Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
2 ақпан - Ұлттық баспасөз күні...

02.02.2024 735

2 ақпан - Ұлттық баспасөз күні 6+

2 ақпан - Ұлттық баспасөз күні - adebiportal.kz

2 ақпан – Қазақстандағы баспасөз күні. Дәл осы күн таңдалуының да нышандық мәні бар. 1913 жылы 2 ақпан күні Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы бастауымен, қазақтың ұлтсүйер ауқатты азаматтарының қостауымен тұңғыш ұлттық қоғамдық саяси және әдеби-мәдени басылымы «Қазақ» газетінің бірінші номері жарық көрді. Газеттің бірінші бетіндегі рәміздік бейнедегі киіз үйдің есік-жабығының қос босағасына Ахмет Байтұрсынұлы негіздеген төте арабша қаріппен ҚАЗАҚ деген сөз жазылған. Бұл – осы ел мен жердің иесі, де, есігінің қос таянышы да қазақ халқы, қос босағаң берік болсын, әрі ұлт зиялыларының сөзімен айтқанда «Қазақ“ газеті қазақ жұртына әрі мәдениет есігі, әрі сырт жұрт жағынан күзетшісі болсын», - деген ишаралы аңсар-арман еді. 

Ұлттық баспасөздің ерте шыққан бәйшешегіндей болған «Қазақ» газеті бірінші санынан бастап-ақ алаш жұртының санасын оятып, алға бастырар шамшырағына айналды. Мұнда жарияланған ірілі-ұсақты материалдардың бәрі де қазақ әлемі үшін аса қызықты да, пайдалы болды. «Қазақ» газетінің рухани дүмпуі тек Ресей патшалығының қарамағындағы қазақтар ғана емес, Цинь империясына бағынышты қазіргі Қытай, Монғолия қазақтарына да, тіпті өзге бауырлас халықтарға да жетіп жатты. 1913 жылдың 2 ақпанынан 1918 жылға дейінгі аралықта 265 номері жарық көрген «Қазақ» газеті осы азғана жыл ішінде өзінің алға қойған миссиясын: бодандық шырмауындағы қазақ халқын бостандық үшін күресуге, ол үшін жас ұрпақты ғылым мен білімге ұмтылуға, ұлттың бірлік-берекесін нығайтуға шақыруды біршама орындап үлгерді деуге болады. Ақпараттың ақиқат жолындағы күресі – қашанда ауыр болған. Қазақ ұлтының саяси санасына сәуле түсіріп, ояту жолында белсенді әрекет еткен «Қазақ» газетінің де жолына патша үкіметі барынша кедергі қойып, бақылау жасап отырды.

Орынборда жарық көрген ұлттық баспасөздің алғашқы қарлығашы «Қазақ» газетінен кейін ондаған газет-журналдар әр өңірде басылып шығып, ұлтымыздың оянуына, тілі мен ділінің, салт-санасының біртұтастануына игі ықпал етіп жатты. «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді», - деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқанындай, газет һәм басқа баспасөз құралдарының адамзат баласының ақпараттық қажеттілігін өтеудегі маңызы әрқашан зор болып келді және бол  а да беретіндігін бүгінгі ХХІ ғасыр дәлелдеп отыр. 

Баспасөз ХХ ғасырдағы адамзат қоғамында ақпарат тасымалының аса қуатты тренді болды. Бұл әлеуетті В.И.Ленин бастаған коммунистер мейілінше толық пайдаланды. Сонау бірінші орыс төңкерісі тұсында-ақ: «Қазір де қозғалыстың орасан зор, адам айтқысыз өсіп отырған кезінде партияға тек баспасөз арқылы ғана басшылық етуге болады», - деп жазған большевиктер көсемі Ресей патшалығы ауқымында өз билігін орнықтырғаннан кейін баспасөзге аса мән берді. Осыған орай Қазақстанда да баспасөз ісі қарқынға ие болды. Республикалық, облыстық, аудандық, қалалық компартия мен жергілікті биліктің үні болып саналатын газеттер шығып тұрды. Бұлардан өзге кіші және орта сынып оқушыларына, жастарға, ересектерге, әйелдерге арналған тұрақты басылымдар жарық көріп тұрды. Осы арқылы коммунистік идеологияны қоғамның барлық мүшесіне, қабаттарына үлкен қуатпен насихаттап, өзге баламалы ақпарат көздеріне мүмкіндік берген жоқ.

1991 жылы Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алуына байланысты, баспасөз саласында үлкен серпіліске мүмкіндік туды. Халықаралық еркін ақпарат айдынына шығуға байланысты, тоқсаныншы жылдары басылымдардың саны аса көп деңгейге жетті. Баспасөз құралдарының мақсаты – ашықтық, жариялылық негізінде іс-әрекет жүргізе отырып, елімізде демократиялық құндылықтарды орнықтыруға, мемлекетшілдік сананы қалыптастыруға, бейбітшілік пен татулықты нығайтуға атсалысу дегенімізбен, осы аталғандарға қарама-қайшы келетін бағыттағы басылымдар да бой көрсетпей қойған жоқ. Саңырауқұлақтай қаптаған сарыжағал басылымдардың дәуірі де қазіргі кезеңде өз мәнін жойды. Ал байсалды, салиқалы басылымдардың орны қашанда биік. Баспасөз қызметкерлерінің жұмысы қай дәуірде да жауапты болып келген, солай болып қала беретіні сөзсіз. Қазақ журналистикасының қара нары Шерхан Мұртаза журналистің еңбегін: «Арқалағаны – алтын, жегені – жантақ», - деп бағаласа, белгілі қаламгер, журналист Қуандық Шамахайұлы былай деп жазған екен: «Зерттеушілер арасында журналист еңбегінің ауырлығын жеті қабат жер астында көмір қазатын бұрғылаушылармен салыстыратындар бар. Оны қисынсыз теңеу деуге келмейді. Күйіп тұрған оқиғаның басы-қасында болуды, қайнаған өмірдің ортасынан «кен қазу» журналистің маңдайына жазылған тағдыр. Мамандықтың талабы мен таңдауы сол болған соң амал жоқ, журналистердің еңбегі жұмыстың сегіз сағатымен шектелмейді.» Рас сөз. Бұл бір қиындығы мен қызығы мол, ауқымын өлшеу қиын шығармашылық үдеріс.

1991 жылы Қазақстанда 10 республикалық газет пен журнал жарық көріп, 21 теле және радиоарна эфирге шығып тұрған. Ал 2024 жылғы қаңтардағы есеп бойынша Қазақстанда 5 804 БАҚ тіркелген болса, оның үш мың тоғыз жүз сексен бесі – мерзімді баспасөз басылымы, екі жүз он екісі – телеарна, тоқсаны – радио, мың екі жүз жиырма екісі – ақпараттық агенттіктер және желілік басылымдар екендігіне қарап-ақ еліміздегі ақпарат саласының кеңістігі қаншалықты кеңейе түскенін бағамдауға болады.

«Төртінші билік» аталған БАҚ – мемлекеттің ұстанған саяси-экономикалық бағытын сәтті жүргізуге селбесіп, қолдаушы орасан әлеуетке ие сала екендігі белгілі.

ҚР Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы 2 ақпан күні отандық баспасөз қызметкерлеріне арналған құттықтау сөзінде: «Халқымыздың біртуар перзенттері – Алаш арыстары шығарған бұл басылым сындарлы сәттерде ұлтты ұйыстыруға айрықша ықпал етті. Сөз бостандығына адалдығынан айнымаған басылымдар әрдайым шынайы ақпараттың және сапалы сараптаманың қайнар көзі болып қала береді», - деген болатын.

ХХ ғасыр – индустрияландыру үдерісі басымдыққа ие болған кезең болса, ХХІ ғасыр – ақпарат ғасыры, ақпараттық технологиялар дәуірі Ақпараттық технологиялар дәуірінде ақпараттарды әзірлеу, өңдеу, өнімді тұтынушы талғамына, сұранысына лайықтап жеткізудің әдістері мен тәсілдері, жылдамдығы ғаламат өзгерістерге ұшырап, бұған дейін қалыптасқан ұғымдар мен түсініктер жаңартылған үстіне жаңартыла түсуде. Ақпаратты ұсыну мен қабылдаудың да өлшемдері өзгеріске ұшырауына сәйкес, оны өндіруші (журналист), тұтынушы (оқырман, көрермен) арасындағы коммуникативтік қарым-қатынастар да түрлене түсуде. Қазіргі ақпарат әзірлеу мен ұсынуда жеделдік, жылдамдық, қысқа-нұсқалық басты орынға шығып отыр. Қалай болғанда да қазіргі заманғы адамзаттың рухани-әлеуметтік өмірін ақпарат құралдарынсыз елестету мүмкін емес және осы үдеден шыға білу – БАҚ үшін басты міндет. 

Қазіргі ақпараттық технологиялар дәуірі тек баспасөз құралдарының ғана емес, оларды «жаратушы» журналистердің де кәсібилік деңгейіне қойылатын талаптарды өзгерте түсуде. Бүгіндері журфак бітірген кәсіби маманнан гөрі, бұл мамандыққа мүлде қатысы жоқ болса да, түрлі сандық техникалардың заманауи мүмкіндіктерін жақсы меңгеріп, ғаламторға өтімді постары мен бейнежазбаларын, подкастары мен өзге де шағын форматтағы өнімдерін ұсынып, қоғамның қызығушылығын тудыра білетін блогерлер мен өзге де әуесқойлардың танымалдылығы, өтімділігі, ұтқырлығы артық түсіп жататындығына қарап, бұл мамандықтың басына қара бұлт үйірілді деуге мүлде болмайды. Кәсібилік – қашанда кәсібилік болып қала бермек.

Дегенмен журналистика факультетін бітірушілердің бәрі осы саланың жілігін шағып майын ішкен мамандар болады деуге де болмас. Бұрын ҚазМҰУ қабырғасында ғана дайындалған болса, осы мамандыққа деген сұраныс артуына байланысты, тәуелсіздік жылдарында еліміздің көптеген оқу орындары журналистер дайындап шығара бастады. Филолог мамандар да осы саладан нәпақа табу – ежелгі үрдіс.

Кез келген мамандық иесінің жұмысына қойылатын талап – сапа. Осы тұрғыдан алғанда журналистің жұмысы өткір де сапалы, әрі тілдік тұрғыдан да мінсіз болуы тиіс деген талап бар. «Тілдің тұрғыдан» деудің де өзіндік мәні бар. Қазақ тілі – диалектілік сипаты соншалықты айқын емес, жергілікті сөйленістік ерекшеліктері ғана бар тіл. Дегенмен осы сөйленістердің өзін әдеби норманың арнасына салып жібергенде, ыңғайсыздау болып қалатыны жасырын емес. Кейбір өңірлік басылымдарда осы сипат анық көрініс беріп жататыны бар. Диалект, сөйленіс – тілдің байлығы десек те, мұны баспасөзде орнымен қолдану дұрыс шығар.

Әлемде бұқаралық ақпарат құралдарының өміршеңдігі ауқымында жаңаша трендтер, көзқарастар қалыптасуда. Дегенмен осыған қарамастан мерзімді басылымдардың маңызы кемімек емес. Бүгінгі ақпарат өнімі – ертеңгі тарихтың куәсі. Ақпараттарды ертеңгі ұрпақ үшін сақтау технологиялары да өзгеріске түсіп жатыр. Әлемдік баспасөз тарихында ойып орын алып, сонау ХІХ ғасырдың соңынан бері үздіксіз шығып келе жатқан кейбір басылымдардың өзі ғаламторлық қалыпқа көшіп жатқаны – бүгінгі күннің ақиқаты десек те, қағаз басылымдар адамзатқа әлі де болса қызмет ете берері анық.

Оймақтай ғана көлемді сандық ақпарат жады жүйесінде орасан зор ақпараттарды сақтауға мүмкіндік туды. Бұл – заманауи жетістік болып саналғанымен, архивте сақталған газет-журналдарды көзбе көз (визуалды) көріп, қолмен ұстай парақтай отырып дәуірлердің тынысын сезіну – мүлде өзгеше әсер екенін де жоққа шығаруға болмайды. Демек газет пен журналға деген сұраныс та бола береді.

Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын, қадірлі әріптестер!

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар