Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Ашық мінбер
Ққарға адым жерде тұр еді оның бақыты

АШЫҚ МІНБЕР

31 қазан 2018
148
0

Ққарға адым жерде тұр еді оның бақыты

Қарға адым жерде тұр оның бақыты...

Басына түскен небір қиындықтарды жеңу үшін әрбір күні күреске толы жандардың ішінде алдына мақсат қойып, соған ұмтылып,  өзі аңсаған бақытқа қолы жетіп жатқандар бар.  Жүріп–тұрудың өзі мұң болса да, олар шаршап–шалдықпайды, мойымайды. Қайнаған тірлікте ізгі істердің ұйытқысы болып жүреді. Тағдыры басқаларға сабақ, өнеге болған Гүлмиарм Сражова жайлы бір үзік сыр.

...Ғанибет етіп, тірлікке мына алданып.

Өлген жоқ бірақ,

Бақытқа деген арманым.

Ырзамын өзім тіршілік етіп жүргенге

Кімдерге жақпай.

Аяулы болып кімдерге

Бақыт дегенің - өмір кешу ғой білгенге,

Келуі де оңай,

Кетуі де оңай бір демде…

Мұқағали Мақатевтың  осы бір «Қарға адым жерде тұр еді менің бақытым»  деген өлеңі жазылған таспаны магнитофонға салып, тыңдауды жақсы көретін  Гүлмирам өзінің сол қарға адым жерге бара алмайтындай күйге түсерін білмеген еді.  15 жастағы албырт қыз 8–наурызға ауылына барып, анасымен дидарласып, қалаға оқуға қайту үшін, Жарлы стансасының вокзалына келген. Атырау мен Ақтөбеге, екі бағытқа баратын екі пойыз осы стансада кездеседі екен.  Перрон қардан тазаланбаған, аяздан соң қарлы жер аса тайғақ. Екі жолдың ортасымен келе жатқан. Есін жиса, екі қара саны сыздап ауырып барады, жаны көзіне көрінді. Қасындағыларда түр жоқ. Жедел жәрдем шақыртып жатыр. Сөйтсе... Қате деген аяқ астында. Екі ортада үйілген қардан аяғы тайып, пойыздың астына құлапты. Бұл туралы Гүлмирам:   

–Он беске толған шағымда

Бір мезет, қас-қағымда,

Аяқ-қолдан айырылып

Қанатым қалды қайырылып.

Бірақ мен қарап қалмадым

Ерінбей оқып талмадым... – деп өлең шумақтарымен жеткізеді.

   Дәрігерлер ота жасап, жанын аман алып қалады. Екі аяқ, сол қолдан айырылған екен. Ауруханада жатқанда ол ең әуелі өзін емес,  анасын ойлады. Бір жыл бұрын әкесі жол апатынан қайтып,  қамкөңіл боп жүрген анасын аяп, қайсар қыз тағдырының бұл соққысына төтеп беріп, сабыр сақтайды. Қиындыққа мойымай, оны жеңе білуде адамға ең қажет мінез –осы сабырлылық таныту, шүкіршілік айту екен.

–Оң қолымның қалғанына шүкіршілік. Жылағанмен аяқ өсіп шықпайды. Шешемді жылатқаннан не табамын деп шештім,–деп есіне алады Гүлмирам. –Бұл 1989 жыл еді. Не дүниенің бәрі қат. Аумалы–төкпелі заман. Содан ешқайда шыға алмай, үйде 7 жылдай жатып қалдым. Ауылдағы үйде жуынып–шайыну, түзге шығу қиын болды. Сөйтіп жүргенде,  1995 жылы Ұлы Отан соғысының 50 жылдығына орай Ақтөбеде шағын отбасыларға арналған үй салынып, содан әр ауданға 2 пәтерден бөлінген екен. Байғанин ауданының әкімі соның біреуін соғыс ардагерінің жесіріне, біреуін маған беруге шешім қабылдайды. Сөйтіп, қалаға келдім. Бір күні университетте жұмыс жасайтын ағайынымыз келіп, оқуға түсуге кеңес берді. Бір жыл дайындалып, педогогикалық колледжге оқуға түстім.  

Білгенімді бүлдіршінге арнадым,

Орындалды арманым.

Мүгедекпін демедім.

Өзімді-өзім жебедім.

Тар жол тайғақ кешуде

Осылай таптым шешуді,–деп толғайды Гүлмирам.

Қиындықтармен күресе жүріп шыңдалған адамдар өмірде көптеген жақсылықтар мен табыстарға қол жеткізген. «Жазмыштан озмыш жоқ» демекші, тағдырдың ауыр сынын да ризашылықпен қабылдаған Гүлмирамның тартқан тауқыметі  ауыр болса да, шыдады. Жай қарап жатпай, тырбанып тірлік етті. Білімге ұмтылды.  Тағдырының сынағынан сүрінбей өте білді.  

Жақсыдан шарапат

1997 жылы Алматыға протез жасатуға барғанда, қасында бір бөлмеде 5–6  жасы үлкен апалар болады. Соның ішінде мойын омыртқасы зақымдалған татар келіншектің қайсарлығы Гүлмирамға қатты әсер етті. Еш нәрсеге мойымайтын, бірдеңе болса шәйнегін ала жүгіріп, қасындағылардың бабын жасауға әзір тұратын, ақыл–кеңесін беруден шаршамайтын бұл жанды  оған тағдырдың өзі әдейі кезіктіргендей.

  • Онымен әңгімелесіп отырғанымда, оқуымды жалғастыра алмағанымды айтқан едім. Ол маған: «Мен мына түріммен спортшымын, білесің бе? Суда жүзумен айналысамын деп барғанымда қанша жердің есігі мен үшін тарс жабылды.  Арбамен кіре алмасын деп, мен барған бассейнге кірер тұста пандусты алып тастағанына қарамадым.Жүзумен айналысып жүрмін.  Сен де айналыс. Жеңіл атлетикаға бар» деп үгіттеді. Соның айтуымен, мен спортқа ден қойдым. Өзім сияқты мүмкіндігі шектеулі жандардың бетін спортқа бұрдым. Мен мүгедектердің спорты болатынын сол кезде бірінші рет естідім. Кейін сол татар қызы 2016 жылы Ақтөбеге келді. Ол –Бразилияда өткен паралимпиада чемпионы атақты Зульфия Габидуллина болатын,–дейді Гүлмирам Сражова.

 Өмір қашанда түрлі тосын сыйларға, құпия мен қызыққа  толы! Алдан арманымыз қол бұлғап, асқақ сезімдер сыйлайды. Бірақ көп жағдайда, барын бағалай алмай, аздаған қиындыққа бола морт сынып кететіндер болады.  Өзіңе деген шектен шыққан аяушылық сезімінің уайым түбіне батырғаннан басқа еш пайдасы жоқ еенін түсіне алмайды. Сондықтан өзіңді өзің аяп, көз жасын төгіп отырудың  керегі жоқтығын сол қайсар жаннан біледі. Жақсыдан шарапат деген осы.  Гүлмирам сол қанаттанған күйі алға ұмтылып, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің Бастауыш Мектеп Педагогикасы және Әдістемесі факультетіне грант бөліміне оқуға түсті. Сабаққа жаяу барып, жаяу келді. Протезбен жаяу жүрудің машақаты қандай. Мүмкіндігі шектеулі деп ешкім оған жеңілдік жасамады. Баршаға ортақ талап, барлығына  бірдей болды. Үздік тәмамдады. Оның Гүлмирамға қандай күшпен, қандай ерік –жігермен келгенін түсіну қажет.  Сол жылдан бастап мүгедектер арасындағы спортпен айналысты. Қаншама тер төгілді. Еңбегі еш кетпеді.

      Гүлмирам 2002 жылы ҚР-нің І-Паралимпиадалық Ойындарының қола жүлдегері болды. Кейіннен бірнеше дүркін республика Чемпионы атанды.  2002 жылы мүгедектер арасындағы жеңіл атлетикадан үштік сайыс бойынша ҚР-ның Спорт Шебері атағы берілді.  

Арбадағы ару

Айдай аппақ  көрікті етіп,

Арбамен бір қыз барады кетіп.

Иығына төгіліп қара шашы,

Жан біткенді өзіне еліктетіп,-дегендей, Гүлмирамның ботадай мөлдіреген көзі, аппақ жүзі,  мақпалдай қара шашы бір қарағаннан–ақ еліктіреді. Қазақ қызына  тән сыпайылығы мен парасаттылығы,  ақылдылығы, ішкі жан дүниесінің байлығы көркем үйлесіп, оның сұлулығын одан әрмен арттырады.  Қандай да қиындықты жеңіп жүргенін білген сайын риза боласың. Қандай болмасын сын мен мінге қарамастан, қиындықтарды жеңе білді.  Сол бір оқыс оқиға кезінде пойыз машинисі  тежегішті басқан. Бірақ, бәрібір болмаған. Құлаған қызды іліп алып, пойыз 25 метрдей жерге сүйреп барып, тоқтаған екен.  Аяқ–қолының мылжа–мылжасы шыққан, бетінің, сау қалған  қолының терілері сыпырылып қалған ғой. Алланың құдіретін қарасайшы. Қолындағы терісі сыпырылған жер тыртық болып бітеді. Ал бетінде ізі де қалмапты. Алла тағаланың өзі оның енді бетінің әрін алмайын деді ме...  

Тірек-мүшелері зақымдалған қыздар арасында Атырауда  аймақтық  «Ақжайық аруы» байқауы ұйымдастырылғанда Ақтөбеден  Гүлмирамға шақыру келеді. Гүлмирам онда  Гран при алады. Кейін «Арбадағы арулар» сұлулық сайысының жүлдегері атанды.  Бұның барлығы – өмірінің мәнін арттырған, тірлігіне  өзгеріс әкелген іс шаралар еді.

2005 жылы «Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қорғау» Ақтөбе қалалық қоғамдық бірлестігіне әдіскер қызметіне қабылданды. Бүгінде сонда атқарушы директор қызметінде. 2006-2007 жылы Қазақ-Орыс Мемлекеттік Университетіне екінші жоғары білім алып, заңгер мамандығын алды. Сөйтіп, қолынан келгенше төрт қабырға ішінде не істерін білмей, дал болып қалған мүмкіндігі шектеулі жандарға  кеңес беріп, жоғын жоқтап, мұңын мұңдап жүр.

        

Қайсар жандардың ішкі діңгектері нық болады.

–Өзім пір тұтқан ұстазым Құралай Бәйменованың бағыт–бағдар беруімен, талмай тырбанып келемін. Өмірім қызыққа толы. Бұрындары көлікке отырсам, құсып, есім шығатын еді. Қазір барлығын көтеремін. Талай асуларды астым. Шетелге дейін бардым. Ешқашан өкінбеймін. Мүгедек екенмін деп көз жасымды төккен емеспін. Тек отбасын ғана құра алмай қалғаным болмаса... Басында өзім сияқты мүгедекке тұрмысқа шықпасам, мен кім алар дейсің  деп ойлайтынмын. Кеңестер Одағы кезінен қалған психология ғой. Ол кезде мүгедектерге адамдар қор болған бейшарадай аяушылықпен, мүсіркеп  ия болмаса,  бұрын –соңды кездеспейтін таң қаларлық  бір нәрсені көргендей бажырайып, таң қала  қарайтын;  содан өзің қуыстанып, бейшара сезінесің. Қазір қоғамдағы көзқарас өзгерді. Баяғыдай көшеге шыққанда ешкім саусағын шошайтып көрсетпейді.  Мүмкіндігі шектеулі болса да, теңін тауып, үйленіп, бала сүйіп, отбасылы болғандар қаншама. Бір кездері отбасылы болу жайлы ойыма да алмағандықтан, уақыт өтіп кетті. Бірақ, өмір деген қызық қой. Етегінен ұстар, өзімді бағалар, жар ретінде қасында болғанымды қалар бір жан кездесіп те қалар,–деп Гүлмирам ақтарылды. Қазақы тәрбие алған ол жылтыраққа елігіп,  бір күндік қызықтың соңына түспеген. Әйтеуір күйеуге шықсам болар деп,  атастырып келгендердің айтқанына еріп, көлденең көк етіктінің етегінен ұстамаған. Жүрек түкпіріндегі тәтті сезімді оятар асылзатын күтеді.

Көп адамдар трагедияға жатпайтын ұсақ-түйек мәселелер үшін уақытын жоғалтады, жүйкесін жұқартады. Кейде тіпті өмірден баз кешіп жатады. Керісінше, кейде нағыз қайғылы да қиын  жағдайға тап болған адамдар бар күшін жиып, аяғынан тік тұрады, сабыр сақтап, барлық кедергіден өте алады,  жеңе біледі.  Гүлмирам Сражова – сондай сабырлы жан. Ол алға асу–белестерден кейбір аяқ–қолдары сау кей адамдар өте алмаған. Өмірінде небір қайғылы оқиғаларды басынан кешкен Гүлмирамның қайсарлығынан сабақ алуға болады. Олардың әрбір жүріп–тұруының өзі ерлікпен пара– пар.Өйткені ана сүтімен, әке қанымен берілген ішкі алтын діңгегі мықты.

«Қарға адым жерде тұр еді менің бақытым» деген Мұқағали өлеңін оқығанды жақсы көретін Гүлмирамға келу де оңай, кету де оңай мына жалған дүниеде оның бақыты қарға адым жерде тұр деймін. Гүлмирамның оны көрсе уысынан шығармайтындығы, басқаға бермейтіндігі анық.Өйткені ол өмір мектебінен өтіп ысылып қана қоймай, басқаларды өмірге құлшындырып, соңынан ерте білді.  Бұл екінің бірінің қолынан келмейді


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Жазба қосу