Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Жақсылық Сәмитұлы. Сары ала қаз

03.11.2018 512

Жақсылық Сәмитұлы. Сары ала қаз

Алағақтағы құданың үйінен түстік жеп, енді аттанайық деп есік алдына шыққан кезімізде құдағи қасымызға келді:

- Машинаңда орын бар ма? Бір адам бар еді, Шеміршекке дейін ала кетсең, - деді күңк етіп.

- Иә, жарайды. Бір емес екі адам болса да боспыз, - дедім мен.

- Онда кішкене тұра тұр, – деді де арт жағындағы біреуге дыбыстады. – Әй, ана Гүлшашқа айтшы, құданың машинасы бос екен.

Сонан соң құдағи маған қарап тіл қатты:

- Әлгі Әскербекті білуші ме едің? Жаманқұл деген жалғыз ұлы бар емес пе еді. Соның келіншегі. Сондай затты адам. Қызың қайсы десе мынау дейтіндей. Мінезі де жібек баяғы. Сызылып тұрады. Бірақ байқұстың бағы ашылмады. Дүзде еңбектері жараспады. Жаманқұлда жаман жігіт емес. Сонда да келісе алмады. Құдай сақтасын қазіргі жастардың көбі осы. Жоқ нәрсеге қылт ете қалады да, со бойы қайтып жібімейді. Заман бұзылып барады ғой. Ешкімге тектеу, ештеңеге тидау салмайды. Дарбаза еркіндік баяғы, - деді бір күрсініп алып.

Сол арада қолында сумкасы ғана бар жас келіншек біздің қасымызға келді.

- Гүлшаш, айналайын, Құда Сарсүмбеге қайтып барады екен. Осымен Шеміршекке жетіп ал. Ары қарай ат-арба бірдеңе тауылып қалар. Жассың ғой, бақытың әлі алда. Ештеңені әлі уайымдама. Әке-шешеңе сәлем айт. Ал енді жолдарың болсын, - деді құдағи.

Гүлшаш құдағи айтқандай шынында да әдемі қыз екен. Орта бойлы, шынардай түзу өскен сымбатты тұлғасы бұралып тұр. Ашаңдау келген дөңгелек жүзінде жастықтың балғын табы бар. Қап-қара қастары да қарлығаштың қанатындай қиылып, жарасты үйлесім танытады. Жиегі сарғыштау қой көздері де үлкен. Бірақ көңілі сынық. Ұялы жанарына бір жадаулық, мұң шөккен. Адамға тіктеп қарамайды, ұзын кірпіктерін шапшаң қағып-қағып жіберіп, тез жалтарып кетеді. Кірбің, бәсең күй байқатады.

Біз тіл қатыспаған күйі Сарсүмбені бетке алып, зырлап келеміз. Лезде Алағақтың қабағына шығып та қалдық.

- Гүлшаш, үйің қайда еді? Шеміршектің өзінде ме?- дедім мен босқа отырғанша сөйлесе отырғанды жөн көріп.

Қыз бөгеліп барып жауап берді:

- Жоқ, малда,- деді қарлыққан қасаң дауыспен, тұншыға тіл қатып.

Буылға әзер шыққан дауысынан мен оның жылап отырғанын аңғардым. Алдағы кішкене айнадан оған ұрлана көз жібердім. Қыз кабинаның терезесінен сыртқа қарап, қыбыр етпей, безеріп отыр. Маңдайдан түзу түскен қырлы мұрнының жанынан домалап кеткен кесек-кесек жас тамшыларын кіп-кішкене аппақ қолымен, сіріңкедей ғана ғып бүктеген гүлді шытының бір бұрышымен ақырын сипап қойды. Дыбыс шығармай, өксігін ішіне тартып, үнсіз егілді. Соны байқап, мен онан ары үндегем жоқ.

Енді бірнеше минуттан кейін мидай жазық татырдағы кенере жолды бөктерлей, зырлай отырып, Сайыр тауының кезеңіне қарай бұрылатын сай аузына да таяп қалдық. Сай аузында керген төстіктей ғана шилеуіт, көгал болушы еді. Шағын ғана бастаудың маңайы. Бастау болғанда соқыр көзден шыққан жастай болымсыз суат. Жауынды жылдары көз-көрім жерге дейін сызылып ағады да, жып-жасыл бояуын ұзарта түседі. Құрғақшылық жылдары тез қурап, сарғайып қалады. Машина жол соның қасынан жанап өтіп, тау ішіне кіріп кетеді.

Осы араға келіп, солға таман бұрыла берді де жүргізуші кенет тоқтай қалды.

- Қозғалма, үндеме!-деді бізге бұйырып.

Сөйтті де машинадан жығыла-сүріне қарғып түсті. Жалма-жан артқы есікті дереу ашып жіберіп, соның арқалығының артында жатқан мылтыққа қол созды. Ермек үшін деп алып жүретін манаполкамыз болушы еді. Соны асыға алып шығып, машинаның арт жағын айнала берді. Біз не екенін аңғарып біліп болғанша, мылтықта тарс ете түсті.

- Қап! - деді жүргізуші өкініп.

Оның дауысын естіп, мен де далаға шықтым. Жүргізушінің көзі көкте екен. Сайдың бір жақ жанында, қыр басында өне бойын қызыл, сары ала қына жапқан, үйдей үлкен қызыл тас болушы еді. Соның түбінен қанаттарын асыға қағып, екі сарыала қаз ұшып барады.

- Қап, тимей кетті-ау? Тым асығып атып, - деді жүргізуші басын шайқап.

Соның арасында, ол ауыз жиып алғанша сартылдата ұшып бара жатқан екі сарыала қаздың біреуі қатарынан кейіндей бастап, далбырлап жерге қарай құлап келе жатты. Аппақ бауыры жарқылдап, далбыр-дұлбыр етіп, бірнеше аунап, төкеріліп барып, топ етіп түсіп қалды.

- Түсті! Түсті! – деп қуана айғайлап жіберген жүргізуші мылтықты сүйей салды да, солай қарай жүгіре жөнелді. Аздан соң сап-сары аяғынан қосып ұстап, олжасын алып, жетіп те келді.

- Бәсе, тиген сияқты болып еді,- деді елеуреген әуенмен қанаттары жазылып, жайылып кеткен өлі қаздың денесін салмақтап-салмақтап қойып, бізге мақтан ретінде оның сап-сары ала қанат-құйрығын аударып-төңкеріп ұзақ қарады. Аппақ мамықтарын бір талдап тартып, жұлып та қойды. Сөйтті де жүнін бұрқыратып, жерге тастай салды.

- Сары ала қаз екен ғой, - дедім мен оның қасына келіп.

- Иә, сары ала қаз. Ой, мұның еті қандай тәтті десеңізші. Былтыр...

Мен оның сөзін тыңдағам жоқ. Сары ала қаздың жұмылмай ашық жатқан екі көзіне аяншпен қарап, басымда шайқадым. Болаты жоқ, жанары соған демесең, оның көздері әлі мөп-мөлдір еді. Момақан, күнәсіз қалпын бейнелеп, мөлиіп жатыр.

- Бекер аттың – дедім мен жүргізушіге нараулау бейне танытып,- Біздің қазақ сарыала қаз атпайды.

- Қалайша, арам дей ме оны?

- Жоқ, онан емес.

- Бәлкім, мұның етінің дәмін білмейтін шығар. Сары ала қаздың етін былай қойып, сорпасының дәмінің қандай болатынын білсе...Ой, тіл үйреді-ау, шіркін. Қолға баққан үй қаздарындай емес, жабайы қаздың еті асыл болады. Ауруға ем, денеге қуат береді, - деді жүргізуші көсемсіп, білгішси сөйлеп.

Дәл осы сәтте төбеден «қаңқ!» деді бір ашты дауыс. Жалт қарадық. Өлі қаздың тірі қалған сыңары екен. Биік көктен бізге қарай оқша зулап, түйіліп келеді. «қаңқ! қаңқ!» деп ашты дауысымен ашына сұңқылдап, бізді кеудесімен соғып өтердей төніп келіп, бақан бойы жақындай берді де, «қаңқ! қаңқ!» деп шырылдап қайтадан жалт бұрылып, өрлеп кетті.

- Ат ананы! – дедім мен жүргізушіге аспандағы қазды нұсқап.

Ол таңғалып менің бетіме қарады. Көзқарасында «жаңа қазақ қаз атпайды демеп пе едіңіз» дегендей кекесін сыңай бар.

- Иә, қазақ қаз атпайды. Ал атса, екеуін бірдей атады. Көріп тұрсың ба ана сыңарының қалай сұңқылдап, зар жылағанын. Қазір қайта келеді. Сарыала қаз деген өте бір ғажайып құс. Жұбын жазба, мәңгі бірге жүреді. Білесің ғой, мынау Алтай қыста қандай суық! Қырық градус! Мыналар да жыл құсы. Бірақ не жағыдай екен, біреуінің оңтүстікке ұшып жете алатын шамасы болмаған шығар. Соған бола серігі де осында қалып қойып отыр. Сол кемтар серігі үшін бәріне көніп, қақаған қар, көк мұзды жайлап қалған сертке берік құс осы. Адамнан да опалы. Қарап тұршы анау қазір қайта келеді. Мерген болсаң соны тағы ат, - дедім мен жүргізушіге өзімнің енжар күйімді жасырмай, ашық айтып.

Мен айтып ауыз жиып болғанша «Қаңқ!Қаңқ!» қағып шүйіліп сыңар сарыала қаз тағы келді. Тағыда біздің басымызды қағып әкетердей жақындап төніп келіп, зу етіп өте шықты. Дамыл таппай, қайта-қайта бірнеше рет төбемізді жанап ұшып өтті.

Жүргізуші менің әмірімді орындамақ болып, тағы бірнеше оқ шығарып көріп еді, тигізе алмады. Сонан соң сары ала қазды жүк қоятын қуысқа салып жатып:

- Жарайды. Осы да жетеді. Кешке біздің үйде қонақта боласыз. Мұның етінің дәмін сонда көресіз,-деді маған жағымпазсып.

- Жоқ. Бармаймын. Қаздің етінде жемеймін.

- Бастық, сіз өзі ғұрапилау адамсыз ба, қалай? - деді ол қалжың-шынын араластырып.

Бұл жолы ол мені ғана емес, жалпы қазақты айтып тұрғанын білдім де, мен де оған қарсы дүрсе қоя бердім.

- Обал-сауапты білу, ол-әсте ғұрапилық емес. Ол – адамгершілік. Соның асқар шыңы! Сен жаңа ана қазды атқаныңмен қоймай, өліп жатқан байғұстың мойнын да бұрып жұлып тастадың ғой. Обал дегенді білмейсіңдер сендер! Сендердікі тек жеу. Тірі болсын, өлі болсын, не болса, о болсын, аң болсын, құс болсын, көзіңе көрінгенің бәрін - алал да, арам да деп айырып жатпастан жей беру, жұта беру!...

- Бұл адам емес, қаз ғой,-деп міңгірледі ол.

- Адам болмағанмен, жан-жануар, құрт-құмырысқа, бақа-шаян- он сегіз мың ғаламның бәрінің де обалы бар. Ал солардың ішінде киелі нәрселер тағы өзінше. Соның бірі осы сары ала қаз. Мұны сенің анау сүйегі қурап қалған, баяғы замандағы ата-бабаларың да білген. Сен өзің қытай болғаныңмен, қытай әдебиетінен мүлде хабарың жоқ жан екенсің!

- Иә, мен жоғарылап оқи алмадым,-деп мойындады жүргізушім.

- Сонан ғой мына топастығың!-дедім мен ашуымды әлі баса алмай, оны көрінеу жәбірлеп, - Осыдан екі мың жыл бұрын Қытайда Хан деген патшалық болған. Сол дәуірден бір тамшы дастан қалған. Онда ұзатылып келген келінге енесі күн көрсетпейді.Адуын, озбыр шеше ұлын келіншегін төркініне қайтарып тастауға мәжбүрлейді. Жігіт әйелін қанша жақсы көрсе де, ақыры шешесінің тілінен шыға алмайды. Ынжық ұл келіншегіне: «жарайды, әзірше төркініңе бара тұр. Аз күннен кейін қайта әкеліп аламын» деп уәде береді де, үйіне апарып тастайды. Келіншек керемет сұлу еді дейді. Қайтып келген аруға сол аймақтың уәлиінің көзі түседі. Алмаққа жаушы жібереді. Алтын, күміске қызыққан қыз ағасы қарындасын соған баруға зорлайды. Амалы таусылған қыз ақыры асылып өледі. Жамандық хабар жата ма? Мұны оның бұрынғы күйеуі естиді. Сүйген жарынан қапыда айырылғанына өкініп, құса болған жігіт қыздың қабырының басына келіп, соның әлі суымаған жас топырағын құшақтап жатып, сүйіктісінің артынан ол да көз жұмады. Адамдар оны қыздың қабырының қасына жерлейді. Ертеңінде ел қабыр басында екі сарыала қаз отырғанын көреді. Мұны мұраттарына жете алмай арманда кеткен екі ғашықтың рухы деп біледі. Сонан бастап қытай халқы сарыала қазды махаббатың, опалылықтың символы деп ерекше құрметтейді. Ал, се ше? Міне, біреуін атып алып, біреуін зарлатып қойып отырсың. Әй, ендігі заманның балалар, қарынының тойғанынан басқаны білмейтін түгел озбыр, қатігез болып өсіп келесіңдер ғой, - дедім ашуым әлі тарқамай.

Сайыр сайы машинаға он-он бес минуттық қана жол. Біз өрлеп кезеңге таман таяп қалғанбыз. Қыр соңымыздан қалмай қаңқылдап қуып келе жатқан сыңар қаз да бағанадан бері машинаның алды-артын бірнеше орап өткен.Менің сөзімді дәлелдеген дей бұл жолы да қанатының ұшымен біздің көзімізді ағызып өткісі келгендей тап алдымыздан, жап-жақын аралықтан тағы бір жанап өтті. Сонан соң ең соңғы рет бар күшімен машинаның қарсы алдынан келіп, терезеге ұрылды. Әйнектің күл паршасы шықты. Машина да жол шетіне қарай бір аунап барып екпінімен қайта көтеріліп, түзеліп тоқтады. Машинаның сыртына жүгіріп шықтым. Гүлшаш та домалып түсті. Екеуміз де сап-сау екенбіз. Біздің алдымызда жүні бұрқыраған сарыала қаз жатты. Кабинада қан саулаған оң көзін алақанмен басып, мерген жүргізуші отыр еді.

Мен қайтерімді білмей кеттім. Сасқалақтап жүгіремін деп, жолдан өтіп бара жатқан машинаға соғылып қала жаздадым. Екі-үш жақта жүріп жүргізушіні сол машинаға салғаннан кейін ғана есімді жидым.

Содан кейін...Бір кезде ғана арт жағымнан қыстыға өксіп, сұңқылдаған дауыс естідім. Жалыт қарап едім, сандықтай тастың үстіне шығып алған Гүлшаш екі қолымен бетін басып тұла бойы солқылдап еңіреп жылап отыр екен. Менің қасына келгенімді де сезген жоқ. Бүгіліп, бүрісіп қалыпты. Саусақтарының арасынан шып-шып шыққан жас тамшылары тырс-тырс етіп, кеудесіне тамып жатыр.

- Не болды, сен де жараланып қалғансың ба?-дедім мен оны иығынан ырғап.

Менің сөзіме жауып орынан оның дауысы онан ары ышқына, қатты шығып кетті:

- Сынық қауырсын, жарты мамығыңнан айналайын, құс баласы! Қандай әулие едің! Аспанның қасиеті бөлек екен ғой. Онда құдай бар. Періштелердің, перілердің мекені де сонда дейтін. Бәлкім құс баласы жеті қат көктің ар жағынан соларды көріп, солардан тәлім алып, яки солардан айдынып, жасқанатын шығар. Ал мынау адам баласы құдайды ұмытқан. Өздерін сонша ақылды, керемет санағанымен, шынын қуғанда қандай қораш! Қандай лат!Құс құрлы махаббат, құс құрлы опа болмады-ау бізде!.. - деп зарлап қоя берді.

Мен енді түсіндім. Қамырықты қыздың қасіретке толы сөздерін үнсіз тыңдап, ұзақ уақыт мүлгіп отырып қалдым.

Сонан бір кезде ғана:

- Иә, оның дұрыс, айналайын! Мәңгілік махаббат тек ұлыларға, биліктегілерге ғана тән!-дедім күрсініп.

Бірнеше күн өткен соң, мен жүргізушімның көңілін сұрай барған да, оның дәрігеріне кездесіп қалдым.

- Сізге енді басқа қызыметкер тауып алуға тура келеді.

Мен оның сөзін түсініп кете алмай бетіне қарадым.

- Оның бір жақ көзі ағып кетті-оң көзі.

- Оның көзі дейсіз бе?- дедім мен әлде неге іштей тіксініп.

- Иә, оң көзі – деп қайталады ол.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: сары ала қаз, жақсылық сәмитұлы
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар