Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҚСЫНЫҢ КӨЗІ
Детектив жанрындағы алғашқы туынды немесе Мұқан Им...

11.09.2023 1844

Детектив жанрындағы алғашқы туынды немесе Мұқан Иманжановтың биік тұлғасы 12+

Детектив жанрындағы алғашқы туынды немесе Мұқан Иманжановтың биік тұлғасы - adebiportal.kz

Детектив жанрындағы шығармалардың саны әлем әдебиетінде баршылық. Қылмыстық істерді ашу жолындағы іс-әрекет, айла-тәсілдерге құрылған, шытырман оқиғалар мен ондағы жалт еткізер детальдер арқылы оқырманды қызықтырып отыратын бұл жанрдағы туындылар туралы айтылғанда, әлемдік әдебиетте Артур Конан Дойлдың «Шерлок Холмсы», отандық әдебиетте Кемел Тоқаевтың «Түнде атылған оқ» қатарлы туындылары ойға оралары анық.  

Сюжеті ізі жасырылған жұмбақ қылмысты ашу жолындағы қисындық бас қатыру пайымына құрылып, ақыр соңында із кесуші заң қызметкері немесе тыңшы, барлаушы бұлтартпас дәлел, айғақпен қылмысты қоғам тыныштығын бұзушы қылмыскерді әшкерелеумен аяқталатын детектив жанрындағы туындылар қазақ әдебиетінде санаулы болса да баршылық. 

Қазақ әдебиетінде детектив жанрындағы туындының алғаш жазылу тарихы қалай еді? Бұған кім ықпал етті? Осы сұрақтарға қатысты бір үзік сырды біз көрнекті жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Қаламгер және оның достары» атты эпистолярлық романынан табамыз. 

Қазақтың белгілі жазушысы, журналист Мұқан Иманжанов (1916-1958) – өзінің қысқа ғана ғұмырында айналасына шуақ шашып өткен үлкен жүректі азамат болғандығы, оның өз шығармашылық жолында кімдермен жақсы достық қарым-қатынаста болып, кімдерге жол сілтеп, қамқорлық жасағаны туралы жоғарыда аталған романда кеңінен баяндалады. Сөзіміз дәйекті болу үшін Әзағаңның жазбасына кезек берелік. 

1958-жылы 18 наурызда ұзаққа созылған науқастан дүние салған Мұқан Иманжановты ақтық сапарға шығарып салған қаламгерлер қауымы жазушының үйінде жетілік науқанын беруге жиналады. «Қаламгер және оның достары» кітабының  21-тарауы осыған орай «Жазушының жетісі» деп аталған екен. Әзағаң өз күнделігінде былай деп жазыпты: «23 наурыз. 1958 жыл. Ертең Мұқанның жетісі беріледі. Мұқанның барлық достары мұрнымыздан шаншылып, соған әзірлік жасап жатырмыз. Әзірлік детальдарын кейін, қол бостау кезде толық етіп жазармын». Қысқаша төлеу сөздей айтқанда, бұдан арғы күнделік жазбасында Әзағаң 24-наурыз күні қимас досы Мұқанның жетісі берілгенін, оған көптеген жазушылар, журналистер, әртістер жиналғанын, достары табанынан тік тұрып даяшылық қызмет еткенін, жетісіне арналған қаралы жиынды жерлеу комиссиясының бастығы болған Сәбит Мұқанов ресми етпей ашып, сөз сөйлегенін тәптіштеп жазады. Сонда ұзақ сөйлеген Сәбең Мұқан інісінің өмірден өткенде өзін жетім қалғандай сезініп жүргенін айтады да, оның себебін былайша түсіндірген екен: «... жаман адам өлсе, жақындары жетіліп қалады. Жақсы адам өлсе, оған бүкіл ауыл жетімсірейді. Ал Мұқан бірсыпырамыздан жасы кіші болса да, ағамыздай көрінуші еді. Ал жастарға әкесіндей еді десем артық емес».

Бұдан әрі Сәбең Мұқан інісінің қамқорлығы туралы былай деп ой толғаған екен: «Қамқор» дегеннің өзі – ең әуелі ақылшы ғой. Мұқаң анау Ғабиденнен бастап, мына Қаллекей ағамыз бен Серағаңдарға дейін өз ақылынан үлес берді. Ал Қазақстанда қолына қалам ұстаған кішілерден Мұқан ақылынан алыс қалғандары аз болар деп ойлаймын. Біз осында Жазушылар одағы бар дейміз. Талантты жастарды мүшелікке қабылдаймыз. Сонымен іс тынды деп есептейміз. Ал сол талантты жастарды тәрбиелеуші кім? Мұқан. Мойындайық, мойындамайық – Иманжанов бір Жазушылар одағының жұмысын бір өзі атқарды. Тіпті болмағанда бүкіл одақтың тәрбиелік жұмысын жалғыз өзі атқарды дегенге дауласуға болмайды. ...Біз, жазушылар, өзімізді мақтап, мадақтағанды өте ұнатамыз. Бірақ біз басқаларды марапаттауға сараңбыз. Оған баспаймыз, бармаймыз. Ал Мұқан баратын. Жазушылардың жаңа кітаптарына, сахнаға қойылған драмалық шығармаларына үнемі пікір айтып отыратын Мұқан ғана болатын». Әзағаңның жазуынша, Сәбең осылай ұзақ толғана келе, Мұқандай аяулы жанның жетісінде әріптес, достарынан, аға-інілерінен ол туралы естеліктер айтуын өтінеді. 

Осыдан кейін ақындар Тұманбай Молдағалиев, Мұзафар Әлімбаевтар Мұқан ағасы туралы толқынысты өлеңін оқыса, Бәткен Сағындықов, Ғайса Сармұрзин, Өтебай Қанахин, Тәкен Әлімқұлов, Мұхамед Нұртазин, Серік Қирабаев, Мұзафар Әлімбаев (естелікке жеке сөйлеген), Қасым Қайсенов қатарлы қаламгерлер естелік айтқан екен. Тиянақты қаламгер, қаламы жүйрік журналист Әзілхан Нұршайықов даяшылық жасай жүріп, тыңдағандарын ізін суытпай қағазға түсірген. Бізге қажеттісі – Мұқан Иманжановтың қаламдас досы, жазушы Кемел Тоқаевтың еске алу сөзі. Жазушының еске алу сөзін толық келтірелік: «Қазақ әдебиетінде бұрын детектив жанры болған жоқ. Осы жанрдың өмірге келуіне Мұқан түрткі болды.

1952 жылы Отан соғысы тақырыбына жазылған көркем шығармаларға бәйге жарияланды. Сол бәйгеге қосылған менің «Ұшқын» деген повесім тәуір деп аталды. «Қазақстан пионері» газетінде басылды. Сол мақталған повестің тіліне Мұқан оңашада өзіме көп кемшілік айтты. «Кейін жинағыңа кіргізгенде ескерерсің», - деді. Мен оны ұнатпадым.

Кейін баспаға жинақ әзірледім. «Ұшқынды» қайта қарап шығып едім. Ондағы сөйлем салақтықтарын, тіл олақтықтарын көріп, өзімнен өзім ұялдым. Мақталған повесті жинағыма кіргізбей тастадым.

Екінші повесть жазуға кіріспек болдым. Мазмұнын Мұқанға айттым.

- Бізде детектив жанры атымен жоқ. Байқаймын, қазіргі жас әдебиетшілер ішінде сенің осы жанрға бейімің бар. Өзің ұнатпай тастаған «Ұшқында» да осы жанрдың белгілері болатын. Мына жобаңда да детективтің құлағы көрініп тұр. Тәуекел, кіріс, бауырым. Бәлкім, сен әдебиетіміздегі осы жаңа жанрдың атасы боларсың!

- Атасы болу қайда, Мұқан аға. Мен тәлтіректеп, сіздердің соңдарыңыздан еріп жүрсем жетеді.

- Қой, олай деме. «Ондай болмақ қайда?» - деп айтпа, ғылым сүйсеңіз» демеп пе еді, Абай. Қорғанбай кіріс, бауырым. 

Кірістім. Повесть жазылды. «Көмескі із» деп аталды. Талқылау болды. Мұқан оған тағы бір штрих қосуды ұсынды. Қостым, Повесть шықты. Қалжың болсын, шын болсын, жұрт оны «қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының басы» деп атап кетті. 

Әдебиетімізде осы жанрдың тууын ең алғаш арман еткен Мұқан еді». 

Қазақ әдебиетіне детектив жанрын алғаш алып келген жазушы Кемел Тоқаевтың жүрекжарды еске алу сөзі осылай өрілген екен. Әрине бұдан жазушы Мұқан Иманжанов сол кезеңде ықпал жасамаса, аталған жанр қазақ әдебиетінде туып-қалыптаспаушы еді деген қорытынды жасамаймыз. Дегенмен жанрға жаңа қалам тартып жүрген жас қаламгерге бағыт-бағдар беріп, алға ұмсындыру – ұлтына, әдебиетіне деген жанашырлықтың белгісі ғой. Кемел Тоқаевтың өз жазбасында да Мұқан Иманжановтың ықпал етуімен өзінің жазып жүрген туындысын қаламгерлер ортасында талқылағанын, онда жолдастық ескертпелер айтылғанын, Мұқан Иманжанов тарапынан айтылған кейбір ескертпе сындарға әуелі ренжу сыңайында болса да, кейіннен ойланып қарағанда шынымен дұрыс болғанын айта келе бір күні жаңа туындысын талқыға салғанын жазады: «Мен жиналғандарға «Көмескі із» повесін оқи бастадым. Мұндағы оқиға желісі Мұқаңа жазып берген әңгімеден өзгешелеу еді. Снаряд жарықшағы тиіп қайтыс болған Сүлейменовтың планшетасынан құпия картасы жоғалады. Соны іздеу жолында оперативтік қызметкерлердің іс-әрекеті суреттеледі. Оқиға желісі тартымды болғанымен, мен шығарманы жөндеп оқи алмадым. Мұқаң дегбірсізденіп, жан-жағына қарап:

– Түу, Кемел-ау, тәуір нәрсені оқи алмай бүлдірдің-ау! – деп қынжылды.

– Әкел, маған берші, мен оқиын! – деп Нығымет қолымнан қолжазбаны алды. Нығымет сөйлеген кезде бетіне қан жүгіріп, қызарып кететін әдеті бар-тын. Қазір де сөйтті. Бірақ қолжазбаны оқығанда жаттап алғандай нақышына келтіріп, әдемі оқыды.

– Міне, енді ғана ажары кірді ғой, – деп Мұқан тәнті боп қалды. «Бұлт арасынан қиықшаланып ай көрінді» дегенде «Мұқаң қолын шапақтап: – Қандай орынды, әдемі айтылған сөз, – деп балаша қуанды. Осы повесті талқылап болғаннан кейін, оңаша әңгімеде Мұқаң:

– Бұрынғы жазғандарыңа қарағанда әжептәуір ысылғандық, қаламыңның төселгендігі байқалады. Шығарманың тілі де жақсы. Дегенмен, повестің оқиғасын қоюлай түскен дұрыс па деймін. Мәселен, тергеуші мен Белованың арасында ұзақ әңгіме болады. Бұл оқушыны жалықтырып жіберуі мүмкін. Сондықтан осы әңгіменің арасына тағы бір қызықты штрих қоссаң қайтеді, – деп ақыл берді. Мен шығарманы баспаға әзірлеген кезде Мұқаңның осы ағалық ақылын ескердім.

Мұқан Иманжанов үлкен психолог адам еді. Ол өзінің айтқан нақыл сөзі қонымды болу үшін сондай бір сәтті кезді табатын. Әрбір сөзді майдалап, түсіндіруге тырысатын. Ол кезде жаңа бастап жазып жүрген жас жазушылар үшін Мұқан Иманжанов үлкен өнеге иесіндей көрінетін. Оның қасында жүріп, сөзін тыңдауды мәртебе санайтынбыз.

Мұқан Иманжанов жастардың үлкен досы еді. Қыс айының ішінде Қазақтың мемлекеттік педагогтық қыздар институты Мұқан Иманжановпен кездесу өткізді. Осы кездесудің алдында ғана көркем әдебиет баспасы оның «Жастық» жинағын басып шығарған еді. Кездесуде осы жинақ талқыланып, студент қыздар өздерінің пікірін айтты. Жазушыға көптеген сұраулар қойылды. Мұқаң сол сұрақтарға жауап бере отырып, осы күнгінің жасы өнерлі, білімді болуға тиіс екенін, ол үшін оқу керек екенін, барлық байлық білімде екенін тыңдаушы қауымға түсінікті тілмен жеткізіп берді. Жастық жайында, махаббат жайында тәтті әңгімелер қозғады...

Мұқаңның дүние салғанына бірсыпыра жылдар өтті. Бірақ ол сол кесек қалпында, бар тұлғасымен көз алдымыздан кетпейді. Сірә, аға ақылы ұмытылмайды екен.»

Мінеки, ағалардың алақаны, қамқорлығы деген – осылай болса керек-ті. Жазушы Кемел Тоқаев жылдар өткенде қаламдас ағасы Мұқан Иманжановтың риясыз қамқорлығы туралы осылай толғанады. Кемел Тоқаевтан кейін де Қалмұқан Исабай, Шәкен Күмісбайұлы, Болат Бодаубай қатарлы қазақ қаламгерлері детектив жанрында қалам тербеді. Қазіргі даму күйін керемет деп те, мүлдем жоқ деп те айтуға болмас. 

Әкесінің аталған жанрдағы туындылары туралы баласы Қасым-Жомарт Тоқаев ертеректе жарық көрген еңбегінде былай деп жазады: «Әкем кітаптарына байланысты жылы лебіздер, милиционерлер мен чекистердің ауыр жұмыстары туралы жазғандарын жалғастыру жөнінде өтініш жазылған хаттарды көп алатын. Әкемнің шығармашылығына американдықтар да көңіл аударды, оның атына АҚШ Koнrpeci кітапханасы мен Иллинойс университетінен «Соңғы соққы» романының eкi данасын салып жіберу туралы өтініш келіп түскені есімде. Оның қаламынан туған «Соққыға соққы», «Солдат соғысқа кетті», «Ұясынан безген құс», «Көмескі iз», «Таңбалы алтын», «Түнде атылған оқ», «Сарғабанда болған оқиға» сияқты кітаптары әлі талай ұрпақтың кәдесіне жарайтын шығар деп ойлаймын. Оның «Соққыға соққы» романына ерекше тоқталғым келеді. Бұл  шығарманы әдеби сын  қазақ әдебиетіндегі ең алғашқы детективтік  роман деп бағалағаны есімде. Ол осы романды жазуға отырғанда мені «қалай болар екен, фильм шықты, романның жалпы мазмұны белгілі» деген сияқты күдік мазалаған. Атаман Дутовтың көзін жоюға байланысты окиғаның нұсқасы мен күткеннен асып тускендіктен,  кудігімнің бекер болғанына қуандым. Сәтті шықты».

«Ебепке – себеп» дейді қазақ. Отандық әдебиеттегі детектив жанрының тууына жебеуші себепкер болған Мұқан Иманжанов екендігіне туралы осы жанрдың негізін қалаушы қаламгер Кемел Тоқаевтың еске алуы мен кейінгі естелігі арқылы көз жеткізе аламыз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар