіліп, соған жүндей түтіліп жүретіндердің және де ортақ бір белгісі бар ма дейміз. Әлем адамнан құралғанымен ол жеке адамдардың бар не жоқ болуымен санаспайды. Өмір жалғаса береді, уақыт өте береді. Қайғыланып қайғыға көмілу соңы өзіңді жоғалту. Бұл жерде адамдық сезім, түйсік, тебіреніс дегендерді терістеп жатқанымыз жоқ. Бірақ, бала кезден қалған санамда жарам (травма) бар, жарам бар деп жата қалып жатты кінәлау, сана-сезімі қалыптасқан,  азаматтық жасқа келген адамға сын. Жоғарыда мысалға келтірген екі азаматтың ортақ бір ерекшелігі мемлекеттің саяси өміріне бейжай қарайтындығы бар еді. Адамның қоғамды танымауы, өмірінің саяси үрдісіне көз жұмбайлықпен қарау, енжарлықтың бәрі саяси танымының жоқтығынан еді, ал, ол өз кезегінде жеке меннің уайымынан аса алмайтын ынжықтыққа алып келеді. Қайраткер сөзі неге Әлиханға, Міржақыпқа, Байтұрсынға лайық көрініп тұрады. Себебі өмірдің азабын бір басының азабынан көрмейді. Қоғамның жүгін жүрегіне арқалатқан адам жеке азабымен әуреленіп жүрсін бе. Жеке амбициясы үшін мерт болып жатқан, жеке бас қайғысы үшін опат болып жатқан адамға Алаштықтардың көрген азабы мен тозағын салыстыруға келе ме?

Жалпы ұлт ретінде, жеке тұлға ретінде біздің ішкі танымымыз әйтеуір құтқарушыны сырттан күтеді. Ғайыптан біреу келіп қоғамды өзгертіп берсе екен, біреу келіп ішкі дертімді жазып берсе екен деген енжарлық бар. Енжарлық, бойкүйездік түбі - ҚАЙРАТСЫЗДЫҚ. Бұл - бойкүйездік ұлтты сана тұрғысынан жаппай жаулап алуы, мемлекеттің серги алмауының, қоғамның серпіле алмауының басты факторы.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар