Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

01.07.2023 934

Қызыл телпек 14+

Қызыл телпек - adebiportal.kz

Шарль ПЕРРО

Орманның дәл шетіндегі үйшікте кішкентай қыз тұрады екен. Оны Қызыл телпек деп атапты. Бірде анасы самса пісіріпті де Қызыл телпектен оны әжесіне апаруын өтініпті. Қызыл телпек кетіп бара жатқанда, орманда аш Қасқырды жолықтырады.

- Қайда кетіп бара жатырсың, Қызыл телпек? – деп сұрайды ол.

Қыз Қасқырдан еш қорыққан жоқ, тіпті онымен азырақ сөйлеспек болып шешеді:

- Әжеме самса апарып беруге бара жатырмын.

- Әжең алыста тұра ма? 

- Орманның жиегіндегі ауылдың шетінде, - деп жауап береді Қызыл телпек.

- Жақсы, - дейді Қасқыр, - қанеки, жолда көңілді болу үшін ойын ойнайық: мен мына ұзын соқпақпен жортамын, ал сен анау жолға түс, ол қысқарақ. Көрейік, әжеңе қайсымыз бұрын жетер екенбіз.

Қасқыр Қызыл телпекті алдаған болатын, өзі қысқа сопақпен жорта жөнелді, ал қыз ең ұзақ жолға түсті.

Қасқыр әжейдің үйіне келіп, есікті қағады.

- Бұл кім? – деп сұрайды әжей.

- Бұл мен ғой, немереңіз Қызыл телпекпін, сізге самса әкелдім, - дейді Қасқыр жіңішке дауыспен.

Әжей бұл кезде төсектен тұра алмай ауырып жатқандықтан, әлсіз дауыспен былай дейді:

- Жіпті тартсаң, балақайым, - есік ашылады!

Қасқыр есікті ашып жіберіп, әжейге тап береді де, оны жұтып қояды. Содан соң есікті жауып, әжейдің орамалын басына орап, оның көзілдірігін киіп, төсекке жата қалады.

Кешікпей Қызыл телпек те жетіп, есікті қағады.

- Бұл кім? – деп сұрайды қасқыр жуан әрі қырылдақ дауыспен.

Қызыл телпек әжесінің жуан дауысына таңданғанымен, әжем тамағына суық тигізіп ауырып қалған шығар деп ойлап,  даусын қатырақ шығарып:

- Бұл мен, Қызыл телпекпін, сізге самса әкелдім, - дейді.

Қасқыр жөтеліп алып, бұрынғыдан да жіңішке дауыспен:

- Жіпті тарт, балақайым, - есік ашылады! – дейді.

Қызыл телпек үйге кіргенде, көрпені басына жауып, төсекте жатқан «әжесін» көріп таң қалады:

- Әже, бүгін сенің даусың неге бір түрлі?

- Мен ауырып қалдым, немерем, - дейді Қасқыр, - маған жақын келіп отыр, жолдан шаршап келдің ғой.

Қызыл телпек жақындап отырып, былай деп сұрайды.

- Ау, әже, сенің құлағың неге соншама ұзын?

- Сені жақсы есту үшін ғой, немерем!

- Әже, сенің қолдарың неге соншама жуан?

- Сені жақсылап құшақтау үшін ғой, немерем!

- Әже, сенің көздерің неге соншама үлкен?

- Сені жақсырақ көру үшін ғой, немерем!

- Ау, әже, сенің тістерің неге соншама арадай ырсиған?

- Е, ол сені тезірек жеу үшін ғой, немерем!- дейді де, Қасқыр ы-р-р етіп төсектен атып шығып, Қызыл телпекті де жұтып қойыпты.

Осы кезде әжейдің үйінің жанынан аңшылар өтіп бара жатқан болатын. Олар үйдегі шуды естіп, үйге жүгіріп жетсе, есігі ашық тұр. Қасқырды көрген аңшылар оны дереу ұстап байлап алып, қампиып тұрған қарнын жарып жібергенде, ішінен әжесі мен Қызыл телпек шыға келіпті. Екеуі де аман-есен, бүп-бүтін.

Барлығы мәре-сәре болысады. Әжей аңшыларды хош иісі аңқыған шаймен, самсамен сыйлапты, олар да олжаларына риза болып, үйлеріне қасқыр терісін әкетіпті.

Бұдан былай Қызыл телпек орманда ештеңеден қорықпайтын болыпты. Содан бері ол қараңғы әрі ұзынан-ұзақ орман соқпақтарымен жүрмейді екен. Және бейтаныс жандармен ешқашан сөйлеспейтін болыпты. 

Аударған Асылбек Байтанұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар