Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Максималар мен қоғамдық ойлар......

11.03.2024 2525

Максималар мен қоғамдық ойлар... 12+

Максималар мен қоғамдық ойлар... - adebiportal.kz

Өзіңнен биік адамға еліктеудің еш сөкеті жоқ қой. Мұны жазуға төмендегі ойшылдардың жоталы түсініктері әсер етті десем еш артық айтқандығым емес. Жалпы жазба әдeбиeттe афoристиканы жeкe жанр рeтіндe дамытқан Жан де Лабрюйeр мен Блез Паскальді, сондай-ақ Франсуа де Ларoшфукoны айырықша айтуға болады. Ларoшфукoның әйгілі максималары – әлемдік oйдың алтын қазынасы. Философиядағы апoфтeгма мен максималар, гнoма мен сeнтeнция сынды түрлі тәсілдерге  жазылған еңбектер есті оқырманды еш ойландырмай қоймайды. Осы бір   қысқаша ғана жанрға қалам тербеген мықтылардың қай-қайсының болсын қалам қуаты  бізді де шын ынтықтырған еді.  Ендеше әр жылдарда (дұрысы осы он жылдың мұғдарында)  қоғамдық көңіл күй ауанына байланысты жазылған әдебиет пен өнерге, теология мен философияға қатысты  ойларымды екшеп алып,  өздеріңізге ұсынып отырмын, құрметті оқырман қауым!

***

Көбелек бар болғаны о басында дернәсіл құрт қана еді. Оған көбелек есімін теліп көкке көтеріп, эстетикалық мазмұн сыйлаған қос қанаты ғана. Енді бұдан кейін көбелек есімінің алуан түрлі гүл атауымен пар айтылатыны ғажап. Адам да адамгершілік пен тұлғалық танымға ар мен парасат негізінде биіктейді. Бұл екеуі де адамды зау биікке көтеріп, мәртебесін мың еселейтін бейне бір көбелектің қос қанаты сынды. Әрине, бұл екеуі болмаған жердің бәрі регресс. Көр жер немесе құр пендешілік қана. Мұндай пенделік шегіністі питекантроп дәуіріндегі көне үңір ішіндегі шақалақ санамен тең қоюға да болады.

***

Өнер моральге (дұрысы үйретілген шындыққа)  ұрынса, ол дінге айналады. Өнерпаз «сыпайы» һәм «сәлделі» молда болады. Мысалы, Мәди (Бәпиұлын айтамыз) моральге ұрынғанда норма мен ережеге бағынып, қоғамдық қарсылыққа (протестке) бара алмас еді. Есесіне «Қаракесек» те жоқ, «Қарқаралы» да жоқ,  қос саусақты мұрынға тығып, тып-типыл  отыратын едік...

***

Америкалық жазушы Энн Райстың «Вампирмен сұхбат» романын студиялық бағдарламаның  төл атауы қылып  «сәби жүзді қанішер» қаншама шалдардан авторлық сұхбат алса ғой, шіркін.

***

Қыбыр етіп қозғалмағаннан кейін көр не, көрпе не бәрібір емес пе?

   ***

Жеті жаһаннамның «тозақ» отын бес мәрте құлшылық емес, еркін ойдан сәуле тартқан сау сана ғана (сол тозаққа) су құйып сөндіре алады.

***

Жағын айырған қойдың тісін қаққандай жәутік профессорлар жазған шикі дүниедегі бірер ғылыми терминдерді сылып тастаса, қаудырап қағаз бетінде әлгі шіркіннің  қара надандығы ғана қалар еді.

***

Ұлт  атынан сөйлеген жаман. Сонда да бір шымшым ой айтайын. Қазақтың әділеті мен әдебі жер бетінде емес, көр ішінде. Кісілігі мен құрметі, жақсыны бағалауы да әйтеуір тірінің емес өлінің жағында. Сондықтан шығар «шіркінайы» мен «ойбайайында» да бір опасыздық бар. Айталық, Арон Атабек арып-азып абақтыда жатса, мына жақта «Еңіреп туған ер Махамбет» деп Өтемісұлын өбектеген  өтірік-шынды мүшайралар өтіп жатады.  «Әлия батыр қызы сен халқымның...» әні өліге болмаса, сірә да тіріге арналмаған. Оның енді  Әйгерім Тілеужанға тіпті де  қатысы жоқ. Кейде ойлаймын осы,  бұл өзі кімнің уақыты мен шындығы деп? Аруақтың ба, әлде  адамның ба? Сонымен біздер кім болдық өзі?  Әділетіміз неге өз уақытынан үнемі  кешігіп жүреді? Менің бір ғұмырымның мәні мен мағынасы қайда? Әлде жер мен көрдің орынын шынымен-ақ алмастырып алдық па өзі?

***

Сөзді төтесінен тартайық. Енді елу, жарайды жеті жүз жыл өтті дейік, сіздің бүгінгі шығармаңыз (поэзияңыз бен прозаңыз) ертеңгілік низамның жоралғысына жарай ала ма, жоқ па, мәселе сонда. Жемір уақыт сіздің атағыңыз бен абыройыңызға, мемлекеттік сыйлығыңыз бен парасат орденіңізге пысқырып та қарамайды. Кешегі «менмін» деген мықтылардың көбісінің аяғы көктен келді. Тағы да талайларымыздың ізім-ғайым жоқ боларын көзіміз көрер, көрмесек рухымыз сезер. Әңгіме төркіні әдебиет жайында болып отырғандықтан, Мұстафа Шоқайдан бір үзім мысал келтірейік: «Әдебиет аяққа қарай тігілетін шақай емес». Көбігінен арылған ғажайы пайым. Біз бұған әдебиет бүгінге емес, ертеңге (оқырман санасының жаңа сапалық қабаттарға көтерілуіне) қызмет қылуы керек деген тезисті түзген болар едік. Олай болса Абай мен Әбділдә тең бе? Әдебиет – күллі көне қағидаларды қиратушы, әм алдағыны бағдарлаушы жаңашылдық. Әдебиеттің шын есім сойы ЖАҢАШЫЛДЫҚ. Бұның бірін де сезбеген екенсіз ақ қағазды ермек үшін алабажақтамай-ақ қойыңыз. Бәрібір «өлгендер қайтып келмейдінің» кебін құшасыз, құрметті замандас…

***

Ницше алапат қой.

Биліктің табиғатын кәдімгі секске балайды (Бұл билік пен виаграның өзара нарқы бір дегені ғой).

Асқар Сүлейменов «Жыныс үшеу: еркек, ұрғашы, билік. 

Соңғысынан асқан сатымпаз-салдақы жоқ. Ұрғашының өзі жолда қалады» дейді. Әділет Шопен де мықты. «...Мысалы, Президенттер түнде әйелдеріне істей алмағанын, күндіз халқына істейді» деп бір-ақ ауыз сөзбен ғана бүктей салыпты. 

***

Құдай  – ұлы танымның сыртқы қабаты ғана.

Ал оның негізгі мәнін ар мен ұят, шындық пен әділет секілді ұлы құндылықтар құрайды. 

«Сен әділет үшін не істедің деген» сауал «Сен Құдай үшін не істедің» сұрағымен бірдей.  Бұл сөз жоқ онтологиялық сауал.

Біздің бес уақыт намаз оқуымыз бен қажылыққа баруымыз ритуал ретінде бағаланғанмен, әділет, сосын азаматтық қоғам жолындағы жанкешті күрескерліктің жалпы дін атаулы үшін не себептен құлшылық болып саналмайтыны қызық. 

Мен егер «пайғамбар жолы» бар деп есептейтін болсам оның бүгінгі мирасқорлары сәлделі молдалар мен сарай депутатары емес, шын демократтар деген болар едім. 

Сосын, біз үшін ораза мен намаз қаншалықты парыз болса, кепелеп тамақ ішіп, көлемі үлкен машина мініп экологияны ластап экожүйені бұзбау одан мың мәрте биік тұруға тиіс парыз болуы керек деген пікірдемін..

 

***

«Ашулансам ызалана алмаймын, күлсем қуана алмаймын...». Аллай, адам өстіп те өмір сүреді екен-ау тегі.Кейде ішқұса қарияны ойлап жанардың боталап кететіні бар.

***

Әйгілі Мәшһүр-Жүсіптің Шәкәрім қажыға бүй деп шүйлігетіні бар. Мағынасы мынаған саяды: «Шәкәрім шежіресінің бір міні – кімнен қай  туғанның ғана есімінің тізбектеле беретіндігі. Ол адамның еткен еңбегі мен жеткен дәрежесі, жақсылығы мен жамандығының толыққанды  жазылмауы». Бұл – біздің шежіреге деген түсінігімізді түбегейлі басқа арнаға бұратұғын көзқарас. Мәшһүрге сенсек, шежіре – қазақтың қаны туралы құжат. Онда адамның аты  ғана емес, еткен кәсібі мен нәсібі (ырыздығы) түгел көрсетілуі тиіс.  Бұл қағиданың басты шарты – осы арқылы кімнің жаман, кімнің текті атаның зәузаты екендігін оп-оңай-ақ ажыратып алу. Өкінішке қарай біздің бүгінгі шежіре деп жүргеніміз өзінің осы толыққанды төл фуникциясынан жаңылып,  керісінше руластардың  бірігіп  бабаларын ұлықтау арқылы өзара аруақ жарыстыратын, сол арқылы бәкене бойлылардың арамза  бизнес құралына айналып отыр.  Ал қазақтың құты саналатын қаракөктіктің критерийлеріне Шәкәрім данышпанның «кірсіз ақыл, мінсіз сөз, адал еңбек» іспетті ұлы ұғымдары жата ма, ол өз алдына жеке тақырып.  Зәуре Батаева «Қазақтар негізінде  «текті» деп дәулетті адамның тұқымын емес,  қиындыққа төзімді, кез-келген жағдайда адамгершілігін жоғалтпаған адамды айтады» дейді. Тарихымызда кімнің текті, кімнің тексіз екендігі (тіпті ойнастан туғандардың тізімі де) әмәнда ашық айтылып отыратын болған.  Бұған айғаққа «Алпамысты» келтіруге болады.  Бұл жырдағы Алпамыс  ақсүйек (текті) болса, Ұлтан – құл (тексіз).  Қазақ жыр-аңыздарындағы «құл» ұғымы тек қана тексіздіктің образы.  Осы атаудың адам есіміне қосақталып айтылуында да үлкен сыр жатқан тәрізді.  Бұл  ескіден жеткен ғұрыптың келер ұрпақ санасына шекіген сақтандыруы мен ескертуінің  жөн-жосығы болуы да мүмкін.  Біз әңгіме барысында «құлдық қоғам» деген сөзді жиі айтамыз. Әсілі, құл басқарған қоғам дегеніміз дұрыс секілді. Құлды тану үшін том-том кітаптарды түгесудің  қажеті шамалы. Оны оқымай-ақ аңғаруға болады. Құлдың ең басты қарсыласы – аристократтар. Тарихта «Алаш арыстары» деген атпен қалған боздақтар өмірінің қанға боялған ащы тағдыры да осы сөзіміздің айғағы. Біздің бүйректен сирақ шығарып, қолдан қағидат жасамақ еш ниетіміз жоқ. Бір кездері арға араша, шындыққа тілектес болған шежіреміздің бар болғандығы жайында ғана сөз шығындап отырмыз. Әзірге Аяз ата мен Ақшақар секілді қолдан жасалған «қайраткер» жандардан тұратын, мақтанға толы қазақ шежіресінен «нашар атаның балалары» дегенді емге таппайсыз. Енді «Елден елді аралап, тектіден текті саралап» жүретін Ақтамберді арманымыздың орындалуы қалай болар екен? Осыны ойлап кетсең болғаны жон арқаң мұздап сала береді...

***

Адам құдайға құлшылықпен емес, тек ғана қателікпен жақындайды. Ғибадатта құр машық пен механикалық қайталау болса, қателікте өкініш пен уайым басым. Кейін сол өкініш адам тәжірибесіне айналады.  Адамды өсіретін де осы өкініші емес пе? Неге дейсіз ғой? Себебі, шын өкініште тәубаның  табиғаты бар. Әзірге мұндай  шетін ұғымдарды түсінуге  мешіт пен шіркеудің  аспан тіреген зор кеудесі мен қас надандығы  жібере қояр ма екен?

***

Ой – тұрақты, сөз – оңғақ. Уақыт өзгергенде сөз де өзгереді. Дәлірек айтсақ, уақытпен бірге жаңа сөздер мен сөзжасамдар жаратылады. Ғасырдың өтімді һәм өкпек желі сөзді сарғайтады, кеміктейді, түсін оңдырады. Жемір уақыттың желі мен жаңбырына тек бір ғана нәрсе шыдас береді. Ол – ой. Ой болғанда рухани инновация санатындағы кемеңгер ой. Біздің проза мен поэзия деп жүргеніміз су татыған сөз тіркестері ме, әлде жасампаз идея ма, мәселе сонда ғана. Ой дегеніміз – таным. Танымы өзгерген елдің тағдыры да өзгереді.  

 

***

Бала мұрты енді ғана тебіндеп, жасы жиырмаға жетпеген, қолы бастығырып, қолтаңбасы аңдалмаған жастарды кей ағаларымыз абайлап мақтаса ғой. Қазақ поэзиясының құбылысы, феномен, әлем ақыны, тағы да сол секілді  бірдеңелер... Ойланып көріңізші, он тоғызында осындай сөздерге үйренген адамды қырқында қандай мақтаумен риза етуге болады. Ағаларының ақ көбік мақтанына малтығып өскен әлгі шіркіндер шынымен-ақ «пайғамбарға» айналайын деген екен. Сұхбат бере қалса анасының құрсағынан қағаз бен қалам ұстап туғандай біртүрлі образға еніп, ал  бірдеңе десең болғаны, тамыры білеуленіп, тайдай тулайды-ай келіп. Бір нәрсені айдай анық, күннен раушан дейміз. Сол «ағалары» оларды шын пейілімен мақтап отырған жоқ. Қазақша айтқанда қоптырып, құйрығына жел беріп әдейі қыжыртып отыр. Ал, ана жазғандар болса оған риясыз мәз.

 «Құдайдың баласымын», «Аспанның ағасымын» деп тым аспандап кеткен сол шіркіндерді жерге түсірудің жалғыз-ақ жолы бар. Көкелері ішін кептіре мақтаған әлгі  кеуек кеудесіне кірш еткізіп «біз» сұғып алу қажет. Сосын... жалп етіп жерге құламаса оң  қолыңды бермен әкел.

Бұл жердегі «біз» ұғымы  суық қару сипатында емес, сауатты сын туарасында. Сол «бізді» сұғу үшін де әрине, қажымас қайрат пен мұқалмас мінез қажет. Қазіргі қазақ әдебиетіндегі топтар мен кландардың криминалдық әрекеттері кешегі Мұса мен перғауын арасындағы ғазауат майданынан бір мысқал да кем болмайын деп тұр.  Бұл жорықта атойлап үн шығарып жүрген Бағашар мен Бағылан бауырларымның таңдаған жолдарына алаң екендігімді де еш жасырғым келмейді. Екінші жағынан мәртебелі басы босағада қалып, әбден саржамбас болып жатып қалған қазақтың кәсіби сын өнерінің де төрге озар мезетін шынымен аңсадық тегі…

 

***

Қара өлең – ықылым замандардың елегінен өткен, бір ғана автордың емес, тұтас ұлттың рухани генефоны. Дәлірек айтсақ, тектік негізі мен жаралымы. Эпостарға ес жұпарлап, қара өлеңге кіндік байламайынша қолға еш қалам алуға болмайды. Емлесі (жазылуы) қазақша дегеніңіз болмаса, ойын (мазмұнын) адам түсінбейтін, бейнебір тәржімә іспетті тексіз (генетикадан ада) өлеңдердің қаулап кетуінің түпкі тіні де осында жатыр. Қысқасы, сөзуар, күшеншек, қолдан түнеріп өлең құрайтын «жандарға» шын өлеңнің мәртебесі былай болады деген мақсатпен қара өлеңнің ғашықтық саласынан бірер шумақтар ұсынып отырмын…

Жылқым жусар сәскеде Шаппакөлге,

ЖАНЫМ СЕРГІР СЕН ЖАҚТАН СОҚҚАН ЖЕЛГЕ.

Сен есіме түскенде беу, қалқатай,

КӨЗІМНЕН АҚҚУ ЖҮЗЕР АҚҚАН СЕЛГЕ.

 

Ауылың Жасыбайдың ақ сорында,

Таласар жаман асқа, жақсы орынға.

АҚҚУДАЙ ТОЛҚЫН СОҚҚАН КӨЛБЕҢ ЕТІП,

АҚ ҮЙДІҢ ҚЫЛАҢ БЕРШІ ЖАПСАРЫНДА.

 

Әуеде ұшып жүрген қара инелік,

Ұшады қара инелік зар иленіп.

Сен есіме түскенде қимас қалқа,

ҚАТАДЫ ҚАБЫРҒАМА ҚАН ИЛЕНІП.

 

Жайылып жылқым жатыр тепсең жерде,

Сендей адам тумайды ексем жерге.

Екінті мен ақшамның арасында

АСЫҚҚАННАН ТИМЕЙДІ ӨКШЕМ ЖЕРГЕ.

 

Қолында жылқышының ақтан құрық,

Ат міндім кертөбелді баптандырып.

ҚАЙЫРЫЛТЫП АҚ ТАМАҚТАН БІР СҮЙГІЗШІ,

ОРЫНЫНДАЙ ТҮЙМЕНІҢ ДАҚ ҚАЛДЫРЫП…

***

Олжас  Сүлейменов «Шекспирі  жоқ  елдің Ньютоны  да болмайды»  деп тосыннан  бір  ой айтыпты.  «Шекспир  болса ақын, ал Ньютон болса физик, екеуінің бір біріне нендей қатысы  бар?»  деп ойлап  жүретін  едім. Оңбай  қателескенімді енді ғана түсініп отырмын. Бақсам, Ньютон Шекспирден шекарасыз, еркін ой ойлауды  меңгерген екен.  

Эйнштейінің «Логика А мен В нүктесіне, ал қиял қалаған жеріңе дейін жеткізеді» деп отырғаны да осы ғой. Бұл танымның тезімен қарайтын болсақ, тұлғалар тізбегінің негізінде ғана  алыптар  шоғыры қалыптасады  екен. Айталық, Абай болмаса – Әлихан, ал Әлихан болмаса Смағұл Сәдуақасов пен Мұхтар Әуезов әсте болмас еді. Ал Әуезовсіз Әбіштіңде болуы екіталай мәселеге айналатын еді…

 

    ***

Тұлпарға мінбесем де тайға мінгендей жаман орысшаммен Олжас Сүлейменов өлеңдерінен бәрібір автордың (төл) орыс ұлтынан емес екендігін сездіретін  бір жайды шетін  болсын түсінетін едім. Көкірегімде жүрген күмәнның әлгі  жауабын көп жылдардан кейін Бауыржан Момышұлынан таптым. «Говорить на родном – это значит выражать свои мысли с той непосредственностью, искренностью, полнотой, которые невозможны для нашего поколения на других языках... Мы и на русском языке выражаем свои мысли по-казахски...»

Қызық, құпияның бәрі соңғы сөйлемде жасырынып жатқан болды ғой... 

 

***

Қожа-молданың қай тозақты айтып қорқытып отырғанын білмеймін.

Адамзат баласы үшін жоқшылықтан артық қорлық, кедейліктен артық тозақ оты бар ма екен сірә? 

 

 ***

Әннің обалы мен сауабы, бұрнағы бозжусан болмасы Толудың (Толғанбай Сембаевтың) көмейінде қалды. Бірде қорғасындай ауырлатып, бірде қауырсындай жеңілдетіп екі ішекпен қос өмірдің нарқын түсіндірер салауат Жанғалидың саусағында тұр. 

Қазақтың қадым замандардан бергі саусақ ұшына келіп ұйыған шер-наласы Сматай Үмбетбаевпен бірге жоғалар ма екен деп қорқамын. Қай күндері алабұртқан көңіл сарығын баспаққа Сматай шалған қобыз үніне аңсарым ауды. Нанасыз ба? Мәдениет министрлігінің қолдауымен шыққан «мың күйден» Сматай қобызының үнін таппай шынымен-ақ қайран қалдым. Не деген парықсыз ел едік осы? Бүгінде не көп өзі? Зады арзан, сүйегі жасық өнерпаз көп. Ал мына үш корифей «қызыл кітапқа» кірген «қазақтың» ең соңғы, көзі тірі кейіпкерлері ғой.

Әттең дейсің, әбілет басқан қоғамға ішің оттай жанып... 

***

1937 жылы Германия көрмесіне мүмкіндігі шектеулі (мүгедектер мен ергежей) жандардың небір бейнесін тақырып еткен туындылар топтамасы қойылады ғой. Гитлерге бұл көрме аса ұнамаса керек, бірден ашуға бой алдырады. 

«Біз өнерде тек сау дененің ғана салтанат құрғанын қалаймыз. Нацистер қашанда сымбатты да сұлу болуы керек. Бұл шындап келгенде азғындықты ғана насихаттау» деп жалпыхалықтық ұран тастайды. Бұл ұран енді сөз жүзінде ғана қалып қоймай, дене тұрқында ақауы бар 200 000 астам адам осы идеяның негізінде ажал құшады. Көрмеге әйгілі суретші Эрнст Людвиг Кирхнердің де «Жауынгерлердің автопортреті» (Self-Portrait as a Soldier) атты туындысы қойылған болатын (Оқ жұлып кеткен қолды қасапхана мен жалаңаш әйел бейнесінде ишаралаған сурет көрменің ең негізгі төрінен орын алған еді). Осы туындысы бір басына сор болып жабысқан суретшінің бұдан өзге де 600-ден астам туындысы түгелдей дерлік тәркіленді. Мұндай қатыгез шешімге шыдамаған суретші ақыры өз-өзіне қол жұмсап, 1938 жылы дүниеден озады. Жалпы жер жүзінде мүмкіндігі шектеулі жандарды өз шығармасына бұлжымас тақырыбы еткен авторлар легі көп емес десек те болады. Мұндай мысалға ілкідегі Диего Веласкестің ергежей жандарды бейнеленген кей туындылары мен Пабло Пикассоның «Қуыршақ ұстаған Майя» (Maya with a Doll) атты кубтық портретінде остеогенезбен сырқаттанған сәби суретін атап өтеуге болады. 

Хош... Бұл енді кешегі кеп қой...

Сурет өнерін сөз етпегенде қазіргі қазақ әдебиетінің негізгі тақырыбы әдемі қыздар мен ұлт қаһармандарына толы. Шын өмірдің өз кейіпкері «кішкентай адамның» тағдыры қайда? «Кішкентай адамды» айтпағанда кемтар жандардың қораш тағдыры кімдерді енді қызықтыра қойсын (Он екі мүшеміз сау бола тұра өмірдегі әлі өз орынымызды таппай сандалып жүргенде «кемтарлығыңды»  енді біреудің кешіре қоюы да екіталай дүние ғой).  Десек те өмір қатал болғанмен өнер  қатал болмауы керек қой. Осы жерде жалпы оқырманға қаратып мынадай бір сауал қойсам ба деймін. Бір аяғы я бір қолы кем адамды күнде көріп жүргенімізбен бір тамшы да ар-ұяты жоқ адамды кемтардың санатына жатқыза аламыз ба?  Міне, мәселенің  үлкені де осы жерде жатыр емес пе?

                                                                                                                                                                                                                                                                                          ( жалғасы бар…)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар