Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Егемен төріндегі әдеби кеш......

26.01.2024 654

Егемен төріндегі әдеби кеш... 12+

Егемен төріндегі әдеби кеш... - adebiportal.kz

      Кеше жүз жылдық тарихы бар Егеменнің төрінде «Егемен жастар» атты әдеби кешке орай Абай Аймағамбет, Батырхан Сәрсенхан, Бақытбек Қадыр, Жәнібек Әлиман сынды авторлардың жаңа кітаптарының тұсаукесері өтті. Кеш тізгіншісі Ұларбек Нұрғалым кешті жүргізу барсында Егеменде еңбек еткен Алаш арыстары Ж. Аймауытов, Б. Майлин, М. Әуезовтерден бастап газеттің ғасырлық тарихына қысқаша шолу жасай кетті. 

      Сөз басын ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы алды:

     -Кеше ғана ең алғаш өлеңі немесе әңгімесі біздің қазақ басылымдарында жарық көрсе, алақалайлап қуанып жүрген балалар, міне он жылдың ішінде үлкен әдебиетке өздерінің үнімен еніп отыр. Өте жақсы үрдіс. Қазір  рухани салада қызмет ететін, рухани салада жүрген азаматтармен сөйлессеңіз, тіл құрып бара жатыр, ешкім кітап оқымайды, поэзияны ешкім оқымайды деген сөздер ара-тұра айтылып қалады. Бірақ, егемендегі жігіттерді көріп, қапталында мыңдаған жігіт тұрғанын көресіз. Қазақтың сөзін кім ұстайды, қазақтың мәденинтін кім арықарай жалғастырады дегенде осы азаматтар еске түседі. Тәуба деп айтамыз. Өзіміз атап отырған екі ақынымыз да, екі жазушымыз да осыған дейін бір неше бәйгеден олжалы келген азаматтар. Бұл ұлттық деңгейдегі бәйге, салалық деңгейдегі бәйге, бұл азаматтардың сөзсің еңбегінің маңдай тері. Қалам, ақ қағаз, ойы, пікірі осы жігіттерді абройлы етіп отыр. Сапалы, озық ойлы ұлт білімді азаматтардан құралады. Газеттің  әдебиет және мәдениет бөлімін жібермей қарап отырсаңыздар қазіргі жастардың интеллектуалды деңгейін көрсетеді. Жастар өз кезеңін өз ойларымен жеткізіп жатыр, өз бағасы бар, өз талғамы бар. «Егемен жастары» деген идея көтерілгелі бұл Егемен үшін ғана емес, ұлттық басылымдар үшін де маңызды идея-жоба деп қабылдап отырмыз. Жастарды қолдауымыз керек, міне, біраз еңбектердің түсауын кесейік деп отырмыз. Жолдарың болсын! Жақсылық болсын! Егеменің абройы арта берсін!

   Сөз арасында Батырхан Сәрсенхан мен Жәнібек Әлиман кезектесіп жыр оқыса, Өнер академиясының  жас студент актерлары тұсауы кесілгелі жатқан әңгімеден үзінді оқыды. Әннен әуелетіп  Сәулежан Тағзия кештің көрігін қыздырса, талпынып, талаптанып жүрген жас буын Егемен ақындары өз жырларынан кешке шашу шашты. 

    Проза жанрынан Абай Аймағамбет, Бақытбек Қадыр өз шығармашылықтары туралы ортаға шығып қысқа да, нұсқа сұхбат өткізді. Келген жастар  жазушы еңбектері туралы өз сұрақтарын қойды.

         Қазақтың көрнекті қаламгері Асқар Алтай: 

    - Толқынды толқын қуады, толқынан  толқын туады дейді. Әдебиетте осындай толқындар келіп отырады. Л. Гумилевтың ұлттың көтерілу кезеңі, баяулау кезеңі болады, сол секілді әдебиеттің де сондай кезеңі болады. Алпысыншы жалдардағы буын мен Оралхандардың буыны. Мағауин айтқандай әдебиетке қырық жігіт келсе, солардың арасынан бес жігіт қалса ризамын деп. Біз әдебиетке тоқсаншы жылдары келгенде қырықтан астам жастар болды. Соның ішінде әдебиетте бес-алтауы ғана қалды. Менің қуанып отырғаным сондай бір үлкен буын келген секілді, әсіресе, прозаға келген буынның тым сирек жанрларға қалам тартып жатқаны. Өйткені қазақ әдебиеті сонымен өркендейді, сол буын арқылы өседі. Өлеңде саяси тақырыпты айту оңай болды да, прозада айту өте қиын. Көркемдікпен бірге мына қазақ қоғамына не керек деген мәселені де көтеру керек. Қоғамдағы әлеуметтік проблемалар, ішкі тұрақтылық пен тұрақсыздық туралы тақырыптарды да тарқатып жазуға тиіс деп ойлаймын. Және оны басқаша жастар өз көзқарастары тұрғысынан, біздің көзқараспен емес, (біздікі  енді ескілеу  болады) жаңаша түрлендірсе дейміз.  Біз сендерді түсінбей жатсақ, ол біздің көзқарас басқаша болғандықтан, ескіде қалып қойғанымыздың  себебінен болып отыр. Ақындардың келуі оңай, ел барда қазақтың тілі  бар да қазақтың ақыны бар. Ал, қазақтың прозасы жоғары деңгейде көріну үшін Әуезов, Қалиқхан Ысқақ, Оралхандар әрине жоғары өлшемде болу керек, солардың деңгейіне жететіндей, сол деңгейден төмен түсіпейтіндей проза келу керек. 

      Кеш барысында  Қуаныш Жиенбай, Талғат Батырхан,  Дәулеткерей Кәп, Толқын Қабылша сынды ақын-жазушылар өз кезегінде, жас авторлар мен аудитория қонақтарына лебіздерін білдірді. Алдыңғы буын ағалар  ізетімен жаңа кітаптардың тұсауын кесіп, өз оқырмандарына кеңінен танылуына ниеттес екендіктерін жеткізіп, жастарға шығармашылық табыс тілеп, ақ баталарын берді. 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар