Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Ертегі
Алтын айдарлы Әтеш...

01.07.2023 801

Алтын айдарлы Әтеш 14+

Алтын айдарлы Әтеш - adebiportal.kz

Орыс халық ертегісі

Ерте ерте ертеде ормандағы үйшікте Мысық пен алтын айдарлы Әтеш бірге тұрыпты. Олар өте тату болыпты. Мысық орманға ағаш дайындауға, аң аулауға шыққанда, Әтеш әрдайым үйде қалады екен. Мысық күні бойы орманда жүреді, ал Әтеш болса, сорпа пісіріп, қуырдақ қуырып, нан жауып досын күтіп отырады.   

Мысық бірде кетерінде қатаң ескертеді: 

– Мен бұл жолы алысқа кетемін, сен үйде қалып шаруаңды тындыр. Бері қара, егер Түлкі келіп қалса, оған жауап та қатпа, терезеден басыңды қылтитып та қарама. Өйтсең, ол сені өзінің ініне алып кетеді. 

Мысықтың үйде жоқ екенін әлдеқалай біліп қалған Түлкі үйшікке зырылдай жортып жетіп келіп Әтешті айқайлап шақырып, тәтті сөздермен басын айналдырып, піскен бұршақ лақтырып арбай бастайды.   

Әтеш шыдай-шыдай, ақыры шыдамы таусылып – терезеден басын шығарып қарапты. Түлкінің бұршағы сондай дәмді болатын! 

Айлакер түлкі Әтешті шап беріп ұстап, өзінің ініне ала жөнеліпті. Әтеш бар даусымен айқайға басады: 

– Уай! Мені Түлкі әкетті,

Ну орманмен ол кетті.

Уай! Тыңда мені, Мысық-ау, 

Құтқар мені, бауырым-ау!

Әтештің даусын естіген Мысық бірден қуғынға шығып, сырлас досын Түлкіден құтқарып алыпты. 

Мысық үйге келген соң өзін тыңдамағаны үшін, Әтешке біраз ұрсып алыпты.  

Келесі күні Мысық тағы да ағаш кесуге аттаныпты. Бұрынғыдан да алысқа кетіпті.   

Қу Түлкі де осы сәтті пайдаланып бәз баяғысындай жетіп келеді. Қызыққұмар Әтешті тағы да алдап ұстап бөктеріп алып, өзінің ініне әкетіп қалыпты.

Мысық кешке үйге келсе, Әтеш жоқ! 

Түлкінің ісі екенін білген Мысық оның ізіне түсіп жүре береді. Түлкі інінің аузына жетіп, отырады да, балалайкасын тарта бастайды:

– Былдыр-былдыр балалайка,

Ішектері алтыннан.

Дәл осында тұрады, 

Түлкі деген жарқын жан!

Түлкі тыңдай-тыңдай, ақыры балалайканы тамаша тартып, өзін әнге қосып мақтап оытрған кім екенін білуге, іннен басын шығарып қарайды. 

Мысық Түлкіні ұстап алып, ұрып-соға бастайды да, былай дейді:

– Менің досым Әтешті қайтарып бер, Түлкі. 

Түлкі әрең дегенде қашып құтылыпты. Ал Мысық пен Әтеш үйлеріне қайтып, қайтадан бұрынғысындай тату-тәтті, салтанатты өмір сүре бастапты. 

Аударған Асылбек Байтанұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар