16 мамыр – «Астана Опера» театрында Қазақстандағы жылдың ең айтулы мәдени оқиғаларының бірі – «Опералия-2025» халықаралық фестивалінің салтанатты ашылуына орай баспасөз мәслихаты өтті. Фестиваль Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Аталған фестиваль «Астана Опера» театрында қатарынан үшінші жыл, үшінші мәрте өткізіліп, фестиваль уақыты 16 мамыр мен 13 шілде аралығында жалғасын табады деп күтілуде. Осы аралықта 30-дан астам қойылым мен перформанстар көрермен назарына ұсынылмақ. Фестивальдің ерекшелігі әлемнің түкпір-түкпірінен келген танымал опера, балет және симфониялық музыка шеберлерін бір сахнада тоғыстырмақ.

Баспасөз мәслихатын ашқан «Астана Опера» театрының директоры Александр Совостьянов фестивальдің биылғы бағдарламасы бұрынғыдан да мазмұнды әрі жаңашыл екенін атап өтті.

«Мен үшін бүгінгі сәт – ерекше мәртебе. Мемлекеттік театрда өтіп жатқан дәстүрлі «Опералия» фестивалін алғаш рет өз атымнан таныстыру – үлкен абырой. Бүгін біз кезекті фестивальдің шымылдығын түргелі отырмыз. Фестиваль 16 шілдеге дейін жалғасып, осы аралықта отыздан астам бірегей қойылым мен перформанстар ұсынылады.

Сіздерді осы қойылымдардың барлығына шақырамыз! Біз бұқаралық ақпарат құралдарының қолдауымен, өнерге жанашыр достарымыздың көмегімен, театр ұжымының дайындаған тың әрі мазмұнды бағдарламасын көрерменге жеткізе аламыз деп сенеміз. Елордамызға ат басын бұрған әрбір мейман бұл көркем кештердің куәсі болады деп сенеміз.

Бүгіннен басталатын әсерлі фестиваль – аңызға айналған француз хореографы Ролан Петидің «Арлезианка», «Бозбала және Өлім», «Кармен» сынды бір актілі балеттерінің премьерасымен ашылады. Үш бірдей спектакльден тұратын бұл қойылым көрермен жадында өшпес із қалдырып, театрымызға деген қызығушылықты бұрынғыдан да арттырады деп сенеміз!

Фестивальдің аясында 20 мамыр күні композитор Сыдық Мұхамеджановтың «Айсұлу» атты комедиялық операсының көрсетілімі болады. Қойылымның режиссері –Еренбақ Тойкенов болады. Ал 6 маусым күні Жорж Бизенің мәңгілік мұрасы – «Кармен» операсы сахналанады. Бұл қойылымда басты рөлді «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының жетекші солисі Татьяна Вицинская сомдап шығатын болады.

Биылғы фестиваль аясында Болгария, Қытай, Моңғолия, Ресей, және әрине, Қазақстанның таңдаулы опера және балет майталмандары шақырылып отыр. Олар көрерменге талантымен, кәсібилігімен өнердің нағыз қуатын паш етпек», - деген театр директоры фестивальдің маңызын баса айтты.
«Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова өз кезегінде француз хореографы Ролан Петидің бір актілі үш балетінің премьерасы туралы былай деді:

«Фестиваль шымылдығын ашқалы отырған Ролан Петидің үш бірдей қайталанбас туындысы - «Арлезианка», «Бозбала және Өлім», «Кармен» балеттері. Бұл көрнекті француз хореографының классикалық би дәстүрін қайта ой елегінен өткізуге тырысып, оған заманауи реңк үстеген еңбегі. Сахнада өнер көрсетіп жатқан әртістеріміз әлемдік деңгейдегі осындай шедеврлерді орындап, нағыз шығармашылық процестің қазанында қайнауда. Бұл – әрбір әртіс үшін үлкен қуаныш әрі үлкен сынақ болмақ.
Осыдан тура бір ай бұрын Санкт-Петербургте өткен фестивалде біз Ролан Петидің осы үш туындысымен қатысып, табыспен өнер көрсетіп, көрермен мен бағалаушылардың зор құрметі мен қошаметіне бөленіп қайтқан едік.

Репертуарымызды осындай тамаша балеттермен толықтыра алатынымыз біз үшін үлкен бақыт. Бұл балеттерде орындаушылар үшін аса қызықты, эмоциялық терең актерлік жұмыс талап етіледі. Әдетте сахна ортасында әйел кейіпкерлер тұрады, ал бұл жолы ерлер партиясына үлкен мән берілген. Мәселен, «Бозбала және Өлім» (Le Jeune Homme et la Mort ) балеті – шын мәнінде өнердің асқақ шыңы. Бұл – әрбір кәсіби бишінің арманы. Бұл балетті Михаил Барышников, Рудольф Нуреев сынды ұлы шеберлер орындаған, ал кейінгі әр буын дарындылары оны сахналауды армандап келді», - деп сөзін аяқтады.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық байқаулардың жеңімпазы Бақтияр Адамжан өзі сомдайтын бозбала туралы былай деп ақтарылды.

«Бозбала мен өлім» балетіндегі басты міндет бозбаланың күйін көрермендерге жеткізу, оның ішкі жан дүниесін ақтарып сыртқа шығару. Басталған сәттегі төсекте жатқан бозбала есіктен кіріп келіп, менің жалғыздығымды, тыныштығымды кім бұзады екен? Мені ойына сақтаған бір адамы бар ма екен дегендей. Болмаса біреуді сағынышпен күтіп жатқандай, біреуге деген махаббатын, ішкі дүниесіндегі қалауын сыртқа шығара алмай, өзімен өзі бөлмеде жатқан бозбаланың күйін, хореографиямен сомдау әрине қиын. Ол үшін актерлік шеберлігімізді толықтай жан-жақты ашу керекпіз. Соңында мерт болатын бозбала ойын әрине ешкім түсіндіріп бере алмайды. Бірақ, оны сонда да әртіс ретінде ішімізден өткізіп түсіндіріп шығуға тырысу біздің басты мақсатымыз болмақ. «Бозбала мен өлім» қойылымында ұзаса он бес минуттай ғана балет болады. бірақ соның өзінде көптеген эмоционалдық өзгерістер бар. Ол жерде кейіпкеріміздің қыз кейпінде келген өліммен қарым-қатынасы. Өлімнің бозбаланы қуыршақ сияқты қалаған жағына қарай есін бұрып, еңсесін басып мазақ етуі. Осы секілді кейіпкер мен өлім арасындағы қым-қиғаш түсініксіз байланыстарда, біз кейіпкердің образына еніп, оның өлім алдындағы реакциясын көрсете білу қаншалықты қиын болса да жеткізіуге барымызды саламыз.

Екінші бұл балеттің тағы бір қиын тұсы, көп балетте әртістер музыка ырғағымен билесе, хореография жағынан «Бозбала мен өлім» балетінде біз музыкаға қатыссыз билейміз. Бұл жердегі маңызды бір дүние әртіс өзінің ішкі ырғағын сезіне білу. Және сол ырғақты жоғалтып алмай, балетті сәтті аяқтап шығу. Мейлі Бахтың керемет музыкасы қойылса да, оған өзіңді бағындырмай, ішіңдегі ырғағыңның иірімін жоғалтпай отырып, бозбала бойындағы эмоция мен өзгерістерді көрермендерге жеткізіп шығу, менің ойымша, аталған балеттің ең қиыны осы», - деп сөзін аяқтады театрдың бас әртісі.

Ролан Петидің мұрасын сақтаушы, қоюшы балетмейстер – Луиджи Бонино (Италия)
«Бүгінгі күн мен үшін – ең ерекше сәттердің бірі», – дейді хореограф. «Бір мезгілде екі-үш түрлі өлімді көрсету – оңай шаруа емес. Бірақ жас бишілер – Бақтияр Адамжан мен Еркін Рахматуллаев секілді дарындар – бұл тапсырманы өте жақсы алып шыға алды. Олар биді жай ғана музыкаға ілесіп орындамайды, олар – музыканың өзімен үндесе отырып, оны ішкі сезімімен жеткізеді. Өйткені романтикалық балетті жасағанда, біз бәрін музыкамен бірге бастайтынбыз. Музыканы сүйемел ретінде емес, шығармашылықтың өзегі ретінде көрдік. Кейде биші: «Мына музыка ұнамайды», – деп айтуы мүмкін. Ал бізде бәрі музыкадан басталып, музыкамен аяқталады. Сол арқылы ырғақты, динамиканы, ішкі мағынасын ашамыз», – деді сөзін жалғап.

«Мен музыканттарға музыканы бишілерге дайындық басталғаннан бір апта немесе он күн өткен соң ғана беруді ұсынамын. Себебі мен бишілердің музыканы естімей-ақ ритмді сезінуін қалаймын. Биді бастау оңай, бірақ оны лайықты аяқтау – нағыз шеберлікті талап етеді. Сол себепті мен үнемі осы тәсілді қолданамын», – деп өз әдістемесімен бөлісті хореограф.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.