Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ШЕБЕРХАНА
Максималар мен қоғамдық ойлар......

23.05.2025 958

Максималар мен қоғамдық ойлар... 14+

Максималар мен қоғамдық ойлар... - adebiportal.kz

Өзіңнен биік адамға еліктеудің еш сөкеті жоқ қой. Мұны жазуға төмендегі ойшылдардың  алуан түсініктері әсер етті десем, еш артық айтқандығым емес. Жалпы жазба әдeбиeттe афoристиканы жeкe жанр рeтіндe дамытқан Жан де Лабрюйeр мен Блез Паскальді, сондай-ақ Франсуа де Ларoшфукoны айрықша айтуға болады. Ларoшфукoның  әйгілі максималары – әлемдік oйдың алтын қазынасы. Философиядағы апoфтeгма мен максималар, гнoма мен сeнтeнция сынды түрлі тәсілдерге  жазылған еңбектер есті оқырманды еш ойландырмай қоймайды. Осы бір   қысқаша ғана жанрға қалам тербеген мықтылардың қай-қайсының болсын қалам қуаты  бізді де шын ынтықтырған еді. Ендеше әр жылдарда (дұрысы, осы он жылдың мұғдарында)  қоғамдық көңіл күй ауанына байланысты жазылған әдебиет пен өнерге, әлеуметтану мен теологияға, саясаттану мен философияға қатысты  ойларымның осы бөлігін өздеріңізге  ұсынып отырмын. Ілгеріде жарық көрген біршама бөлімін порталымыздың алдыңғы сандарынан тауып алып оқуларыңызға болады.

 

***

Тоқсаншы жылдардың топалаңынан түрегеліп, «енді міне еркіндік алдық, есейіп кетерміз» деген балаң үміт те баяғы сол есекдәме күйінде қалды. Одан бергі  отыз жылда да халықтың рухани талғамы қарға адым болсын  алға бір жылыстамай-ақ  қойды. Мен мұның себебін өзімше көп зерделеуге тырыстым. Неге дейсіз ғой? Поляктың белгілі бір режиссері (есім-сойын ұмытып отырғаным)  біздің бүгінгі рухани ахуалымыз жайында журналиске былай деп сұхбат беріпті: «Мұны еш түсінсем бұйырмасын. Сіздердің зиялыларыңыз саяси биліктен өлердей қорқады екен. Бізде бұл керісінше. Саяси билік интеллигенциямен санасады. Қандай жағдай болмасын,  солардың қас-қабағына қарайды. Батасын алмай бір шаруа жасалмайды. Ал сіздерде оқығандар, олигархтар мен шенеуініктердің той-тоймалағына, керек десеңіз асабасына дейін арзандап кетіпті». 

Әрине, жаны бар сөз.  Режиссердің бұл жерде той-томалақ  деп отырғаны Тұрсынбек Қабатов болар деп топшыладым. Ол да енді есімі елге танымал  белгілі бір театрдың  директоры,  әрі көркемдік жетекшісі емес пе еді?  Амал нешік, осы бір 10-15 жылдың бедерінде мемлекеттік телеарналар арқылы жаппай  жарнамаланған осындай жандардың парықсыз пайымы қазақ қоғамын интеллектуализациялау процесін тежеудің ең негізгі факторы болды. Бірақ мұны рухани құлдырауға санап,  әлеуметтік тұрғыдан зерделеп жатқан кім бар дейсің? Одан кейін, бір теңгені екеу қылу мақсатында әлеуметтік желі арқылы жалғасқан түрлі саудагерлердің  арзанқол әңгімелері де ел есін атала қылды. Негізінде, ұлттың танымы мұндай сайқымазақ, жадағай жандармен емес, рухани элитасымен өлшенуге тиіс еді ғой. Нәтижесінде материалдық активтерге ие болу өмірдің ең басты құндылығы саналып, интеллектуалдық еңбек барынша кері кетті. 

Бұл бұған дейінгі жасалған рухани өре мен эстетикалық талғамның бет-бейнесіне дақ түсірді десек те болады. Сонымен софистикаға ұрынып, тіл мен жағына сүйенген мұндай  жандарды  біздегі саяси корпустың онсыз да білімі төмен, түсінігі тар шенеуніктері шын өнерпаз, нағыз зиялы деп түсінді. 

Міне, отыз жылда осындай публикаға жағуды меңгерген, арзан субъмәдениет өкілдері (оның ішінде әсіресе белсенділер мен популистер) жаппай руханият орындарына жайғасты. «Керқұла атты Кендебай» ертегісіндей  жылдамдықпен жоғары қызметке өсті. 

Асылық айтқанымыз емес, мәдениет пен білімге қатысты кез келген мекеме басшылығына бара қалсаңыз, алдыңызда тік ішегі мұздаған руханияттан ада, жып-жылмағай біреу отырады. Міне, бұл – тұлға танымының толықтай тоқырағанының басты белгісі-тұғын. Әрине, тұлғаның тоқырауы трагедияға пар жағдай еді. «Қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса» демекші, ендігі билік, сөз жоқ, солардың қолына көшті. 

Жарайды, болар іс болды дейік. Енді бұл мәселенің ең қауіпті жағдайын айтайын. Сол парықсыз жандардың ергежей мазмұны ендігі мемлекеттік жүйенің негізгі мұраты мен даму бағдарына айналды. Айналғаныңыз не, күнделікті өмір сүруіміздің салтына сіңді. Сүйегіңді жасытып, ұнжарғыңды түсіретін де, міне, осылар ғой...

 

***

 

«Заманға жаман күйлейді, Замана оны илейді». (Абай)

Рас, біз көргенде бәкене бойлы, қозықарын ғана жігіт еді. Енді бір жолыққанымызда қос құлағы көрінбей семіріп, әукесі салбыраған нағыз әпербақан шенеуніктің өзіне айналыпты.

 

***

Әдебиеттегі ұждан Гиппократ антынан да  ауыр... 

 

***

«Шегінерге жер жоқ, соңымызда – Мәскеу!». Осы сөз қазақ билігінің бұлжымас, саяси ұраны ретінде мәңгілікке сақталып қалатын тәрізді.

 

***

Қалай десек те Қарақұрдымның өзі адам тойымсыздығынан түпсіз емес болар. Осы тойымсыздық дегенде А.Пушкиннен Ахмет Байтұрсынов тәржімалаған «Алтын балық» ертегісі есімізге түседі. 

Біздің білуімізше, бұл жерде «балық» биліктің төл табиғаты болса, «кемпір» –  адам мейманасы. Ал пәленің бәрі әлгі «жарық астау» мәселесінен бастау алып тұр. «Жарық астау» – жастай адам танымына орнаған жоқшылық пәлсапасы. Міне, жалақ ерін, жалшыбайлық психологияның бәрі осыдан келіп шығады... Адамның бірнәрсеге ессіз түртіншектігі мен тойымсыздығы осы тоя тамақ ішпеген «жарық астау» жарақатында жатыр.

Шал ма? Шал – кәрі кеудесі сырылдаған, әбден  ескірген ойлау формасы.

Ескіргені сол, әлгі мейманадан (дұрысы, кемпірден) толыққанды құтылуға мол мүмкіндігі бола тұра, бәрінен құралақан қалды. Қысқасы, «Бар тілегіңді орындаймын!-деп, өз аяғымен келіп тұрған алтын балыққа бірде бір тілегін айта алмады. 

Себебі ескірген ой  тек бұйрыққа ғана бағынады. Өзгеше ойлап, өз-өзіне «неге бұлай істеуім керек» деп  ешқашан сауал қоя алмайды?

Бұл бір сөзбен ғана айтсақ, бұйрыққа бағынып үйренген  полицейлік пайым (философия).

 

«Теңіздің жағасында кемпір мен шал,

Тұрыпты отыз үш жыл нақ дәлме-дәл

Күн көрген бишаралар балық аулап,
Болмапты төрт түліктен ырымға мал...».

 

Ұлы шығармада «уақыт» болмайды деп жатамыз ғой. Тәржімада баяндалған осыбір 33 жыл ғұмыр ішіндегі зор меймана, оған мойынсал болған жарамсақ мінез иелері біз емеспіз, бұл кешегі кемпір мен шалдың ғана мағынасыз мазмұны деп, кәнекей, кім айта алар екен?

 

***

Ғашықтық – рухани мінәжатқа пар... 

 

***

 

1947 жылы 14 мамырда Сталин Одақ жазушыларымен арнайы жүздесіп, оларға былай деген екен: «Егер біздің ортаңқол зиялы қауым өкілдерін, ғылыми интеллигенцияны,  сондай-ақ профессорлар мен дәрігерлерді арнайы алып қарасақ, олардың бойындағы кеңестік патриотизм рухы еш жетілмеген. Олар шетелдік мәдениетке негізсіз таңданып, бас ұрады. Бәрі өзін кәмелет жасқа толмаған жас жеткіншектей, әлі пісіп-жетілмеген жандай сезінеді, өздерін мәңгілік шәкіртпіз деуге әбден дағдыланған. Бұл барып тұрған артта қалушылық». Қызыл көсемнің ауызынан шыққан бұл сөздерді кезінде қаламгер Константин Симонов  қолма-қол қағазға түсірген екен. 

Рас, Сталин өлгенімен, сталинизм әлі тірі. Сталиндік бұйрықтың осы өміршеңдігіне қазір де таңмын. Бас салып батысты жамандайтын, әйтеуір өзге өркениеттен секем алу үрейі әлі күнге дейін жан түкпірімізде сақталып отыр.

Айталық, әлем әдебиеті жайлы сөз қозғай қалсаң болғаны, кертартпа дәстүршілердің төбе шаштары  тікірейіп кететіні несі? 

Әдебиет пен мәдениет экзогамия (туысқан жандардың жеті атағаға дейін қыз алыспайтын қан жақындығы) емес қой енді.

 

***

Тарихи жады. Ол алған сан алуан соққы мен жарақаттан ми шайқалды ма білмеймін. Әйтеуір, анығын адам  ұқпас бір ауытқу  ақыл-есімізде жүріп жатыр.

 

***

Шындық та ескіреді. Оның күн салып көмескі тартып бара жатқанын тұп-тұнық түсінсе де адам баласы осы су жаңа шындық жаратудан  неге сонша өлердей қорқады екен?

 

***

Біз ұмытқан эмпатия мен рухтың бәрі еш жоғалып кеткен жоқ. Оның бәрі мәттіннің сан алуан қабаттары мен түп шөгіндісінде қатталып тұр.

Айталық, «Құлым бір ұлдай киінсе, Көркемін көрген сүйінсе...» (Ақтамберді)

Немесе:

Еділдің бой ен тоғай

Ел қондырсам деп едім.

Жағалай жатқан сол елге 

Мал толтырсам деп едім. (Махамбет)

Бұл  жетілген өре мен кісілік мәліметі.  Мұны кісіліктің мәтінге сіңіуі  немесе мәтіннің рух пен эмпатияға айналуы десек те болады.

 

***

Әлеуметті  өсіретін де, өшіретін де сұрақ? 

Өркениет пен өнердің түбіне жетіп, басына қара түнек орынататын дін атаулының  мына үш сұрағынан өлердей қорқамын. «Раббың кім? Дінің не? Пайғамбарың кім?».

Енді Эмиль Золияны айтпағанда, мәдениет мен өркениетке қатысты бір нәрсені терең білуің мен түсінуіңнің  бұл үш сауал үшін маңызы қалдыма өзі?

 

***

Қазақтың бірін-бірі көтермелеп, мақтауында еш размер (өлшем) жоқ. Сондықтан болар, осы көтермелеулер  кісіліктен гөрі карикатураға көбірек ұқсайды. 

***

Тоқпақтап жер түйіңіз. Жата қап жылаңыз. Маған десеңіз, шашыңызды әр талдап жұлыңыз. Тарихи роман қалай бұлтақтасақ та кәсіби әдебиет емес.

 

***

Коммунизм мен социализм бар болғаны саяси бүкеншік есім.  Дін, тағы да қайталап айтайын, дін – оның нағыз реалды есім-сойы... 

 

***

Осы біздің ар-ұят деп жүргеніміз не? Оны тәпсірлеу мен ақтаудың қаншалықты мағынасы бар? Бір ғана мысал... 

«...Ерінің көзіне шөп салып үйренген әйелге зинақорлық ұят емес, қолға түсу ғана ұят». (Төлен Әбдік «Парасат майданы»).

Бұл өтірік пе? Жазушының мына мысалы жеңіл жүрістен гөрі лицемерияға көбірек келеді. Қоғамда осы «қолға түспегендердің» биік-биік мінбелерден алаш пен Абай, ар мен ұждан жайлы етегі жасқа толып елжірей ақыл айтпасына  кепілдігіңіз бар ма?

 

***

Жазу – жүрек ішіндегі құдайлық мазмұны десе, енді бір ойым, ол жаныңды қоғам жаралаған ауырсынудан азда болса ажырату әрекеті дейді.

 

***

Міржақыптың кермек тағдырына қатысты түсірілген алты бөлімнен тұратын «Оян, қазақ» телехикаясын көрген көп адамның  көңілі босап, көз жастарына ерік берді. Енді олар неге жылады соның тарихи әрі психологиялық себептеріне келейік. Әйгілі Сервантес «Шындық иіледі, бірақ сынбайды. Майдың су бетіне қалқып шығатыны сияқты өтіріктің бетіне түбі бір қалқып шығады», – дейді. 

Рас, қаламгер айтқан сол шындықтың біреуі мынау еді. Қайғы мен естелікте ешқашан «уақыт» жоқ. Ол өз қағидасымен ғана жүреді. Сол қағида адам ішіндегі шындықпен бетпе-бет жүздесіп, екеуара сұхбаттасқанда  ғана  пенде баласы жүрегін мазалаған жан азабынан арылады. Әлгі беріштенген тарихи шер айтылып немесе жас болып лықсып сыртқа шықпайынша, сірә да кісіге маза бермейді. Бұл жағынан келсек, қараша халықты телехикаядан гөрі гендегі ақпараттар жылатты дегеніміз әлдеқайда жөн болар еді. 

Кеше кіл жақсысынан айырылғанда зар еңіреп, дауыс салып жоқтай алмаған халық енді жүз жылдан кейін аталған ахуалды басынан кешіріп жатыр. (Әрине, ол кезде бұлай ету еш мүмкін емес еді). 

У. Шекспир «Егер жамандық жайлы тыңдағың келмесе, ол өзі-ақ үнсіз келіп жаныңа жайғасып алатын болады» дейді.

Адам шер мен қайғыдан тек айтып қана арыла алады. Кино – жай ғана сол түйсікті қозғаушы құрал. Енді іштегі шердің екеуара сыр сұхбатына ешкім тосқауыл жасап, қарашаның бетін қақпағаны жөн. 

Халық кімнен айырылғанын, қандай «тозақтан» өткенін, ал билік  адам қайғысынан аттап өтіп жалған тарих жасаудың  қандай қасірет екенін ұжданымен ұқсын...

 


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар